Жұма, Қыркүйек 8, 2017
Негізгі > Бас баған > Қайым жайлы құнды деректер

Қайым жайлы құнды деректер

Әркімнің пешенесіне жазылған мөлшерлі ғұмыры бар. Пенделік пайымдау бойынша бұл – әліптік ақиқат. Осы орайда Абай сөзіне ден қойсақ:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі,

Мені мен менікінің мағынасы екі.

“Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

“Менікі” өлсе өлсін, оған бекі, – дейді ақын.

Осы санаттағы ажалсыз “Меннің” иесі ең алдымен Абай ағаның өзі десек, ақын жолымен жүрген ізбасарлары мен рухани мұрагерлері де уақыт пен кеңістікте әлдебір межемен шектелмей, өмір­лерін жалғастыра бермек. Сондай бірегейлердің бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхаметханұлы.

Қалың жұртшылық бұл кісіні көбінесе кеңестік Қа­зақ республикасының мем­ле­кеттік әнұранына мәтін жазған ақын ретінде біледі десек, екі тармақ өлең туындыгерді шынайы абырой шыңына шығарған. Қазақ жанының ұлы қасиетін жанартау жалынындай ла­пыл­датып, асқақтата таныт­қан:

Ер қазақ ежелден еркін­-

дік аңсаған,

Бостандық өмір мен ар

үшін қиған жан.

Ары мен азаттығының жолында қазақтың бары мен жаны құрбан екендігін кеңестік билікке (Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейінгі он сегіз жылда Кеңес ода­ғы­ның әнұраны жоқ еді) ал­дын-ала ескерткен деп ұғы­ну­ға лайықты осы сөз­дердің ақи­қа­тына 1986 жылғы желтоқсанда бүкіл адамзат көз жеткізді. Намысына тиген, еркіндігін құрсаулаған империяның оспадар өктемдігіне бостандықсүйгіш қазақтың ұл­да­ры мен қыздары бұратаналар ішінде қаһарман­дықпен бірінші болып қарсы шығып тәуелсіздікке жол ашты. Ақын Қайым желтоқсан қасіреті мен құдіретіне арнаған ғибратты тұжырымын сол кезде жырға айналдырып айтудан тайсалмаған болатын:

Қызыл қыршын қазақтың ұл-қыздарын,

Адал жүрек, ар-намыстың құлдарын,

Мәңгі бақи ел есінен кетер ме

Сөгіп, соғып, қанын төгіп қырғаның!

Ақын сөзінің азаматтық арқауы босаңсыған сәті жоқ. Елдік, адамшылық мұраттарды қозғайтын жайлардың баршасына қолма-қол үн қатудан айнымағандығын желтоқсаншыларға бағыштаған дұға-батасы, жендеттерге лағнет-қарғысы дерлік жоғарыда келтірілген үзінді дәлелдеп тұр емес пе?! Әрдайым ізгілікті көксеген жүрегінен бұрқ етіп атылған жыр шумақтары аз емес. Жариялану жайы, әрине, бөлек әңгіме. Коммунистік аңсарға кереғар өлең-жырға өріс берілмеген дәуірде әлгі тәрізді шығармалар, әлбетте, оқырманға беймәлім қала беретін. Сондай өзгеше бағалы суырыпсалма өнердің үздік бір мысалын жұрт назарына ұсыналық. Қасым Аманжоловпен және тағы бірер ақынмен отырған кезде бұлардың қасына жүзі жадау, ұлты чешен ақсақал келе қалады. Сол мезетте Қайым орнынан ұшып тұрып, қартты құшағына ала, былай деген екен:

Ат болсаң, тұяқтының тұлпарысың,

Құс болсаң, қияқтының сұңқарысың,

Бұл күнде азып-тозып қаңғып жүрген

Кешегі ер Шәмілдің ұрпағысың!

Осының өзі саналы оқырманды тебірентетін, бір дастанға бара-бар жеке шығармадай мейлінше әсерлі. “Халықтар көсемі” депортациялап, тирандық әңгіртаяқ соққысына ұшыратқан чешен ұлысының мүшкіл халге түсуімен байланысты бауырмалдық күйінішке қоса, мұнда Абылай мен Кенесары заманынан бері отарлық езгіден құтыла алмай, “коммунизм жұмағына” жұтылу қатерінде мұң шегіп отырған қазақтың да өңменін найзағай жарқылындай шарпып өтерлік серпін бар ғой.

Ақындық дарыны мен шеберлігін Қайым Мұхаметханұлы Карамзиннің “Сормаңдай Лиза” хикаясын өлеңмен қазақшаға аударуында таң қаларлықтай етіп көрсетті. Лермонтовтың “Вадим” хикаясын өлеңмен аударған Абай үлгісін, Пушкиннің “Дубровский” хикаясы мен “Боран” әңгімесін өлеңмен аударған Шәкәрім үлгісін жаңғыртты.

Ақын Қайым дүние азабынан ширыққан, түңіле дал болған, қайсарлана жігерленген көңіл әуенін де жеріне жеткізе жырлай алған. Мысалы:

Жай жүрсем, табалады “ұтылды” деп,

Қатты жүрсем, күндеді “құтырды” деп,

Орта жүрсем, онда да көре алмады,

“Бұл өзі ақылды адам сықылды” деп.

Мұхаметханұлының көркем шығармашылық талантының бір қыры драматургия саласында ашылған. Оның “Майданнан майданға”, “Перне”, “Комиссар Ғаббасов”, “Ер Білісай” драмалары бойынша спектакльдер әлденеше маусым бойы театр сахналарынан түспей қойылып, көрермендер ықыласына бөленген. Бұлармен қатар татардың классик драматургы Шәріп Камалдың “Қажы әпенді үйленеді”, әзірбайжанның атақты қаламгері Үзейір Ғажыбековтың “Аршын мал алан” комедияларын қазақшаға аударып, талай жыл бойында тұрақты репертуарлық қорға енгізді. Алайда, тағдыр билігі солай шығар, ақын және драматург ретінде Қайым

Мұхаметханұлының ықтимал әлеуеті барынша жарқырап, толық жүзеге асты десек, шындыққа обал болар еді. Мұның есесіне жазмыш Қайымға тауқыметі де мол, бақыт-зейнеті де қайырлы ғалымдықты сыбағалады. Бұл кісінің есімі мен ісінің жасампаздық, өміршеңдік кепілі – абайтанушылық, мұхтартанушылық, шәкәрімтану­шылық ілімдері, барлығын жинақтағанда, алаштану­шылық тарихы.

Ұлт рухының өзегін құрайтын осы аталған әдеби-мәдени-саяси құбылыстар Қайымды жарық дүниеге келген сәттен-ақ жөргектеген. Әкесі Мұхаметхан кезінде ілгерішіл көзқарасы мен әрекеті сайма-сай абзал азамат бейнесінде жұртқа кең танылған. Абай мұрасын қастерлеген. “Айқап”, “Абай”, “Қазақ”, “Шолпан”, “Сана”, “Сарыарқа”, “Таң” сияқты басылымдарды үй кітапханасына алғызып, жан азығы еткен. Оның шаңырағындағы меймандос көңіл құрметін Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезов сан мәрте көрген. Сондай ахуалда өскен зерек, зейінді бала Қайымның ойы мен сезімі елшіл, отаншыл, қазақшыл болып, табиғи үрдісте қалыптасқан.

Әуезовті тұңғыш рет көргенде Қайым жеті жастағы бала екен. Бұл – 1923 жыл. Келесі жылы Әуезовті сегіз жастағы Қайым екінші рет көреді. Мұхаңның бастамасы және ұйытқылығы арқылы Семейде Абайды еске түсіру кеші өткізіледі. (Қайтыс болуының жиырма жылдығына орай). Бұл оқиғаның мәнін Мұхаметханұлының өз сөзімен білдіру жөн шығар: “Осы кешке үлкендермен бірге барып, Мұхтар Әуезовтің баяндамасын тыңдап, Көкбай ақынның Абай туралы естелік әңгімесін естіп, ұлы ақын жайында ең алғаш мағлұмат алғаным сол жолы еді”. Үшінші көруі – 1925 жылы: Әуезовтің сахналық бір шығармасын “Ес аймақ” труппасы қоюға дайындап, Мұхаметхан ақсақалдың үйінде репетиция жасаған. Семейтаумен жалғасатын Көкен тауына 1926 жылы Мұхаң демалысқа келгенде он жастағы Қайым оны төртінші рет көрген. Тоғыз жылдан соң, яғни 1935 жылы, Мұхтар Әуезов өзінің болашақ роман-эпопеясын жазу­ға материал жинау мақсатымен Семейге келгенде, он тоғыз жас­тағы балғын жігіт Қайым даңқты жазушыны бесінші рет көреді, біршама еркін әңгімелесуіне мүм­кіндік туады. Бұл кезде Қайым­ның әкесі таптық жау ретінде қудаланып, қамауға алынып, атылып кеткен. Бай баласы Қайым қауіп-қатерден әупірімдеп өтіп, мұғалімдік курсты аяқтап, институтқа түсуді ойластырып жүрген. Абай шығармаларына біржола ден қойып, Ыдырыс Мұстамбаевтың нағыз тарихилық маңыздағы мақалаларымен ын­ты­ға танысуда еді. 1939 жылы мұғалімдік институтты аяқтаған тұста Қазақстан Жазушылары­ның екінші съезіне қатысу үшін Алматыға барады. Міне, осы алтыншы кездесуден кейін жиырма төрт жасында Қайым Мұхаметханұлы кемеңгер Әуезов үшін сенімді шәкірт-әріптеске, сүйікті ініге айналды. Мұхаңның ақыл-кеңесімен ғылыми ізденіс жолына түседі. Зерттеулерінің басты нысаны етіп Абай шығармашылығын алады. Семейдегі пединститутта оқытушылық қызметке кірісіп, Әуезовтің бағдарлы пікірлерінің қанаттандыруы арқасында 1940 жылы “Абайдың әдеби мектебі” айдарымен Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Әріп Тәңірбергенов шығармашылығы туралы ғылыми мақалалар топтамасын жариялайды. Содан бастап соңғы демі таусылғанша абайтану мәселелерінің жүйесінен қаламы босаған емес. Абайды тану үстіне таныған сайын қазақты танудың саналуан проблемаларына да тереңдей түсті. Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай батырлар туралы халықтық поэмаларға тарихи-ғылыми, әдеби-ғылыми талдау жүргізген еңбегін “Қазақ әдебиеті тарихының” бірінші томына енгізіп, 1943 жылы әзірлеп береді.

Қайым Мұхаметханұлының ғалымдық тұлға­сында орта ғасырлардағы оқымыстыларға тән әмбе­бап­тық көріністері мол еді. Сондай кең қарымды­лы­ғына өз еңбектерінің ғана шеңберінде назар салайық. Өзекті желісі мен үзілмес тіні абайтану екені белгілі. Мұнда іргелі және қолданбалы сипат­тар­ды тоғыстырушылық жөнімен, талдаулардың түбегейлі орнықтылығы жөнімен, жаңа бағытқа қа­рыш­ты қадам жасағандығы жөнімен “Абай зама­ны­ның ақындары” (“Абай айналасының ақындары”), “Абайдың ақындық мектебі”, “Абай шығармалары­ның текстологиясы” сияқты монографиялары мен­мұн­далап көзге бірден түседі. Әдебиет тарихына Ақыл­бай Абайұлы, Мағауия Абайұлы, Әубәкір Ақыл­байұлы, Мұқа Әділханұлы, Әсет Найман­бай­ұлы, Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жана­тайұлы, Тұра­ғұл Абайұлы, Уәйіс Шондыбаев, Кәкітай Ысқа­қов, Тайыр Жомартбаев, Иманбазар Қазанғапұлы, Баймағамбет Айтқожаұлы сияқты дарындардың мұраларын тікелей жалғыз өзі әкеп қосты. Абайдың оншақты өлеңі Қайым Мұхаметханұлының жинап тапсыруымен академиялық басылымда жарық көрді.

Бұлардан тыс Құсайын Файызханов, Ілияс Бораганский, Бұқар жырау, Үмбетей, Махамбет, Шөже, Жанақ, Сәдір, Ақылбек Сабал, Ілияс Мол­дажанов шығармашылықтары туралы мақалалары мен Мұхтар Әуезовтің өмірбаяны хақындағы очеркі және Қазақ кеңес энциклопедия­сының он екі томдығына жасаған сыни саралау қорытындылары – зерттеушіліктің үздік үлгілері.

Осы дәрежедегі туындылардың үлкен шоғыры “Абай мұрагерлері” жинағын құраған. Алаш ардагерлерін ақтаңдақтардан арылтып, мәртебелі орындарына оралту ісіне Қайым Мұхаметханұлының қосқан үлесі қандай екендігін осы жинақтағы ғұмырнамалық, өнернамалық очерктер куәлан­дырады. Мысалы, ол Шәкәрім шығармашылығын ақтау мәселесіне қозғау салып, 1987 жылы Колбинге дәйекті негіздемелік материал жолдаған болатын. 1960 жылдан бастап Шәкәрімнің баласы Ахат екеуі бірлесе атқарған жанқиярлық қимыл-әрекеттер аз болған жоқ.

Қайым Мұхаметханұлының зерттеушілік ізденістері нәтижесінде әдебиет пен көркемөнердің және қоғамдық-саяси тарихтың мазмұнын байытқан өлшеусіз қымбат қазыналар, мұрағаттық құжаттар – өз алдына бір төбе. Мысалы, атақты қиссашы, ақын Ақылбек Сабалдың 43 мың жолдық өлеңмен жазылған өмірбаянын, 376 дәптерге толтырылған қарасөздерін тауып, Әдебиет және өнер институтында ғылыми хабарлама жасағаны мәлім. Академик Ахмет Жұбанов өзінің “Замана бұлбұл­дары”, “Ғасырлар пернесі” монографияларында Мәди Бәпиұлы мен Естай Беркімбаев туралы құнды де­ректерді Қайым Мұхаметханұлы бергендігін риза­лықпен атап көрсеткен. Кезінде Мұхтар Әуезовтің тапсыр­масы бойынша “Абай жолы” романына да қажетті деректерді тауып, Мұхаңның көңілінен шығып отырғандығы және бар. (Мысалы, төртінші кітапта Сармолланың қастандықпен өлтірілу уақиғасына байланысты “табыт қағу”, т.б.). Бұл жайды айғақ­тай­тын ондаған хат 1951 жылы Қайым Мұхамет­ханұлы тұтқындалғанда тергеушілердің қолында кетіп, кейін қайтарылмай мүлде із-тозсыз жоғалған.

 

Ақын, драматург, ғалым Қайым Мұхаметханұлы жарты ғасыр бойы Семей мемлекеттік педагоги­ка­лық институтында ұстаздық етіп, Әзілхан Нұр­шайықов, Кәмен Оразалин сияқты бүгінгі ақсақал қаламгерлерден бастап, бір қауым шәкірттеріне ілім құтын дарытып, адамгершілік тәлімін берген.

Иә, өзгесін былай қойғанда, Қайым Мұхаметханұлы Абай шығармаларының аса беделді мәтінтанушысы екенін білікті мамандар түгел мойындаған. Ал, бүтіндей абайтанушылық еңбегіне Мұхтар Әуезов, Зоя Кедрина, Ысқақ Дүйсенбаев, Митрофан Сильченко, Ханғали Сүйіншәлиев, Рәбиға Сыздықова, Әбіш Жиреншин, т.б. әр кезде оңды пікірлер білдірген.

Бәрін айт та, бірін айт, Қайым ағаның ең зор бағасы, Абай сөзіндегідей, “Адам деген даңқы бар” екендігінде. Ұлтын сүйген, ұлтының ардағы Абай мен Мұхтар үшін отқа түскен, сталиншілдік зұлматқа қарсы тұра білген, “Тусаң ту!” дейтін Азаматтығында!

 

Қинаят ШАЯХМЕТҰЛЫ, профессор

«Егемен Қазақстан» газеті

 

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару