(1855-1878 жылдар аралығы)
1855-1878 жылдары Абай тұлға болып қалыптасты әрі ақындығының алғашқы кезеңі. Осы кезеңдегі өлеңдері тек өз басының тәжірибесінен, ортақ сипат – өзін өзі сынау, өз мінін шенеу. Оларда қоғамдық тіршіліктің мінін сынау, халықтың мұңын мұңдау, жоғын жоқтау сарыны аз, яки тіпті жоқ. Алғашқы кезеңге тән мәнді ерекшелік осы. Төменде Абайдың 33 жасқа дейінгі өмірін тексеру барысында осыған көз жеткізетін боламыз.
Бүгінгі күнге Абайдың бала, бозбала шағынан «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» (1855 жыл), «Шығыс ақындарынша» (1858), «Фзули, Шәмси, Сәйхали…» (1858) және «Әлифби өлеңі» деген туындылары жетіп отыр.
Онан соңғы жас Абайдың өмірі мен шығармашылығы үш жікке сұранып тұр. Олар: 1860 – 1870 жж., 1871-75 жж. және 1876-78 жж. аралығы. Олай болса, тексерісті осы реттілікпен жүргізген жөн сияқты.
1860 – 1870 ж.ж. үлесіндегі өлеңдері қайсы?
Сенсеңіз, 1860 – 1870 жылдар аралығынан бүгінгі күнге Абайдың тек «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!» деген өлеңі ғана жетіп отыр. Жас ақын уыз махаббаты Тоғжанға арнаған осы өлең жайында бас абайтанушы М.О. Әуезов былай дейді: «Бусанып тұрған жанды, шындығы бар жыр туады. Ақын алыстан тұмандатып орағытпайды. Айтпақ ойының сөздері де дәл табылған. Қозғайын деген пернесін дәл басады. Және өз басының тәжірибесін шығарып, өзіндік мінін сынап, шенеп отырған кісі болып, сол кездегі көп жастың хәліне арнаған үлгі сөз айтады» (М.Әуезов. Абай Құнанбайұлы. –Алматы, 1995. – 95-бет).
Он жыл бойы ақындық қуаттың тым-тырыс жатқаны несі? Бұл, әрине, күдікті. «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!» Абайда жалғыз емесіне Мұхаң сенімді болған. Зерттеуші 1950-жылдардың басында жазған «Абай мұрасы жайында» деген мақаласында: «Абайдың 20-25 жастар арасында жазғанына ешбір күдік қалдырмайтын (астын сызған біз – А.О.) тағы бірнеше тамаша өлеңдері бар», – дей келе, былайша атап айтады: «Олар: «Сап-сап, көңілім» – 59 жол, «Жарқ етпес қара көңілім» – 8 жол және «Тайға міндік» – 45 жол».
Көріп отырмыз, «Тайға міндік» өлеңін Мұхаң Абайдың жиырма бес жасқа дейінгі толғауы деп кесіп айтқан. Оған ғалым мынадай бағасын береді: «Жиырма-жиырма бес арасындағы ой түсе бастаған сыншыл, өр талапты ақынның жастық толғауы» (аталған монография, 96-бет).
«Өр талапты» демекші, Абай отыз жасқа дейін өз елі – Шыңғыс (ескіше – Кішік Тобықты) болысында болыстық қызметті қатарынан үш мерзім, яғни тоғыз жыл атқарған. Мұны ресми құжаттар растайды. Өмірінің осы шағын әйгілі «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңінде Абай мына екі-ақ жолға сыйғызады:
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Иә, отыз жасқа шекті келешек ұлы ақынның өмірі салыстырмалы түрде қайғысыз, қамсыз өтті. Құс баптап, аң қағу, ат жаратып, жүйрік ұстау сияқты қыр байларының ермек істерін қызықтап, көп уақытын бұлғақтап өткергені сөзсіз. Абай Шыңғыс болысында жік салмай үш рет болыс болғанда үстінен бірде бір арыз-шағым түспеген. Бұл да – аттай тоғыз жыл жаймашуақ өткенінің куәсі. «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ» деуінде астар осы.
Қалай деген күнде де, «Тайға міндік, тойға шаптық» өлеңі сол алаңсыз, қамсыз уақыт ауанына толы, соның суретін көз алдыңа әкеледі. Аталған монографиясында Мұхаң өлең мазмұнына жіті үңіле (96-97 бб.) келе, ол туралы: «Сап-сап, көңілім» атты өлеңмен бір бітімдес, екеуі де бір мезгілдің туындысы», – деп мәлімдеген еді.
Бірақ Мұхаң пікірі ескерілмей, екі өлең ажырап қалды. Яғни «Тайға міндік» өлеңі Абай жинақтарында 20 жыл кейін ысырылып, әлі күнге «1890 жылғы» делінуде. Апырай, туынды неліктен өзінің заңды орнына (1865-70 жж. аралығы) қойылмай келеді? Адасудың себебі неде?
«Тайға міндік» өлеңі неліктен адасты?
Аталмыш туынды Мүрсейіт қолжазбасында «Ата-анаға көз қуаныш» деген Ақылбайға арналған өлеңнің аяғына, оның жалғасы ретінде тіркелген. Өлеңнің жазылу мерзімі жаңсақ болуының бірден бір себебі осы.
1995 жылғы Толық жинақта келтірілген уәж мынау: «Ақылбайға» деген өлең 1890 жылы жазылған десек, сол өлеңнің жалғасы ретінде Мүрсейіт жазбасында жазылған «Тайға міндік» өлеңі де 1890 жылы жазылған болады» (Абай шығ. екі томдық толық жинағы. –Алматы, 1995. -1-том). Көрдіңіз бе, баспа редакторы Мүрсейіт қолжазбасында кеткен қатеге (онда екі өлеңнің бір-ақ өлең болып тіркелуі жайын төменіректе сөз етеміз) мән бермеген.
«Және бір кемшілік, -дейді М.Әуезов «Абай мұрасы жайында» атты мақаласында, – кейбір 1909 жыл баспасына кірген өлеңдердің жазылу жылдарын да анықтап, ойласа түсуіміз керек. Көпшілік болып осыған тың еңбек, дерек қосқанымыз жөн. Еңбексіз, дерексіз құрғақ күдікшілер Абай мұрасына көмек етпейді» (Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. -296 бет).
Шыны сол, Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы Тұңғыш жинақта кеткен кемшін, олқы баршылық. Біз талқыға салып отырған «Тайға міндік» өлеңі жазылу мерзіміндегі қателік соның бірі. Ескерте отырайық, бұл әзірге басы, алда талай кемшілік өз кезегін күтіп тұр.
Қорыта келгенде, «Сап-сап, көңілім» өлеңі жалғыз емес, «Тайға міндік», Мұхаң сөзінше «онымен бір бітімдес, мерзімдес туынды». Бас абайтанушының «Абай өлеңді 20-25 жастар арасында жазғаны ешбір күдік қалдырмайды» дегені қаперге алынбай келе жатқаны өкінішті-ақ. Кеш болса да, кеткен қателікті түзеткенге не жетсін.
Асан Омаров, абайтанушы ғалым.