«I am Singer» жобасына қатысып жатқан Димаш Құдайбергеновтың қытай тіліндегі әніне 3 күнде 107 мың адам дауыс берді. Осылайша отандасымыз интернеттегі дауыс жинау қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Baq.kz.
«I am Singer» жобасының бір ерекшелігі, байқауға қатысушыларға студиядағы сарапшылар мен көрермендер ғана емес, тұтас Қытай xалқы баға бере алады. Олар апта бойы қорытындыны әңгімеге арқау етіп, үздіктерді ғаламторда бағалайды. Қазақ әншісі Димаш Құдайбергеновтың төртінші кезеңдегі әніне 3 күнде 107 мың адам дауыс беріп, бірінші орынға шықты.
Бірақ әншінің досы әрі PR-менеджері Алпамыс Шәрімов қытай тілін жете меңгермегендіктен болар, Instagram-дағы парақшасына: «Өткен аптада айтылған әнді 3 күннің ішінде 10 миллион 700 000 мың адам қарады», – деп жазған болатын. Біріншіден, рейтингтегі жазбада «миллион» туралы айтылмаған, екіншіден бұл – көрген адамдардың емес, берілген дауыстың саны.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақ елінің жас дарыны Димаш Құдайберген Қытайда өтіп жатқан «I am singer» байқауына қатысып, алғашқы екі айналымда-ақ қытайлықтардың жүрегін жаулап алды.
Алайда, бұл танымалдылық байқау аяқталмай жатып үлкен дау тудырып үлгерді. Алғашқыда қазақстандық белсенділер Димаштың Қытайдағы жеңісіне күдікпен қарап, саяси астар іздеумен болды. Димаштың жеңісінен астар іздегендерге әкесі жауап берді.
Кейін, екінші айналымда Витастың «Опера №2» әнін орындағаны үшін Қытай жерінде ресейлік әртістің мүддесін қорғайтын компания Димаштың үстінен шағым түсірді. Авторлық құқық бойынша қазақстандық сарапшы жас әншіні даудан арашалап алмақ болып еді, Витастың продюсері қазақ дарынын «екінші сұрыпты фейк, арзанқол пираттық өнім» деп тіл тигізді.
Үшінші айналымда Queen тобының «Show must go on» әнін орындап, үшінші орынға жайғасты. Әнші байқаудың төртінші айналымында да үшінші орынды иеленді. Бұл айналымда Димаш қытай тілінде ән айтты.