Сәрсенбі, Қараша 8, 2017
Негізгі > Экономика > ТЕЛЬМАН ТҮЛЕТКЕН ТУРИЗМ

ТЕЛЬМАН ТҮЛЕТКЕН ТУРИЗМ

Алтай аясының аялы мекенге айналуына сеп болып отыр

     Бұрнағы жылдың  қыркүйек айының аяғында  алматылық кәсіпкер, «Екі дос» фирмасының Бас директоры Тельман Жаментиков Семейге  әдейілеп атбасын бұрған. Кіндік қаны тамған жері Ақсуат болғандықтан, өзінің туған, жақын қаласы санайтын осы шаһарда кәсібінің бір ұшын тігуді баяғыдан қалап жүрген.
Қаланы көп аралады. Ертістің бойын ұзақ шарлады. Ұлы өзеннің бір қойнауындағы Түйемонақ аралының сән-салтанатын қызықтады. Баяғы өткен заманда осы аралда Балуан шолақ ән салып, Қажымұқанның күрескені есіне оралды. Өзі де жас кезінде бозкілемде белдесіп, КСРО спорт шеберіне кандидат атанған балуан жігіт Қажымұқан бабасының рухы мен демін сезгендей болды.
Бұл сапарының сыры мынада еді: Алтайдың тап төрінде, Катон-Қарағай жеріне алғаш аяқ басқанында осы бір аяулы, көркем табиғатқа көзсіз ғашық болып қалған жігіт сол 2008 жылдың жазында  Алматының «политехын» бірге бітірген ақтөбелік досы Нұржанды бұған дейінгі маңдай термен жинаған қаржыларын табиғат-ананың осы бір ғажайып пұшпағын өркендетуге жұмсауға көндіріп еді.
Аяқтарынан  тұра бастауларына үш жылдай  уақыт кетті. Әрине, көрген қиындықтарын айтсаң, тауыса алмайсың. Оның өзі жеке бір хикая. Бәрінен бұрын, оның үлкен жеңісі – Алтай өңіріне бекер келмегендігін дәлелдеп, туған жердің құдай берген көркем табиғатын кәдеге жаратып, елдің пайдасына асырсам деген арманына жетті.
Бұл сөзіміздің айғақ-дәлелі Катон-Қарағай жерінде ай жарығында көрінер аппақ нұрдай  сайрап жатыр. Топқайың ауылының тұсындағы «Нұр-бұлақ» пантымен емдеу-сауықтыру кешенін келіп көріңіз! Осы заманның барлық игілігі қарастырылған ондаған-жиырмалаған коттедждер қалашығы!  Әйтпесе, анау тау басындағы Ақсу ауылында орналасқан панты өнімдерін шығаруға бейімделген заманауи зауытты айтайық. Одан қалды, Тасшоқыдағы, Жазобадағы, Маралдыдағы шағын-шағын емдеу орындарын ат басын тіреңіз.  Міне, жеңістің сырын сонда түсінесіз.
Сонымен, Тәкең өз таңдауын жасады: Ұлы Ертістің жағасынан, қала іргесінен, Семейден Астанаға қарай  жүретін күре жолдың тура бойынан 2,5 гектар жерді  сатып алды. Әрине, арзанға түсе қоймады.
Негізгі кәсібі – мұнайшы жігіт кәсіпкерлікке бет бұрғалы сәулет өнерін де бір мамандай меңгеріп алған. Сондықтан осы қаладағы өкілі Болатты қасына ертіп алып, азғана күннің ішінде Семейдің тап іргесінде жақын жылда бой көтеретін демалыс орнының макет-жобасын өзі сызды.
2014 жылдың күзінен бастап Семейдің  түбіндегі «Көне қорған» елді мекенінде «Екі достың» сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаның әу бастағы құны – 325 милллион теңге. Ертіс орманының жайлы бір жерінде орналасқан шипажайдың «шүріппесі» («фишкасы» дегеніміз) мынада: анау Төр Алтайда жайылымда жүрген текті маралдың мүйізінің қанын осында жеткізіп, халыққа панты емінің пайдасын таныту. Шипажайдың инфрақұрылымында  пантымен, дәрілік шөппен, балшықпен емдеуден өзге, қала халқының Ертіс бойындағы самырсын орманы ішінде ерекше бір аурада дем алуы үшін 300 орындық мейрамхана, 80 орындық қонақ үй, орман ішін атпен қыдырту, қысқы хоккей қорабы, шаңғы жолы, футбол, волейбол алаңдары, тағы басқа да ем алу мен демалу түрлері қарастырылып отыр. Бұйырса, биылғы жылғы жаздың демалыс  маусымы күшіне кірер кезде аталған емдік кешенді толығымен іске қоспақ. Бұл – Катондағы «Нұрбұлақтың» шағын макеті болмақ.
«Нұрбұлақ»  демекші, тұмса табиғаты тұнып тұрған өлке – Катон-Қарағайға бүгінгі күні келетін туристердің 70 пайызы панты емін алуға асыққандар. Қалған отыз пайызы бұла табиғаттың қызығын тамашалауды қалағандар; Мұзтауға көз тіккісі, аспан астындағы ашық Берел қорғаны мұражайын көргісі келетіндер; Алтай-таудың аса жұпар ауасын жұтып, таза ауада тынығуды таңдағандар.
Ал, бұл  екі арада, марал шаруашылығы, омарта мен туризм –тек осы үш салаға арқа сүйеп қана Қазақ Швейцариясы – Қатон-Қарағай экономикалық жағынан алға баспақ екендігін Тельман тілсіз түйсігімен түйсінді.
Тегінде, бұл өңірде марал шаруашылығындағы қиындықтар қоғамдық формация ауысқан атышулы 90-шы жылдары басталған. Қас қылғанда, Оңтүстік Кореядағы әріптестер де марал мүйізінен алынатын бағалы өнім – панты сатып алу мөлшерін пышақкесті тимаса да, әлдеқайда азайтып жіберді. Өнім өткізу қиынға соққан соң, марал басы да күрт кеміді. Қатон-Қарағай ауданындағы «Верх-Катон» марал өсіру кеңшары дүрілдеп тұрған кезінде 7 мың бас марал өсірген шаруашылықтың тізгінұстар жалғасы «Ақсу» серіктестігіндегі марал басы екі жарым-үш есеге азайып кетсе де, кеңшардың орталығы болған Ақсу ауылында орналасқан марал мүйізінің негізінде, аса бағалы бал, сандаған емдік шөп араластыра отырып  жасалған фармакологиялық дәрі-дәрмек шығаратын цех бірлескен қазақ-корей «Ақсу-ДЭЕН» кәсіпорны болып құрылып, біраз жылдар жұмысы өрледі.
Сол шақта марал шаруашылығының басына қара бұлт қатты үйірілді. Төнген қауіптің сейілуі қиынға соқты. Осы қауіпті сейілткен екі ғажайыпты айтпасқа болмайды. Біріншісі: облыстың сол кездегі әкімі Сапарбаевтың саланы күрт көтеруге ұстанған бұлжымас бағыты. Мысалы, 2012 жылы саланы дамытуға субсидия ретінде 23,5 миллион теңгенің бөлінуі сол бағыттың айғағы. Екіншісі: осы саланы дамытудың басына «Екі дос» деп аталатын алматылық фирманың келуі. Мұнайшы-кәсіпкерлер Тельман Жаментиков пен Нұржан Жұмағұлов негізін қалаған «Екі дос» тамыры әлсіреп, үзілуге айналған марал шаруашылығына жан бітірді.
-Досым Нұржан екеуіміз ең алғаш Катон жерінің топырағын 2007 жылы бастық. Мынандай ғажап табиғатқа таң қалдық. Содан, туризм  бизнесімен неге кәдімгі өркениетті елдердегідей  айналыспасқа  деген тоқтамға келдік. Аудандағы ірі марал шаруашылығын, «Ақсу» зауытын  сатып алдық,-деп еске алады бүгінде Тельман Қабыкенұлы.
Орайы келгенде  марал мүйізі жайлы біраз деректер келтіре кеткен абзал. Панты – бұғының сырты нәзік, жұқа терімен «қапталған», іші қанға толы, қатпаған мүйізі. Мамыр-маусым айларында пісіп-жетіледі. Панты өскен кезде маралдың организмі 25 келіге дейін сүйек тінін (ткань) бөледі. Бірде-бір жануар мұндай өсім бермейді.
Марал мүйізінің күші жайлы орыстар ХҮІІІ-ші ғасырдың аяғында қытайлардан білген. Қытайлардың марал пантысын өте қымбатқа сатып алып жатқанына орыстар қатты таңданатын болған. Қытайда марал мүйізінен жасалатын дәрі-дәрмектің рецепті туралы алғашқы жазба б.э.д. 168 жылдары жазылған. Көне қытай мифологиясында теңбіл бұғылар денсаулық бойтұмары ретінде бағаланған. Сол көне заманнан бізге көптеген жазбалар жеткен. Қазіргі Қытайда маралдың мүйізі мен басқа да бөліктері кіретін дәрінің 76 түрі  жасалатынын білдік.
Бұл елде халықтың өмір жасын ұзарту бағдарламасына сай дәстүрлі қытай дәрі-дәрмегімен бірге марал пантысын қолдану қарастырылып жатыр. Оның негізгі қасиеті – адам организміндегі энергетикалық процесстерді неғұрлым ұтымдылауға деген қабілеті екендігін қытайлар ежелден білген.
Қытайда бір маралдың мүйізінің салмағы 20 келіден асады екен. Бірақ олар қолда ұсталады. Не түрлі шөп-шалаң береді. Шошқа құсап өсірілетіндіктен, мүйізінде сапа да жоқ. Оған алтынтамырды, маралтамырды тұяғымен аршып жейтін біздің маралдың мүйізінің сапасы қайдан келсін?!. Бір маралдың еркін жайылуы үшін, мысалы,  5 шаршы шақырым жер керек.
Бұғылар күз, көктемде маралтамырды тұяғымен қазып жейтін болған. Тамыры қысқа, шашақталған, гүлі – көкшіл шөпті халық мақсыр деп те атайды. Ел оны ертеден бері «алтын тамыр», женьшень тәрізді әл беретін дәрі ретінде пайдаланған.
Пантының құрамында адамның өмірлік қызметі үшін аса қажетті 24 амин қышқылы бар. Соңғы жылдары маралды еліміздің басқа да өңірлерінде өсірмек ниет бар. Мысалы, Алматының Қаскелең өңірінде кезінде Катоннан әкеткен маралдар өсірілуде. Қаскелеңнің қазіргі маралынан алынған пантының лабораторияда жасалған анализі дәрі-дәрмектік құрамында катон-қарағайлық пантының тек 25 пайызы ғана бар екендігін анықтаған. Көкшетаудың Бурабайындағы, болмаса,  Шығыстағы Ұлан  ауданындағы маралдар туралы да осыны айтуға болар. Өйткені, ол жерлерде текті жануарға қуат беретін маралтамыр, алтынтамыр, қызылтамыр жоқ. Ал Қытайда маралдарды жыл бойы аулада, қолда, қамауда ұстайды. Әрине, күтімдегі маралдың мүйізі де ерекше үлкен болады. Бірақ өз аяғымен Алтай тауының жүздеген түрлі емдік қасиетке толы шөбінің бүкіл нәрін алмаған маралдың мүйізі қандай дәру бермек?! Олардың пантысының бағасы біздікінен бірнеше есе төмен болуы мүмкін. Бірақ пантының бағасын білетін корейлер оны тегін берсең де алғысы жоқ. Тіпті қытайлықтардың өзі де оны пайдаланбайды. Ғылым тілімен айтқанда, пантының құрамындағы аса жоғары биоэнергетиканы Алтай тауының аса құнарлы, мыңдаған түрлі шөбі бар қасиетті, киелі топырағы жаратқан. Алатаудың иініндегі емдік шөптің қасиеті Оңтүстік Алтайдағы шөптен әлдеқайда төмен екендігін кеңес кезінде-ақ ғалымдар дәлелдеген.
-Сондықтан, – дейді Тельман мырза, – маралдың Төр Алтайдағы санын болмағанда сол кеңес кезіндегі жеті мың бас маралға жеткізсек, бұл үлкен жеңістің алды болар еді! Шығыс Қазақстанда  қазір жылына бес тонна панты өндіріледі. Ақсудағы фармацевтикалық зауыт осыншама пантыны оп-оңай емдік дәріге айналдыра алады. Зауыттағы қондырғының бүкіл Қазақстанда баламасы жоқ.
Сөйтіп, «Екі дос» фирмасының Катонқарағай жеріне қадамдары сәтті басталып, Шығыс Қазақстан туризмінің түрленуіне, жаңаша түлеуіне екпін қосты. Осы салаға инвестиция салысымен, үш жыл өтпей-ақ, 2011 жылы «Ақсу-ДЭЕН» бірлескен кәсіпорны «Қазақстанның үздік тауары-2011» аймақтық конкурс-көрмесінің жеңімпазы болды. Сол жылдың желтоқсан айында бүкіл ел көлемінде жетекші өнім өндірушілер анықталған республикалық конкурста «Халыққа арналған ең үздік тауар» номинациясы бойынша тағы да үздік атанды. Ал бүгінде «Екі дос» Қазақстанның туризм саласындағы  ең озық ондық брендтің ішіне кіреді.
Айта кетелік, қазіргі шақта «Екі достың» тек пантыммен емдейтін демалыс орындары желісінде ғана 200-ден астам жергілікті тұрғындар жұмыс жасап жатыр! Бүгінгі дағдарыс кезінде 20 адамға жұмыс тауып беріп көріңіз!
Сонымен бірге Бұқтырманың «Көгілдір бұғаз» жағына қарама-қарсы беттегі  құмдауыт жағалауда да жаз айларында Тельман тобының демалыс аймағы жұмыс жасайды.
Тағы бір бағыт: осы бизнес-жобалармен іле Өскеменнің іргесіндегі Степной кентінде 2 гектар жерді алып, фанер шығаратын зауыт тұрғызды. Оған Алтайда жетіп артылатын қайың мен көктеректі әжетке жаратады. Осы аумақта жеке жылыжайын да тұрғызды. Демалыс орындарын осында өсірген қызанақ, қиярмен өздері қамтамасыз етеді. Бұдан қалды, гүл өсіретін жылыжайлары тағы бар. Қазірде құрылысы аяқталып келе жатқан Семейдегі «Көне бекініс» ауданындағы жаңа шипажайдың аумағын осы жылыжайда өсірілген гүлдер көмкеріп тұр.
Тәкең бұдан әрі де тоқтамай, енді шағын тігін зауытын салды. Ол зауыт шетелдік тігін қондырығысымен толығымен жабдықталған. Тіпті зауыт аумағында болашақ мамандар мен жұмысшылар үшін бүкіл жағдайы жасалған қос қабатты жатақхана да тұрғызып қойды.  Қырғыздың арзан костюм-шалбарын, көйлек-көншегін бір киерге жарар деп сатып алып жүрміз ғой. Ондайды оп-оңай шығаратын шамасы бар. Бірақ мақсат одан да биік. Кәдімгі бәсекелес тігін бұйымдарын  тігу. Бірақ, тоқтап тұр. Неге? Жауабын аңғарып отырсыз. Дұрыс, кадр жоқ. Амалдың барлығын пайдаланып, іздеді. Табылмай жатыр. Тігіншілер мүлдем тапшы.
Біздіңше, еліміздің ішінен шыққан, жұмыс қабілетін еңбегімен, жігерімен  дәлелдеген  мұндай өз инвесторларымызбен мемлекеттің бірлесе жұмыс істейтін бағыты осы. Елбасы айтатын, жұмысшы мамандығын шебер меңгерген кәсіп иелерін даярлау бағыты. Біздің қазақ инвесторы зауытын салып, қондырғысын орнатып дегендей, бәріне негіз қалап қойды. Енді не тұрыс?
        Тельман мырзаның біз  байқаған бір кесек мінезі нағыз кесек кәсіпкерге тән болар: өз кәсібін жолға қою жолында жоғарылы-төменгі шенеуніктеріміздің кәдімгідей «доля» сұрап дәметкендері; қолдан кедергі жасағандары бар; маңдай терімен тапқан ақшасына сатып алған құрылыс материалдарының жиі-жиі қолды болғандығы бар; жасыратыны жоқ, жергілікті кейбір кәсіпкерлердің аяқтан шалуға тырысқаны; қала берді, өзі бизнес жөнімен жиі баратын Қытай елінде сол жақтың рэкеттерінің бопсасына сондағы қытай әріптестері бірден «сынып»қалғанда, жүйкесінің бір тамыры  сыр бермей, ол бопсадан абыроймен шыққаны бар, айта берсең, таусылмайды, міне, мұның барлығына қарамай, сол бір қазақы, кең пейіл, жарқын, қарапайым болмысын сақтағаны.
Кең пейіл демекші, жиырма жыл болды, Алматыда 15 қазан күнгі қайырым мен қанағат мейрамында Әуезов ауданында кемі 60 адамды шақырып, ас беріп, сыйлық табыстап, дем алдырып дегендей, жақсылық жасап келеді. Осы бір қайырымдылық жасау форматын Тельман мырза қаз-қалпында Катон-Қарағайға да көшірді. Мұнда да бүкіл аудан бойынша әр ауылдан 4-5 қарттан жиып, жүз адамды «Нұрбұлақтағы» демалыс орынында бір күн сыйлап-құрметтеп жібереді. Және де келесі жылы міндетті түрде бұл тізімді жаңартып отырады.
Сол жылдардағы  облыс әкімінің:  «Тельман-ау, сен мынандай алыстағы ауданға мұндай керемет қалашықты салуға қалай ғана қорықпай кірістің?!»,-деп таң қалғаны күні кеше. Ол кісінің мұнысы  – он гектардай  аумаққа созылған ірі шипажай-қалашықты тұрғызуға жұмсалатын құрылыс материалдарын мұндай ит арқасы-қиянға тасымалдау  шығындарын  қазақтың қарапайым қара баласының қалтасының көтеруі оңай болмағанын сезіп-меңзегені еді.
Стратегиялық тұрғыдан маңызы үлкен шекаралық аудан халқының саны жылдан-жылға азайып бара жатқандығын Тельман мырза анық байқап жүр. Бұл тығырықтан шығатын жол қандай? Тығырықтан шығатын жолдың бірі – аудандағы демалыс базаларының жыл бойы, үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу, жаңа санаторийлер салу, әуе бағыттарын жандандыру. Бұл тарапта кәсіпкерлер инфрақұрылымдарға инвестиция құю арқылы туған ел-жерге  өз көмектерін көрсете алатындығын Тельманның кәсіпкерлік жолы дәлелдеп отыр.

Сайлау Төлеуов,
журналист,
Семей.

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару