– Күніне екі рет жаңалықтар қараймын. Өгей болсам да, жер басып жүргесін, амал жоқ, осы қоғамның мүшесімін ғой деген ой ғой баяғы..
Кезекті жаңалыктарымды тыңдай қояйын деп, теледидарды қосып қалсам:
– Тұңғышбай Жаманқұловтың ісіне байланысты, сот отырысы басталды!-деееп, сайрап отыр диктор. Масқара!
Мына қоғам Жаманқұловты соттамақшы ма сонда?.. Тұқаңды соттау.. өнерді қорлау ғой бұл!?
Ақыры керең болмағасын, әр нәрсені тыңдайсың ғой.. Бір жылдары Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының бір ректорының: “Жаманқұлов нашар педагог..”- дегенін де естіп едік. Сонда.. біз кімнен оқыдық? Кімнен тәрбие алдық? Қазақ театрларының бетке ұстар актерлерінің жетпіс-сексен пайызы Тұқаңның шәкірттері! Қалаберді өнердің басқа салаларында да талай шәкірттері жүрміз. Сонда кім нашар? Жә.. қойшы, пендешілік қой дедік онда да..
Данышпан Абай : “Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ!” – дейді. Біз, шынымен, сондай халықпыз ба? Өлгенін өкіртіп мақтайтын, тірісін ақтай да алмайтын ұлтпыз ба? Айран ішкені құтылып, шелек жалағаны тұтылған қоғам ба бұл? Қайда әлгі.. жарқыраған “жұлдыздарды” жатып жазатын жазғыштар? Қатынының етегінен сығалап, елді айтақтайтын “батырлар” қайда?
– Оу, ағайындар!
Кешегі желтоқсан көтерілісінде жастарды қорғаймын деп, алаңға шығып, маңдайында күректің ізі қалған (әлі күнге дейін) Жаманқұлов емес пе ол?! Ақын-жазушыларды шешендігімен, сөз саптауымен таңғалдырған Тұңғышбай емес пе ол?! Қазақтың қаракөз ұл-қыздарының талантын танып, тәрбиелеп, өнер додасына, сахна додасына баптап қосқан Ұстаз емес пе ол?! Өттері жарылып кетсе де айтайын, қазақ хандарын Тұқаңдай сомдаған актер жоқ әлі.
Талай тектілерімізді темір торға тоғытып, тәуірлерін аттырып, астырып, шаптырудан атымыз шыққан ұлт едік, сол әдетіміз әлі қалмаған ба? Бір талантты ақтай алмайтын қандай халықпыз біз?
– Оу, Ағайындар!
Оянайық, бас көтерейік! Тұлға талантымызды таптатпайық тексіздерге!