Сәрсенбі, Ақпан 14, 2018
Негізгі > Тарих > Абайдың асыл әжесі Зереге ескерткіш орнатылды

Абайдың асыл әжесі Зереге ескерткіш орнатылды

Шығыстың шұрайлы мекені Жарма ауданы, Қалбатау ауылында дүбірлі той болып өтті. Һәкім Абайдың әжесі, қажы Құнанбайдың анасы Зере (Тоқбала) Бектемірқызына Жарма жұртшылығы жұмылып ескерткіш орнатты,-деп хабарлайды Жерұйық.кз тілшісі.

 dsc_9600-1024x678

Бұл – тәуелсіздігін алып, егеменді ел болған халқымыздың етек-жеңін жинап, рухани кеңістікке тың серпінмен қайта бет алған тарих толқынының анық көрінісі, ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінің алдын алған дана халқымыздың данышпан бейнесі, мәңгілік елдің мәнді іске бет бұрған, жоғын түгендеп, барын асқақтатқан мемлекет идеологиясының жемісі.

Олай деуге себеп жетерлік, соңғы жылдары бір Шығыс өңірінің өзінде осыған ұқсас біршама нышан бой көтеріп, халық мерейі бір көтеріліп қалды. Атап айтар болсақ,  Тарбағатайда Мұрын ана мен Мақта апаға қойылған ескерткіш те «Анаға» деген үлкен құрметтің белгісіндей. Абай мен хан Тоғас ескерткіштері де халқымыздың рухани тәуелсіздігінің қайта тұғырға көтерілгендігінің айғағындай. Жақында ғана Аягөз ауданында да дүбірлі той болды. Онда Шыңқожа батырға ескерткіш орнатты. Батырды тұлпарымен қоса тұғырға шығарды.  Міне, осындай айтулы оқиғалар ел бірлігін нығайтып, халық санасын жаңғыртып, бағытын әйгілеп бергені мәлім. Өйткені, ізгі істің көптеп орын алуы ел экономикасының күшейіп, аудан, ауыл жағдайының жақсарғандығының көрінісі.

DSC_9580

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, «Ұлы даланың ұлы аналары» атты іс-шара аясында жазиралы Жарма жерінде жемісін тапқан бұл шараның   ұйытқысы болған Жарма ауданының әкімі Сыдықов Нұрлан Бәттәшұлын айрықша айтуға болады. Осыдан бірер күн бұрын Семей шаһарында өткен «Ұлы даланың ұлы аналары» атты тарихи-танымдық конференцияда ол кісі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ғарифоллаұлымен тең төрағалық жасап, осы конференцияның өз дәрежесінде өтуіне септігін тигізген болатын. Сол конференцияның мақсаты қазақтағы гендерлік түсінікті қайта жаңғыртып, бір кездегі ұлы тұлғаларымыз Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, С.Мұқановтар шығармаларында елеулі орын алған қазақ қыздарының тәрбиесі мен тағдыры, әйел теңдігі, қазақ қоғамындағы аналар рөлін дәріптей отырып, бір әулеттің ғана емес бір ауылдың, бүкіл халықтың бірлігін, болашағын ойлап ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген алтын құрсақ аналар есімін жаңғырту еді.

Енді, міне, сол мақсаттың аясында Жарма ауданында «Ана» мәртебесінің асқақ белгісі болып қажы Құнанбайдың анасы, Абайдың әжесі Зере Бектемірқызына ескерткіш орнатылып отыр.

DSC_9584

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аудан әкімінің айтуынша, бұл ескерткіштің орнауына ауыл ақсақалдары рухани демеу болған.  Солардың бірі, Қоғамдық кеңес төрағасы, Жарма ауданның құрметті азаматы Төлеуберді Оразғалиұлы Әубәкіровтің айтуынша,- Бұл ескерткіштің ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлесі бар,-дей келе,-Қазіргі ұрпақ тәрбиесі шынын айту керек, біраз ақсап барады. Қазіргі келіндер балаларын ата-әжелерінің тәрбиесіне бергісі келмейді, үлкендер тәрбиесін ерсі көреді. Бүгінгі тарихи сілкіністен кейін, Зеренің ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбегі бүкіл жұртқа жайылатын болар, содан балалар үлгі алар, өнегелі ұрпақ көбейер,-деген үмітін жасыра алмады.

DSC_9641

Бұл тойға «Құнанбай» фильміндегі Зере әженің рөлін ойнаған Жарма ауданының тумасы Нұрсипат Салықова мен «Құнанбай» фильмінің режиссері және Құнанбай рөлінде ойнаған Досхан Қалиұлы Жолжақсынов та қатысты. Аудан әкімі әртістерге көркемөнер саласындағы үлкен еңбектері үшін шынайы ықыласын білдірді. Досхан Қалиұлы Жолжақсынов,- Әлемнің сусар бұлағы, қозғаушы күші, ай мен күні аналарды жырламаған дәуір жоқ болар. «Жұмақ – аналардың табанында» деген сөз де бекер емес. Мына атқарылып жатқан ізгі істеріңіз қайырлы, құтты болғай» деген лебізін білдірді.

DSC_9635

Бір қызығы, Жарма ауданында Зере есімді қыз балалар көптеп кездеседі екен. Осы мерейлі тойға қатысқан қалың бүлдіршін «Зерелерді» Нұрсипат Салықова апамыз арнайы құттықтап,- Зередей әжелеріңнің аруағы әрқашан қолдап жүрсін. Пенде болған соң адам басына түрлі тағдырлар жазылатыны белгілі. Қысылған, қиналған сәттеріңде осы Зере ананың басына келіп ес жинап, зерек болып есейіңдер, қарақтарым,-деген ізгі тілегін айтты.

DSC_9656

Зере әже ескерткішінің басына жиналып, ұланасыр той жасап жатқан халық он саусағынан өнер тамған өр ұлдарын да ортаға шығарып, шапан жауып құрмет көрсетті. Мүсінді мінсіз бейнелеген суретшілер: әкелі-балалы Ертіс Исайынұлы Тәтиев пен оның ұлы Еркебұлан Ертісұлы. Олардың айтуынша, – Зере әженің тізесіне немересін отырғызу идеясы  – нағыз әже бейнесін айшықтап тұр,- Зере әже бейнесін Абай жолы эпопеясын көп оқығанымыздан болар қиналмай іске кірістік. Өткен қараша айында қолға алған жұмыс еді, енді міне, халыққа ұнап жатыр, жемісін көріп, қуанып жатырмыз,-дейді.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін қалың жұрт Қалбатау ауылының мәдениет үйіне қарай бет алды. Жарманың жалынды жастары Абай мен Шәкәрім әндерін әуелетіп, қазақтың қара домбырасынан күй төгілтті. Концерттен кейін ауыл шетіндегі иподромда ат бәйгесі болды. 5 ауданнан 31 ат қатысқан аламан жарыстан алды болып Семейлік Шырын есімді тұлпар келіп, шабандозы Жұмабаев Ілясқа жеңіл автокөлік алып берді. Жеңімпаздарды Қазақстанның халық әртісі Д.Қалиұлы марапаттады.

Тұлпарлардың дүбірінен құлақ құрышы қанған халық енді Зере әжемізге арнап түсірген қатымға бет алды. Ақ дастархан жайылып, құран бағышталды. Ақсақалдар тарапынан бата тілек айтылды.

Ас үстінде ақтарыла сөйлеген қонақтардың  дені осы шараның бастан-аяқ ойдағыдай өтуіне күш салған аудан әкімі мен ұйымшыл да, ақжарқын  Жарма жұртшылығына алғыс айтумен болды.

Домалақов Амантай Айтмырзаұлы, Семей қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы :

«Небір кемел ойлы данышпан адамдар жер бетіне ғасыр толғатып келетіні белгілі. Текті қазақтың қайқы маңдайына ондай тұлғаларды тәңірім аямай берген. Сол тұлғалардың арқасында қазақ халқы сан ғасыр көптеген адам қолынан жасалған, табиғат заңдылығынан жасалған опаттардан аман шықты. Көшпелі дәуірдің соңғы тұтқасын ұстаған аға сұлтан Құнанбайды дүниеге әкелген Зере  әжеміз осы Жарма өңірінде дүниеге келді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», өзіміздің тарихты ұмытпай, Зере әжемізге арнап Ескерткіш орнатқан Жарма ауданының әкімі Нұрлан Бәттәшұлына алғысымыз шексіз.

Мұхаметқазы Мұхамедиұлы, этногроф-тарихшы :

«Жақсыдан жақсы тумай ма, жақсының жолын қумай ма» дейді қазақ. кешегі Бәттәш сияқты жақсының артынан Нұрландай ұлы жолын қуып, мінекей, алты алашқа сауын айтқан ақжарма тойдың ұйытқысы болып, елінің мерейін өсіріп жатыр. Бұл – Нұрлан ұлымыздың ұлт алдындағы ұлы ісі деуге әбден жарасымды. Келешек ұрпақ енді Зерені ұмытпайды, Зерені ұмытпаған ұрпақ ұлттан да алшақтамасы анық».

 Алмас Ахметбекұлы, ақын:

«Соңғы жылдары қазақ даласында тарихын қайта қопару, ата-тегін жоқтау, баба рухына тағызым жасау және оған белгі қою кең етек алды. Бұл – қуанарлық жағдай. Міне, енді сол үрдіс біздің шығыста да көрініс табуда. Ал, бүгін Жармада жаңа қырынан көрінген игі бастаманың, ұлы аналар рухына тағызым ету, оны дәріптеу Зере әжеден бастау алып отыр. Бұл- тарихи оқиға. Оның барлығына жанын салып жүгіріп жүрген Нұрлан Бәттәшұлына зор алғыс айтуымыз парыз шығар.

DSC_9623

Зере әженің аруағы жатқан қасиетті мекеннен ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жанғалиев сәлемін өлеңмен ала келіп, халықтың рухын бір көтеріп тастады. Ол кісінің өлеңі осы тойдың барысы мен мағынасын ашып тастағандай:

Бөлініп бөріге ас болған емен,

Қазағым – жапырағын жайған емен.

Абай елі өркендеп, өсіп отыр,

Алтын құрсақ Зередей ару анамен.

Хан Шыңғыс Қалбатаудың арасынан,

Қайнары сарқылмайтын арна көрем.

Ежелден егіз кіндік адамдармыз,

Қақ бөліп сыбағасын, қалжа жеген.

Ағалас бабамыз еді Құнекеңдер,

Алтын жамбы тасысқан арбаменен.

Қандас бауыр ағайын, армысыздар,

Қарауылдан біз келдік толғап өлең.

Қасиет, қадірлеп Қақтағала,

Құнанбайдай құдірет тапқан ана.

Адамзатқа ай, күндей арай шашып,

Жиделі Жидебайда жатқан ана.

Мың сәлем жолдап қалды мына бізден,

Туған жер, туыс бауыр жас балаға.

Ананың алғысын ал, ау, ағайын,

Анасыз басымызға бақ қона ма?

Тегінде, тектілік те – Алла сыйы,

Тегінде жоқ ешкімде болмас ұлы.

Ақынды да ақынды ана тапқан,

Анадан асқан елдің бар ма ақылы.

Зерігердей, зерігердің қайрағындай,

Асыл екен Зередей әжеміздің майда тілі.

Абай тілін сондықтан пір тұтады,

Адамзат ғұмырының өр ғасыры.

Тіубә, Құдай, Тәуелсіз ел болғалы,

Ел төрінде еркіндік сайрандады.

Құдіретті Құнанбай қайта туды,

Ақыл-ойдың адамы, пайғамбары.

Әулие әжеміздің ескерткіші,

Алдымен алты алаштың жанған бағы.

Жанған бақ Жарма жаққа құт әкеліп,

Халықтың орындалсын армандары.

Шынымен де, Құнанбайдың қазаққа қайта оралуы «Құнанбай» фильмінен кейін анық көрініс тапқаны мәлім. Сондай қысылтаяң қоғамда ел бірлігін ойлаған, өз билігін халық қамына пайдаланған құдіретті ұлды дүниеге әкелген Зередей әулие әжеміздің ескерткіші алты алашқа ауызбіршілік, ынтымақ, байсалдылық бергей. Халық армандары орындала бергей. Ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болғай.

Міне, осылай Зере Бектемірқызына арналған той дүркіреп өтті. Жан-жақтан жиылған жұрт разы болып қайтты. Қалбатау ауылының аспаны мамыражай күй кешті. Таңнан кешке дейін қазбауыр бұлттар төбеден қарап, қуанышымызға куәгер болды.

 

DSC_9976

Жұмабек Айқын,

Жерұйық сайты.

ФОТО: М.Оспанбаев

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation