Қоғамдық тәртіпті нығайту, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт жүреді. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау оңай емес. Осы ретте ерлермен иық теңестіре қызмет атқарып жүрген нәзік жандылар жетерлік. Шаңырақтың ұйытқысы мен береке-бірлігінің символына айналған әйел адамдар тәртіп басты талап саналатын бұл қызметте де бой көрсетеді. Ептілік танытады. Солардың бірі – жерлестеріңіз, қырағы қыз Бақытжан Төлеутай.
Тарихқа жүгінсек, бірінші әйел полицейі 1891 жылы Чикаго полиция департаментінде әкімшілік қызмет атқарған екен. Ал, нақты сақшы қызметін Элис Уэллс атты американдық қыз жасады. Бір қызығы, Элис әйелдер киетін ресми полиция формасын өзі тіктірткен екен. Ал, полицияда сан жжағынан ең көп тіркелген нәзік жандылар Біріккен араб әмірліктерінде. Олардың үлесі 29 пайызды құрайды. «Заманына қарай – адамы» деген бар. Бүгінгі күнде бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтін әйел адамдар замана көшінен қалмай, түрлі қызметті ер адамдармен қатар атқарады.
Халықтың сеніміне селкеу түсірмеуге серттескен Бақытжан Болатқызы күн, түн демей қажырлықызмет атқарады. Жаны нәзік, рухы мықты ару 1993 жылы қасиет қонып, құт дарыған мекенде, талай тарлан иелерін тудырған Баянаулада дүниеген келген. 2011 жылы З.Ақышев атындағы мектепті ойдағыдай тәмамдап, Бәрімбек Бейсенов атындағы Ішкі істер Министрлігінің Қарағанды академиясына түседі. «Кірпіш дүниеге тетігін тауып» қаланбаққа бой алған талдырмаш қыз ер адамдармен тең түсіп, тәртіптің тізгінін бекем ұстауға бел буды. Аталмыш жоғарғы оқу орнында ішкі істер қызметі мамандығы бойынша қызыл диплом алып шықты. «Лейтенант» атанып, оқу орнынан түлеп ұшқан Бақытжанның әскери мамандықты таңдауы – үлкен ерлікке пара-пар. Ата-анасы қызының бұл таңдауына еш қарсылық көрсетпеген екен. Керісінше, «болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген болмыстық, адамгершілік тәліммен ақ баталарын берген екен.
– Әскери қызмет мені мектеп қабырғасынан баурады. Жетінші сыныпта оқып жүрген кезімнен бұл мамандықты армандадым. Әрине, әр қызметтің өз қиындықтары бар. Мен үшін қызметтегі қиындық ол – тәуліктік кезекшілік болды. Бірақ, оған да үйрендім. Бұл қызметке деген қызығушылықтан болса керек. Біздің қызметте ер адам немесе әйел адам деп бөлінбейді. Барлығымыз бірдей қызмет атқарамыз, – дейді Бақытжан Болатқызы.
Бүгінгі күні бақытжан Төлеутай Павлодар қаласы Ішкі істер басқармасының Орталық полиция бөлімінің анықтау бөлімшесінде анықтаушы қызметін атқарады. Қызметтік шені – полиция аға лейтенанты. Қызметтік парызын абыроймен атқарып жүрген өрімдей жас:
– Біздің қызмет тиянақтылық пен шыдамдылықты аса қажет етеді. Менің басты қағидам – Қазақстан Республикасына адал қызмет ету, – деп еңселі елі үшін қызмет ететінін мақтанышпен айтты.
Қайсарлық қазақтың қанына біткен қасиет. Ал, нәзік жандылардың ерлік танытуы ежелден тарих беттерінде тайға таңба басқандай сақталуда. Санада жаңғыра түсуде. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, баянауылдан шыққан тұңғыш парашютші қыз Зағира Күленова… Жүрекжұтқан апаларымыздың ерлігі мен өр рухы бүгінгі қаракөздеріміздің бойына бітуі қасиетті топырақтың күші болса керек. «Адам бойындағы адалдықты жоғары бағалаймын» – деген рухы мықты Бақытжан заң ғылымдарының магистрі атануды мақсат тұтады. «Генерал болуды армандамайтын солдат – солдат емес» – деген тағы бар. Осы ретте Бақытжанның да мақсаты айқын. Нәзік бейнесінің астында жалынды жігері байқалып тұратын талдырмаш қыз елінің үкілеген үмітін арқалап келеді. Қызмет еткен жылдардағы жетістігі де жоқ емес. Соның ішіндегі ең елеулісі – мамыр айында «Полиция.kz» республикалық журналы өткізген сайыста жеңімпаз атанып, журналға «Леди-Полиция-2017» деп шыққан.
«Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек». Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың ұлағаттысөзін ой елегінен өткізсек, Бақытжан есімді арудың ниеті түзу, күші мығым, тәртібі де қатаң. Олай болса, жерлестеріңіздің бағындырар биігі әлі алда.
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл.