Дертіңе қалай төземін, сенсіз де сынық қанатым.
Адасқан мен бір сөз едім –
Тәңірім ғана табатын.
Жазмышым жұмбақ жасырған,
жауабын мен де ұмыттым.
Жаураған мұздай ғасырдан,
жанымды неге жылыттың?
Жылыттың неге жанымды, өртеніп кетсін дедің бе,
Ұмытып мүлде барымды, дерт еміп кетсін дедің бе?
Көрдім де сені, күйге ендім – қалықтап көкте жүргендей.
Үміттенуді үйрендім – үркеншек көңілім үндемей.
Жер басып жүрген сүлдем тек, ақша бұлт болды аңсарым.
Мен мүлде өмір сүргем жоқ – армандауменен шаршадым!
Тұман да тұман таңдардан, қалайша таптың сен мені,
Жазылмай қалған маңдайға, ей, тағдырымның кермегі?!!
Тұмар қып жырға тағатын, қасиет тұнған көз едім.
Сенсіз де сынық қанатым.
Дертіңе қалай төземін???
***
..ал ғайыпта Ақжайыққа келді күз.
(Соңғы күні кездесіп ек тамыздың).
Енді қашан көретінім белгісіз,
Сізді, жаны ізгім!
Шақырымдар алыстатпас араны.
Екі қала – екі бөлек тірлік те.
Самал ескен сағыныштың аралы
Бізге мекен болатынын білдік пе?
Сол аралда қызығым да, қайғым да.
Жан дертіме таба да алмас түн емін.
Бір арманы бола ма екен Айдың да?
Маған бақыт – Сізді көрген күндерім.
Елесіңе елітумен өтер күн,
Өз мұңымды өзім жалғыз көтердім.
..Ақжайыққа алтын зерлі Күз келді.
Ал мен Сізді қашан көрер екенмін???
***
Келмеді бүгін тағы да ақталғым.
Азабын артып барады Ай.
Иесіз үйдей қаңырап қалдым,
Бір қоңырауыңа жарамай…
Көңілсіз атты бұл күздің таңы,
Көндіктім, соңы болар деп.
Бақытты жандар деседі бәрі.
(Біледі дейсің олар не???).
Мұңымның неге кермегі бөтен,
Сан қыздан неге қорыдым?
Ессіз күндердің ермегі ме екем,
Қадірсіз басы, соры мың.
Өзімді бүгін жек көрдім қатты.
Бар жақсым сен ең – сөзі де ем.
Дәл қазір, мүмкін, құшақтап жатты,
Отырсың сүйіп көзінен…
Өзімді – өзім өртесем бе екен,
Өкінткен мені нала қай?
Күзбенен бірге құлазып келем,
Бір қоңырауыңа жарамай…
****
– Маған арнап өлең жаз, – деп сұрадың.
Дәл осы сәт келіп отыр жылағым.
Дәл осы сәт, жапыраққа айналып,
Терезеңнің тұсына кеп құлағым,
Келді менің. Малынып ақ жаңбырға,
Сен тұрсаң ғой, сен тұрсаң ғой алдымда!
Жанарыңа қонақтаған арайдан,
Шаттанайын, шуақ шашып жолыма.
Ал әйтпесе,
Пенделердің пейілінен қарайған.
Жапырақпын. Алма мені қолыңа.
Аяма да. Сұрама да халімді.
Мен жатайын жаурап жердің бетінде.
Әппақ жаңбыр аймалаған жанымды,
Енді сен кеп ластайын дедің бе?
– Маған арнап өлең жаз, – деп сұрадың.
Сенсіз де мен дертті едім ғой!
Не болады өртті – өртпен өшірсем?
Дәл осы сәт келіп отыр жылағым.
…Кешір сен!
****
Ай да болғым келмейді, аспаны бар.
Аспаны бар, ғазалы, дастаны бар.
Мен Гүл болғым келеді, дүниенің
Ұлылығын тамырсыз тастан ұғар.
Күнім деп те алдама. Күн емеспін.
Жанымды өртеп жүр әлі Мұң. Елес. Түн.
Мен Гүл болғым келеді қолыңдағы,
Сұрай алмай жүрсе екен сенен ешкім.
Сабағыма түсірмес уақыт сызын,
Ақ күлтеме жырымнан жақұт тіздім.
Еңлік гүл едім мен. Қызғалдаққа
Қолың создың. Қайтемін… (Бақытсызбын).
****
Өкінбеймін.
Өлердей сүйгенім шын.
Сен ғана деп өмірдің мағынасы,
Сен ғана деп базарым, бағым асыл.
Бір-ақ күнде бәрі ұмыт болғаны үшін,
Жүрегіңе кінә артып неғыласың?
Жерден біраз биіктеп кетіп едім,
Шерге оранып оралды көкірегім.
Кінәлама қырсықтау мінезімді.
Кінәлама жүректі, өтінемін.
Енді өзіңсіз, білмеймін, күле алам ба?
Сергелдең көп болады – ау, сірә, адамда?
Қыз біткеннен қызғанып, жылап қалар
Жасы кеппес жүректі, кінәлама.
Ұша алмаса қайтейін өрге құсым,
Түсе алмаса төменге төрдегім шын.
Кінәлама.
Менің зағип көздері жүрегімнің,
Жазалы емес сені артық көргені үшін…
****
Мизам да өтті.
Күрсіндіріп, күлдіріп.
Кірпігіме мөп-мөлдір шық ілді үміт.
Ақ әжемнің алақаны секілді,
Самал сүйді бетімді.
Ақ сәулесін төгеді үнсіз жанарға Ай.
Бір мейірге жүргенімді-ай қана алмай!
Сүйгенімнің (қу сезімнің әлегі),
Суық бүгін сәлемі.
Күнтізбеде ән салады Ақырап.
Оның да әні, менің де әнім – жапырақ.
Ақ қайың тұр күзгі желге тоналып,
Мен де ертең кетсем бе екен жоғалып???
****
Бақытым сен демейді енді, уақыт емдемейді енді.
Қапыда кез болғаны сол, алтын да жез болғаны сол;
Әріме мұң тұнады, бәрі де ұмытылады,
Жылама, жүрегім менің!
Тағдырым талқан болса да, ар-мұңым арқандалса да,
Отына күйгенім еді, өртеніп сүйгенім еді.
Кеселге бұл шыдар Күз, кінәлі біз шығармыз,
Жылама, жүрегім менің!
Асқардан құламау үшін, басқаға жыр арнау үшін,
Түндігін көңіл түрер ме ед, қайтадан өмір сүрер ме ед…
Кешенің келмейтіні үшін, тек елес тербейтіні үшін,
Жылайық, жыласақ егер…
**
Енді маған бәрібір: сүймегенің, сүйгенің.
Кеудемдегі сары гүл, қурап қалған күйдемін.
Бұрынғыдай елеңдеп, сағынбаймын, расым.
Көз алдымда көлбеңдеп, көбелек боп тұрасың.
..Жүруші едік жарасып, құшағына ап қара түн.
Отпантаудан әрі асып, отқа оранды-ау қанатың!
Кейпіңді енді таныдым, тұрақсыздық-кеселі.
Сені сүйген жаным-мұң, маңдай сорым бес елі!
Жүрегіме дерт еніп, жүдерімді кім білген?
Көздеріңе өртеніп, күлге айналған гүлмін мен…
**
Түс ауғанда жанарыңа тұсауланған елік пе ем?
Жан емеспін жеңіл сезім жетегінде желіккен.
Сәукелемді әлдеқашан алмастырғам шарқатқа,
Сен орамал сыйға тарттың неліктен?
Шерлі едім мен, шуақты еттің өміріме ендің де.
Бір жарығым жалғандағы, дертім де сен, емім де.
Беймезгілде мойыныма бөз орадың неліктен,
Шәйі орамал бар өкпесін шайып кетсін дедің бе?
Кім біледі қайда екенін, біздің басқа қонар бақ?
Көз көргесін, көңілімнен қалай мүлде жоғалмақ?
Алабөтен ой кештім мен алакөбең бөлмеде,
Сен сыйлаған орамалға жүрегімді орап ап…
**
Күз де мендей жаратылған,
Қайғылы һәм құсалы…
Қара түннің қанатынан,
Қауырсын-мұң ұшады.
Пәкиза, пәк көңіліме,
Перде тұтып қойған кім?
Сіз ендіңіз өміріме –
Мен өлеңге айналдым.
Мені өлеңге айналдырған,
Құдіреттім! Киелім!
Көзіңізге қайғы алдырман:
Сізді шексіз сүйемін…