Дүйсенбі, Қыркүйек 17, 2018
Негізгі > Абайтану > 21-дәріс. АҚТЫҚ ЖЫЛДАҒЫ АБАЙ

21-дәріс. АҚТЫҚ ЖЫЛДАҒЫ АБАЙ

Тақырып: 21-дәріс. АҚТЫҚ ЖЫЛДАҒЫ АБАЙ

Мақала мәтіні: <strong><em>Өмірінің ақтық жылында Абайдың бір емес, екі Абай болып өмір сүргені байқалады. Біріншісі – қарапайым өмірдегі Абай, ол өмір  күнделікті тіршілік ағымында, үйренішті қалпында жалғаса берген.  Екіншісі – рух әлеміндегі Абай, ол әлемнің ерекшелігі - тек жоғары басқыштауды талап етеді.</em></strong>

 
<h3 style="text-align: center;"><strong>Екіге бөлінген жүрек</strong></h3>
Абай эволюциясына бойлау - күллі қазақ философиясы мойнына жүк есепті. Ол жұмбақтың бетін ашып алмай тұрып, Абайдың өмірін терең білдік деу бекершілік болады. Сондықтан мәселені тағы бір пысықтап өтпекпіз. Ақын Абай:

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі, -

деп өзі айтқандай, рух өрісінде ойшыл әуелі ғалым, онан кейін хакім, онан кейін әулие-хакім деңгейі дегендей дәйім сатылау, өрлеу үстінде болған.

Көпке аян, адамның рухы - ғарыштың бір бөлігі, ал тәні топырақтан жаралған. Бірақ бұл бөлініс жәй адамнан білінбейді, егер байқалса, тек данышпандар арқылы ғана байқалады. Өйткені, адамның болмысы - универсумға  ұқсас. Ғарыштың біртұтас өзара байланысқан бірегей болмысы (универсум) туралы танымды ғылымда «космология ілімі» дейді.

Абайда «жүрек» ең жиі кездесетін культтік сөз. Мысалға «Махаббат ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?» деуі екі бейне тұтасқанын байқатса керек.

Біріншісі – өмірге үйлесуі мүмкін емес, әулиеге айналған Абай да, екіншісі – өзгелерден аумайтын, күнделікті өмір ағысымен елдің сөзін ұстаған, ел жұмысына кірісу «Абайлығына міндет болып қалған» (Әуезов) беделді Абай. Шын Абай қайсы, оның көлеңкесі қайсы? Жұмбақ осы арада. Бірақ бұл өзге түгілі, Абайдың өзі де айырып біле алмаған хәл. Өзі туралы «Жүрегімді байқасам, Инедейін таза емес» дегені осы ойға жетелейді. Хадис: «Мүминнің екі жүрегі бар: бірі - қанаушы, бірі - сабыр етуші» деген. Мұхаң да: «екіге бөлінген жүрек» деуімен осы хәлді топшылаған сияқты.

Әуелі әулие Абай бейнесіне тоқталайық. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенді тек ұлы сенімнің егесі ғана айтары хақ. Ішкі өмірдің күй сарыны осы бағытта қалыптанады. Тәңіріні таныту өрісінде айырықша миссияны атқарқаны сол. Абай өзінің қайта тумас данышпан екенін де жақсы білді. Шығармашылық жұмысты тежеп, тоқтатуы содан.

Ибн Араби өзінің «Данышпандық мөрі» атты эзотериялық шығармасында «Кәміл адам жүрегінің тиянағы – Жаратушысын танып-білу» десе,  Руми оны  былайша қостайды: «Бақытты өз жүрегінен табатын адамды әулие дейміз». Әл-Фараби бабамыз: «Тәңіріні тану ең жоғарғы ғылым, онан биікте ештеңе де жоқ» деп қорытады.

Айттым, әулие Абай Тәңіріні тану ғылымына соны жаңалығын әкеп, сүбелі үлесін қосты. Мұндай рухани кеңістіктің ұшар биігіне шыққан данышпан төменге қайта түспейді. Міне,  қолына қалам алмауы және айналасына түсініксіз жұмбақ жан көрінуі содан деген ойдамыз. Қалай болғанда да, ұлы өмірдің соңғы бөлігі әулиелік хәлімен ерек. Бұл жұмбақ хәл, жоғары айтылған космологиялық таныммен өз түсінігін табатын сияқты.

Әсілі, бұл Американы ашу емес. Суфизмде «өлуден бұрын – өлу» делінетін хәл.   «Бір күйге сайған жаңағы жұмбақ жай, оның ең соңғы деміне дейін ой, қиялынан, көз алдынан кеткен жоқ», - деуімен Мұхаң да осы хәлге меңзеген болар, бәлкім.

«Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін, - дейді ойшылдың өзі. - Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім де өз күлкім емес, бәрі де әлде кімдікі» (9-сөз). Өлең сөзінде де осы хәлін жасырмай ақтарып салады:

Жүрегім менің – қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

Қайтқаннан соң әрнеден (1899).

Өзгелер тұрмақ, Тәкежан сияқты туысы да Абайды ұқпаған, түсіне алмаған. 1901 жылы жас толқын жеткіншектерге арнаған «Қуанбаңдар жастыққа» деген өлеңінде: «Елу бесте біз-дағы, Сенісер адам таптық па?» десе, осы жылғы келесі өлеңінде:

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға күнім түсті, -

деп күйзеледі.

Көріп отырмыз, шығармашылығы - ойшыл ақынның жаны, рухы шаршағанының куәсі. Естеліктерде денесі ауыр тартқан, қажыған, кәртейген Абай бой көрсетеді. Тұраш өмірінің соңында «әкемнің ашу азайып, мінезі жұмсақ тарта берді, бұл жұмсатуды өзі еңбек қылып тапты» деген пікіріне мысал-дәлелдер келтіреді.

Осымен, екінші Абай бейнесіне келейік. Бұл кездерде Абай үлкен дәулет иесі. Семей оязы Навороцкий 1903 жылдың 26 тамызында жазған рапортында былай деп дерек береді: «Сіздің құзырыңыздағы Шыңғыс болысының қырғызы Ибрагим Құнанбаев 60 жаста, 3 әйелі бар, иелігіндегі малы - 1000 жылқы және 2000 қой». Сөйтіп, сырт көзге ұлы ақын өле-өлгенше дәулет иесі, ел ағасы болып қала берген. Бұл заңдылық та. Қазақтың қоғамдық ой-санасы өсуіне, әдебиеті мен мәдениеті жетілуіне орасан ықпал еткен санаткердің өмірі тыныш, бірқалыпты өтуі мүмкін бе? Жоқ, әрине. ХХ ғасырдың басында Абайға, Ысқаққа қараған ауылдар саны жиырмаға жетті. Осы ауылдардарға ие болу, бағындыру, билік айту жұмысын Абай аянбай-ақ атқарды. Тек 1896 жылдардан беріде немере інісі Кәкітай мен сүйікті ұлы Мағауия ауырды өздеріне алып, Абайдың алдын кісіден, өзін сөзден  босатқан еді дейді көзі көргендер. Бірақ бұл тыныштық тапты деген сөзіміз емес. «Абайға сәлем беріп, амандасуға келдік» деп алыстан ат арылтып жеткен ағайын қарамы, әсіресе,  жазғы жайлау төсінде жылдан жылға көбея түспесе, азаймаған.

Бір тәуірі, «Ғақлиат-тасдиқат» трактаты ойшылды өзі айтқан «мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін» я болмаса «сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты» деген бей-жай хәлден құтқарды. Бар күш-жігерін сарқа жұмсаған шығарма 1902 жылы аяқталып, соңғы нүкте қойылды. Ал, келесі жылғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі жалпы шығармашылығының соңы.

Қазақтың Абайы руханият пен пәлсапа  ғылымының ең биік шыңын бағындырды. Осымен, адамзатты адасудан арылдырушы  шапағат иесіне, киелі тұлғаға айналды.

1902 жылдың 11 мамырында  бүкіл ғұмыры қайнаған өмірдің ортасы, ат үстінде өткен Құнанбайдың Абайдан кейінгі баласы Ысқақ дүние салған. Келесі 1903 жылы «ағайын ішінде Абайдың өсиетінен, мінездерінен көп үлгі алам дейтін жақынның бірі» (М.Әуезов) Шәкәрімнің тете ағасы Шәке де көз жұмды. Шәке өлгенде Шәкеріммен бірге Абай да сол ауылда қона жатып, қырқына дейін зиратын қалатып береді. Қайталап айтайық, бұл Абай шығармашылығын тоқтатқан кезең болатын.

Көріп отырсыздар, ұлы өмірдің ақтық кезеңін Абайдың екі бейнесі жөніменен, яғни «екіге бөлінген жүрек» қайшылығымен түсіндіруге талпындық.  Абайдың жан дүниесі жұмбағын ашудың кілті осы бағытта деген ойдамыз.

<strong> </strong>
<h3 style="text-align: center;"><strong>Соңғы өлеңдері   </strong></h3>
Абай орыс достары ұстанған «Патшаны құлатайық» деген Чернышевский идеясын қолдаған емес. Сол сияқты «Соғыс ашайық, орыстан құтылайық» деп халқын арандатудан да аулақ болды. Неге десеңіз, әулиеге шынайы азаттық тек мәдениет, өркениетпен келетіні соқырға таяқ ұстатқандай айқын еді. Данышпан мәселе заманда емес, адамда деп білді. Қазақты кемшілігін басқа ұрып, көзге шұқып көрсету арқылы тәрбиеледі.

Дей тұрсақ та, хакім Абай азаттықты аңсап өтті. Жақын айналасына бұл жайлы талай сыр бөліскені сөзсіз. Абайтанушы Ақжан Машани кеңестік дәуірдің өзінде-ақ «Абай – азат ойшыл» деп жария еткенді. Біле білсек, «жасыру» тәсілімен сездірген азаттық рухының лебі асыл мұраны көктей өтеді. Мәселен, «Ескендір» поэмасында «Көп елді күтінбеген қырып жойып, ...Шапқан жердің бәрін де бодан еткен» Ескендір патшаны «қанішер хан» деуінің  өзі неге тұрады. Ақжан ақсақалдың: «Бұл қазақ жеріндегі өзіне аян жәйтті заман ағымынан жасқанып, ашық айта алмаған Абайдың жан айқайы» («Әл-Фараби және Абай». -117 бет) деуі көкейге қонымды тұжырым.

Айтпағымыз, Абай сепкен рухани дән бітік егінге айналды: Алаш қозғалысының мүшелері көктей қаулады. Әзірге ұлы ақын «шекпенінен шыққан» үшеудің (Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұл) 1905-1907 жж. саяси қозғалысқа белсене ат салысуын ғана қарастырмақпыз. Құдай берем десе береді, соңғы жылдары нақты дәлелдер - Абайдың бірлі-жарым өлеңдері жаңадан табылып отыр.

Абайдың жаңадан табылған бірінші өлеңімен танысалық.

Тоқ, татуды сыйламай,

Аштарға берген ас артық.

Үйінде босқа бұлдамай,

Қатерге түскен бас артық.

Осы төртжолдық өлеңді нақыл, рубаи, шешен сөз, мейлі, афоризм десек те жарасады (оны тапқан адам - Тараз қаласының тұрғыны, абайтанушы Әлімбай Найзабаев).

Афоризмді Шәкерім өзінің «Ар қарызы» атты мақаласында («Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 4 шілде) келтіріпті. Мақала мынадай оқиға ізімен жазылған: аштықты, жалаңаштықты көріп майданнан қайтқан Жетісудың 719 жігіті Әлихан Бөкейханов атына «стипендия тағайындалсын я медресе ашылсын» деп екі мың сом ақша жинап беріпті. Мұны естігенде алаш ақсақалы «бәрекелді!» деп қатты қуанбай ма. Сөйтіп, Шәкерім: «Міне, адамның көзіне жас, көңіліне махаббат келтіретін зор жұмыс» дей келе: «Абай марқұм былай деуші еді» деп жаңағы нақылды айтыпты.

Өзге емес, ұлы ақынның бас шәкірті Шәкерім мақаласында атап айтқан соң, нақыл сөз Абайдікі екеніне кім таласар.

Бізді «Үйінде босқа бұлдамай, Қатерге түскен бас артық» деген екі жол қызықтырып отыр. Бұл сөздің мәнісі неде? Қай кезде айтылған, өзі? Ойласайық. Бақсақ, Шәкерім оны төңкерісті, өз сөзінше «қалқыма» кезең орайына келтіріп отыр. «Елдік үшін жан пида» деп намысты жанатын қайрақты сөз ретінде. Бірақ Абай астарлап, бүркемелеп айтудың асқан шебері болған. Афоризмнен «ел еркіндігі үшін басыңды қатерге тік, азаттық жолына жаныңды сал» деген астарды аңдау бүгінгі біздерге қиынға соғатыны сол.

Бұл ой-жота, шындық ауылынан шығандау деп сөгуге асықпаңыз.  Алдымен 1904-1905 жж.  жалпы ахуалға көз тігелік. Әмбеге аян, Ресей империясын төңкеріс елесі кезіп, саяси қозғалыс мықтап күш алды. Тарих сахнасына шықпаған күштер кемде кем, Ресей мұсылмандарының жәдитшілдік делінетін қозғалысы да мәдени арнадан саяси арнаға ауысты.

Мекені қыр төсі болса да, Семей шәріне жиі қатынайтын, қырым татары И. Гаспринскийдің «Тәржіман» газетасын үзбей оқитын Абай, Шәкерім жаңағы «үстегілер-бағындыра алмайтын, төмендегілер-бағынғысы келмейтін» қоғамдық ахуалды тамыршыдай танып-біліп, жіті қадағалап отырмай ма. Әсіресе, Шаймардан Қосшығұловтың хатына байланысты 1903 жылы жазғытұрым Абай ауылдарына жүргізілген тінтуден соң, саяси еркіндік тақырыбы бұл ортада жиі көтерілгені хақ. Демек, Абай нақылды осы кездерде айтқан деудің орайы бар.

Осымен, екінші өлеңге ауысатын кез де жетті.

Еріксіз түскен ылдидан,

Еркіңмен шығар өр артық.

Қорлықпен өткен өмірден,

Көсіліп жатар көр артық.

Бұл бұрыннан белгілі, ұлы Мұхаң өзі тауып қосқан шумақ. Алайда афоризм осы күнге шекті елеусіз хәлде «жазылған жылы белгісіз» делініп келді. Оны саралау қажеттігі енді ғана туып отыр.

Алғашқы өлең мен соңғы төрт жолдың стилі, мазмұны және ұйқасы егіз қозыдай ұқсас. Бұл жәйт екі өлеңнің  мерзімдес екендігіне сілтейді, бір. Екіншіден, басты гәп «ерік» сөзінде. «Ерік» сөзін екі айтуы – ел егесі Абайдың ел ертеңіне алаңдаған үні десек несі айып.

Енді «Қорлықпен өткен өмір» дегенді түсініктемелейік. Әзелде Абай «Ағызды сығып жасымды», «Бұрқ етіп, көзден жас шықсын» деп қазақтың ит мінезіне күйінген, әлеуметтің мешел хәліне қорланған. Жеке басы я от басы, ошақ қасы мәселесіне емес (Абайдың қазақ арасын кеулеген қырсықтар мен келеңсіздіктерден торыққаны, өз тұрғыластары арасынан «елу беске дейін сенісер адамын таба алмай» күйзелгені қандай шындық болса, мінезі майда Еркежан бәйбішенің, ақылды келіні Кәмәштің жақсы күтімінде, өзін шын сүйген балалары, пір тұтқан  шәкірттері ортасында болғаны сондай шындық).

Сонымен, екінші нақыл да саяси астарсыз емес.

Күдікті сейілту үшін оқырман назарын мынадай жалпы жәйттерге аударайын. 1885 жылғы әйгілі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінде ел дертіне:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, -

деп «диагноз» қойған ақынның шығармашылық өмірі соңында «түзел қазағым, ырқың (еркің) өз қолыңда болуын көзде» деген дауаны сөз етуі заңдылық.

«Абай жолында» ұлы Мұхаң Абай аузына мынадай сөздерді салады: «Жылдар ма, көп жылдар ма, оны болжау өз басыма оңай емес. ...Әйтеуір, бір болжайтынымыз бар! Неғылса осы өздерің біліп, көріп тұрған дүние асты-үстіне келіп, астан-кестен бір өзгереді де жаңғырады. Одан арғы заман, сендердің ата-бабаң, арғы-бергі әруағың аңдап, болжап білмеген бір өзгеше заман болады!». Абай да, Мұхаң да аңсаған ол заман Қазақ еліне 1991 жылы дербестікпен бірге келді.

Сөйтіп, екі данышпанға да ырықсыз, бодан елдің болашағы бұлыңғыр екені көзбен көріп, қолмен ұстағандай ақиқаттұғын.

Осы тұста уақыттарыңызды алып, Абай мен немере інісі Шәкерімнің арақатынасына тоқталуға мәжбүрмін. 1898 жылға шекті екі тұлға арасы күрделі болып, онан соң жылма-жыл жақындай берген. Естеліктер өзара құрмет пен  сыйластық арта бергенін там-тұмдап болса да жеткізеді. Шығармашылықты қоя тұралық, 1902 жылдың 11 мамырында Абайдың тете інісі Ысқақ дүние салғанда, келесі жылы Шәкерімнің тете ағасы Шәке баз кешкенде Абай мен Шәкерім сол ауылдарда қона жатып, орнын күзеткен. Қырқына дейін Шәкенің зиратын қалатып береді. Осы кездерде қос ойшылдың армансыз ой бөлісіп, ел келешегіне қатысты сан талай сыр шертіскені сөзсіз.

Оған Шәкерімнің «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» атты өлеңдер циклі нақты дәлел (бұл жырлар шын мәнінде жоқтау болып табылады).

Қатып қалған желіннен,

Қаймағы бар бал шықты.

Қайғылы біздің көңілден,

Қайғырған сайын қан шықты, -

деп төпелеген сай-сүйекті сырқыратар жоқтау, әрине, ағасы Абайды шын ұстаз тұтқан жүректен шыққан. Хазіреті Шәкерім 1905 жылы жайлау төсінде Абайдың жылдық асын өткізіп, күзде Мекке сапарына аттанған. Елге оралған бетінде-ақ, Ресей кадет партиясының мүшесі, келешек алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қасынан табылып, саяси істерге бас қойсын. Абайдың орнын басқан ағаға Кәкітай, Тұрағұл ілескен болатын. Кәкітайдың мезгілсіз қазасына орай, 1915 жылы 18 қаңтарда «Қазақ» газетінде басылған «Қош, қарағым!» мақаласында: «Мен 1908 жылы абақтыда жатқанымда келіп, амандасқан да осылар (Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұл – А.О.) болды. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау», - деп налыдым», - дейді Әлекең.

Айтса айтқандай, қыр қазақтары ішінен 1917 жылғы Ақпан төңкерісін бөркін аспанға ата қарсы алып, тұңғыш қазақ автономиясы - Алашорда үкіметін құруға бір кісідей ат салысқандар тағы да - Шәкерім, Тұрағұл. Яки «үйінде бос бұлдап» жатпады, жанып кетердей болып қан майданда жүрді.

Мұны, үш туыстың Әлекеңе еруге жараған азаматтық ерлігін, ұлы Абайдың «Қатерге тіккен бас артық» деген өсиетімен бір байланыста қарастырған дұрыстық деп білемін.

Сөйтіп, жоғарыда қарастырылған екі афоризмнің сарыны, рухы бір. Ол - отарлық бұғауға қарсылық. Екеуінің де жазылу уақыты - 1904 жылдың бірінші жарымы деп топшылаймыз.

Енді Абайдың тағы екі өлеңіне көңіл бөлейік. 2014 жылы «Абайдың соңғы өлеңі» деген тақырыппен баспасөз бетінде мынадай өлең жолдары жария етілді:

Күнәйім көп Илаһи,

Кешіре гөр мұнымды.

Барар басқа жерім жоқ,

Ұсындым Хаққа мойнымды.

Ата-анам едің қара жер,

Аша гөр енді қойныңды.

Шүбәсіз, бұл алты жол Абайдың бақиға өтер шақта  шығарған өлеңі. Ешбір жинаққа енбеген тың туынды. Оны Серік Жақсыбаев деген азамат 1978 жылы Жидебайдағы Абай музейінің шырақшысы Ниязбек Алдажаров қарияның аузынан жазып алыпты.  Ниязбек ақсақал - Абайдың аталас туысы, жалған сөзге жаны қас, шыншыл адам болған. Демек, өлең Абайдікі. Өлең керемет! Хаққа мойынсұнған, сол себепті өлімді тосып алған әулие кісінің көкірек түкпіріндегі соңғы тілегі. Балалық шағында сопылық ілімнің уызын ішкен жарықтық сол әулиелік жіптен айырылмай өміріне соңғы нүктені қояды. Қай жағынан келсек те, өлеңді мойындамауға ешбір себеп жоқ.

Өз тарапымнан қосып айтарым, жаңадан табылған өлеңнің «Күнәйім көп Илаһи» деген бірінші жолы «күнәм көп Илаһи» деп ұғылуы мүмкін. Бұл қате. Дұрысы, «бойымда мін, кемшінім көп Илаһи» деп ұққан жөн. Неге десеңіз, қазақта «мүттәйім» деген (арабтың «мүттәһим»  сөзінің өзгерген түрі) «үрейлі», «сезікті» және «зұлым» деген мәндерді жеткізетін сөз бар (үлкен кісілер үрей, қорқыныш сезімін тудыратын жерді бертінге дейін «мүттәйім жер» десетін). Сол сияқты «күнәйім»  парсының «күнәһар» (күнәлі болу) сөзінің қазақыланған түрі. Бірақ, әулие Абай оны «күнә» мәнінде емес, жаңа айтылғандай, «бойымдағы мін, кемшін» деген мағынада қолданып отыр.

Осымен, ақынның «Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым» деп басталатын 8 шумақ өлеңіне келейік. Бұл да шамасы 1904 жылдың қысында дүниеге келген туынды. Өйткені, алдыңғы өлеңменен ой жүйесі ортақ, стилі бір - дана адамның тазарған рухын, ахиретке даярлық кейпін байқатады.

Сонымен, шығыс поэзиясының алыбы Омар Хайямның пәлсапалық төртжолдық жырларын (рубаи) еске салатын Абайдың қос шумағын және «Ойға түстім, толғандым», «Күнәйім көп Илаһи» деген екі өлеңін тілге тиек еттік. Жиыны - төрт туынды. Алдағы уақытта <strong>осы төртеуі 1904 жылдың еншісі болуы керек деген ойдамыз.</strong>

Қорытынды түйін: тасада қалып келген Абайдың соңғы өлеңдері ақыр аманаты әрі көңіл-күйінің айнасы. Тың мұралар Абай жинақтарында жарқыратып көрсетілсе һәм оларға ғылыми түсініктеме жазылса ұтарымыз көп болмақшы.

 
<h3 style="text-align: center;"><strong>Ақтық күндерде</strong></h3>
1904 жылы болыстық қызмет тізгіні Шәкерімде еді. Содан да болар, туыстарын соңғы сапарға жөнелту науқанын өзі басқарған. Абайдың қазасы қарсаңында болған жайды куәгердің өз аузынан естиік.  «Ағам Шәкенің өлімі үстіне мен өте жақсы көретін Мағаш 1904 жылы қайтыс болып, Абайдың да, менің де сорым қайнап қалды, - деп бастайды Шәкәрім баласы Ахатқа шерткен әңгімесін. - Біз Мағаштың жетісіне дайындалып жаттық. Ауылдың қасындағы дөң басында  Абайды күтіп, елдің қадірлі көп адамдары отырып қалды. Мен Абайға келіп: - Сіз «өзінің айтқанын істеген - анық адам және қайғыға қайғыра біліп, оны тоқтата алар қайраты да болуы керек» - деп, бізге үйретіп, соны істемегеніңіз қалай?» – дегенімде, «Е, мен не деп едім?» – деді. Мен Сіз:

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, қайрат қылайын.

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап, сынайын, -

деген жоқсыз ба? – дегенімде: «Мен әлсірейін деген екенмін ғой. Киіндір, тысқа шығар», - деді. Мен шапанын, бөркін кигізіп, қолтықтап көптің ортасына әкеп отырғыздым. Абай көппен амандасып болған соң, тез бойын жинап: «Мағаш тек менің ғана балам емес екен, көптің, сіздердің де балаларыңыз екен! Мен сіздерді ойламаған екенмін, ғафу етіңіздер!», - деп, сөзге араласып кетті».

Шәкәрім Мағаштың қырқы өткенше Абайдың қасында болған.  Мағауия білімді, әділ сондықтан халқынан көп мақтау мен алғыс алған абыройлы азамат. Абыройлы болуына өзі сүйіп қосылған кіші жары Мөржан үлес қосады: «Мөржан келген соң Мағауияның үйіне, ауылына өзгеше көрік кірді, - дейді Әрхам. – Ердің атын қатын шығарады деген емес пе. Жат та, жақын да Мағауияға үйіріле бастады. Бұрын Абайды босатпайтын көрші елдің адамдары енді Мағауияға ауысты».

Көкірек ауруына шалдыққан Мағауия 1904 жылдың  мамыр айында 34 жасында дүние салды. Абай Жондағы жайлауда Мағауияның қырқын берген соң, үш күн ешкіммен тілдеспей, жатпай отырып, ескіше 23 июнь күні 59 жасында дүниеден қайтты дейді ол кезде он тоғыз жастағы Әрхам Ысқақов.

Мағаштың өлімінен соң Абай көпке түсініксіздеу дертті хәлде болған. Бейсехан Сағындықұлы деген ақсақал  Байқошқар жайлауында отырған Абай ауылына  Өзбехан деген ел ағасына атқосшы жігіт болып еріп барады. «Абай ағаның үйіне бардық, - дейді ақсақал. - Сәлем беріп отырғаннан кейін Өзбехан көңіл айтты. Абай аға төсек үстінде жатыр екен, басын көтеріп, жастыққа шынтақтап отырып «әмин» деді. Өзбехан: « Әбе, қалыңыз қалай?» дегенде, Абай: «Басым ауырып, тынысым тарыла береді», - деді. Біраз отырғаннан кейін қайта жолға шықтық» (Абай. – 2001. №4. –77-82 бб.).

Ұлы ақынға өлімінен екі күн бұрын амандаса келген адамның естелігін келтіруіміз тегін емес. Абайдың дерті - жоғары қан қысымы (гипертония) деп болжамдаймыз. Соңғы бір жыл бойына Абайдың онсыз да жаралы жүрегін әлсіретіп, бойын көтертпей қинаған осы кесел. Өкінішке қарай, сол заманғы сахара тұрғындары арасында тым сирек кездесетін бұл дерттің емі беймәлім еді. Дүниеден көшер күні жайында: «Сол күні кешке Абай ауырып шықты, - деп жазады Әрхам. - Төсектің үстінде басын көтеріп отырып алды. Тамақ ішпеді не жатып ұйықтамады. Өзі сөйлемеді, бірақ жағдайын сұраса басын шайқады. Мұндай ауруды бұрын көрмеген ел аң-таң болды, не шара істерін білмеді».

<img class="aligncenter wp-image-4605 size-full" src="https://zheruiyq.kz/wp-content/uploads/2016/11/foto5_625-417.jpg" alt="foto5_625-417" width="625" height="417" />«Өлерден бұрын - өлу» деген осы-ау, тегі. «Қырық жамау» ақырын ғана соғатын ауру жүректің де жайы мәлім. Жоғары бір тұста келтірілген «Күнәйім көп Илаһи» деп басталатын соңғы өлеңі кемел ойшылдың ақырғы көңіл-күйінің айнасы десек, қате айтқандық бола қоймас. Бұл жайлы төменіректе сөз етпекпіз.

 
<h3 style="text-align: center;"><strong>Ұлы тұлғаның қазасы</strong></h3>
Абайдың дүниеден көшкенін ұлы Мұхаң қаламы былайша естіртеді: «Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім алып шынар құлады. Өмірден Абай өтті». Осынау тебіреністі сөздерде «Өмірден қайта тумас әулие адам өтті» деген астар бар сияқтанады.

Кеңестік дәуірде Абай жұртшылыққа трагедиялық тұлға ретінде танылды. Себебі, ойшыл ақын қазақ тарихының ауыр кезеңінде өмір сүрді және туған халқын тарихи тығырақтан   алып шығу - шығармашылығының өзегін құрады. Бұл растық. Алайда Абайды бақытсыз я трагедиялық тұлға деуге асықпалық.

Өйткені, кез келген әулие Тәңіріге ғашық, оның жаны о дүниеге жетуге асығады. Иесімен қауышуды тілейді. Абай да өлімнің көзіне тура қарап, қорықпаған. «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп, төрелігін өз шешкендей данышпан өлімді жеңгенін жақсы білген.  Бұдан да маңыздысы, Абай артқа алаң болмай өлуге керекті миссиясын толықтай атқарды. Сол себепті жалғанмен қиналмай қоштасты. «Тегінде ойлаймын, бұ да жақсы, өлер кезде «әттеген-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге» (9-сөз). Ойшылдың осы айтқаны өлер кезде «әттеген-ай» дегізетін ештеңе қалмады деуіміздің үлкен дәлелі емес пе.

«Абай өз халқының, ұлт мәдениетінің алдағы уақытта еркін гүлденіп, дами беруіне берік негіз қалады, оның болашағына тура жол салып берді» дейді Мұхтар Әуезов. «Халқының болашағына салып берді».  Кәне, бұдан артық бақытты тағдырдың болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Тағы бір жәйт, «алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім» деп өзі айтқандай, Абайдың өмірі тығыз өткені соншалықты, ол жай өмірдің үшеуін орап алуға жеткілікті. Ұлы ақын өзін 60 емес, 180 жас жасаған кәриядан сезінді. Яғни өмірден «қажыдым, жалықтым», «кәрілік те тұр тақау» деген сөздерді шын көңілімен айтқаны даусыз.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек? (1902), -

деп өзі айтқандай, заманды өзі сүйреген әрі билеген бір қазақ бар десек, оның аты – Абай болары сөзсіз.

Сөйтіп, қай жағынан алсақ та, Абай трагедиялық тұлға бола алмайды. Неге десеңіз, ол күллі қазақ халқының ой-санасын, ақыл, сезімін жаңа биікке көтерді.  Абай - мәңгі символ. Абай - қазақтың бір аты.   Оған дәлел - әулие Абай Мұхаң сомдаған жарқын бейнесімен де, өзінің асыл мұрасымен де халқымен бірге жасасып келеді.

Абайдың сүйегін өз қыстауы Ақшоқыдағы үлкен зиратқа апарып қоймақшы болған. Бірақ Шыңғыс асуынан асқанда Кішкене Молда елді тоқтатып: «Бұл сүйекті Ақшоқыға апаруға шыдайтын емес, күн ыстық. Сондықтан таяу жердің біріне жерлеу керек» депті. Осымен жүз қаралы ерген жұрт Жидебайдағы Оспан зиратына қою керек деген шешімге келеді. Түнделетіп, жүріп отырып, қаралы көш таң ата Жидебайға жетеді. Осында ұлы тұлғаның жаназасы шығарылып, түске таман жерлеу рәсімі өтеді.

Үлкені Шәкерім боп, Ақылбай, Кәкітай, Тұрағұлдар бастатқан ет жақын туғандары Абайдың қырқын Семейде, кейіннен Абайдың музейі болған Бекбай деген Мағауияның досының үйінде өткізеді. «Ертістің екі жағындағы 12 мешіттің хазіретін, халфесін жиып, қатым-құран шығартты, - дейді Әрхам өз естелігінде. - Сол күні жұрт тарап қайтқан түнде Ақылбай ауырмай-сырқамай кенеттен қайтыс болды. ...Абайдың төрт ауылы жетім-жесір болып қалды».

Ұлы Абай қаймана қазақтың рухани әкесі еді. Әулие тұлғаның өлімі  де символ. Ширек ғасыр өткенде күллі Ырғызбай руының шаңырағы шайқалды. Абайдың қазасы көшпелі халықтың түңлігін ұшыра соғатын қара дауылдың, төнген қара бұлттың алғашқы нышаны сияқтанды.

Абай рухы... Хүкім шариғат: «Ахиреттік өмір үшін сауапты істерді көп істеген адамға жәннаттың есігі ашық» деген. Әлемдік бәйгеде ойқастап озған, екі дүние үшін де сауапты істерді көп істеген кемел тұлға ұлы Абайдай-ақ болар. Ендеше әулие-хакімнің рухы биікте, жаны жәннатта екені шәк келтірмесе керек.

Қазіргі таңда Жидебайдағы Абай-Шәкерім кесенесі мұхитта жүзген кеме сияқты алыстан қол бұлғап тұрады. Ол 1995 жылдың 10-11 тамызында ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталған дүбірлі күндерде ашылған болатын. Оның ашылу салтанатында Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани көсемі. Абай сөзі – қазақтың киесі, ар-ұяты және намысы» деп мәлімдеді. Сол күндері 1200 үй тігіліп, 20 мың адам қатысқан салтанатты көзімен көрген ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майор таң-тамаша қалған-ды. Және ол: «Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда Абай қазақ халқының ғана ақыны емес, әлдеқайда кең ауқымда қабылданады. Ол – көркем ойдың әлемдік тұрғыдағы құдіреті» деп әділ бағасын берген болатын.

Сөз соңы, «Меккеге жол шеккен мұсылманда Қағбаға тәуіп етуден басқа қандай мұрат бар - Абайды қадір тұтқан қазақта Жидебай топырағын басудан бөтен қандай тілек болуы мүмкін». Қазақтың классик жазушы Мұхтар Мағауин осылай деген екен. Ләйім, Жидебайға ағылған жұртшылық легі мәңгі толастамасын! Абай мұрасы жан сарайымызды жаңғыртып, жадырата бергей!
<p style="text-align: right;"><strong><em>Асан Омаров, абайбанушы ғалым.</em></strong></p>
 

Өмірінің ақтық жылында Абайдың бір емес, екі Абай болып өмір сүргені байқалады. Біріншісі – қарапайым өмірдегі Абай, ол өмір  күнделікті тіршілік ағымында, үйренішті қалпында жалғаса берген.  Екіншісі – рух әлеміндегі Абай, ол әлемнің ерекшелігі – тек жоғары басқыштауды талап етеді.

 

Екіге бөлінген жүрек

Абай эволюциясына бойлау – күллі қазақ философиясы мойнына жүк есепті. Ол жұмбақтың бетін ашып алмай тұрып, Абайдың өмірін терең білдік деу бекершілік болады. Сондықтан мәселені тағы бір пысықтап өтпекпіз. Ақын Абай:

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі, –

деп өзі айтқандай, рух өрісінде ойшыл әуелі ғалым, онан кейін хакім, онан кейін әулие-хакім деңгейі дегендей дәйім сатылау, өрлеу үстінде болған.

Көпке аян, адамның рухы – ғарыштың бір бөлігі, ал тәні топырақтан жаралған. Бірақ бұл бөлініс жәй адамнан білінбейді, егер байқалса, тек данышпандар арқылы ғана байқалады. Өйткені, адамның болмысы – универсумға  ұқсас. Ғарыштың біртұтас өзара байланысқан бірегей болмысы (универсум) туралы танымды ғылымда «космология ілімі» дейді.

Абайда «жүрек» ең жиі кездесетін культтік сөз. Мысалға «Махаббат ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?» деуі екі бейне тұтасқанын байқатса керек.

Біріншісі – өмірге үйлесуі мүмкін емес, әулиеге айналған Абай да, екіншісі – өзгелерден аумайтын, күнделікті өмір ағысымен елдің сөзін ұстаған, ел жұмысына кірісу «Абайлығына міндет болып қалған» (Әуезов) беделді Абай. Шын Абай қайсы, оның көлеңкесі қайсы? Жұмбақ осы арада. Бірақ бұл өзге түгілі, Абайдың өзі де айырып біле алмаған хәл. Өзі туралы «Жүрегімді байқасам, Инедейін таза емес» дегені осы ойға жетелейді. Хадис: «Мүминнің екі жүрегі бар: бірі – қанаушы, бірі – сабыр етуші» деген. Мұхаң да: «екіге бөлінген жүрек» деуімен осы хәлді топшылаған сияқты.

Әуелі әулие Абай бейнесіне тоқталайық. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенді тек ұлы сенімнің егесі ғана айтары хақ. Ішкі өмірдің күй сарыны осы бағытта қалыптанады. Тәңіріні таныту өрісінде айырықша миссияны атқарқаны сол. Абай өзінің қайта тумас данышпан екенін де жақсы білді. Шығармашылық жұмысты тежеп, тоқтатуы содан.

Ибн Араби өзінің «Данышпандық мөрі» атты эзотериялық шығармасында «Кәміл адам жүрегінің тиянағы – Жаратушысын танып-білу» десе,  Руми оны  былайша қостайды: «Бақытты өз жүрегінен табатын адамды әулие дейміз». Әл-Фараби бабамыз: «Тәңіріні тану ең жоғарғы ғылым, онан биікте ештеңе де жоқ» деп қорытады.

Айттым, әулие Абай Тәңіріні тану ғылымына соны жаңалығын әкеп, сүбелі үлесін қосты. Мұндай рухани кеңістіктің ұшар биігіне шыққан данышпан төменге қайта түспейді. Міне,  қолына қалам алмауы және айналасына түсініксіз жұмбақ жан көрінуі содан деген ойдамыз. Қалай болғанда да, ұлы өмірдің соңғы бөлігі әулиелік хәлімен ерек. Бұл жұмбақ хәл, жоғары айтылған космологиялық таныммен өз түсінігін табатын сияқты.

Әсілі, бұл Американы ашу емес. Суфизмде «өлуден бұрын – өлу» делінетін хәл.   «Бір күйге сайған жаңағы жұмбақ жай, оның ең соңғы деміне дейін ой, қиялынан, көз алдынан кеткен жоқ», – деуімен Мұхаң да осы хәлге меңзеген болар, бәлкім.

«Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін, – дейді ойшылдың өзі. – Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім де өз күлкім емес, бәрі де әлде кімдікі» (9-сөз). Өлең сөзінде де осы хәлін жасырмай ақтарып салады:

Жүрегім менің – қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

Қайтқаннан соң әрнеден (1899).

Өзгелер тұрмақ, Тәкежан сияқты туысы да Абайды ұқпаған, түсіне алмаған. 1901 жылы жас толқын жеткіншектерге арнаған «Қуанбаңдар жастыққа» деген өлеңінде: «Елу бесте біз-дағы, Сенісер адам таптық па?» десе, осы жылғы келесі өлеңінде:

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға күнім түсті, –

деп күйзеледі.

Көріп отырмыз, шығармашылығы – ойшыл ақынның жаны, рухы шаршағанының куәсі. Естеліктерде денесі ауыр тартқан, қажыған, кәртейген Абай бой көрсетеді. Тұраш өмірінің соңында «әкемнің ашу азайып, мінезі жұмсақ тарта берді, бұл жұмсатуды өзі еңбек қылып тапты» деген пікіріне мысал-дәлелдер келтіреді.

Осымен, екінші Абай бейнесіне келейік. Бұл кездерде Абай үлкен дәулет иесі. Семей оязы Навороцкий 1903 жылдың 26 тамызында жазған рапортында былай деп дерек береді: «Сіздің құзырыңыздағы Шыңғыс болысының қырғызы Ибрагим Құнанбаев 60 жаста, 3 әйелі бар, иелігіндегі малы – 1000 жылқы және 2000 қой». Сөйтіп, сырт көзге ұлы ақын өле-өлгенше дәулет иесі, ел ағасы болып қала берген. Бұл заңдылық та. Қазақтың қоғамдық ой-санасы өсуіне, әдебиеті мен мәдениеті жетілуіне орасан ықпал еткен санаткердің өмірі тыныш, бірқалыпты өтуі мүмкін бе? Жоқ, әрине. ХХ ғасырдың басында Абайға, Ысқаққа қараған ауылдар саны жиырмаға жетті. Осы ауылдардарға ие болу, бағындыру, билік айту жұмысын Абай аянбай-ақ атқарды. Тек 1896 жылдардан беріде немере інісі Кәкітай мен сүйікті ұлы Мағауия ауырды өздеріне алып, Абайдың алдын кісіден, өзін сөзден  босатқан еді дейді көзі көргендер. Бірақ бұл тыныштық тапты деген сөзіміз емес. «Абайға сәлем беріп, амандасуға келдік» деп алыстан ат арылтып жеткен ағайын қарамы, әсіресе,  жазғы жайлау төсінде жылдан жылға көбея түспесе, азаймаған.

Бір тәуірі, «Ғақлиат-тасдиқат» трактаты ойшылды өзі айтқан «мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін» я болмаса «сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты» деген бей-жай хәлден құтқарды. Бар күш-жігерін сарқа жұмсаған шығарма 1902 жылы аяқталып, соңғы нүкте қойылды. Ал, келесі жылғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі жалпы шығармашылығының соңы.

Қазақтың Абайы руханият пен пәлсапа  ғылымының ең биік шыңын бағындырды. Осымен, адамзатты адасудан арылдырушы  шапағат иесіне, киелі тұлғаға айналды.

1902 жылдың 11 мамырында  бүкіл ғұмыры қайнаған өмірдің ортасы, ат үстінде өткен Құнанбайдың Абайдан кейінгі баласы Ысқақ дүние салған. Келесі 1903 жылы «ағайын ішінде Абайдың өсиетінен, мінездерінен көп үлгі алам дейтін жақынның бірі» (М.Әуезов) Шәкәрімнің тете ағасы Шәке де көз жұмды. Шәке өлгенде Шәкеріммен бірге Абай да сол ауылда қона жатып, қырқына дейін зиратын қалатып береді. Қайталап айтайық, бұл Абай шығармашылығын тоқтатқан кезең болатын.

Көріп отырсыздар, ұлы өмірдің ақтық кезеңін Абайдың екі бейнесі жөніменен, яғни «екіге бөлінген жүрек» қайшылығымен түсіндіруге талпындық.  Абайдың жан дүниесі жұмбағын ашудың кілті осы бағытта деген ойдамыз.

 

Соңғы өлеңдері  

Абай орыс достары ұстанған «Патшаны құлатайық» деген Чернышевский идеясын қолдаған емес. Сол сияқты «Соғыс ашайық, орыстан құтылайық» деп халқын арандатудан да аулақ болды. Неге десеңіз, әулиеге шынайы азаттық тек мәдениет, өркениетпен келетіні соқырға таяқ ұстатқандай айқын еді. Данышпан мәселе заманда емес, адамда деп білді. Қазақты кемшілігін басқа ұрып, көзге шұқып көрсету арқылы тәрбиеледі.

Дей тұрсақ та, хакім Абай азаттықты аңсап өтті. Жақын айналасына бұл жайлы талай сыр бөліскені сөзсіз. Абайтанушы Ақжан Машани кеңестік дәуірдің өзінде-ақ «Абай – азат ойшыл» деп жария еткенді. Біле білсек, «жасыру» тәсілімен сездірген азаттық рухының лебі асыл мұраны көктей өтеді. Мәселен, «Ескендір» поэмасында «Көп елді күтінбеген қырып жойып, …Шапқан жердің бәрін де бодан еткен» Ескендір патшаны «қанішер хан» деуінің  өзі неге тұрады. Ақжан ақсақалдың: «Бұл қазақ жеріндегі өзіне аян жәйтті заман ағымынан жасқанып, ашық айта алмаған Абайдың жан айқайы» («Әл-Фараби және Абай». -117 бет) деуі көкейге қонымды тұжырым.

Айтпағымыз, Абай сепкен рухани дән бітік егінге айналды: Алаш қозғалысының мүшелері көктей қаулады. Әзірге ұлы ақын «шекпенінен шыққан» үшеудің (Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұл) 1905-1907 жж. саяси қозғалысқа белсене ат салысуын ғана қарастырмақпыз. Құдай берем десе береді, соңғы жылдары нақты дәлелдер – Абайдың бірлі-жарым өлеңдері жаңадан табылып отыр.

Абайдың жаңадан табылған бірінші өлеңімен танысалық.

Тоқ, татуды сыйламай,

Аштарға берген ас артық.

Үйінде босқа бұлдамай,

Қатерге түскен бас артық.

Осы төртжолдық өлеңді нақыл, рубаи, шешен сөз, мейлі, афоризм десек те жарасады (оны тапқан адам – Тараз қаласының тұрғыны, абайтанушы Әлімбай Найзабаев).

Афоризмді Шәкерім өзінің «Ар қарызы» атты мақаласында («Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 4 шілде) келтіріпті. Мақала мынадай оқиға ізімен жазылған: аштықты, жалаңаштықты көріп майданнан қайтқан Жетісудың 719 жігіті Әлихан Бөкейханов атына «стипендия тағайындалсын я медресе ашылсын» деп екі мың сом ақша жинап беріпті. Мұны естігенде алаш ақсақалы «бәрекелді!» деп қатты қуанбай ма. Сөйтіп, Шәкерім: «Міне, адамның көзіне жас, көңіліне махаббат келтіретін зор жұмыс» дей келе: «Абай марқұм былай деуші еді» деп жаңағы нақылды айтыпты.

Өзге емес, ұлы ақынның бас шәкірті Шәкерім мақаласында атап айтқан соң, нақыл сөз Абайдікі екеніне кім таласар.

Бізді «Үйінде босқа бұлдамай, Қатерге түскен бас артық» деген екі жол қызықтырып отыр. Бұл сөздің мәнісі неде? Қай кезде айтылған, өзі? Ойласайық. Бақсақ, Шәкерім оны төңкерісті, өз сөзінше «қалқыма» кезең орайына келтіріп отыр. «Елдік үшін жан пида» деп намысты жанатын қайрақты сөз ретінде. Бірақ Абай астарлап, бүркемелеп айтудың асқан шебері болған. Афоризмнен «ел еркіндігі үшін басыңды қатерге тік, азаттық жолына жаныңды сал» деген астарды аңдау бүгінгі біздерге қиынға соғатыны сол.

Бұл ой-жота, шындық ауылынан шығандау деп сөгуге асықпаңыз.  Алдымен 1904-1905 жж.  жалпы ахуалға көз тігелік. Әмбеге аян, Ресей империясын төңкеріс елесі кезіп, саяси қозғалыс мықтап күш алды. Тарих сахнасына шықпаған күштер кемде кем, Ресей мұсылмандарының жәдитшілдік делінетін қозғалысы да мәдени арнадан саяси арнаға ауысты.

Мекені қыр төсі болса да, Семей шәріне жиі қатынайтын, қырым татары И. Гаспринскийдің «Тәржіман» газетасын үзбей оқитын Абай, Шәкерім жаңағы «үстегілер-бағындыра алмайтын, төмендегілер-бағынғысы келмейтін» қоғамдық ахуалды тамыршыдай танып-біліп, жіті қадағалап отырмай ма. Әсіресе, Шаймардан Қосшығұловтың хатына байланысты 1903 жылы жазғытұрым Абай ауылдарына жүргізілген тінтуден соң, саяси еркіндік тақырыбы бұл ортада жиі көтерілгені хақ. Демек, Абай нақылды осы кездерде айтқан деудің орайы бар.

Осымен, екінші өлеңге ауысатын кез де жетті.

Еріксіз түскен ылдидан,

Еркіңмен шығар өр артық.

Қорлықпен өткен өмірден,

Көсіліп жатар көр артық.

Бұл бұрыннан белгілі, ұлы Мұхаң өзі тауып қосқан шумақ. Алайда афоризм осы күнге шекті елеусіз хәлде «жазылған жылы белгісіз» делініп келді. Оны саралау қажеттігі енді ғана туып отыр.

Алғашқы өлең мен соңғы төрт жолдың стилі, мазмұны және ұйқасы егіз қозыдай ұқсас. Бұл жәйт екі өлеңнің  мерзімдес екендігіне сілтейді, бір. Екіншіден, басты гәп «ерік» сөзінде. «Ерік» сөзін екі айтуы – ел егесі Абайдың ел ертеңіне алаңдаған үні десек несі айып.

Енді «Қорлықпен өткен өмір» дегенді түсініктемелейік. Әзелде Абай «Ағызды сығып жасымды», «Бұрқ етіп, көзден жас шықсын» деп қазақтың ит мінезіне күйінген, әлеуметтің мешел хәліне қорланған. Жеке басы я от басы, ошақ қасы мәселесіне емес (Абайдың қазақ арасын кеулеген қырсықтар мен келеңсіздіктерден торыққаны, өз тұрғыластары арасынан «елу беске дейін сенісер адамын таба алмай» күйзелгені қандай шындық болса, мінезі майда Еркежан бәйбішенің, ақылды келіні Кәмәштің жақсы күтімінде, өзін шын сүйген балалары, пір тұтқан  шәкірттері ортасында болғаны сондай шындық).

Сонымен, екінші нақыл да саяси астарсыз емес.

Күдікті сейілту үшін оқырман назарын мынадай жалпы жәйттерге аударайын. 1885 жылғы әйгілі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінде ел дертіне:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –

деп «диагноз» қойған ақынның шығармашылық өмірі соңында «түзел қазағым, ырқың (еркің) өз қолыңда болуын көзде» деген дауаны сөз етуі заңдылық.

«Абай жолында» ұлы Мұхаң Абай аузына мынадай сөздерді салады: «Жылдар ма, көп жылдар ма, оны болжау өз басыма оңай емес. …Әйтеуір, бір болжайтынымыз бар! Неғылса осы өздерің біліп, көріп тұрған дүние асты-үстіне келіп, астан-кестен бір өзгереді де жаңғырады. Одан арғы заман, сендердің ата-бабаң, арғы-бергі әруағың аңдап, болжап білмеген бір өзгеше заман болады!». Абай да, Мұхаң да аңсаған ол заман Қазақ еліне 1991 жылы дербестікпен бірге келді.

Сөйтіп, екі данышпанға да ырықсыз, бодан елдің болашағы бұлыңғыр екені көзбен көріп, қолмен ұстағандай ақиқаттұғын.

Осы тұста уақыттарыңызды алып, Абай мен немере інісі Шәкерімнің арақатынасына тоқталуға мәжбүрмін. 1898 жылға шекті екі тұлға арасы күрделі болып, онан соң жылма-жыл жақындай берген. Естеліктер өзара құрмет пен  сыйластық арта бергенін там-тұмдап болса да жеткізеді. Шығармашылықты қоя тұралық, 1902 жылдың 11 мамырында Абайдың тете інісі Ысқақ дүние салғанда, келесі жылы Шәкерімнің тете ағасы Шәке баз кешкенде Абай мен Шәкерім сол ауылдарда қона жатып, орнын күзеткен. Қырқына дейін Шәкенің зиратын қалатып береді. Осы кездерде қос ойшылдың армансыз ой бөлісіп, ел келешегіне қатысты сан талай сыр шертіскені сөзсіз.

Оған Шәкерімнің «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» атты өлеңдер циклі нақты дәлел (бұл жырлар шын мәнінде жоқтау болып табылады).

Қатып қалған желіннен,

Қаймағы бар бал шықты.

Қайғылы біздің көңілден,

Қайғырған сайын қан шықты, –

деп төпелеген сай-сүйекті сырқыратар жоқтау, әрине, ағасы Абайды шын ұстаз тұтқан жүректен шыққан. Хазіреті Шәкерім 1905 жылы жайлау төсінде Абайдың жылдық асын өткізіп, күзде Мекке сапарына аттанған. Елге оралған бетінде-ақ, Ресей кадет партиясының мүшесі, келешек алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қасынан табылып, саяси істерге бас қойсын. Абайдың орнын басқан ағаға Кәкітай, Тұрағұл ілескен болатын. Кәкітайдың мезгілсіз қазасына орай, 1915 жылы 18 қаңтарда «Қазақ» газетінде басылған «Қош, қарағым!» мақаласында: «Мен 1908 жылы абақтыда жатқанымда келіп, амандасқан да осылар (Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұл – А.О.) болды. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау», – деп налыдым», – дейді Әлекең.

Айтса айтқандай, қыр қазақтары ішінен 1917 жылғы Ақпан төңкерісін бөркін аспанға ата қарсы алып, тұңғыш қазақ автономиясы – Алашорда үкіметін құруға бір кісідей ат салысқандар тағы да – Шәкерім, Тұрағұл. Яки «үйінде бос бұлдап» жатпады, жанып кетердей болып қан майданда жүрді.

Мұны, үш туыстың Әлекеңе еруге жараған азаматтық ерлігін, ұлы Абайдың «Қатерге тіккен бас артық» деген өсиетімен бір байланыста қарастырған дұрыстық деп білемін.

Сөйтіп, жоғарыда қарастырылған екі афоризмнің сарыны, рухы бір. Ол – отарлық бұғауға қарсылық. Екеуінің де жазылу уақыты – 1904 жылдың бірінші жарымы деп топшылаймыз.

Енді Абайдың тағы екі өлеңіне көңіл бөлейік. 2014 жылы «Абайдың соңғы өлеңі» деген тақырыппен баспасөз бетінде мынадай өлең жолдары жария етілді:

Күнәйім көп Илаһи,

Кешіре гөр мұнымды.

Барар басқа жерім жоқ,

Ұсындым Хаққа мойнымды.

Ата-анам едің қара жер,

Аша гөр енді қойныңды.

Шүбәсіз, бұл алты жол Абайдың бақиға өтер шақта  шығарған өлеңі. Ешбір жинаққа енбеген тың туынды. Оны Серік Жақсыбаев деген азамат 1978 жылы Жидебайдағы Абай музейінің шырақшысы Ниязбек Алдажаров қарияның аузынан жазып алыпты.  Ниязбек ақсақал – Абайдың аталас туысы, жалған сөзге жаны қас, шыншыл адам болған. Демек, өлең Абайдікі. Өлең керемет! Хаққа мойынсұнған, сол себепті өлімді тосып алған әулие кісінің көкірек түкпіріндегі соңғы тілегі. Балалық шағында сопылық ілімнің уызын ішкен жарықтық сол әулиелік жіптен айырылмай өміріне соңғы нүктені қояды. Қай жағынан келсек те, өлеңді мойындамауға ешбір себеп жоқ.

Өз тарапымнан қосып айтарым, жаңадан табылған өлеңнің «Күнәйім көп Илаһи» деген бірінші жолы «күнәм көп Илаһи» деп ұғылуы мүмкін. Бұл қате. Дұрысы, «бойымда мін, кемшінім көп Илаһи» деп ұққан жөн. Неге десеңіз, қазақта «мүттәйім» деген (арабтың «мүттәһим»  сөзінің өзгерген түрі) «үрейлі», «сезікті» және «зұлым» деген мәндерді жеткізетін сөз бар (үлкен кісілер үрей, қорқыныш сезімін тудыратын жерді бертінге дейін «мүттәйім жер» десетін). Сол сияқты «күнәйім»  парсының «күнәһар» (күнәлі болу) сөзінің қазақыланған түрі. Бірақ, әулие Абай оны «күнә» мәнінде емес, жаңа айтылғандай, «бойымдағы мін, кемшін» деген мағынада қолданып отыр.

Осымен, ақынның «Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым» деп басталатын 8 шумақ өлеңіне келейік. Бұл да шамасы 1904 жылдың қысында дүниеге келген туынды. Өйткені, алдыңғы өлеңменен ой жүйесі ортақ, стилі бір – дана адамның тазарған рухын, ахиретке даярлық кейпін байқатады.

Сонымен, шығыс поэзиясының алыбы Омар Хайямның пәлсапалық төртжолдық жырларын (рубаи) еске салатын Абайдың қос шумағын және «Ойға түстім, толғандым», «Күнәйім көп Илаһи» деген екі өлеңін тілге тиек еттік. Жиыны – төрт туынды. Алдағы уақытта осы төртеуі 1904 жылдың еншісі болуы керек деген ойдамыз.

Қорытынды түйін: тасада қалып келген Абайдың соңғы өлеңдері ақыр аманаты әрі көңіл-күйінің айнасы. Тың мұралар Абай жинақтарында жарқыратып көрсетілсе һәм оларға ғылыми түсініктеме жазылса ұтарымыз көп болмақшы.

 

Ақтық күндерде

1904 жылы болыстық қызмет тізгіні Шәкерімде еді. Содан да болар, туыстарын соңғы сапарға жөнелту науқанын өзі басқарған. Абайдың қазасы қарсаңында болған жайды куәгердің өз аузынан естиік.  «Ағам Шәкенің өлімі үстіне мен өте жақсы көретін Мағаш 1904 жылы қайтыс болып, Абайдың да, менің де сорым қайнап қалды, – деп бастайды Шәкәрім баласы Ахатқа шерткен әңгімесін. – Біз Мағаштың жетісіне дайындалып жаттық. Ауылдың қасындағы дөң басында  Абайды күтіп, елдің қадірлі көп адамдары отырып қалды. Мен Абайға келіп: – Сіз «өзінің айтқанын істеген – анық адам және қайғыға қайғыра біліп, оны тоқтата алар қайраты да болуы керек» – деп, бізге үйретіп, соны істемегеніңіз қалай?» – дегенімде, «Е, мен не деп едім?» – деді. Мен Сіз:

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, қайрат қылайын.

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап, сынайын, –

деген жоқсыз ба? – дегенімде: «Мен әлсірейін деген екенмін ғой. Киіндір, тысқа шығар», – деді. Мен шапанын, бөркін кигізіп, қолтықтап көптің ортасына әкеп отырғыздым. Абай көппен амандасып болған соң, тез бойын жинап: «Мағаш тек менің ғана балам емес екен, көптің, сіздердің де балаларыңыз екен! Мен сіздерді ойламаған екенмін, ғафу етіңіздер!», – деп, сөзге араласып кетті».

Шәкәрім Мағаштың қырқы өткенше Абайдың қасында болған.  Мағауия білімді, әділ сондықтан халқынан көп мақтау мен алғыс алған абыройлы азамат. Абыройлы болуына өзі сүйіп қосылған кіші жары Мөржан үлес қосады: «Мөржан келген соң Мағауияның үйіне, ауылына өзгеше көрік кірді, – дейді Әрхам. – Ердің атын қатын шығарады деген емес пе. Жат та, жақын да Мағауияға үйіріле бастады. Бұрын Абайды босатпайтын көрші елдің адамдары енді Мағауияға ауысты».

Көкірек ауруына шалдыққан Мағауия 1904 жылдың  мамыр айында 34 жасында дүние салды. Абай Жондағы жайлауда Мағауияның қырқын берген соң, үш күн ешкіммен тілдеспей, жатпай отырып, ескіше 23 июнь күні 59 жасында дүниеден қайтты дейді ол кезде он тоғыз жастағы Әрхам Ысқақов.

Мағаштың өлімінен соң Абай көпке түсініксіздеу дертті хәлде болған. Бейсехан Сағындықұлы деген ақсақал  Байқошқар жайлауында отырған Абай ауылына  Өзбехан деген ел ағасына атқосшы жігіт болып еріп барады. «Абай ағаның үйіне бардық, – дейді ақсақал. – Сәлем беріп отырғаннан кейін Өзбехан көңіл айтты. Абай аға төсек үстінде жатыр екен, басын көтеріп, жастыққа шынтақтап отырып «әмин» деді. Өзбехан: « Әбе, қалыңыз қалай?» дегенде, Абай: «Басым ауырып, тынысым тарыла береді», – деді. Біраз отырғаннан кейін қайта жолға шықтық» (Абай. – 2001. №4. –77-82 бб.).

Ұлы ақынға өлімінен екі күн бұрын амандаса келген адамның естелігін келтіруіміз тегін емес. Абайдың дерті – жоғары қан қысымы (гипертония) деп болжамдаймыз. Соңғы бір жыл бойына Абайдың онсыз да жаралы жүрегін әлсіретіп, бойын көтертпей қинаған осы кесел. Өкінішке қарай, сол заманғы сахара тұрғындары арасында тым сирек кездесетін бұл дерттің емі беймәлім еді. Дүниеден көшер күні жайында: «Сол күні кешке Абай ауырып шықты, – деп жазады Әрхам. – Төсектің үстінде басын көтеріп отырып алды. Тамақ ішпеді не жатып ұйықтамады. Өзі сөйлемеді, бірақ жағдайын сұраса басын шайқады. Мұндай ауруды бұрын көрмеген ел аң-таң болды, не шара істерін білмеді».

foto5_625-417«Өлерден бұрын – өлу» деген осы-ау, тегі. «Қырық жамау» ақырын ғана соғатын ауру жүректің де жайы мәлім. Жоғары бір тұста келтірілген «Күнәйім көп Илаһи» деп басталатын соңғы өлеңі кемел ойшылдың ақырғы көңіл-күйінің айнасы десек, қате айтқандық бола қоймас. Бұл жайлы төменіректе сөз етпекпіз.

 

Ұлы тұлғаның қазасы

Абайдың дүниеден көшкенін ұлы Мұхаң қаламы былайша естіртеді: «Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім алып шынар құлады. Өмірден Абай өтті». Осынау тебіреністі сөздерде «Өмірден қайта тумас әулие адам өтті» деген астар бар сияқтанады.

Кеңестік дәуірде Абай жұртшылыққа трагедиялық тұлға ретінде танылды. Себебі, ойшыл ақын қазақ тарихының ауыр кезеңінде өмір сүрді және туған халқын тарихи тығырақтан   алып шығу – шығармашылығының өзегін құрады. Бұл растық. Алайда Абайды бақытсыз я трагедиялық тұлға деуге асықпалық.

Өйткені, кез келген әулие Тәңіріге ғашық, оның жаны о дүниеге жетуге асығады. Иесімен қауышуды тілейді. Абай да өлімнің көзіне тура қарап, қорықпаған. «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп, төрелігін өз шешкендей данышпан өлімді жеңгенін жақсы білген.  Бұдан да маңыздысы, Абай артқа алаң болмай өлуге керекті миссиясын толықтай атқарды. Сол себепті жалғанмен қиналмай қоштасты. «Тегінде ойлаймын, бұ да жақсы, өлер кезде «әттеген-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге» (9-сөз). Ойшылдың осы айтқаны өлер кезде «әттеген-ай» дегізетін ештеңе қалмады деуіміздің үлкен дәлелі емес пе.

«Абай өз халқының, ұлт мәдениетінің алдағы уақытта еркін гүлденіп, дами беруіне берік негіз қалады, оның болашағына тура жол салып берді» дейді Мұхтар Әуезов. «Халқының болашағына салып берді».  Кәне, бұдан артық бақытты тағдырдың болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Тағы бір жәйт, «алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім» деп өзі айтқандай, Абайдың өмірі тығыз өткені соншалықты, ол жай өмірдің үшеуін орап алуға жеткілікті. Ұлы ақын өзін 60 емес, 180 жас жасаған кәриядан сезінді. Яғни өмірден «қажыдым, жалықтым», «кәрілік те тұр тақау» деген сөздерді шын көңілімен айтқаны даусыз.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек? (1902), –

деп өзі айтқандай, заманды өзі сүйреген әрі билеген бір қазақ бар десек, оның аты – Абай болары сөзсіз.

Сөйтіп, қай жағынан алсақ та, Абай трагедиялық тұлға бола алмайды. Неге десеңіз, ол күллі қазақ халқының ой-санасын, ақыл, сезімін жаңа биікке көтерді.  Абай – мәңгі символ. Абай – қазақтың бір аты.   Оған дәлел – әулие Абай Мұхаң сомдаған жарқын бейнесімен де, өзінің асыл мұрасымен де халқымен бірге жасасып келеді.

Абайдың сүйегін өз қыстауы Ақшоқыдағы үлкен зиратқа апарып қоймақшы болған. Бірақ Шыңғыс асуынан асқанда Кішкене Молда елді тоқтатып: «Бұл сүйекті Ақшоқыға апаруға шыдайтын емес, күн ыстық. Сондықтан таяу жердің біріне жерлеу керек» депті. Осымен жүз қаралы ерген жұрт Жидебайдағы Оспан зиратына қою керек деген шешімге келеді. Түнделетіп, жүріп отырып, қаралы көш таң ата Жидебайға жетеді. Осында ұлы тұлғаның жаназасы шығарылып, түске таман жерлеу рәсімі өтеді.

Үлкені Шәкерім боп, Ақылбай, Кәкітай, Тұрағұлдар бастатқан ет жақын туғандары Абайдың қырқын Семейде, кейіннен Абайдың музейі болған Бекбай деген Мағауияның досының үйінде өткізеді. «Ертістің екі жағындағы 12 мешіттің хазіретін, халфесін жиып, қатым-құран шығартты, – дейді Әрхам өз естелігінде. – Сол күні жұрт тарап қайтқан түнде Ақылбай ауырмай-сырқамай кенеттен қайтыс болды. …Абайдың төрт ауылы жетім-жесір болып қалды».

Ұлы Абай қаймана қазақтың рухани әкесі еді. Әулие тұлғаның өлімі  де символ. Ширек ғасыр өткенде күллі Ырғызбай руының шаңырағы шайқалды. Абайдың қазасы көшпелі халықтың түңлігін ұшыра соғатын қара дауылдың, төнген қара бұлттың алғашқы нышаны сияқтанды.

Абай рухы… Хүкім шариғат: «Ахиреттік өмір үшін сауапты істерді көп істеген адамға жәннаттың есігі ашық» деген. Әлемдік бәйгеде ойқастап озған, екі дүние үшін де сауапты істерді көп істеген кемел тұлға ұлы Абайдай-ақ болар. Ендеше әулие-хакімнің рухы биікте, жаны жәннатта екені шәк келтірмесе керек.

Қазіргі таңда Жидебайдағы Абай-Шәкерім кесенесі мұхитта жүзген кеме сияқты алыстан қол бұлғап тұрады. Ол 1995 жылдың 10-11 тамызында ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталған дүбірлі күндерде ашылған болатын. Оның ашылу салтанатында Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани көсемі. Абай сөзі – қазақтың киесі, ар-ұяты және намысы» деп мәлімдеді. Сол күндері 1200 үй тігіліп, 20 мың адам қатысқан салтанатты көзімен көрген ЮНЕСКО-ның бас директоры Федерико Майор таң-тамаша қалған-ды. Және ол: «Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда Абай қазақ халқының ғана ақыны емес, әлдеқайда кең ауқымда қабылданады. Ол – көркем ойдың әлемдік тұрғыдағы құдіреті» деп әділ бағасын берген болатын.

Сөз соңы, «Меккеге жол шеккен мұсылманда Қағбаға тәуіп етуден басқа қандай мұрат бар – Абайды қадір тұтқан қазақта Жидебай топырағын басудан бөтен қандай тілек болуы мүмкін». Қазақтың классик жазушы Мұхтар Мағауин осылай деген екен. Ләйім, Жидебайға ағылған жұртшылық легі мәңгі толастамасын! Абай мұрасы жан сарайымызды жаңғыртып, жадырата бергей!

Асан Омаров, абайбанушы ғалым.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation