«Біз – баяғыда жылқы етін жеп, қымыз ішетін едік! Сондықтан желмен жарыстық, мінезіміз жылқыдай тепсініп тұратын тік, өр болдық, қайыспайтын ер болдық, дұшпанымыздан зор болдық! Біз – бүгін тауық етін жеп, қымыздан басқасын іштік. Сондықтан, бірдеме айтып қайрат қылғанымызбен, тауықтай қопаң-қопаң етіп ұша алмай қор болдық!»
Осылай деп бір кездері ашынған едім. Оным бекер екен. Неге дейсіз ғой?! Айтайын…
Былтыр жамағайындарымның үшеуі бірдей балалы болды. Өмірге ат ұстар келді, қырық қысырақ келді(екі ұл, бір қыз). Қуандық! Құттықтадық! Анда-санда үйіне жолымыз түскенде, мейірленіп басынан сипадық. Болашағынан зор үміт күттік(әлі де күтіп жүрміз). Әр барғанымда байқағаным, үшеуі де балаларын жасанды сүтпен(нестле, нестажен, нан т.б мен білмейтін аттары бар) тамақтандырады екен. Себеп дейсіз бе?! Себебі, аналарынан сүт шықпайды! Бірінің әкесіне(анасынан да) «осыған тоя ма» десем, «тояды, тек, әр апта мың жеті жүз-екі мың теңге тұратын сүттің екеуін алып бере беру – қалтаға кәдімгідей салмақ салады екен» деп жымиып қарап тұр. Таңырқадым да қойдым.
Бір күні шашымды қысқартуға шаштаразға бардым. Кезегімді күтіп отырсам, шашын сәндеп болған келіншек, жасына толмаған сәбиін, жасанды сүтпен тамақтандырайын деп жатыр екен. Сәби сүттің дайын болғанына дейін шыдамай, сол, жасанды сүтке кәдімгідей талпынып, шырылдап жылайды. Анасы көтеріп тұр. Мұрнының астындағы ана емшегіне де қарамайды, ана сүтінің исін де сезбейді. Көріп қаттым да қалдым(жағамды ұстадым). Шаштараздан шашымды емес басымды алдырып шыққандай күй кештім. Шыға салысымен Маралтайдың өлеңі есіме түсті:
Сау қанатым қалмаған соң күймеген,
Рухымды қанмен сүтке илегем.
(саған жаным ашитыны тағы рас,
емшегіне еркек ерні тимеген)
Иә, бұл, емшегіне сәби ерні тимей, ана болу бақыты бұйырмай кеткен Әдилә ғой! Ал, бүгінгі тірі Әдиләлар неткен бақытсыз…
Жатсам да, тұрсам да балаларға беретін осы – құрғақ сүттер ойымнан шықпай қойды. Алғаш ойлап табылған кез-келген өнім қоғамға, адамға қажеттіліктен болған деген қағидаға сүйеніп, бұл жасанды сүттердің ойлап табылуына не себеп болды деген сұрақ мені жиі мазалады. Сондықтан осы өнімнің тарихына назар салдым.
Белгілі тарихшы Эрлихман Вадим ол жайлы былай дейді: «Біз бүгінде тез дайын болатын фаст-фудтық тағамдар нарығында өмір сүріп жатырмыз. Ал, екі, бір жарым ғасыр бұрын баланы жасанды сүтпен тамақтандыру дегеніңіз ақылға сыймайтын іс болатын. Әлем елдерінің тарихына үңіліп қарайтын болсақ, баланың ана сүтін емуі небәрі алты ай-ақ болған. Алты айдан соң бала сүттен шығарылып, кәдімгі үлкендер жейтін тамақты тұтынатын. Мысалы, Үнді елінде сәби алты айға толғанда әулетте үлкен мереке болып, әулетбасы – ақсақал баланы сүттен шығару рәсімін жасаған. Алғаш болып өз қолымен қант қосылған күріш ботқасымен тамақтандырған. Ал, қытайда сәбиге сұйық күріш ботқасын берсе, кейіннен түрлі көкөністер мен балық тағамдарын беріп отырған. Африкада ана сүтінен кейін балалар тамағы жүгері ботқасы болса, көне Грекиядағы Спартандықтар туыла салып сәбиге бұқа қанын ішкізген. Оның себебін бала өскенде нағыз ержүрек, батыр болады деп түсіндірген.
Ол кезде сәбилі болған анаға ешқандай декреттік демалыс берілмейтін. Сондықтан қарапайым шаруа әйелі бір жетіден соң сәбиін туыс-туғандарына тастап далаға егіншілікке не фабрикаға жұмысқа шықса, бай-манаптардың жұбайы өзінің сымбатын сақтау мақсатында арнайы бала күтушісін жалдаған. Үйде қалып сәбиге қарайтындар балаға жеуге болатын тағамдардың бәрін бере берген. Тіпті, ауқатты отбасының өзі бала денсаулығына немқұрайлы қараған. Бұзылған тамақтар мен тәттілерді бала күтушісіне бере тұрып «мыналарды балаларға бер, жеп қойсын» дейтін болған. Осындай жеке бастың гегиенасын сақтамаудан, бала болашағына салғырт қараудан, үлкендердің өзі қорытуы қиын асты жеу салдарынан балалар түрлі асқазан-ішек жолдары ауруына шалдығып, 18 ғасырда туылған сәбилердің 40 пайызының өмірі өліммен аяқталған. Алғашқы жасанды балалар сүтінің ойлап табылуына осындай қиындықтар әсер еткен сияқты».
Міне, жоғарыдағы тарихшы айтып өткен қажеттіліктердің арқасында 1855 жылы алғаш болып ағылшын өнертепқышы Гримвейд құрғақ сүтті ойлап тапты. Ал, оны дайын өнім ретінде нарыққа әкелген – Генрих Нестле дейтін шведтік фармацевт. 1867 жылы Нестле сиыр сүтіне бидай ұнын, қант қосып балалар құрғақ сүтін дайындады. Ол оны «Анри Нестленің сүтті ұны» деп атады. Жоғарыда айтып өткен қиындықтарға тап болып отырған сәбилі отбасылар бұл дайын өнімді сатып ала бастады. Аз уақыттың ішінде бұл сүт бүткіл Еуропаға таралды. Сол кездің өзінде бұл жасанды өнімнің балалар денсаулығына зиян екенін айтып, дәрігерлер дабыл қақты. Неміс дәрігері Готфрид Кюнер: «балаларға берілетін Нестле, Гербер, Куфеке сынды жасанды сүттердің бала денсаулығына зиянсыз деп айта алмаймыз, себебі 1890 жылғы Берлиндегі балалардың ана сүтін емген балаларға қарағанда жасанды сүтты пайдаланылған сәбилердің өлімі 13 есеге артты» десе, дәрігер Бидерт жасанды сүттер әлі ана сүтінің орнын басуға қауқарсыз. Оның бала денсаулығына зиян екенін мойындап, жарнамалауға шақырды. Расында да, жасанды сүтті пайдаланған сәбилер тез семіреді.
Бүгінде, Еуропа мен АҚШ-тағы басты проблемалардың бірі балалар мен жасөспірімдердің семіздік ауруына көптеп шалдығуының бір ұшы осында жатқан сыңайлы.
Бұл батыстағы жағдай. Бізде ше?! Көшпенді қоғамда да мұндай қиындықтар кездесті. Бірақ ол кезде ағайынның ауылы аралас, қойы қоралас өмір сүрді емес пе. Егер жаңа туған анадан сүт шықпай қалса абысыны бар, көршісі бар емізіп ала беретін. Бұл дегеніңіз – көшпенділерде құрғақ сүт болмады деген сөз емес, болды!
Белгілі ғалым, этнограф Ақселеу СЕЙДІМБЕК құрғақ сүттің ертедегі көшпенділерде болғанын, малдың өрісіне байланып күн кешетін қазақтарда құрғақ сүт қажеттіліктен туындағанын айтады. «Көші-қон кезінде баланы емізу қиын. Сондықтан, бала аш қалмау үшін қазақтар құрғақ сүтті дайындаған. Оны малдың терісін түгінен арылтып, теріні үш рет сүтке салып қайнатып, кептіріп, қарынға не бүйенге салып сақтаған. Көші-қон кезінде сүт сұрап жылаған балаға осы теріден алқандай кесіп алып, суға салып жібіген тері кәдімгі сүтке айналғасын іштірген. Түбіндегі құйқаны сағыз етіп кемірген бала жайлауға қалай жеткенін білмей қалған» дейді ғалым.
Қәзір 21-ғасыр. Ақпараттық техналогия дамыған, әрбір адамның көзі ашық заман. Ендеше, әрбіріміздің үйіміздің асханасында осы жасанды сүттің тұруының себебі неде? Қазақ қанша дегенмен ұяң халық емес пе? Мұның себебін аналардан сұрасаң, “сымбатым бұзылады” деп айтпайды. Барлығының айтатын «гөй-гөйі» біреу – сүт шықпайды!
Бәрімізде бар еріншектік – дүкеннен сатып алып, тұтынатын тауарымыздың құрамымен танысып, мерзімінің өткен өтпегенін тексеріп жатпаймыз. Жасанды сүтті де балапанымызға берердің алдында оның сыртында жазып қойған құрамымен таныспаймыз. Оқығанның өзінде де түрлі элементтердің не мағына беретінін арнайы маман болмаса біз түсінбейміз. Оның құрамында мынадай қоспалар болады екен:
Таурин. Бұл қоспа лицзензияланбаған препереттар құрамына кіреді. Тауриннің құрамы әлі толық зерттелмеген. Құрамында таурині бар құрғақ сүтті ішкен баланың жүйкесі тынышталып, тамаққа деген тәбеті төмендеп, көп ұйықтайды. Тауринді көбіне энергитикалық сусындарға қосады.
Лактоза. Бұл «момақан», бейтарап қоспаның балаға берер пайдасы да, зияны да жоқ. Лактоза сүт және сүт өнімдерінің барлығында кездеседі. Лактозаның тәттілігі қанттан 6 есе төмен, суда жақсы еритін, өте нәрлі зат. Мұны қосудағы мақсаты не өндірушілердің дейтін боларсыз. Бұл қоспаны жай ғана жасанды сүттің көлемін үлкейту үшін қосады.
Натрий хлориді. Қарапайым тілмен айтқанда – ас тұзы. Педиатр –дәрігерлердің пікірінше бір жасқа дейінгі балалардың бүйрегі ас тұзын сіңіруге қауқарсыз. Ал, жасанды сүтті өндірушілердің пікірінше ас тұзы балаға зиянсыз өте пайдалы консервант.
Калий хлориді. Бұл қоспа жайлы мынаны айтуға болады. Мұны АҚШ-та өлім жазасына кесілгендерге егуге қолданады.
Мальтодекстрин. Бұл қоспаның құрамы жайлы дау көп. Ғалымдардың бір тобы мальтодекстринді зиянсыз қоспа десе бір тобы мұнымен келіспейді. Мальтодекстрин әлі тәжрибеден толық өтпеген қоспа. Егер сіз жаңа туылған сәбиіңізге құрамында осы қоспасы бар құрғақ сүтті беріп, іс жүзінде тәжрибеге өз үлесіңізді қосамын десеңіз – мархаббат! Ең сорақысы бұл «зиянсыз» қоспалар денсаулық сақтау минстрлігінен рұқсат алған препараттар тізіміне кіреді.
Омеге 3. Балаға ең пайдалысы осы! Омега3 нәрестенің жүйке, иммундық жүйелерінің дұрыс қалыптасуына, көздің жақсы көруіне, тістің дұрыс шығуына пайдасы көп препарат саналады. Аналарға айтарымыз – егер, балаңыз болашақта қиын бала атанбасын десеңіз өз бойыңыздағы омега3 элементін арнайы маманға барып тексертіп, қадағалаңыз. Себебі, бүгіндегі 90 пайыз баласын емізетін аналарда омега3 қоспасы жетіспеушілігі тіркеледі. Мұны байқасаңыз бірден құрамында омега3 қоспасы бар тағамдар және (балық және балықтан жасалатын тамақтар), көкөністерді (грек жаңғағы т.б) көптеп тұтыныңыз. Сіз бұл жазбаны оқып отырып жасанды сүттерден мүлдем бас тарт дегіңіз келе ме?! Демекшісіз ғой. Жоқ, әсте олай емес. Құрғақ сүттерді пайдалануға болады, тек уақытша. Жасанды сүттерді пайдалануға болатын кез:
Ана –түрлі жұқпалы аурулармен ауырғанда;
Сүт шықпай қалған жағдайда;
Ана – денсаулығы үшін түрлі антибиотиктер қабылдағанда;
Бөбектердің болашағын ойласақ, құрғақ сүтті бала алты айдан асқасын қолданған дұрыс дейді мамандар. Қазақта “уызына жарымаған” деген сөз бар. Уызына жарымаған бала – болашақта дені сау, жан-жақты білімді азамат бола алмайды. Уызына жарымаған бала – талантын ұштап жетістікке жете алмайды. Жасанды сүтте пайдалысы, зияны бар елудей қоспа болса бұла сан ананың сүтінде, ананың уызында он тіпті жүз есе көп. Елбасымыз айтқандай, “мәңгілік ел” боламыз десек, мәңгілік елдің ертеңі ұрпағымыз екенін ұмытпайық. Оның жан-жақты білімді, қабілетті, бәсекеге төтеп бере алатын азамат болғанын қаласақ оның келешегін осы «сүттен» бастап ойлаған жөн.. Туыла сап аузы аққа жарымаған бала – болашақта ештеңеге жарамайды!
Қазақ көшпенді халық десек, көшпенділер қашанда жаумен жағаласып күн кешті. Жауынгер халық сылбырлықты жақсы көрмейді. Оның ісі де мінезіндей тез, шапшаң. Қазақтың мінер көлігі тез ерттелетін, киіз үйі жылдам жиналып, құрылатын. Асы… Осы жерге келгенде қаламым бейне дәрігерге баратын баладай жүрмей қалды. Қазақтың асы тез дайын болмайтын. Ұзақ қайнап киіз үйге бар жұпарын шашып пісетін. Бүгінгі күндегі фас-фудтық тағамдарға деген құмарлығымыз бойымыздағы жалқаулықтан ба әлде баба мінезіне тартқан шапшаң қимылымыздан ба, кім білсін… Ойланып кетіппін. Шөлдегенімді жан-тәніммен сезіндім. Су ішу мақсатында аяңдап асханаға келдім. Ол жерде мені Гербер деген жазуы бар темір құтының сыртындағы сәби жымиып қарсы алды.
Тұрсынбек Башар
Әуелгі тақырып: “Бүгінгі сәбилер мен бұрынғы сәбилер”