Сәрсенбі, Қаңтар 10, 2018
Негізгі > Бас баған > Айдос Сарым: Қазағым күңіренсе әлемнің шаттанғаны кімге дәру?

Айдос Сарым: Қазағым күңіренсе әлемнің шаттанғаны кімге дәру?

 

Айдос САРЫМ арнайы «Жас Алаш» үшін 


Өткен аптада Астана қаласындағы «Әбу-Даби Плаза» ғимаратының құрылысындағы жергілікті қазақ азаматтарының, алдымен үнді гастарбайтерлерімен болған «тұрмыстық кикілжіңі» соңынан қала көшелерінде «этносаралық қақтығысты болғызбаймыз» деген полиция қызметкерлерімен текетіреске апарды. Қоғам мен билікке әсері жөнінен бұл текетірес осыдан дәл төрт жыл бұрын, яғни 2013 жылдың 31 тамыз күні Алматыда орын алған «Прайм-Плаза» сауда орталығының жанындағы «ойранмен» қатар жаңа тарихымыздан ойып орын алатыны түсінікті. Себебі бұл жанжал да елде қалыптасқан белгілі бір қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық қатынастардың дағдарып, шарықтау шегіне жеткенінің айқын белгісі болмақ. Мәселе тек осы жанжалдан қоғам, мемлекет, ел-жұрт болып қандай нәтиже шығара білгенімізде…

«Әбу-Даби Плаза» жанжалы кеше туындаған жоқ. Ерте ме, кеш пе, осындай қақтығыстың болатынын көзіқарақты жұрттың барлығы біліп те, сезіп те, айтып та жүрді. Себебі экономикасы дағдарған, статистикасы бойынша 500 мың «ресми жұмыссызы», ал өмір статистикасы бойынша 2,5 миллион азаматты «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деп атап жүрген елде қақтығыстардың болмауы мүмкін емес-тұғын. Ал егер бұған елімізде жүрген миллионнан астам я миллионға жуық өзбек-қырғыз маусымдық жұмысшыларын, ірі-ірі өндіріс кешендері мен ғимараттарды салуға тартылып жатқан шетелдік гастарбайтерлерді қоссақ, олардың біраз бөлігінің заңсыз, салықсыз қызмет етіп жүргенін ескерер болсақ, олардың барлығының дерлік жергілікті ел азаматтарының нәпақасын тартып алып, нансыз қалдырып жатқанын ескерсек, мұндай жанжал мен қақтығыстың өзін «заңды үдеріс» деуге толық құқымыз бар. Мәселенің тарихына үңіліп көрелік.
«Әбу-Даби Плаза» көпфункциялы кешенінің құрылысы туралы шешім 2009 жылдың маусым айында қабылданып, сол жылдың 28 тамыз күні құрылыстың алғашқы тасы қаланды. Экономикалық дағдарыстың әсері ме, басқасы ма, кешеннің құрылысы тек екі жылдан кейін, яғни 2011 жылы ғана басталды. Құрылыстың архитекторы әйгілі Норман Фостер құрған ұлыбританиялық FosterandPartners компаниясы болса, құрылысты жүргізуші – Араб Әмірлігінің AldarProperties компаниясы. Құрылыстың о бастағы бағасы 1,6 миллиард доллар деп көрсетілген болатын. Өз кезегінде «Алдар» (атының өзі біраз нәрсені меңзеп отырғандай ма?) компаниясы құрылыстың мердігері етіп әмірлік ArabtecConsolidatedContractorsLimited компаниясын жалдайды. Барлық пәле осы «Арабтектен» басталды десек те болады. Осы компанияның құрылыстарындағы дау-жанжал, үнді құрылысшыларының бүліктері мен ереуілдері мүлдем дәстүрге айналып кеткен көрінеді. Соңғы 3-4 жылдың өзінде Arabtec компаниясының Әбу-Дабидегі құрылыстарында 6-7 ереуіл болып, талай үнді жұмысшысы жарақат алып, түрмеге түскен көрінеді.
Осы орайда, мынаны да ұғып алғанымыз дұрыс сияқты. Араб компаниясы дегеннің өзінде, онда тек арабтар ғана істейді деген сөз емес. Бұлар көбінесе мұнайдан келген қаражаттың арқасында неше түрлі зәулім ғимараттарды салу арқылы тәжірибе жинаған халықаралық топтар. Барынша үнем жасау үшін бұл компаниялар әлемдегі ең арзан еңбек күші болып табылатын, сан алуан әлемдік құрылыстарда еңбектеніп машықтанған, ағылшынтілді мамандарды, яғни үнді-пәкістандық жұмысшыларды жалдап, соларды аяусыз қанау арқылы діттегеніне жетеді. Қазақстанға келгенде де аталмыш араб компаниясы өздеріне үйреншікті, ым-жымы мен тілін түсінетін, Ливанда тіркелген Consolidated Contractors Company (ССС) компаниясын жалдаса, олар өз кезегінде үндістерді топырлата бастаған. Олардың қалай, қандай жолмен келіп жатқаны да көптеген сұрақ тудыратыны да айқын. Үкімет бекіткен квоталарды алдап өту үшін құрылысшыларды «туристер» деп енгізіп жатыр деген де қауесет жоқ емес. Егер алдағы уақытта Астанаға туристер неге қаптап кетті деп ойланатын болсақ, осы құрылыстың айналасында жүргендерді де ескергеніміз дұрыс болатын шығар?!
Қалай болғанда да ССС компаниясы жүздеген үнді құрылысшысын Қазақстанға алып келіп жұмыс істетіп жатыр. Оған жол беріп отырған өз үкіметіміз. Себебі осы құрылысты жүргізу үшін арнайы шешімдер қабылданып, ондағы қатынастардың көбісі Қазақстан Республикасының еңбек, құрылыстағы қауіпсіздік, жергілікті кадрларды тарту, оларды оқыту сияқты заң талаптарынан аластатылған. Қысқасы, мемлекет ішіндегі мемлекет. Құрылыс ішінде, кейбір мамандардың айтуынша, атам замандағы Египет пирамидаларын салу кезіндегі құлиеленушілік заманның тәртіптері орнаған деседі. Осының кесірі бар, осы салаға қатысты «дәстүрлі» былық-шылықтар бар, құрылыста әлсін-әлсін жанжалдар туып отырады. Қанауға шыдамаған жұмысшылар анда-санда бас көтеріп, жалақыларын, адам құқыларын, дұрыс еңбек тәртібін талап етіп отырады. Ондайда жұмыс берушілер бірден жұмысшылардың аузын жауып, белсенділерді елдеріне қайтарып, тағы да бес-алты айға құлақ тыныштығына қол жеткізіп отыратын көрінеді. Наразы жұмысшылар құрылыс мердігеріне қарсы өз әрекеттерін жасап жатады. Мысалы, өткен жылдың ақпан айында дәл осы «Әбу-Даби Плаза» құрылысында бір емес, екі бірдей өрт болған көрінеді. Біздің төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтер оларды «қатардағы оқиға», «кенеттен пайда болған құбылыс» деп жылы жауып тастады. Есесіне екінің бірі кіріп оқи алатын Википедия желілік энциклопедиясында бұл жағдайды «террористік акт» деп бағалаған. Яғни құрылыстағы наразы жұмысшылар мердігерден өш алу мақсатында газ баллондарын әдейі жарған деп ашықтан-ашық жазып жатыр. Осы «жарылыстардан» кейін құрылыс тағы да тоқтап, біраз көтерілген қабаты бұзылып, қайта көтеріле бастады. Кезінде Орта Азиядағы ең биік ғимарат болады деп жоспарланған ғимараттың қабаттығы азайтылып, мердігерлер ақшаны үнемдеп, «көрпесіне қарай көсілетін» жағдайға жетті…
Қысқасы, бағы ашылмаған, тарихы лай, айналасы лаң, соры бес елі құрылыс… Бой көтергеннен кейінгі тарихы не боларын бір Құдай ғана біледі…
Жарайды делік. Енді өз мәселемізді, яғни қазақтың жағдайын айтайық. Үкіметаралық келісімшарт бойынша, аталмыш «Алдар» компаниясы айрықша еркіндікке ие болған. Себебі келісімге сай, бұл компания құрылыстың барлық мақсатына, барлық кезеңінде өзіне қанша шетелдік құрылысшы керек – соншасын жұмысқа тарта алады екен (Келісімшарттың бірінші бабы). Осыған орай, мердігер компания барша құрылысқа негізінен Үндістанның жұмысшыларын тартқан. Қалған жұмыстарға (қарауыл, алып кел, шауып кел, қосымша қызмет көрсету) жергілікті компанияларды жалдай салған. Бұл жағдай біраз уақытқа дейін көпшіліктің жанына батқан да жоқ. Себебі Астанада халықаралық көрме ұйымдастырамыз деп талай құрылыс жүріп жатты. Ондаған ғимарат, оның ішінде аса күрделісі де бар, бой көтеріп жатты. Астанаға бақ, жұмыс, жалақы іздеп келген қазақ жастарының баратын жері, тіпті таңдайтын мүмкіндіктері болды десе де болады. Жақсы болсын, жаман болсын EXPO-2017 көрмесі қазаққа 50 мыңға жуық еңбек орнын қамтамасыз етті. Бес-алты күннен кейін бұл көрме де жабылады. Оның айналасындағы жұмыстарда әрі кетсе 2-3 мың адам қала ма, жоқ па, тағы да белгісіз. Ал қалған қара домалақтарымыз не істемек? «Дәстүрлі» үнді құрылысшыларының наразылығы мен ереуілі аяқастынан қазақ-үнді қақтығысына ауытқуының себебін осыдан да іздесек дұрыс болар деп ойлаймын.
Кеше ғана Астананың зәулім де аса күрделі құрылыстарында еңбек еткен қазақ жастарының үнді құрылысшыларына, олардың қожаларына ашуланатын жөні бар. Себебі үнді құрылысшыларының барлығын бірдей керемет маман, ертең жұмыстан шықса болды, құрылыс тоқтап қалатындай инженер немесе бригадир деп айту мүмкін емес. Көбісі, анығын айту қажет, қара жұмысты жасап жүргендер. Олардың орнын құрылыста еңбек еткен кез келген аз-маз тәжірибесі бар қазақ жігіті баса алатыны айдан анық. Тек оларды жұмысқа алуға жұмыс берушілердің еш құлқы жоқ. Себебі жергілікті жұмысшыларды жұмысқа алатын болсаң, онда ел заңдарына бағыну қажет, жұмысшылардың елмен қатынасы бар, оларға тиісті жалақысын, әлеуметтік төлемдерін төлеу керек. Қит етсе болды, қазақ жігіттері сотқа беруі мүмкін, баспасөзге жүгінуі ықтимал. Одан да еш құқы мен қоғамда қолдауы жоқ үнділерді әкеліп, қанаған әлдеқайда тиімді. Бұған қазақ құрылысшыларының әлемдік жобаларға аз қатысып, ағылшын тіліндегі құрылыс-құжаттарын жаман түсінетінін объективті себеп деп қарауға болатын да шығар. Бірақ біздің құрылыс құжаттарының тек орыс тілінде жүргізілетініне, құрылысшылардың біліктілігін жетілдіру жұмыстарының нашар жүргізілуіне кім кінәлі? Егер мәселе осыған тіреліп тұрған болса, онда қазірден бастап құрылысшыларымызды жаңа стандарттарға баулу, ағылшын тілін үйретіп, жаңа терминдерді түсіндіру деген сияқты жұмыстарды неге қолға алмасқа? Үнділер мен олардың иелері келеді де кетеді, ал өз азаматымыз осында қалады емес пе? Егер арабтармен келісімшарт жасаған кезде «Жігіттер, тоқтай тұрыңыздар! Бізге құрылысшыларымызды тәрбиелеу керек, оқыту керек. Сондықтан да сіздерге өтініш пен талап: арнайылап маман шақырып, осынша инженер, осынша бригадир, осынша жоғары дәрежелі білгір маман дайындаңдар» деп талап қойса, елден 1 миллиард доллардан астам ақша алып отырған компания қайда қашатын еді?
Қалай болғанда да, болар іс болды, әлеуметтік шиқан жарылды. ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаевтың мәліметіне сенсек, «Әбу-Даби Плаза» жанжалының қысқа-нұсқа қорытындысы мынау: «Қазіргі уақытта аталған іс бойынша жанжалға қатысушылардың іс-әрекетін нақтылауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Астана қаласының ішкі істер органдары «Әбу-Даби Плаза» аумағындағы жанжалдың жолын кесу барысында 3 қыркүйек күні түнде қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берген азаматтарға қатысты шаралар қабылдады. Полиция бөлімшесіне жеткізілген 41 адамның 8-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалғандары түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу туралы ескертуден кейін босатылды». Қазақ жігіттерінің босатылуы да, айналып келгенде, қоғамдық резонанс пен қазақтың наразылығына тікелей қатысты десек артық айтпаспыз.
Келесі күні үкіметте, Астана қаласы әкімдігінде шұғыл жиындар өткізіліп, арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Прокуратура органдарына барша жағдайды зерттеп, шара қолдануға тапсырмалар берілді деп жатыр шекпенділер. Жоғары жақтағы азаматтардың айтып жатқаны бір әңгіме: азаматтарды арандатпайық, пәле-жаладан сақтайық деген әңгіме. Оған алып-қосарымыз жоқ. Еліміздің бүлінгенін, шаңырағымыздың шайқалғанын ешқайсымыз қаламаймыз. Істің заңмен, барынша әділдігімен шешілгенін қалаймыз.
Жалпы, қоғамның дамуы үнемі күйзеліс, қақтығыс арқылы, мүдделердің соғысуы, бір-бірімен соқтығысуы арқылы өтіп отыратыны анық. Мәселе тек осы күйзеліс пен қақтығыстардан дұрыс сабақ ала білуімізде, оларды шешілмес шиеленіс дәрежесіне жеткізбеуге тікелей байланысты. Құдайға шүкір, қазақ – білегінің ғана күшіне емес, ақылы мен парасатына да арқа сүйейтін ұлт. Бұл кикілжіңнен де, күйзелістен де аман, ауызбіршілікпен өтетінімізге толық сенімдімін. Қазақ өз шындығын дәлелдеу үшін біреудің көзін шығарып, басын жаруға міндетті емес. Барлығын да байыппен, ақылмен, парасатпен дәлелдеп, кез келген мінбеде өз айтарымызды айтып, дәлелдей аламыз.
Егер биліктің арман-мұраты анық осы болатын болса, онда төмендегі жайттарға баса назар аударуы тиіс деп ойлаймыз.
1. Құрылған мемлекеттік комиссия тек «Әбу-Даби Плаза» жанжалымен шектеліп қалмауы тиіс. Комиссия жалпы еңбек нарығындағы, оның ішінде ең ірі құрылыс мекені – Астана қаласындағы құрылыс кешендеріндегі жағдайды мұқият зерттеуі тиіс. Комиссияның құрамы баспасөзде жарияланып, оның халықпен қатынас жөніндегі арнайы өкілдерінің телефондары мен мекенжайы жария болуы міндет. Комиссия өз жұмысын ашық, анық жүргізіп, есеп беріп отыруы тиіс. Комиссия жұмысына қазақ қоғамының белсенділері, журналистер тартылуы қажет. Комиссия өз жұмысы бойынша толық есебін баспасөзде жариялауы міндет.
2. Прокуратура органдары орын алған қақтығыстың себептерін мұқият зерттеп, төбелесті шығарған үнді жұмысшыларына қатаң шара қолдануы тиіс. Қылмыстық іс аяқталған соң барша кінәлі сотқа тартылып, тиісті жазасын алуы керек. Қылмыстық жауапқа тартылмаған, бірақ төбелеске қатысушылар депортацияланып, елге келе алмайтындай жағдайға түсуі шарт.
Ағайынға араша болған қазақ жастары қудаланбауы керек. Сол түні қолға түскен азаматтарға айыптары салынды, ескертулері жасалды. Полиция бекетіне апарылып, тергеуге түсу де жазаның бір түрі болып табылады. Осымен тоқтаған абзал. Бір іске екі жауапкершілік болмайды. Егер ертеңгі күні үнділер өз жұмысын жалғастыра берсе, ал қазақтың жігіттері сорлап жатса, мұны ұлт мүддесін аяққа басу деп ұғынамыз, солай жұртқа да ұғындыратын боламыз.
3. Прокуратура органдары «Арабтек», ССС сияқты мердігер компаниялардың жұмысын мұқият зерттеуі керек. Ондағы қазақ азаматтарының еңбек жағдайы қалай, жалақы мөлшері, жұмыс істеуі, қауіпсіздігі, тамақтануы, киінуі қалай дегендей зерттеу жүргізілуі тиіс. Қазақ жұмысшыларының құқықтарын кім қорғап жүр? Олардың белсенді кәсіподақтары, басқа да ұйымдары бар ма? Шетелдік қызметкер болса да, олар да адам баласы, олардың да құқықтары мен адами, азаматтық болмысы, абыройы бар. Олардың да жағдайын тілге тиек ету қажет. ХХІ ғасырда құлдық жүйені қалыптастыру, оның кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беру де қылмыс болып табылады. Бұл еліміздің абыройын асқақтатпайды. Егер айтылып жатқан фактілер айқындалса, осы компанияларға шара қолдану, айыппұл салу міндет пен парыз.
Еңбек нарқындағы келеңсіздіктер жеткілікті. Басым көпшілігінде барлық мәселе өзімізге, өз саясатымызға, өз шенділерімізге келіп тіреледі. Әрбір заңсыз жүрген гастарбайтердің артында кемі рұқсат берген басшы, мөр басқан шенеунік, көзін жұмған полицей бар. Заңсыз жұмыс істеу біздің азаматтарды жұмыссыз, нәпақасыз ғана қалдырып қоймайды. Бұл бюджетке төленбеген салықтар, іске аспаған әлеуметтік не басқа да бағдарламалар. Бір заңсыздық басқа да заңсыздықты тудырып жатады. Заңсыз ортаға криминал да, терроризм де еніп жатады. Яғни бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі деген сөз.
4. Сонымен қатар біз болған оқиғадан мықтап сабақ алуымыз қажет. Ел азаматтарының, шенеуніктерінің саясаты ғана емес, жалпы философиясы өзгеруі шарт. Ел азаматтары күйзеліп, жұмыссыз жүрген кезде жөн-жосықсыз, білімі мен біліктілігі төмен шетелдіктерді алып келу, оларға жұмыс беруді экономикалық саботаж, әлеуметтік кикілжің, дүрдараздық тудыру деп ұғынуымыз қажет. Жұмысшыларды тарту мәселесінде шетелдік инвесторларға үзілді-кесілді басымдық беру, елдегі еңбек нарқын қорғамау – саяси-экономикалық қылмыс.
Елімізде шетелдік мамандарды алып келу жөніндегі үкімет белгілеген квоталар бар. Шынын айту керек, біздің білетінімізден білмейтініміз көп. Үйренетін тұсымыз көп. Олай болса елге келіп, шетел мамандарын тартатын компаниялардан қазақ жұмысшыларын оқыту, кәсіби біліктілігін жетілдіру деген талаптарды көбейте беруіміз керек. Кез келген тың жобаның нәтижесінде белгілі бір қазақ мамандарының легі қалыптасуы керек. Шетелдік кетсе де, өз елімізде қазақ маманы қалуы шарт.
Елімізге көптеген инвестициялық жобалар келіп жатыр. Егер олардың барлығына да «Арабтекке» жасалған жеңілдіктер берілер болса, онда тағы да көптеген «Әбу-Даби Плазалар» елде қайталанады деген сөз. Өнеркәсіп ашу үшін шетелдік басшы, инженер, әмбебап маман керек те шығар, қалған жұмысын тек қазақ жұмысшылары істеуі керек деген философияны ұстануымыз міндет. Егер қажет болса, шын қызықса, шетелдіктер қазақ жастарын елдеріне апарып оқытсын, белгілі бір уақыт өткен соң солар шетелдіктердің орнын басуын қамтамасыз ету қажет. Егер үкіметіміз қажетті табандылық пен бірізділік танытып жатса, жемқорлықтан ада болса, көптеген мүддені қорғап, ел азаматтарының заңды құқықтарын толық қамтамасыз етуге болады деп білеміз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні былай болсын: бізге, әрбір қазаққа қажетті, баршаға ортақ ұлтты сүю, қазақты сүю қағидаты қажет сияқты. Кешегі дау-дамай кезінде мен өзім үшін мынадай формула ойлап таптым: «Мен де бір адаммын, пендемін. Бірақ барша адамзатқа бірдей қарап, біріне бірдей құшағымды жая алмаймын. Мен – қазақпын. Қазақстан деген елде дүниеге келдім. Солай бұйырған. Осы елдің суын ішіп, нанын жеп жүрмін. Еркелесем, өніп-өссем осы қазақ деген елдің арқасы, мерейі, кеңдігі. Сондықтан да талап-тілегім де, арман-мұратым да, мұң-зарым да осы қазақ деген ұлттың үнімен үндескені дұрыс деп санаймын. Біреуді жарылқай алсам – тек осы елдің азаматын жарылқай аламын. Менің өсіп-өнгенім ұлтымның өсіп-өнуіне тікелей байланысты. Ұлтым өркендесе, мен де өркендей аламын. Ұлтым мұңайса, мен жадырап жүре алмаймын. Қазағым күңіренсе әлемнің шаттанғаны кімге дәру? Қазағым тозақта жүрсе үндінің не арабтың жұмағы кімге пайда? Сондықтан да бір жағында қазақ, басқа жағында барша әлем тұрса да, мен қазақты, Қазақ мемлекетін таңдаймын. Бұл саналы таңдау. Ұлтым қателессе, адасса оны сыртқы тоқпақпен емес, сырт күшпен емес, ішінен өз заңымызбен, ақылмен, сөзбен түзеген дұрыс деп ойлаймын».
Осы қағидатты күнделікті өмірінде барша қазақ қолданса екен деймін.

 

“Жас Алаш”

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation