Салқар даланы сағындырып, сөзінен самала жел ескізген, поэзия әлеміне жаңадан қадам басқан жас ақындар қазақ әдебиетінде баршылық. Десе де, солардың ішінде тылсым ойларымен, сиқырлы сезімімен баурап алатын ақындар сирек кездеседі. Сондай қаламгердің бірегейі – Алмас Айтмұқаш.
Жауһар жырларынан Бұқарлардың бағзы сарынын, Махамбеттің өжеттілігін, хәкім Абайдың қоңырлығын байқадық. «Қырандар қалғымайтыны» сияқты, жас ақынымыз өмір мен өлеңді сүйіп һәм үнемі ізденіс үстінде жүреді. Нағыз ақынға керегі осы болса керек.
Біржан Ахмер
Қара өлең
Қобыз дала, Қорқыт тартқан күй сынды,
Шерленеді зарлы үнін ұлытып.
Аңсап келем жұпар-жусан исіңді.
Ұжымақ жақты ұмытып.
Қара таулар – Бұхар төккен жырындай,
Түксиеді қарсы айырылып қабағы.
Елім-ай деп бұлт көшеді бұрылмай,
Сөнген мүлде жанары.
Біржан сынды ән салмайды бұлақтар,
Жер бауырлап тас астына тығылып.
Мүмкін оны еститін де құлақ бар,
Керек бірақ ірілік.
Қаңбақ көшкен ұжымақ жерін таба алмай,
Асан қайғы асылымдай мұң кешті.
Сары даладан іздегенін табардай,
Аңсап келем бір көшті.
Тұнжыраған аспан жақтан іздеймін,
Тұрар ол да тілдесіп.
Ол ойыма қолымды бір сілтеймін,
Өлең деген жүрген жоқ па, күн кешіп?!
Ел сүйсініп тыңдайтұғын жыр қайда?
Іздеп келем биік-биік төбеден.
Шыңғыстаудан қасқайып-ақ тұрмай ма!
Қайда әлгі қара өлең?
Арқар
Жақпар-жақпар тау жетім,
Қар жаумаса басына.
Арқарлар мекені тау беті
Тұяғын сүйгізген тасына.
Жадуланғандай жоталар,
Атырындап Арқар тебінсе.
Тауанды текті от алар,
Соғылса тұяқ темірше.
Құлазып тұрған құздарға,
Тағысы Арқар бас иген.
Текті олар биік құздан да,
Можыған жаста тас үйген.
Қынаны қырнап күн кешіп,
Тебініп тұмса төлдесін.
Аспан да, жерде тілдесіп,
Тектіден тапсын теңдесін.
Қожасы жақпар жартастың,
Жүйткіген Арқар желқуық.
Алты ай кезген тау-тасты
Ажалға қарсы бел буып.
Рухым көкпен астаспақ,
Әкем-Тау, биік Құз-анам.
Арқардай арман асқақтап,
Аңыз даламнан күш алам.
Адасу
Жотадан жортып түн ауа,
Жүрелеп келем тарпаңмен.
Айналсоқ болдым қуара,
Шиырлап қалған арқанмен.
Бөктерлеп таудың тастарын,
Жаншылап келеді тың тұяқ.
Сеңгірлер иіп бастарын,
Қара түн оған қылжият.
Бұйраттар жатыр бұйығып,
Саруар бөрі ұлиды.
Тобыры қалса жиылып,
Қара түн тағы тыншиды.
Ауыздығымен алысып,
Жүрдектеп желіп келеді.
Бойында маңғаз қан ысып,
Кешіл Ай еріп келеді.
Шапұр-шұпыр құлаштап,
Манағы тарпаң марғасқам.
Мүттайым түнде сыр ашпақ,
Адасқан жолда алжасқан.
Қайрайды төзім қанжарын,
Қожбан таудан да,шыға алмай.
Тасырқап қалған Ақжал да,
Ойлауыт жерге құлардай.
Үйегін іздеп Ақжалым,
Ат жолдан кеткен адасып.
Текті ғой сенің ар-жаның,
Терлеумен өткен таң асып.
Бөрідей тағдыр
Қараңғы дала қалғыған,
Мүлгіген қайың, тал-шыбық.
Тағысы түздің қаңғыған,
Бойында тағат таусылып.
Аязы күннің қақаған,
Бөлінген Бөрі тобырдан.
Орманыңды да отаған,
Көрерсің көкжал сорыңнан.
Үйегін іздеп, Айға ұлып,
Мазасын түннің қашырар.
Сұқтанып бөрі қайғырып,
Кектеніп азу батырар.
Қожасы қожбан таулардың,
Ақсиған Арлан текті бұл.
Жеңем де оны жаулармын
Қыршын қиылып кетті кіл.
Бөрідей жүріп күн кешсем,
Қиуы кеткен тірліктен.
Арландай көкпен тілдессем,
Дүние қолда дүрліккен.
Қашау-Қалам
Таң самалы, Ән салады,
Тереземнің түбінен.
Жапыраққа, атырапқа,
Жүрегіммен үңілем.
Аспан жақтан, сәуле шашқан,
Алтын нұрға малынам,
Жүрек түлеп, тілек тілеп,
Көк Тәңірге жалынам.
Тасынамын, басыламын,
Көктемдегі теңіздей.
Шарқ ұрамын, аһ ұрамын.
Сол әлемнен сені іздей.
Қиял ұшып, сезім құшып,
Көкірегімнен төгем нұр.
Қаламыммен, саламын мен,
Қашап, өшпес өлең-жыр.
Шай мен сезім.
Кез болсам саған ғашығым,
Кербез күндерді еске алам.
Өзіңді ойлап асылым,
Ақ таң да, айлы кеш болам.
Кездестік қалқам тағы да,
Сезімге толы сырменен.
Бақыт сыйлайтын жаныма,
Бақшамда сенсің гүлдеген!
Құйылды ыстық кесемен,
Сендегі сезім молынан.
Шай іштім алғаш кеше мен,
Ұжымақтай жұпар қолыңнан.
Мөлт еткен менің санама,
Мөлдіреп жүзің ағарды.
Ұқсаттым бір сәт анама,
Сендегі мөлдір жанарды.
Шай деген сезім болар ма?!
Ішкенде бойға тарайтын.
Бақытты кезім болар ма?
Бақытсыз күнге қарайтын.
Осылай шай мен сезімім,
Жүрекке нұр боп қадалды.
Кесеге толы сезімің
Шай болып ішке таралды.
Алмас Айтмұқаш