Қазақстанның барлық аймақтарында «Дұрыс тамақтану – дені сау ұлтты қалыптастырудың кепілі!» ұранымен мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру жөнінде онкүндік өткізіледі. Шара 10-шы сәуірге дейін жалғасын табады. СӨС координаторы Г.Омарбекованың айтуынша, аталмыш шара аясында білім беру ұйымдарында дұрыс тамақтануға қатысты сағаттар мен байқаулар ұйымдастырылып, балаларды салауатты өмір салтына үндейді. «Мектеп жасында дұрыс тамақтанбау – жүрек-қантамырлары аурулары, онкологиялық аурулар, семіздік пен артық салмақ, қант диабеті ауруларының даму қаупін тудырып, ерте жастан мүгедектікке шалыну мен өмір сүру ұзақтығын қысқартуға әкеледі. Онкүндікті өткізу – халықтың дұрыс және рационалды тамақтануы туралы сауаттылығын арттырып, оқушылардың бойында тамақтану мәдениетін қалыптастыруға, денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді», – дейді ол.
«Мектепке керек нəрсенің бəрі сайлы болмаса да мектеп ақсайды, программа бойынша үстіне артқан жүкті дұрыс алып жүріп, мерзімді жеріне мезгілінде жеткізе алмайды. Сондықтан мектеп керек болса, мектепке нəрселері де сайлы болуы керек». Осыдан бір ғасыр бұрын жазып кеткен Ахаңның мәселесі бүгінгі күні де алдымыздан шығып тұр. Мектептегі оқу жайы, оқу құралдары, тамақтандыру жүйесі қай кезеңде болмасын күрмеуі шешілмей тұрған келелі мәселелердің бірегейі. Өкінішті әрине.
«Ауру – астан» деп байырғы қазақ тегін айтпаса керек. Дұрыс тамақтанбаудың ауруға апарар тура жол екенін ақ халаттылар да растайды. Ең бастысы, баланы дұрыс тамақтандыруды тура жолға қою қажет. Мектептегі балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету Ұлыбритания елінен басталған көрінеді. Олар жастарды әскер қатарына алу кезінде көпшілігінің денсаулығының сын көтермейтінін ескеріп, дереу мектепте тегін тамақтандыруды қолға алған. Біздің елде де мектеп балаларын құнарлы тамақпен қамтамасыз ететін кез келген сыңайлы. Өркениетті елдің өресі биік жастарын тәрбиелеу мектеп қабырғасынан басталады емес пе?! Олай болса, дұрыс тамақтанудың жолы мен бастауы да осыда.
Оқу құралдары, кітап жетіспеушілігі, олардың бағасының шарықтап тұрғандығы жайлы мәселелерді ысырып тастағанның өзінде, тағы бір проблема алдымыздан көлегейлеп шыға беретінін қайтерсіз? Мектептегі тамақтандыру не болмаса тегін тамақтандыруды ұйымдастыру. Былай қарап тұрсаңыз, еш ауыртпалық түсірмейтін сияқты. Дегенмен, тереңірек үңілсеңіз, «алдың – жалын, артың – мұздың» кебі осыда ма деп ойлайсыз. Әр ата-ана бір баласын тамақтандыру үшін күніне 170 теңге жұмсайды. Бұл тек бір баланың бір күндік асының шығыны. Ал, енді есептей беріңіз… 4080 теңге бір айлық тамақтануға жұмсалады. Оның үстіне, оның тойымдылығын қойып, құнары қандай? Бұл бір баланың ең төмен деңгейдегі жұмсайтын қаржысы. Үйінде 2-3 баласы бар ата-аналар қайтпек керек? Бұл да болса отбасы бюджетіне ауыр соққы.
Білім бөлімінің бас маманы Маржан Ержанқызының берген мәліметіне сүйенсек, аудандағы 28 мектептің 25-інде ыстық тамақ ұйымдастырылған. Ыстық тамақтың ас мәзірі аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасымен бекітілген. Бір күндік бағасы – 225 теңге. Жалпы ыстық тамақпен – 4246 оқушы, оның ішінде тегін ыстық тамақпен – 2165 (50,6%), 50 пайыздықпен жеңілдікпен 31 оқушы қамтылған. Оның 1335-і бюджет есебінен, 197-сі интернатта тұратын оқушылар, 633 оқушы демеушілер есебінен. Қалған – 2081 (48,6%) оқушы ата-аналар есебінен тамақтанады. Жеке санаттар бойынша: аз қамтылған отбасынан – 278, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған – 14, әлеуметтік қорғалмаған – 177, көп балалы отбасынан – 712, толық емес отбасынан – 181, туб.індетті, туб.виражды – 112 және бастауыш сыныптан – 494 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Аудан бюджетінен жаппай біліммен қамту қорына бөлінген қаржы соммасы 55 млн 504 мың 700 теңге. Оның 45 млн 738 мың 400 теңгесі тегін ыстық тамақ ішуіне бөлінген, 1-4-ші сыныптар арасында тегін ыстық тамақпен 936 оқушы яғни 54,7 пайызы қамтылған. Бірақ, сіз бен біз бұның қаншалықты рас екеніне күмәнмен қарайтынымыз жасырын емес. Себебі, ыстық тамақпен қамтылған деген санаттағы үйдегі бастауыш сыныпта оқитын балаларымыз мектеп асханасынан мәзірге сай ас емес, тоқаш пен майға қуырылған пирожки жеп қарнын тойдырып келеді. Сонда, оларда қадағалау деген жоқтың қасы. Ауданның білім мекемелерінде барлығы 4243 оқушы тәрбие алады. Олардың қайсыбірін қадағалап үлгереміз дейтін де болар оқытушылар қауымы… Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе мардымды жұмыстар атқарсақ, бұл қара бұлттың да сейілеріне күмән жоқ.
«Бала – болашағымыз» деп ұрандаған ұлық елдің бұл тіршілігі көңіл толтырмай отыр… Қош, бұл келер күннің еншісінде. Абай атамыздың сөзімен айтсақ, «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез». Осы мәселені оңтайлы шешіп, бір жақты етуде біз дәнекер бола алсақ болғаны.
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл.