Жұма, Тамыз 3, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Құмырсқа бел, құмай көз, кермаралым!

Құмырсқа бел, құмай көз, кермаралым!

Аналар, арулар мерекесіне орай
осы мақаламды бүкіл әйел затына арнап,
құттықтау ретінде ұсынамын! Автор.

Менің кітапханамда басқа кітаптардан ерекшеленіп, егіз жұлдыздай, ә дегеннен көзге түсетін мұқабасы қызыл екі кітап бар. Алматыдағы «Өнер» баспасынан 1990 жылы шыққан 2 томдық жинақ. 1-ші томы – «Халық әндері мен халық композиторларының әндері», 2-шісі – «Қазақстан композиторларының әндері» деп аталады. Біріншісін Жәнібек Кәрменов, ал екінші томын Әзікен Нұрбаев құрастырған. Екі томның да редакциялық алқаларына М. Әлімбаев, И. Жақанов, К. Кенжетаев, Е. Рахмадиев, Н. Тілендиев, К. Күмісбеков, К Дүйсекеев, С. Оразалинов. С. Мұхтарұлы, Ж. Рысалдин, М. Ахметова сияқты «құлақтан кіріп, бойды алатын» ән мен әуеннің, сөздің құдіретін қастерлейтін өнер саңлақтары мен ән табиғатына терең бойлаған өнертанушылар кірген. Анда-санда ыңылдап, домбыра шерткенде жинақтардың ішін парақтап, ән ордасына кіргендей әсерде боламын. Сол екі том жинақтың ішінде осы жылдары неше рет серуендегенімді санаған емеспін. Жуықта менің назарымнан жасырынып жатқан бір қызық жаңалық аштым! Жинақтың 1-ші томында 341, ал екінші кітабында 251 әннің мәтіні бар. Сенесіз бе, солардың 90 пайызында ару көркі, әйел сымбаты, қалыңдыққа деген сағыныш, нақ сүйеріне арналған ынтық сезім, сұлуға деген қол жетпес арман, көркіне көз тоймайтын ерке қызға деген жарасымды қалжың мен астарлы наз асқақтата жырланады екен. Жалпы қазақ жан сұлулығын шынайы шырқап, тән сұлулығына ғажайып теңеулер тауып, таңдай қақтырған. Мысалы, мақалаға тақырып болып отырған халық әні «Сәулем-ай» – да айтылатын «Құмырсқа бел, құмай көз» – ге зер салыңызшы. Ғажап сурет емес пе? Сұлудың бет-келбетін, түр-түсін осылай суреттеу қай халықтың ойына келді екен? Тағы бір ғажабы бұл тіркесті ешбір шетел тіліне аудара алмайсыз. Сөзбе сөз аударамын деп текке әуре болудың қажеті жоқ, қанша тырыссаңызда түк шықпайды. Бүлдіресіз. Қаймағы бұзылмаған қазақ тілінің қадірін кетіресіз. «Құмырсқа бел, құмай көз» – дің астарын нағыз қазақ қана түсінеді. Басын шайқап тұрып, тамсанады. «Қарғам-ай» деген халық әнінде «Аршын төс, алма мойын» десе, әйгілі «Шапибай-ау» -да

«Шомылған айдын көлде аққудай боп,
Бұраң бел сылаң етіп шыға келед»

– деп көз алдыңа таңдаулы сұлулар портреттерінің бүтіндей бір галереясын әкеледі. Атақты Ақан сері «Райхан гүл» әнінде «Сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл иек» деп суреттесе, «Ұрқияжан»- ында «Ұрқия, шашың – жібек, қанжар – қасың» деп қыз келбетінің кескініне жан бітіргендей етеді. Әйгілі Әсет «Үлкен Ардақ»-та «Күлім көз, оймақ ауыз, ақша маңдай» десе, Балуан Шолақ «Ғалия»-сында «Қаршыға төс, қаз мойын»-деп қыз көркін күн сәулесіне орағандай етіп, еліте жырлайды(Балуан Шолаққа мақаланың соңына таман оралуымыз әбден ықтимал). Жарылғапберді болса:
«Аршын төс, алма мойын шаһизада,
Төсектен сүмбіл шашың салбырасын»

– деп қыз келбетін қиялдың қанатымен көкке көтергендей болады. Жайық бойының дүлей әншісі әрі ақыны Мұхит «Еркем» атты әнінде «Ақ маңдай сүмбіл шашты, ей еркем, аузы – оймақ» – деп шырқағанда Ертіс жағалауындағы Жарылғапберді екеуі бір қызға жыр маржанын тарту еткендей әсерде боласыз. Нияз сері «Ой, көк» әнінде тіпті делебеңді қоздырып, денеңді шымырлатып:

«Сол қыздың сұлулығын мен айтайын,
Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген»

– дегенде қазаққа белгілі әзіл-қалжың қыраны, жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджанов айтпақшы «сол шашқа оралып, буынып қалғың» келеді! Арасын суытпай теледидардан, радиодан тыңдап жүрген «Гауһар тас» -та ақын Сегіз Сері әйгілі Әсеттің «Үлкен Ардақ»-тағы қыздың бет-бедерінің көркін сәл «күшейтіп», «Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай» дейді. Сегіз Сері шынында да жоғарыдағы ақындардан серілеу болған ба деймін. Себебі өзінің «Назқоңырын»-да «Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін» деп, Ақан сері жыр еткен «қанжар қас»-қа «ай қабақты» сыңар етіп, құйып қойғандай жарастырып жіберген! Оған «Қызыл ерін»-ді қоссаңыз нұры күн сәулесімен таласқан жап-жарық толған ай болып шыға келеді! Міне шабыты келген серінің шеберлігі осылай болса керекті! Өзі айтқандай «Малға кедей, әнге бай» Шашубай да «Жамалға» деген әнінде «Ақ маңдай, керілген қас, сұлу Жамал» – деп қыз бетіндегі сәуле шашып жымыңдаған жарық жұлдыздарды айналып өте алмағанын жырға қосады. Осы жинақта Шәкәрімнің үш әні басылған. «Анамнан алғаш туғанда», «Бұл ән-бұрынғы әннен өзгерек» және «Ең қызық жастық». Біздің тақырыпқа жақыны соңғысы. Алайда, Шәкәрімнің серілігінен ірілігі басым. «Өзгерек» суреттейді. «Ең қызық жастық»-та «Бойы бар сымдай, белі бар қылдай, Мүшесінің міні жоқ»-деп мүсіндеп алып, келесі бір шумағында «Қалмайды халің, Шығады жаның, Қиғаштап көзбен қараса» деп адам өміріне қайрат пен күш беріп тұратын жұдырықтай жүректің қыз атаулының қиыла бір қарағанына шыдамай шытынап кетер, әлсіз мүше екенін меңзейді. «Адамның жаны ауырған жерінде» – дейтін қазақ, жігіт жанының шығу –шықпауын қыздың қанжар-қасына байлап, кірпігіне іліп, қас-қабағына тәуелді етіп қоюында небір сыр жатыр-ау! Неткен лирик, неткен романтик, неткен сентиментальды халық едік! Қазақ поэзиясының асқар шыңы һәм абыройы, өлең сөздің патшасы мен ар-ожданы ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы»-н дастархан басында, той-томалақта «хор»-мен және «жеке» дауыспен де жарыса орындап жатады. Үлкен концерттерде көмейіне бұлбүл ұя салған әншілер құлақтың құрышын қандырып, құйқылжыта шырқайды. Жеті шумақ, 28 жол! Мен осы жерде ұлы Абайдың творчествосын талдайын деген ойдың жетегінде желігіп отырған жоқпын. Құдай сақтасын! Сал-сері болмасамда, ажарына аспандағы ай қызығатын ару кездесе қалғанда, аттан түсіп иіліп ізет етер азамат ретінде «Көзімнің қарасына» көзқарасымды білдіргенімді ақыл-есі дұрыс адам айыпқа бұйырмас. Сонымен жеті шумақ, 28 жол! Ұшы-қиыры жоқ алыстағы болашаққа сонау 19-шы ғасырдан мұрты бұзылмай жететін бір трилогияға бергісіз асыл мұра! Жоғырда әңгімеге тиек болып келген сал-серілердің бірде-бірін қайталамайды, ұқсамайды. Дара жол. «Кең маңдай, қолаң шаш» – деген соң «Ақ тамақ, қызыл жүз» – деп жалғастырады. «Қара көз, имек қас» – дейді де «Аузың бал, қызыл гүл»-деп ару бейнесін тасқа қашап салғандай етіп, айқындай түседі. «Қыр мұрын, қыпша бел»-көз алдыңа елестетіп, «Ақ етің үлбіреп»-ті оқисыз да, Ұлы Абайдың өз сөзімен айтқанда «бойыңның еріп, сүйегіңнің балқығанын» сезбей қаласыз! Әрине, ақындардың әйел атаулыға арналған ән-жырларын жарыстырып, «мынау керемет», «анау орташа» -деп, салыстырып қою өте орынсыз болар. Олар жүректен шықты, жүрекке жетті деп ұғу керек деп ойлаймын. Халық арасына тарады, халық осы күнге дейін аузынан тастамай айтып жүр. Демек ол ақынның, сал-серінің жүрегінен шыққан терең сыр, тәтті қиял, асқақ арман деп қабылдау керек. Жан жылытар жырына, әулеген әніне арқау болған жібектей нәзік арулардың көркі оларға шабыт берсе керек. Шабытты аспаннан тәңірдің жіберетіні белгілі, алайда шабытты шалқытатын муза емес пе еді? Қазақтың Ұлы даласын тек музалар мекендеген, музалар тербетіп жатыр, тербете береді де. Олай болмаса осыншама ән, шаттық шашқан жырлар, күмбірлеген күйлер туар ма еді? Ай, қайдам, тумас еді-ау. Күйбең тіріліктің шырмауынан шыға алмай, түн түнеріп, күн көмескіленіп, сүреңсіз өмір кешер ме едік, кім білсін. Бұл, бір деңіз… Екінші. Өзі Сері, ақын деген аты болса сұлудың келіскен келбетін суреттеп ғана қоймайды ғой. Көргісі келеді. Алып-ұшып барады. Жолыққысы келеді. Кездеседі. Әрине, ұнатады. Шабыт оянады. Өмірге жыр келеді. Ән туады. Халық әні «Ақ кербез»-де

«Деңгейінен аулыңның ән салайын,
Танымасаң даусымды шықта қара» десе, «Абайкөк»-те
«Шыныменен пейілің менде болса,
Жолығайық ауылдың сырт жағында»

– деп жүздесуге шақырады. Ат терлетіп барғанда қырдың қызы алдыңнан жүгіріп шығып, құшағыңа құлай салмайды ғой. Шәкәрім айтпақшы «қиғаштап көзбен қарап» өзіне жіпсіз байлап, ынтықтыра түседі. Міне, қажеті осы серіге. Қыз қылығы оның шабытын қайрап, тілін сайратып елжіретер әуен, ерітер жыр туғызады.
«Көрген адам қасыңнан кете алмайды,
Мұз үстінде жүргендей тайғанақтап» деп ағынан жарылады халық әні «Дедім-ай-ау»-да. Сол сәтте бүкіл қазақ даласында өзге арулардың бары ақынның, серінің есінен шығып кетеді!
Сондықтан болар халыққа кең тараған «Желбір жекен» – де
«Күн мен айын басқаның неғылайын,
Тал шыбықтай бұралып сен тұрғанда» – деп тербетеді қыз сезімін. Қанша ауыл, қанша жер кезсем-дағы,
Сұлу жанды өзіңдей көрмедім-ай» –
деп сендіреді қылығы жарасқан қыр қызын «Сусамыр-елдің жайлауы» – атты халық әнінде. Бойжетіп қалған қызы бар ауылға жігіттердің жиі көз салғанын баяғыда ұнатпаған ғой. «Қырық үйден күзет»» қойылған заман емес пе. Ағалары ала көзбен қарап, кемпір шал, әке-шеше жақтырмаса керек. Сондай суық қабылдаудан ығыр болып, жанына батқан жігіттердің айтқанын халық әні «Ақ қурай» бізге былай жеткізген:
Ей, ақ қурай, қызыл қурай, қурай, қурай
Құдайым қызды ауылмен сыбай қылғай
Әкесін ала жаздай ауру қылып,
Шешесін естімейтін саңырау қылғай.
О – деген-ай! Қу жігітшілік-ай- дейсің де қоясың. Не уәж айтасың бұған. Осы сөздердің ар жағында ынтыққан жүректің, тулаған сезімнің асып-тасып жатқанын түсініп, асқан инабаттылықпен күлімсіреген, көркі күн сәулесімен сырласқан дала аруы келеді көз алдыңа. Ән жинағын құрастырушылардың махаббат лирикасын толыққанды меңгергенін айтпасқа амал жоқ. «Халық әндері» тарауының шымылдығын «Ыңғай-ау» әнімен жабады.
«Есіме сен түскенде, беу қарағым,
Белбеуім белімдегі шешіледі»-деп бітеді бұл ән. Бұған менің алып-қосарым жоқ!
Кенен Әзірбаевтың бір «Көкшолақ» әнінің желісімен ғана ғажап сериал түсіруге болады. Ішінде өмірдің барлық саласы қамтылған. Бізге керегі біздің тақырып. Осы әннің қайырмасында:
«Қыздар мінген байталды,
Жанай жүрші көкшолақ» – деген сөздер бар. Бұл арада «жамандатқыр» Көкшолаққа ызамен зығырданы қайнап келе жатса да, қызға деген қызу мен құмарту басым. Ақынның астындағы атының жүрісінінен жүректі жетелеген сезім сәйгүлігі жүрдек. Міне, мәселе қайда жатыр. Сондықтан болар Кенекем:
Мен өзім Алатаудың ителгісі,
Қойшының қызға жақын икемдісі.
Кедейсің деп кемітпе, байдың қызы
Келіп отыр құрбыңның сүйкенгісі – дейді.
Осы сөздерден кейін «арамқатқыр» Көкшолақ мінген қойшыға байдың қызы қалай жақындағанын өзі де байқамай қалатын шығар. Сондықтан болар Кенекеме Бауыржан Момышұлы «Кенен – ән мен жырдың генералы» – деп өте жоғары баға берген.
Уақыт шіркін ешкіммен санаспайды, өтеді, кетеді. Әр ұрпақтың сауық-сайран салатын мезгілі де өлшеулі.
Жүйрікті, жорғаны да жетеледім,
Қалған жоқ әлі көңілім қиғаш қастан,- деп шырқады заманында Қараөткелде дәуірі дүрілдеген Ғазиз ақын. Көңіл шірікін қартайсын ба. Әсіресе, ән мен жырдан күмбез өрген сал-серінің көңілі сол албырт, жас күйінде қалса керек. Сондықтан болар, Ұлы Абайдың талантты шәкірттерімен дос болған, сегіз қырлы Берікбол(Ағашаяқ):
Қызықты қыздай дәурен өтті бізден,
Ой, қартайсақта қыз кетпейді көңілімізден, – деп сағына аңсайды ойын-сауық дәуірін. Ақ жаулықты аналардың, әжелердің, апалардың және жеңгейлердің арасында «Біз де кеше қыз болғанбыз» – деген ғажап сөз бар. Әзіл-қалжың сияқты. Жоқ, ол мүлдем олай емес. Бұл қазақ әйелі болмысының философиясы! Сұлу емес әйел жоқ. Әйел әрқашан сұлу. Ол көрушіге байланысты. Балуан Шолақ Ғалияға бірінен бірі өткен бес ән арнаған(жинаққа екеуі ғана енген). «Ғалия» әні әннің төресі, үлкен жүректен, шынайы сезімнен шыққан ән»-деп жазған кезінде Ахмет Жұбанов. Сол Ғалия қандай болған? Осыған орай «Аңыз адам» журналында жарық көрген төмендегі оқиғаны айта кеткенді жөн көрдім. «Атақты Қажымұқан балуанның әкесі қайтыс болып, елге келеді. Оның қайғысына сері Шолақ та ортақтасып, «Арты қайырлы болсын» айта барыпты. Сонда «Балуан аға, маған Ғалия сұлуды көрсетіңізші» деп Қажымұқан інілік базына білдіреді. «Жарайды» деп әлемге танымал балуанды Атабасардағы қымызханаға ертіп келеді. Даңқты екі балуанды оңаша үйге түсіріп, қадірлеп күтеді. Талдырмаш бір келіншек барлық қызметті өзі жасап жүрсе керек. Дәмді сыбаға желінеді. Бал қымыз ішіледі. Әңгіме арасында Балуан Шолақ үкілі домбрасын қолға алып, қайта-қайта өз әндерін шырқап отырады. Уақыт өтіп бара жатқан соң Қажымұқан шыдамай:
– Балуан аға, Ғалияңыз қайда? – дейді. Сері Шолақ сырс етіп күледі.
– Бәтшағар-ау, әлгі қызмет жасап жүрген Ғалия емес пе? – деп алып денесін
селкілдете күлкісін тағы жалғастырады. Еуропаның князьдары мен дворяндарының ұйымдастырған балдарында, Шығыстың сұлтандары мен бекзадалары жасаған сауық-сайрандарда таңдай қақтырарлық талай сұлуларды көрген Қажымұқан әлгі секпіл бет келіншекке көңілі толмай:
– Ондай әзіліңізді қойыңызшы. Жалпақ даланың серісі сондай әйелге де ғашық бола ма? – депті. Сонда Балуан Шолақ:
– Пәлі, балуан-ау, сен оған менің көзіммен қарасаңшы», – деген көрінеді.
Ұлы Даланың алтыбақаны тербеген қазақ қыз-келіншектерінің бәрі сұлу. Алаш аруларының сұлулығы мен сымбаты ана сүтімен дарып, қанмен тарайтын, табиғат мүсіндейтін айнымас асыл қасиет. Осы тұста көптен бері маза бермей жүрген ойымды ортаға салмақшымын. Қазір қалада не көп? «Сұлулық салоны» мен шаштараз көп. «Салон» сұлулықтың қатарында тұратын сөз емес. Біріншіден, «салон» темір-терсек, жиһаз, автомобиль, ұшақтар шоғырланатын қойма, екіншіден, ол кеудесінде жаны жоқ жат сөз. «Сұлулыққа» «салон»-ды тіркестірсеңіз онда ол сиырға үкі таққанмен бірдей болады. Қаладағы «салондар»-дар мен шаштараздардың біреуінде сұлулыққа немесе шашқа, тікелей болмасада жанай қатысы бар бірде-бір қазақша атау жоқ. Шетелдік атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың ешбірін мысалға келтіріп, жарнамалағым келмейді. Айтпақшы, Астана қаласының көшелері мен алаңдарында шетелдік атаулар саңырауқұлақтай қаптап кеткенде, осыдан 3-4 жыл бұрын Елбасы бір жиында астаналық шенеуніктердің қала әкімімен қоса апшысын қуырғаны естеріңізде болар. «Шетелден келген қонаққа шетелдік атаулар таңсық емес. Оны олар күнде көріп жүр» -деп ашуға басып, етек алған бейберекеттікті тоқтатуды талап еткен болатын. «Салон»-нан құтылуымыз керек. Оны түбірімен алып тастап, жаңа сөз енгізіп, санаға сіңдіру қажет. «Сәнсая», «Сұлусая» немесе «Сұлулар саябағы» десе қалай болар еді? Оларға атау ойлап табудан оңай дүние жоқ. Жоғарыда сөз болған екі томдық ән жинағын ашыңыз. Іздегенге сұраған атаулар! «Айнамкөз», «Сырғалым», «Ақ кербез», «Айқаракөз», «Кербез қыз», «Ақмарал», «Кербез келіншек», «Жан сәулем», «Ең сұлу», «Сен сұлу», «Қаламқас», «Күлім көз», «Ақмаңдайлым», «Қиғаш қас», «Сұлушаш» тағы тағылар. Қаланың ең көрікті жерінен «Кермаралым» атты «Сәнсая» ашылса қандай керемет болар еді! Аспан төріндегі моншақтай тізілген тырналар сияқты «Кермаралым» атты «Сәнсая»-ның айқара ашылған есігіне айдай болып кіріп, «Аққудай көлден ұшқан көтеріліп»(халых әні «Желкілдек»), гүл-гүл жайнап шығып жатқан аруларға, ақын әрі әнші Естай айтпақшы, «Пендеде жүзін көрген қалмайды арман» – деп қызыға да таңдана қарап тұрып, әйел заты сұлулық әлемінің әміршісі де еркесі екеніне шарасыз көнер едіңіз!

Әли-Хан Омарбеков,

отставкадағы полиция полковнигі. Семей.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation