Дүйсенбі, Қыркүйек 17, 2018
Негізгі > Руханият > 8-наурызға 8 ару ақынның таңдаулы өлеңі

8-наурызға 8 ару ақынның таңдаулы өлеңі

Аяулы аналар мен құралай көз қарындастарымыздың мерекесіне орай, қазақ поэзиясында өзіндік сүрлеуі бар ақын аруларымыздың өлеңдерін жұрт назарына ұсынуды жөн көрдік. Гүлдей нәзік, Күндей нұрлы, таңғы шықтай мөлдіреген, жылы сөзге жүрегі елжіреген ару ақындарымыз жасай берсін!

 

 Фариза Оңғарсынова

 

Көңілімнен кетіп көп арман,
көзімде тұнып мұңдарым,
сәулелер быт-шыт жоғалған
құштырып маған құндағын.

Қызғалдақ гүлдер дөң басқан
қызығы тоқтап қалғандай.
Түссе де кенет Жерге Аспан
қарайтындаймын таңданбай.

Сезім – тұл. Күш жоқ кернеген,
өртенуге де жоқ шамам.
Ғашық боп жүргендерге мен
немкетті жүзбен көз салам.

Кездестің, менде жан қалғып
жүргенде, бұлттан Күн шықпай,
бей-жайлығымды талқан ғып,
шыр айналдырдың ұршықтай.

Өртеді-ау мені тәтті ернің,
жолықтың, жаным, кеш неғып…
Күрсіндім осы сәттердің
өткіншілігін еске алып.

 

Күләш Ахметова

Ақын әйел
Басқа әйелде басқа арман, басқа мұрсат,
Отырады асықпай әңгіме айтып.
Ал мен үшін әрбір күн – қас-қағым сәт,
Еркіндікке енбеймін енді қайтып.
Бар бейнеті ақынның жүр ме етеліп,
Гүлдей нәзік көңіліңді кім ескерген.
Бір жеңіліс, бір жеңіс, бір қателік…
Қажыдым бұл қарусыз күрестерден.
Күтусіздеу сәбилер, гүлдерім де,
Әйел үшін
ақындық – ерек сынақ.
Өз ісімді үлгермей жүргенімде,
Хат жазады көбісі көмек сұрап.
Көп күрсініп отырам не түндерде,
Қуаныштың алыстап әні керім.
Ойға оралып жалғыздар, жетімдер де,
Тынышымды алады бәрі менің!
Қабағымды қандай күш ашар мына,
Жақсы кештің көрген жоқ шәрбаты ұнап.
Жүргендеймін әйелдің басы орнына
Кішірейген жер шарын орнатып ап.
Тәтті ұйқыға жібермей дауылдай түн,
Өлең іздеп отырам бұрышта ана.
Әлемдегі өмірмен ауырмайтын
Жандар ұйықтап жатыр-ау тыныш қана.
Қайда жастық – қызығы мол шақтарым,
Көкжиегім барады көлемденіп.
Төгілді де бадана моншақтарым,
Әлдиледі қайтадан өлең келіп.
Қасиеті өнердің жебесін де,
Еркіндіктен не пайда мен аңсаған?
Қалдырарсың атымды ел есінде,
Рақмет сол үшін, өлең, саған
Өлең дәні
Хал қалай, ақын қауым?
Бірде араз, бірде балдай тату қауым?
Қыл көпір үстінде де қиянатты
Қиындау болатұғын
мақұлдауың.
Шығармай келгенде де үнін шындық,
Шындықдеп шырылдаумен ғұмыр сүрдік.
Теңізден бетер шулап тебіренерсің,
Халқыңның сезінгенде мұңын сұмдық.
Жетер ме азаткер сөз босқа айтылмай,
Жел болып біреу ертең жасқайтындай.
Ұлтыңа
қызғыш құстай болғаныңмен,
Жұртына жұртың ертең тастайтындай.
Ақтангер алқыды-ау
деп аттандар кім
Именбей игілікке
батқандар кім?
Бар ма екен суреткерлер арасында
Тау жақта сарай салып жатқандардың?
Бір базар басымызға орнай келді,
Берерсің басқа өнерге зор бәйгеңді.
Жыр емес, жарнама оқып өскендерде
Баяғы бауырмалдық болмайды енді.
Көргенді ел ұстамайды көгенде әнін.
Кімге сын еленбесе ерен дарын?
Ешкімге міндет қылмай, сонда да біз
Себерміз кең далаға өлең дәнін!
 

Жанат Әскербекқызы

 

Қаңтардағы қармен әңгіме

 

Тәкаппарсың.

Сұп-суықсың.

Әппақсың…

Әппақ болып аяқ асты жатпақсың.

Жерде жатып,

Көктен түскен қалпыңмен

Асқақ, әппақ болмысыңды сақтапсың…

 

Қаңтар – тәнің, аяз – жаның, әппағым…

Сені іздеп жүр күміс тоғай бақта кім?!

Күміс күйме сыңғырына елітіп,

Мен де іздегем әлдекімді… таппадым.

 

Ақ бораны сенделеді Арқаның…

Өзіңе де, өзіме де бар таңым.

Қаңтар бізді тастап кетер жұртына,

Сонда оны сүйемісің,

Қар-Ханым?!.

 

 

Жанна Елеусіз

 

Үндемейін.
Сен мені түсіне ғой…
Биіктесем – түсін де, кішіре ғой.
Теңіз болып кетті, әне, сапырылып!
Толқын, толқын сыймаған ішіме Ой…

Үндемейін.
Сен де сәл үндемеші?..
Қырлар жақта басталсын гүл Кеңесі!
Күн де ертемен бұрғылап,
қазып жатыр –
топырақта қалғандай бірдеңесі…

Жүрмейін де –
борпытып, жылға кешіп!
Кеше – мүлгіп,
Қар асты тұрған өшіп
Жердің сол бір сұп-суық қойнауынан!
Келе жатыр дейді ғой бір Дән өсіп…

Сән.
Салтанат.
Сарайлар.
Қиғам – бәрін!
Дала – менің сенгенім, иланғаным:
Сарғалдақ боп шығады – Сағынғаным!
Қызғалдақ боп шығады – қиналғаным…

Өрлігім де,
Күлкім де,
жасым,
Бәрін
Соның ғана Жанына жасырғаным:
Жапырақ боп бітеді Көктем сайын!
Жусан болып шығады – ашынғаным!..

Үндемейін…
Айналсын Гүлге – кейпім.
Жүрегімнің төсінде – Дүбірі қап.
Менің мынау Жанымды сіңіріп ап!
Көктем келсе –
Дүниені бүлделейтін,
Мінезім бар –
Осылай Үндемейтін…

 

 

Оңайгүл Тұржан

Үзіледі шарасынан,

уыс-уыс түндерім.
Саусақтардың арасынан,
Сауылдайды күндерім.

Бұлт құшақтап бозаң айды,
Тарқатты наз-өрімін.
Күздің даусын аралайды,
Жаңбыр-жаңбыр көңілім.

Сен де кеттің сары шілде,
Құс даусы да азайдың.
Келе жатып таң ішнде,
Жапырақтан жаз ойдым.

Қос жағаны мекендеген,
Жасыл құрақ, қайдасың?
Жасыл күн де кетер менен,
Ұрлап жастық айнасын.

Айналды қос жаға мұзға,
Арасында сал қайық.
Екеуміздің арамызда,
Сағыныш жүр сарғайып.

 

 

Гүлнар Салықбай

 

Келші, көктем-сіңілім,
Қайда кеттің қыдырып –
желп-желп етіп тұлымың,
бұлақ болып жүгіріп?!

Қоңыраудай сыңғырлап,
күліп жүр ме екенсің?
Келеріңді бір күні
біліп жүр ме екенсің?

Бақытыңмен, бауырым,
қай жақтарды жылыттың?
Гүлдің жинап тәуірін,
Бізді қалай ұмыттың?

Басқа жердің бағына
ұнап жүр ме екенсің?
Сар далаңды сағынып,
жылап жүр ме екенсің?

Тоңдым, құлдай торығып,
Барлығыңды білдірші.
Түсімде бір жолығып,
Аязымды сындыршы.

Көшелердің бойында
шұбап өнер ме екенсің?
Ала қардың астынан
шыға келер ме екенсің…

Келші, көктем, құспенен,
Бір-ақ күнде білдірмей.
Қоштасуға қыспенен
Қалайын мен үлгірмей.

… Осы биыл сен әлде
кешігер ме екенсің?
Келе ғой деп шақырсам,
есінер ме екенсің…

 

 

 

Құралай Омар

 

Көз жасымнан дымқыл тартқан күз демі,
Халімізден хабарсыз-ау біздегі.
Сен келердей терезеге қадалып,
Қарашығым неге сені іздеді?

Өмір неге бізді осылай сынайды?
Бөлмеде мен, далада күз жылайды.
Үмітімдей жүрегімнен үзілген,
Жанды ауыртып, жапырақтар құлайды.

Жанарымда дірдектейді дана күз,
Жетім көңіл, жоқ сияқты панамыз.
Адасатын бір-бірінен жел тұрса,
Біз екеуміз жапырақтар ғанамыз.

Айжан Тәбәрәкқызы

 

Сенің жанарыңнан мөлт еткен өзімнің қайғымды көріп,

Жүрегіңнен мен қонар бос қалған айдынды көріп,

Қиялымның қанатын қақтырып,

Кірпігіме аңсардың мөлдір шығын тақтырып,

Ұмытқым келмеген.

Сенің айтқан естелігіңнен өзімнің өткенімді көріп,

Бұл күнге мен жайлы арманды қанат қып жеткеніңді көріп,

Батар күнді құз басынан асыра салып,

Жүдеу жүзіме Ай нұрын перде ғып жасыра салып,

Саған жеткім келген.

Сенің қуанышыңа өзімнің себеп болғанымды көріп,

Саған шыншыл болмысыммен керек болғанымды көріп,

Үзілмеген үміттің жетегіне еріп,

Үркер мұңның әйтеу сөніп кетеріне сеніп,

Саған жолыққым келген.

«Жерұйық» порталы

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation