Семейде көлік жолдарымен бірге жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да оңып тұрған жоқ. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың кейбірі «Сиыр соқпаққа» айналып кеткен. Жалпы көшелер қардан арылмай жатқанда жүргіншілер жолы қайдан тазалансын. Халық көп жүретін жолдардағы қар адам аяғымен тапталып тегістеліп кетсе, адам аз жүретін жолдарда қар үйілгеннің үстіне үйіле береді. Жүргіншілер не істесін, еріксіз жоталанып қалған қар үстінен бірінің артынан бірі із салып, соқпақ жасап алады. Әлгі жолдарға қарасаң қыр төсіндегі сиыр соқпақтар еске түседі.
Жаңа қазақтар үшін «Сиыр соқпақ» дегенді түсіндіре кеткен артық болмас. Сиыр малы белгілі бір жайылымға жеткенше және сол өрістен кері қайтқанда бірінің артынан бірі шұбырып өздерінің дағдылы жолдарын қалыптастырып алады. Үнемі сол бір ізбен жүре бергендіктен мал тұяғы із түскен жердің қыртысын сойып, соқпақ жолға айналдырып жібереді. Осындай «Сиыр соқпақ» жолды көргілеріңіз келсе, Семейдің «Шугаев» аялдамасынан Павлодарға шығатын жолдың (шугаев көшесінің) екі жағын келіп тамашалауларыңызға болады. Бұл жол тек Павлодарға ғана емес, Семей қаласы әкімдігінің қала сыртындағы резиденциясына да апаратын жол. Яғни, бұл жолмен Ресей қалаларынан және Астана, Павлодардан қатынасатын қонақтар ғана емес, қала басшысы Ермак Сәлімовтың өзі де жиі жүреді деген сөз.
Осы тұрғыдан келгенде, Ермак Бидахметұлы бұл көріністі байқамай ма әлде тапсырмасын тиісті мамандар орындамай ма? деген ой туындайды. Олай болмағанда аталған аялдаманың маңы мен жолдың бойында қасат қарлар үйінді күйінде жатпас еді.
Жалпы, қар туралы сөз қозғалса кейбіреулеріміз «Бұл жылдағы көрініс қой» деп, өз-өзімізді алдаусыратып жатамыз. Бірақ, дәл осы біз атаған «сиыр соқпақ» үйінді қарлар жылдағы көрініс емес. Ол жүргіншілер жолы жылда шағын қалақшалы арнайы техникамен күреліп тұратын.
Қ.Зекенұлы, «Жерұйық» порталы.