САБИЛЬЯНОВТЫҢ САРАПТАПМСЫ бизнеске бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын байқатады

Өткен аптада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп,  осы басқосуда қаралған сұрақтардың бірі – Қазақстан Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылу жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне арналған болатын. Алқалы жиында Парламент депутаты Нұртай Сабильянов бизнесті дамытуға бөлінетін бюджет қаржысының тиімді жұмсалмай жатқан тұстарын дәйекті саралап берген. Халық қалаулысының экономикалық өлшемдерге негізделген көзқарасы «Егемен Қазақстан» газетінде төмендегідей берліген екен.

Субсидия емес, несие берсін

2015 жылы республикалық бюджеттен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін өңірлерге  52,8 млрд.теңге трансферт бөлініпті, соның 34,9 млрд. теңгесі жеке кәсіпкерлікті қолдауға, 17,9 млрд. теңгесі индустриялық инфрақұрылымды  дамытуға жұмсалған. Осы бағытта игерілмеген трансферттердің жалпы сомасы 1,85 млрд. теңгені құрайды. Осы арада жеке кәсіпкерлікті қолдауға, индустриялық аймақты дамытуға бағытталған бюджет қаражаты өндірістің дамуына және мемлекеттің экономикасын жақсартуға қандай әсері бар деген сұрақ туындайды? Өңірлерде салынған инфрақұрылымдарды, индустриялық аймақтарды пайдаланып, кәсіпкерлік субъектілері неге бюджетке салықтың түсуін, қосымша жұмыс орындарының ашылуын көбейте алмай отыр? Бұл жағы баяндамаларда талданбаған.

Кезінде өңірлерде арнайы экономикалық аймақтар құру, инфрақұрылымдар салу үшін 2003 жыл мен 2015 жыл аралығында бюджеттен 237,9 млрд. теңге жұмсалған, оның ішінде 93,6 млрд. теңге Ұлттық қордан алынған. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтардың мемлекеттік объектілері «KAZNEX INVEST» АҚ-тың жарғылық капиталына берілетін болды. Осы кезең аралығында арнайы экономикалық аймақтар Қазақстан экономикасы мен мемлекет бюджетіне айтарлықтай тиімділік бермегені талқыланбады. Сондықтан, өңірлердегі индустриялық аймақтарды дамытуға бағытталған қазіргі мемлекеттік қаражаттар тиімді жұмсалып, кәсіпкерлер сол инфрақұрылымдарда өз қызметін жандандыруы және осы арқылы экономикаға үлес қосуы керек. Ал жұмсалатын қаражат қатаң бақылауға алынып, жауапкершілігі артқаны жөн.

Тағы бір айтарым, кәсіпкерлік субъектілерін субсидиялау мәселесі туралы. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында көтерме-бөлшек сауда кәсіпкерлігімен, қонақүй бизнесі, демалыс және ойын-сауықпен айналысатын, сонымен қатар, проблемалық несиелері бар, бюджетке салық төлемейтін, жұмыс орындарын ашпайтын, арасында қызметкерлері жоқ кәсіпкерлік субъектілеріне де субсидия­лар берілген. Барлығы 4 424 кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы сомасы  26,7 млрд. теңге бағытталған. Олардың арасында 1 700-і, яғни  39%-ы өндірістік саламен айналыспайтын көтерме-бөлшек саудасымен, жылжымайтын мүлікті жалға берумен, қонақүй бизнесімен, демалыс және ойын-сауық қызметімен, білім беру, жеке қызмет көрсетумен жүргендер.

Ал осы бағдарламаға қатысушылар төлеген салықтың негізгі бөлігін нақты кәсіпкерлікпен айналысатындардың 4%-ы ғана қамтамасыз етті.  Алынған мәліметтер бойынша айтарлықтай салық түсімі көбеймеуімен қатар, қосымша жұмыс орындарының ашылуы, жалақының көбеюі де байқалмаған, яғни бюджет қаражатының басым бөлігі тиімсіз пайдаланылған. Сондықтан бюджет субсидияларын тиімді жерге орналастыру бағытындағы жұмыстардың сылбыр екені көзге ұрып тұрғанын айтуымыз керек. Өкінішке қарай, тіпті, кәсіпкерлерді масылдыққа  алып келетін қайтарымсыз субсидиялар беру де орын алған. Жалпы, Үкімет кәсіпкерлерге бюджет қаражатын субсидия ретінде беруді тоқтатып, жеңілдетілген несие жүйесін қалыптастыруы қажет. Өйткені, субсидия деген тегін берілетін қаражат, ешқандай жауапкершілік, міндет жүктемейді.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша  1,6 млрд. теңгеге 35 174 жеке тұлғаға, кәсіпкерге сервистік қызметтер, консультациялар көрсетілген. Алайда, олардың әрі қарай  жаңа кәсіп ашып, бизнеспен айналысқаны, яғни нәтижесі  туралы айтылмайды. Қорыта айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынан өндірістік емес саламен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне бюджеттен субсидия беруді мүлде алып тастауды ұсынамын.

«Дағдарыстан кейін қалпына келтіру» (бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру) деген бағдарлама да бар. Оған қатысушы  55 компанияның 32-сі көтерме-бөлшек саудамен, жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысады, яғни өндіріспен айналыспайды. 2011 жыл мен 2015 жыл аралығында республикалық бюджеттен осы бағдарламаны қаржыландыруға 58 млрд. теңге бөлініпті. Талдау нәтижесінен бағдарламаға қатысушылардан бюджетке түсетін салықтың көбеймегенін және осы кәсіпорындар   қосымша жұмыс орындарын көптеп ашпағанын көруге болады.

2015 жылы жоғарыда аталған бағдарлама бойынша 48 кәсіпорынға 15,8 млрд. теңге  субсидия берілген. Бағдарламаға қатысушылардың бюджетке төлеген жалпы салығы  – 15,5 млрд. теңге. 2016 жылы бұл бағдарламаға қатысушы  50-ге жуық  кәсіпорынға субсидия беру үшін бюджеттен 9,5 млрд. теңге қарастырылған, яғни мұның көпшілігін өндіріспен айналыспайтын кәсіпкерлер алады деген сөз. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуын талдағанда да бюджет қаражатының негізгі бөлігінің тиімсіз пайдаланылғанын  көруге болады.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың қызметіндегі келеңсіздіктер туралы да айта кету қажет. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың жарғылық капиталы 5,0 триллион теңге болғанымен, дивидендтер неге аз деп сұрағанымда: Елена Бахмутова былтырғыдан 30% көбірек екенін,  «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ 304 млрд. теңге таза табыс алғанын және есептегі оң көрсеткіштер туралы айтып берген. Алайда, «Самұрық-Қазына» қорының шоғырландырылған қаржылық есептілігін зерделеу кезінде бұл «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың тиімді жұмысынан емес екендігі анықталды. Өйткені, 683 млрд. теңге таза пайда теңгенің еркін бағамға жіберілуінің арқасында алынған. Яғни, есепшоттағы доллармен салынған қаражат теңгеге айналдырылғанда күрт «өсім» көрсеткен. Екіншіден, 261 млрд. теңге пайданы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, KMG International кәсіпорнының акцияларын сатудан түсірген. Үшіншіден, 149 млрд. теңге бірлескен және қауымдасқан компаниялардан түскен табыс екен.

Енді шығындары туралы айтайын… Операциялық қызметтегі шығыстар 2015 жылы 481 млрд. теңге болған. Соның ішінде 292 млрд. теңгені құрайтын «құнсыздану» бабы бойынша көрсетілген шығын – бұл менеджменттің тиімсіздігінің тікелей «көрсеткіші», себебі, ол түрлі тендерлерде негізгі құрал-жабдықтар алу кезіндегі көтеріңкі баға үшін, сонымен қатар, жалған кәсіпкерлікпен байланысты айыппұл мен өсімпұл үшін  орын алған. Осылайша, 2015 жылы негізгі құрал-жабдықтарға құнсыздану 132 млрд. теңге болған қосымша құн салығының құнсыздануы  54,0 млрд. теңгені құрады және басқа да позициялар бойынша 106 млрд. теңге болды. Есеп комитеті қорды тексеру кезінде құнсыздауы мәселесіне қатты назар аударуы керек.

2015 жылы «Самұрық-Қазына» қорының жалпы және әкімшілік шығыстары 380 млрд.теңгені құраған, бұл – өткен жылғымен салыстырғанда  24,0 млрд. теңгеге көп деген сөз. Жалақы мен консультациялық шығынның өсімі 12 млрд. теңге болған. Осылайша, Елена Бахмутова айтқан таза пайда қор менеджментінің тиімділігінен емес екені белгілі болып отыр.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ,
Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Pin It

One thought on “САБИЛЬЯНОВТЫҢ САРАПТАПМСЫ бизнеске бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын байқатады

  1. Шәкім. 06/26/2016 at 23:02 - Reply

    Бизнеске бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалған дегеніңіз бер жағы ғана ғой….Жалпы Қазақстан Республикасының Бюджеті де, “Самұрық Қазына” ӘАҚ -да,ЕНПФ – жиналған қаржы да,қалай болса солай,есепсіз жұмсалып,талан тараж болып кеткен…Себебі: он жылға жуық уақыттан бері Карим Масимов мемлекет қаражатын өз жеке меншік қаражатындай,яғни ешкімге есеп бермей,ешкімнен рұхсат сұрамай жұмсаған…Ешқандай шара қолданбағандықтан,жай сөзбен айтқанға тоқтай қоймайтын,ескертулерге құлақ аспайтын моральдан жұрдай,жауапкершілік дегенді білмейтін адамға бүкіл халықтың байлығы,қаражаты,тағдыры тапсырылған болып тұр!…Сондықтан он жылдан бері үйсіз – күйсіз,жұмыссыз халық торғайдай тозып,наразылық білдірсе,репрессияға ұшырап,атылып – шабылып кетіп жатыр…

Жауап жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *