Көкірегінде Азаттық бұлқынған,
Көңілі – гүл көктем,
Жыр оқыса жарқырап, саулайтындай нұр көктен.
Ада тұрып дүрмектен,
Бос кеудені сырлы еткен,
Есенин мен Мағжанның,
Қаламымен Әлемді өз ойынша түрленткен,
Ақын ба едің сен асыл?!
Біржан Ахмер
ЖОЛ
Төлеужан Ысмайловқа
Заңдылық болғаннан соң жер бетілік,
Сапарға шықтым көңіл шерге тұнып.
Кереку мен Семейдің тас жолында,
Келемін ой-бесікте тербетіліп:
Тулады қаным шерді жойып ағып,
Тарағандай бір қуат бойым анық.
Отырмын ұйқым қашып өлеңдетіп,
Ақынды ақын болып ойыма алып.
Лаулаған жыр-отынан жалын ішіп,
Жаным да өртке оранды жанып-ысып.
Жолың түскен бір кезде Керекуден,
Аттандым шырайлы елге алып-ұшып.
Жан жарасын жырменен емдеген ем,
Қашаннан егіз ұғым: өң мен өлең.
Абай жолы – ұлы жол, өлең жолы,
Өзің жүрген сол жолда мен де келем.
Болсаң-дағы шын егіз сен де елменен,
Арман-жолың жеткізбей сенделге ең.
Ойдым-ойдым еді ғой өмір-жолың,
Тасжолдардай талай жыл жөнделмеген.
Жүрегімнің жалғыз-ақ иесі- жыр,
Өмірімнің өрілген жүйесі – бұл.
Түнгі аспанға қарап ем, құсжолында
Сенен қалған өлеңнің киесі жүр…
ШОЛАҚ- ОРДА
Қалғаны ма, әкетай, ұлың да өсіп,
Тіл бармайды алдыңда жаспын деуге.
Балақтан Мышекенің суын кешіп,
Шолақтың топырағын бастым мен де.
Көңілімде толқыды күшті бір ән,
Жүрегім сол әуеннен езілгендей.
Табаннан өткен құмның ыстығынан,
Құшағыңның жылуы сезілгендей.
Бар дүнием алапат толды күйге,
Туған үйің – өміріңнің бесігі еді.
Бар бақытың іспетті сол бір үйде,
Бойыңмен арманың да өсіп еді…
Санаға сіңіп сол кез кетпек мүлде,
Таңдасаң да өмірлік жолды дара.
Өзің үшке оқыған мактептің де,
Қалған екен бұл күнде орны ғана.
Биікте тұрған көңіл құламашы,
Жас жүрекке ғұмырлық бақ керекте.
Жазылып жатыр өмір драмасы,
Атыңды жазғаныңдай қарт терекке.
Түсінем бәрін… (Іште дауыл әлі!)
Әкетай, мен де ер жеттім жыл көшімен.
Ай күзеткен атамның аруағы,
Өткен күнді салады күнде есіме.
Өткен күннің арттағы белес көбі,
Жиырманың алдыға жайғаны – құт.
Әкемнің балғын күні елестеді:
Бала Хасен шауып жүр тайға мініп.
БІРЖАН
(1990-жылдардың басында Шығыс Қазақстанда болған оқиға туралы баллада)
Қалап тұрар мейірімді түрді ғана,
Бала деген басқаша тілді ұға ма?
Әй, Біржан, нешедесің?,- дегендерге,
Бес саусағын көрсетіп жүрді бала.
Балалы үй-базар ғой, қалмас жүдеп.
Қуанышқа қуаныш жалғасты кеп:
Біржанымыз бір күні “ат болды” да,
Атқа мінді жігіт боп алғашқы рет.
Іңгәсі де есте әлі, былдыры да,
Әкесі де көнеді “құлдығына”,
Анасы да ереді жетегіне,
Қылығы да жетерлік жыр қылуға.
Күндер солай жылжыды, түндер солай.
Адамзаттың мойнында жүрген сор- ай:
Тағдырдың зор соққысы дайын екен,
Өмір өмір бола ма сыр берсе оңай?!
Кенет, бір күн, түйіліп қас- қабағы,
Күңіренді алып тау асқаралы,
Табиғат бір танытты тосын мінез,
Бір бүлікті тұрғандай бастағалы.
Бұл күннің аңғартады беті нені?…
…Жас балғын асық ойнап отыр еді,
Қарс айрылды қара жер…
Ойран- асыр…
Қарс айрылды ананың көкірегі.
Бәйтерегі үміттің құлап қалды,
Шаттық, бақ, құт кеудеден жырақ қалды.
Әлди айтқан ақ ана жоқтау айтып,
Жылама!,- дейтін әке жылап қалды.
Тағдыр- ай! Тауын елдің шағып кетті,
Өзегіне өшпес өрт салып кетті,
Жер асты патшалығы бар деуші еді,
Сол патшалыққа баланы алып кетті.
Біржанның қасіретке оранды елі,
Зәре- зап боп үрейден тоналды өңі.
Мына қауым доғармай жылағанын,
Күннің райын бағады содан бері.
Самал ессе, уақыттың ескі демі,
Біржанның іңгәсі боп естіледі.
Ақ нөсер де Біржанның жасы сынды,
Жаңбыр деп ойламайды ешкім оны.
Дәл сол кездей қарт- дала салып па ойран?!
Қорқыныш кетпей қалған ғаріп бойдан.
Күн күркірі- Біржанның дауысы ғой,
Заманның құлағында қалып қойған.
Кәрі қауым, қайғыңмен бөлістің бе?
Көністің бе, үкіммен келістің бе?
Жер астында- Періште бес жастағы,
Жиырма бес жыл тыныштық жер үстінде…
Осы ғой толғантатын тамам елді.
Уақыт тауып берер ме жараға емді?
Қасиеттің қадірін ұққан қауым,
Біржан деп ат қоймайды балаға енді.
Бір өксік буындырып жүр көмейді,
Тіктесе де ағайын күнге бойды,
Құдіреттің күшіне сенген бұл жұрт,
Бір- бірін “Жер жұтсын!”,- деп тілдемейді.
Жайлаған осы қайғы бар сананы,
Жауапсыз сұрақтар көп қаншама әлі.
Біржанның атын алған ауыл енді,
Біржанның рухы болып қарсы алады.
ЕРТЕГІ
Балалығым ғұмырымның көркі еді ме?
Ғайып болды сәл ғана келте күле…
Алаңсыз сол бір аңғал шағым есте,
Шын сенетін елітіп ертегіге,
Батыр болып ойнайтын ертеңіне.
Болмас еді, Тәңірім, сыйыңда өлшем,
Қиялымның соңынан қиырға ерсем.
Таңдап мінгім келетін бір сәйгүлік,
Ауылымыздың сыртынан үйір көрсем.
Ауырғаны-ай тұлпар деп жанымыздың,
Келмегені-ай баптауға әліміздің.
«Бойымызға ғажайып күш бітсе ғой!»
Ойымызда сол ғана бәріміздің.
Кезіміз жоқ қызықтан жерінетін,
Құмар едік ерліктің өріне тым.
Ано-оу алыс таулардың арғы жағы,
Ертегі елі сияқты көрінетін.
Жүруші ек сол тауларға жеткіміз кеп,
Долданған дариялардан өткіміз кеп.
Мен де сол ертедегі батырлардай,
Бақытымды тау асып кеттім іздеп.
Есейтеді екен ғой ерді мұңы,
Таңдаппыз-ау өмірлік жолды да ұлы.
Күнікейін бірі іздеп күн астынан,
Кенжекейін кетті іздеп енді бірі.
Жүйрік уақыт, жүйткиді, қарамайды,ә!
Не істей алам, табам ба оған айла?
Ертеңін де ертегі деп ойлайтын,
Ертегіге сенген сол бала қайда?!
Қош, балалық!
Шаттық жоқ сол күндердей.
(Сыны бар екен алда Жолдың нендей?)
Мазам болмай жүр енді,
Өмірімнің
Ертегі еместігіне сенгім келмей.
ФАТИМА
Тәп-тәтті қылығы – бар мұңы,
Сот пенен оқтың бұл кесірі.
Үш бірдей жүректің тағдыры-
Бүтін бір халықтың жесірі,
Өлеңді сүйдің сен – Өмірді,
Шаттығың, бақ күнің оқ құшты.
Бірақ та тек тәнің жеңілді,
ал жаның мәңгілік Көкке ұшты.
Басыңа сен тартқан орамал,
Алаштың жүрегін орады.
Сендей кім шын ғашық бола алар?
Сезімің суыған жоқ әлі!
Арысың өлген жоқ,
Намысын
Бөрінің азуы қайраған.
Ұлтының алдаспан ары үшін
өмірін бір оққа байлаған.
Жаспенен қаныңды селдеттің,
Тағдыр ғой тас берік тақымы.
Қып-қызыл жағалы жендеттің
жағасын қан жуды ақыры.
Алаштың ажары – келбетің,
Жанарың – адалдық нышаны.
Баттың сен азалы шерге тым,
Қазағым сол үшін құсалы.
Жүрек пен түнектің арасын
шарлаған сезімнің зарлы әні.
Фатима – өмірдің Анасы,
Өлеңнің аяулы жан-жары.
САҒАН
Көңіл бағына алты гүл ектім,
Есіміңе басқа телемін нені?
Ұйқасы болшы жарты жүректің,
Өмірім дейтін өлеңімдегі.
Жанымды сенсіз тұсады бір мұң,
(Жаймастай болды Төре- Күн құшақ.)
Құлазып жүрек, құсалы жүрмін,
аяқсыз қалған өлеңім құсап.
Сезімім- сенсің.
Көңіл бір сенде,
Түсімде ғана тілдесе аламын.
Өзіңсіз шалқып өмір сүрсем де,
сезімсіз қайтіп күн кеше аламын?
Мас қылып бітті тәтті мұң деген,
Жүрегің сенің – Жырдың Пейіші.
Жанарыңдағы пәктігің менен
тамағыңдағы нұрдың иісі,
Аңсатты, еркем.
Сағындым сені,
Жүрегімдегі күй мәлім саған.
Періште ораған жаным – гүлшоғы,
аяла мәңгі, сыйладым саған.
Сен тарту етші сезімді балдай,
Алдында ешкімнің төмендемейін.
Қарашы маған көзіңді алмай,
Қарашығыңнан өлең көрейін.
Жаныма келші, ойға жат күдік,
Махаббатымның әні құт дерсің.
Бақыттан басым айналмақ түгіл,
жүрегім, мейлі, жарылып кетсін…
Жүзіңнен нәзік сыр көрем жүзген,
Кездестің күліп, жүр едім жасып.
Көңілім ынтық Гүл менен Күзге,
Өлең мен Саған жүрегім ғашық.
КҮНТІЗБЕ
Мұңаяды жүрегім үнсіз менің.
Мұңайғаным – жыр өріп, сыр тізгенім.
Санай-санай күндерді сенсіз өткен,
Беті қалды жұқарып күнтізбенің.
Құстар кетті тағы да шырқап әнін;
Күнтізбеден күп-күрең мұң табамын.
Бір парағын жыртамын қиналмай- ақ,
Қол бармайды жыртуға бір парағын.
Бір күн таттым ащыны, бір күн ұтсам,
Қалды содан парақтар жыртылып сан:
Бір парақпен жыртылып жарты бағым,
Бір парақпен кеткендей күлкім, ұқсам.
Бір парақта кешегім жылап барад,
Бір парақта бүгінім сыр ақтарад,
Бір парақта ертеңім…
Не болады?
Қалған кезде ең соңғы бір- ақ парақ.
Мына бір күн тергенбіз сағымнан гүл,
Мына күні айырған барымнан кім?
Ұмытып сені мүлдем мына күні,
Мын бір күн- сені өле сағынған күн…
Көңіл- күйім болмай жүр таң атқалы,
Секунд…
Минут…
Шаршатты. Сағат- бәрі…
Баратқандай жұлмалап жүрегімді,
Күнтізбенің жоғалған парақтары.
Оралады ойыма жиі ақ гүлім,
Қалай ғана кеудеме сыяд мұңым.
Өзім жыртқан бір- бірлеп өз қолыммен,
Сол жұқарған күнтізбе сияқтымын.
* * *
Айырбастап шаттықтың мұңға бәрін,
Көшелерін қар басты бұл қаланың;
Ақ бөкебай оранды ару-талдар,
Күзден қалған ағытып сырғаларын.
Жаным жүдеп мұңайған баққа келем,
Сол бақтай сыр сақтаушы тапқан емен…
Әппақ жаны секілді әппақ қыздың,
Әппақ әлем…
Әппақ қар – әппақ өлең.
Әппақ арай айналам, мақта қалың,
Ойға аламын осындай шақта бәрін.
Әппақ қарға қиналдым із тастауға,
Басылмаған әппақ қар- әппақ арым.
Ақ манат қар- ақ үміт…
Тапталад қар…
(Былғанбасын бірақ та ақ парақтар.)
Жанарына сыр бүккен, Күз қылықтым,
Жүрегіңе жырымды сақтап ап қал.
Ақ мамық қар елжіреп, ерідің бе?
Ерідің бе еркемнің ерінінде.
Қар үстінде қалған Із- Тағдыр ізі,
Жолықтырар екенсің мені кімге?
Сыңайлымын сыңарсыз қудай ғаріп,
Тулай жүрек, гүлдейін қурайды анық.
Еріп кеткім келеді ақ ұлпаға,
Ұшып кеткім келеді буға айналып.
Бұл әппақ қар – діріл ғой денемдегі,
Бұл әппақ қар – сырым ғой өлеңдегі.
Шаштарынан сол қыздың құшып өлген,
Бұл әппақ қар бақытты менен гөрі…
Алматының қар басып көшелерін,
Көңіліме тағы мұң еселедім.
Сол Күзгі бақ, сол ару түсімде әлі,
Сол түсіме арбалсам, кешер Өңім.
Адасуға апыр-ай таянды есім,
Тағы батты жабырқап баяу кешім.
Қарағанды…
-Алғашқы қар жауды,- деп,
Ынтықтырып қойдың-ау, Аян досым!
Еламан Қабділәшім