Сенбі, Наурыз 10, 2018
Негізгі > Бас баған > Ә.Омарбеков: Қос қыран

Ә.Омарбеков: Қос қыран

 

Баукең өз шығармаларының басым көпшілігін, хаттарын және түрлі жиын-жиналыстарда, үлкенді-кішілі мәжілістерде сөйлеген сөздерін орыс тілінде жазған. Баукеңнің ғұламалығының бір қыры, бәлкім, осында болар. Өзге ұлттың тілін өз ана тіліндей меңгеріп, «шапан жауып, өзіне қайтарған». Орыстың талай сауаттыларымен пікірлескенде, Баукеңнің селдей сарқыраған қарқанына дес бере алмай, олар сөз қорының жұтаң екенінен сезіктеніп, шешіле сөйлей алмағаны ақиқат. Әскери адамның жазбаларын, әсіресе Баукеңнің жазған дүниелерін дәлме-дәл қазақшаға аудару оңай шаруа емес. Қанша тырыссаңда, түпнұсқасынан төмен болып тұрады. Түсіңде ішкен сусындай шөліңді қандырмайды.  Сондықтан, қай тілде жазылған кітапты сол тілде оқысаң ғана кеудең күмбез салардай кеңиді. Баукең 1942 жылы 17 қарашада М. Әуезовке жазған хатын «Мухтар-ага! Почему-то по–казахски не пишется, извините» -деп бастайды. Мұхаң да «Баурджан Момышулы… на русском языке пишет лучше, хотя он казахский знает прекрасно» -деп жазған екен.

Бауыржан Момышұлы дүниеден өткенше әкесімен қатар, аузынан тастамай, қадір тұтып, қастерлеп, ардақтап өткен тағы бір адам бар. Ол – генерал И.В.Панфилов.  Генерал И.В. Панфиловпен Баукең 1941 жылдың он үшінші шілдесінде танысады. Ол кезде Баукең аға лейтенант шенінде Алматыда Қазақстан әскери комиссариатында аға нұсқаушы болып қызмет етеді. Соғыстың басталғанына бір айдай болып қалған. СССР Қорғаныс Халық Қомиссариатының арнаулы бұйрығымен Алматы қаласында 316-шы атқыштар дивизиясын жасақтау іс-шаралары жүріп жатады. Осы дивизияның командирі болып Қырғыз республикасының әскери комиссары, генерал-майор И.В.Панфилов тағайындалады.

Адам өмірінде, қоғамда, мемлекет дамуында, тіпті таңғажайып табиғат құбылыстарында кездейсоқ ешбір нәрсе болмайды-ау деп, мен жиі-жиі ойланамын. Кез келген жағдай пісіп жетілгенше, кезегін күтіп тұрады-ау бәлкім. Солардың бәрін қиюын қиыстырып, тігісін білдірмей орын-орнына қойып, сәтіне сәйкестіріп отыратын жер бетінде немесе құс жолының ар жақ бер жағында бір ғаламат күш барына ешкімнің дауы жоқ шығар. И.В. Панфиловтың Сталиннің қанды қармағына ілініп, хабар-ошарсыз ғайып болуы дәл сол кезде әбден мүмкін еді. Себебі ол атақты әскер басы болған тұлға. Кеудесінде орден мен медальдар сап түзеген әскери қайраткер. Есімі де, атағы да әйгілі жоғарғы лауазымды офицер. Қаралы қуғын-сүргіннің қатерлі диірменінен отан үшін отқа түскен маршалдарда қашып құтыла алмаған ауыр жылдар еді ол кез. Қанды қырғын Қызыл әскер командирлерінен басталғаны белгілі. Әйтеуір, И.В. Панфилов осы апаттан аман қалды. Бұл, бір деңіз. Екінші. Алматыда жасақталып жатқан 316-шы атқыштар дивизиясына командир етіп И.В.Панфилов емес, Петровтың яки болмаса Сидоровтың тағайындалуына кім қарсы болар еді? Жоғарғы жақтың таңдауы генерал Панфиловқа түсті. Үшінші. Баукеңнің қырқыншы жылдардың соңында Киев Ерекше әскери округінде қызметте болғаны белгілі. Соғыс басталғанда өзінің офицерлік қызметін Қазақстанның республикалық әскери комиссариатында атқарып жатқанын жоғарыда айттық. Украина жерінде, Житомирде, жырақта жүріп қызметін жалғастыра бергенде сұрапыл соғысқа алғашқылардың бірі болып, атыс-шабысқа қатысар еді. Олай болған жағдайда нендей тағдырға тап болатынын кім білсін! Жаратқан оны туған жер топырағында жасақталып жатқан әскерге қол бастауды жазыпты. Баукеңнің генерал-майор И.В.Панфиловқа кездесіп, екеуінің қарым-қатынасының өрмектей өрби келе, ұршықтай шыр айналған аласапыранда дамып, қайнаған соғыста қалыптасуы – мен үшін шексіз ғажап дүние! Осы екі батыр тұлғаны ұлы тарих ғасырдан-ғасырға өшпей жететін ерліктің мәңгі сөнбес үлгісі болу үшін сомдағандай. Шәкірт пен ұстаздың арасындағы силастық, бағынышты мен бастықтың арасындағы түсіністік, қызуы басылмаған албырт жас жігіт пен көнекөз, салиқалы, жөн сілтейтін ел ағасы арасындағы  жарастық, қызба жігер, тегеурінді талпыныс пен мол тәжірбиенің, парасатты ұстамдылықтың иық тиістіруі  сияқты аға лейтанант, батальон командирі Бауыржан Момышұлы мен генерал-майор, дивизия командирі Иван Васильевич Панфиловтың қарым қатынасының аталған  және басқа да қырлары бірнеше ғылыми ізденістерге және зерттеулерге арқау болатыны айдан анық. Түпсіз терең тақырып.

Баукең генерал Панфиловқа кездескен сәттен бастап, адал да алып тұлғаға жолыққанын ұққан. Сондықтан болар, қызба мінез, жалынды жүрек, қылыштай жарқылдаған асау азамат Бауыржан генерал Панфиловтың мінез-құлқының, көзқарасының, өміртанымының, сан түрлі ортада өзін-өзі ұстау мәнерінің, әскерилерге тән емес кеңдік пен жомарттық қасиеттерінің бірде-біреуін қалт жібермей қадағалап, көңіліне тоқып отырған. Өзгелерден оқшау, ерекше генерал болмысының, табиғатыиың ұңғыл-шұңғылының түкпір-түкпіріне, қыр-сырына үңілуге ынтық болған. Генерал Панфилов та Баукеңді көргенде де жап-жақсы әсер алған. Баукеңнің жалын шашқан жанары, ешбір нөқтаға көне қоймайтын тегеурінді түр-әлпеті, сұсты жүзі, әскери форманың түсін түрлендіретін сұңғақ бойы, шешендігімен біте қайнасып жатқан сөз байлығы генералдың назарынан тыс қалмады. Жүре келе Баукеңнің алғырлығы, тиянақтылығы, ой-өрісінің ұшқырлығы генералдың  кәсіби қызығушылығын туғызған. Панфиловтың қырағы көзі Баукеңнің мінезіндегі кейбір керітартпа кемшіліктерді дөп байқаған.

1941 жыл 13-ші шілде – 1941 жыл 18 –ші қараша. Бар-жоғы 4 ай, дәлірек айтсақ 125 күн. Оқ пен отқа оранған осы өткір кездіктің ұзындығындай қысқа мерзімде аға лейтанант, батальон командирі Бауыржан Момышұлы мен генерал-майор, дивизия командирі Иван Васильевич Панфиловтың арасындағы қызмет бабындағы және адагершілік қарым-қатынас мән-мағынасы жағынан тек қана жан-жақты дамып, үздіксіз өнімді өсіп, кеңейіп отырды. Генерал Панфилов Баукеңнің дамылсыз өсуіне түрткі болды, биіктеуіне ықпал етті, қиқарлықтың кесірінен алған бағыттан ауытқып кетпеуін қырағы қадағалап отырды. Бірнеше мысал келтірейін.

А.Бектің «Волоколамское шоссе» романында генералдың адамгершілік келбеті, қолбасшылық қабілеті, әскери табиғаты жан-жақты ашылған, жүрекке жете жазылған.  Романда  осыншама орын алып, ұрыс даласының бел қайыстырар бейнетіне темірдей төзе білген қажырлы қолбасшылығы мен қол астындағы жауынгерлерге қамқорлығының шынайы суреттелуі тек қана Баукеңнің еңбегі. Себебі, А.Бек генерал Панфиловтың атына қанық болса болған шығар, бірақ бетпе-бет жүздеспеген адам. Жазушы Москва түбіндегі шайқас туралы роман жазу үшін 1942 жылдың ақпанында майданға, Холм қаласының түбінде тұрған 8-ші гвардиялық дивизияға шебіне келгенде, өкінішке орай дивизия командирі генерал Панфилов ерлікпен қаза тауып кеткен болатын.

1943-шы жылдың желтоқсан айының соңына таман Баукең майдан даласында алған жарақатынан толық айығу үшін, госпиталдан шыға сала Алматыға демалысқа келеді. Аты аңызға айналған жас батырдың майдан даласында көрген-түйгендерін, кескілескен шайқастардың тарихын, жауынгерлердің жанқиярлық жаппай ерлігін, Панфилов дивизиясының жорық жолын өз аузынан есіту үшін  Мұхтар Әуезовтың ұсынысымен, Қаныш Сәтпаевтың қолдауымен  Ғылым Академиясының үлкен залында 1944-шы жылдың 19-25 қаңтарында, алты күндік әңгіме-дәріс(лекция) ұйымдастырылады. Баукең арнайы жиналған ғылым, өнер, мәдениет саласының және басқада ресми органдардың өкілдерінің алдында күніне бес сағатқа созылған лекция оқиды. 20-шы қаңтарда оқыған лекциясында генерал Панфиловқа арнайы тоқталып, «Панфилов туралы көп жазылып, көп айтылып жүр, бірақ әлі жеткізе айта алған жоқпыз, некрологиялық жаттанды пікірдің аясынан шыға алмай жүрміз, яғни ол жөнінде жазылған шығармаларда генералдың бейнесі жасалына қойған жоқ. Сондықтан да мен Иван Васильевич Панфиловтың бейнесінің А. Бектің повесінде кеңірек көрсетілуіне күш салуға мәжбүр болдым»-дейді. Баукең Панфиловпен соңғы рет 1941 жылдың 17-ші қарашасында жолығып, соңғы бұйрығын алған. Генералдың қайғылы қазасын қоршаудан шыққан соң, 21-ші қарашада есітеді.  Осы қаралы хабардың қалай жетіп, Баукеңе қалай әсер еткені «Волоколамское шоссе»-де өзі былай әңгімелейді «…орман ішіндегі соқпақта тұрып «қаза тапты» деген суық хабарды есіткенде бұған әсте иланбадым, мұны жұрттың алыпқашты әңгімесіне, қисынсыз лақабына жорыдым. Жауынгерлерді аялдатып, өзім әлгі взводтың командирімен, жас лейтенантпен әңгімелестім. Панфилов туралы сұрап едім, тағы да:

-Қаза тапты,-деген жауап естілді.

Сонда да нанбадым. Менің күмәнданғанымды байқаған лейтенант планшетінен майдандық газетті алып, ашып көрсетті.

…Қатты қасірет шегіп, газетке көз айырмай қарадым. Қалың ойға шомып, ерсілі-қарсылы жүрдім». Қанша жерден қатал батыр болғанымен, осы сәтте Баукеңнің мұң мен шерге батып, қабырғасы қайыса, қимастықпен қайғарғаны айдан анық болып тұр емес пе? Баукең шаршап-шалдығып келе жатқан батальонын сапқа тұрғызып, ержүрек жауынгерлеріне Панфиловтың қазасын өзі есіттіреді. Жалындата сөз сөйлейді: «Иван Васильевич Панфилов –дейді Баукең отыз бес градустық аяз қарып тұрған далада, аузынан шыққан демі ақ буға айналып,- адамгершілігі мол, сезімтал жан еді. Солдатты қадірлей білді, ұрыстың тағдырын солдат шешеді, ал солдаттың көңіл-күйі – ұрыста ең айбарлы қару деп біздерге, командирлерге, үнемі ескертіп отырды. Оның жаңа тактикасы жаудың тегеуірінді  соққылары кезінде сынақтан өтіп, сол соққыларға төтеп берді. Ол парасатты да ақылгөй генерал, сабырлы да табанды генерал, заманына лайық генерал болды. Ол шыншыл генерал еді»-дейді Баукең қайраттана.

Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романында Баукең осы ауыр сәттерді жазушыға былай деп әңгімелеп береді. «Панфилов өліпті деген хабар тарағанда батальон дауыл шайқаған сансыз теректей теңселіп кетті. Арсалаңдап алыстан келген жолаушыға үйіне кіре бергенде «әкең өлді» деп естірткенмен бірдей болды бұл хабар. Жаңа ғана екпінді келе жатқан біздің еңсеміз түсіп кетті. Бес жүз метр жерге сүйретіліп әрең жеттік» – дейді алпысты алқымдап қалған Баукең. «Панфиловтың өлгенін көріп, қолыммен қоймағандықтан көпке дейін оны жолаушы кеткен кісідей көріп жүрдім» – деп ауыр күрсінді Батыр.

1943 жылдың 25 шілдесінде 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының(бұрынғы 316-шы атқыштар дивизиясы) құрылғанының екі жылдығына арналған салтанатты жиналыста Баукең баяндама жасайды. Баяндамасында, Баукең, әрине, дивизияның даңқты, ерлікке толы өткен күндерінің ғажап панорамасын жасайды. Көпұлтты дивизияның майдандағы көп дивизиялардың ішінен шоқтығы биік болып тұрғанын  генерал-майор И.В.Панфиловтың ерен еңбегімен, әкелік қамқорлығымен, командирлік кемеңгерлігімен тығыз байланыстырады. «Генерал Панфилов нағыз қолбасшы, аса мәдениетті командир ретінде дивизия құрылған бірінші күннен бастап бөлімдер мен бөлімшелерге ұйымшылдық, темірдей әскери тәртіп пен жауынгерлік тәлім-тәрбие енгізді. Қысқа мерзімде дивизияның әскери дайындығы мен жауынгерлік қабілетін шегіне жеткізе шыңдады» дейді Баукең. Оңтүстік өңірде туып өскен жауынгерлерді майданда кездесетін тоғайларлың ішінде, батпақты жерлерде ұрыс жүргізуге барынша бейімделуі Панфиловтың жеке басының табандылығының, озық командирлік қасиетінің жемісі екенін Баукең тебірене баяндайды.

Қайталап айтайын, Баукең генерал Панфиловтың даңқын паш етіп, өнегелі өмірін қаламның ұшымен, болашақ ұрпақтар үшін мұқалмайтын ескерткіш етіп қалдыру жолында аянған емес. Мысалы, Баукең Калинин қаласында Академияда оқытушылық қызметте жүріп 1951 жылы 26-шы наурызда бір оқырманына жазған  жауап хатында «1942 жылдан бастап генерал Панфилов туралы мен газеттерде әр кезде оннан астам мақала жарияладым»-дейді.

Қолынан қаруы түспей, қан кешіп жүрседе құлағы көп нәрсеге түрік жүріп, елден қол ұшын үзбей, жиі-жиі хат-хабар арқылы байланысып тұрған. Соның бір дәлелі, Баукең 1943 жылы 1-ші қыркүйекте Әбдіхалықовқа және академик Панкратоваға хат жазады. Хатында «Сіздің редакцияңызбен шыққан «Қазақ ССР тарихы» сөзсіз, мәдениетімізге қосылған құнды үлес болып табылады, онда біздің халқымыздың өткен тарихы алғаш рет ғылыми тұрғыдан жинақталынып шынайы жазылыпты». Кітап авторларының адал еңбегіне тиісті бағасын бере келе, Баукең, «сонымен қоса кітаптың ХХХІ тарауының 84 параграфы бойынша сіздердің назарларыңызға төмендегідей кемшіліктерге аударуды өзімнің міндетім деп білемін»-дей келе 11 кемшілікке тоқталады. Сол жіберілген кемшіліктердің ең көлемдісі генерал Панфиловқа қатысты. «Иван Васильевич Панфилов – дейді Баукең- күш жағынан тең емес соны ұрыстарды жүргізуші командир, ұйымдастырушы әрі басшысы, әскери ойдың, тактиканың батыл жаңашылы, солдаттарды тәрбиелеуші-методист ретіндегі нағыз портреті берілмеген. Тіпті оның жеңістерінің негізгі себептері туралы тұжырымдар: дұшпанның генералдарынан Панфилов тактикасының басымдылығы айтылмаған» -деп қана қоймай, Панфиловтың соғыстағы ерлігі мен қолбасышылық қабілетінің ерекшілігін Баукең бояуын сіңдіре суреттеп береді.

Баукеңнің сүбелі шығармаларының бірі «Москва үшін шайқас» («За нами Москва») екені баршаға аян. «Офицер жазбалары» деп те атады.  Бұл атақты шығарма Волоколамск қаласының бас көшесімен сап түзеп, қоршаудан шығып келе жатқан Баукең батальонының  қал-жағдайын, үрейлене дүрліккен қала халқының жай-күйін суреттелуден басталады. Қалжырап қоршаудан шыққан жауынгерлерінің сағын сындырмай, еңсесін биік ұстап, қадамын нық басып келе жатқан батальонды Баукеңнің өзі бастап келеді. Қарсы жүгіріп келе жатқан генералдың адъютанты Баукеңді дивизия командирінің күтіп отырғанын айтады. Генерал екеуінің кездесуін Баукең былай суреттейді. «Табалдырықтан аттай сала, қаққан қазықтай, тіп-тіке тұрып, жағдайды баяндауға кіріскенім сол еді, генерал менің аузымды ашуға мұршамды келтірмей, қолымды жылы пейілмен және әкелік мейіріммен қосқолдап қысып,  етене таныс сабырлы дауысымен:

– Терезеге қарасам, сап түзеген әскерді көрдім. Бұл қайдан шыққан халық деп ойланып тұр едім? Шеруді бастап келе жатқан сізді тани кеттім –деп қолымды босатып, үстелге жақындағанда, ойын жалғастыра: – Шынымды айтсам, алғашқыда өз көзіме өзім сенбедім. Сіз мені өте қуанттыңыз, жолдас Момышұлы, өте қуанттыңыз…Бұзып-жарып шыққандарыңыз жақсы болды…- Толқып тұрған генерал сөзін бөліп, маған аздап тынығып алыңыз деп ишарат білдірді».

Баукең генералдың дәл осылай құшақ жая қарсы алатынын күтпеген болатын. Керісінше, дивизия және полк командирімен байланысқа шықпай, хабар-ошарсыз жау тылында жалғыз қалып шайқасқаны үшін, Баукең өзін батальон командирлігінен алынып, «сазайымды тартармын» деп ойлаған. Тіпті, Панфилов өзін қабылдамауы әбден мүмкін деп күдіктенген. Бірақ, бәрі олай болмады.

Көпті көрген көнекөз генерал Панфилов аға лейтенент Бауыржан Момышұлының қарапайым қара жаяу емес екенін, асқар тау Алатаудың бөктерінде батальонды бабына келтіріп, соғысқа дайындығын сақадай сай етіп шыңдап жатқанда түбегейлі түсінген. Қырағы көз құсбегідей генерал қырандай алғыр аға лейтенанты алақанына салып ақыл айтты, тәрбиеледі, тәлім берді. Алысқанын алып ұратын Баһадүр Батыр етті. Сондықтан генерал Панфилов өз шәкіртінің жау тылында қалып, жеті жүз жауынгерді жетегінен тастамай, күші басым жаумен шайқасына, құрсаудай қоршауды быт-шытын шығарып бұзып өткен қайсарлығына, командирлік ақыл-айласына, тактикалық тапқырлығына, ұшқыр ойына,  ұтымды шешімдеріне тәнті болып, терең мән береді. Осы жорықтың егжей-тегжейіне үңілді, жауынгерлердің ерік-жігерінің, табандылығының табиғатының қыр-сырына қанғысы келді. Генералдың Баукеңнен қоршауда қалған қатерлі күндерде болған барлық жағдайды тәптіштеп сұраудың өзінде терең сыр жатыр (Баукең жай отындай жарқылдаған батальонын, жұдырықтай жұмылдырып тағы төрт рет жау қоршауын бұзып шығады). Баукеңнің сын сағатта сынбайтын Сардар екеніне іштей көңілі толып, риза болып отыр емес пе? Сұрапыл соғыстың жақын арада бітпейтінін елуді еңсеріп қалған генерал Панфилов білмеді емес. Білді. Жеңіс үшін болатын қанды шайқастарда, жағадан алған жауды жер жастандыратын жауынгерлерді  алға бастайтындар – ол Бауыржан Момышұлы сияқты, тепсе темір үзетін жас командирлер екеніне Панфиловтың көзі әбден жеткен. Міне, генералдың Бауыржанға деген ықыласының, мейірімінің, әкелік қаморлығының шексіз және командирлік талабының қатал да әділ болуының сыры осында жатыр. Генерал Панфиловтың адалдығы айтуға тұрарлық. Көзінің тірісінде аға лейтенант, батальон командирі Бауыржан Момышұлы туралы Армия қолбасшысы генерал К.К.Рокоссовскийге айтып, болашағы бар, қабілетті командир екенін құлағына құйып кеткен екен!  Баукеңді полк командирі етіп тағайындағанда армия қолбасшысы Рокоссовский, оның қолын қыса ұстап тұрып: «Марқұм Иван Васильевич сіз туралы маған айтқан болатын. Міне бүгін танысудың сәті туды. Сіз біздің армиядағы аға лейтенант шеніндегі жеке дара полк командирісіз. Тағайындалуыңызбен шын жүректен құттықтаймын» -деген екен.

Дивизия командирі Панфилов туралы Баукең Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романында да тебірене сыр шертеді. Даналық қырынан көрсетеді. Баукең «Правда» газетінде өзімен болған кездесуді есіне алады. Кездесу барысында Баукең Панфиловтың 19 нақыл сөзінің шығу тарихын айтып береді. Соның біреуін тоқталайын. «Ауыр ұрыс кезінде полктарда болғым келеді. Ауырып жатқан баланы әкесі маңдайынан сипаса, ол едәуір әлденіп қалады. Ал ұрыстағы солдат аурумен емес, ажалмен айқасады. Командирі қасында болса, солдат ешқашан да ажалға әл бермейді» – деген екен алғы шепте жүрген комиссар Мұхамедьяровқа. Кең даладағы көшпенділерді темірқазық қалай адастырмаса, Панфиловтың тұнып-тұрған өсиет сөздері Баукеңе өмір бойы сондай бағыт-бағдар берген. Сондықтан болар, полк командирі кезінде 1941 жылдың 5-ші желтоқсанында омыртқасына оқ қадалып, ауыр жаралансада жаумен шайнасып, шайқасып жатқан полкты ұрыс даласына тастамай, жауынгерлердің көз алдында болып, шайқасқа өзі басшылық жасайды.

Бауыржан Момышұлы соғыс кезінде, соғыстан кейін Бас штабтың Академиясында оқып жүргенде, Академияда оқытушылық қызметте болған жылдары генерал Панфилов туралы кітап жазу мақсатында мұрағаттардан сан-мыңдаған деректер жинаған.  1963 жылы генерал Панфиловтың 70-жылдығына орай «Генерал Панфилов» атты кітап жазды. Ол кітап қазақ, орыс және қырғыз тілдерінде жарық көрді. 36 ұлттың өкілінен құрылған дивизияның ірге тасын өз қолымен қалап, саны басым, күші көп жауға ұрымтал тұсынан лап беруге бейімдеп, бүркіттей бүріп, қабырғасын қайыстырып қырып салуға үйретіп, шегініп жүріп тойтарсы беруге тәрбиелеген генерал Панфиловқа Баукең өзінің осы кітабын болашақта маңызы мәңгі жасайтын ескерткіш етіп қалдырды.

Айтпақшы, ескерткіш демекші…  Мәскеуден 130 шақырым жерде орналасқан Волоколамск қаласының оралығында қоладан құйылған екі ескерткіш тұр. Біреуі орыс халқының адал перзенті генерал И.В.Панфиловқа, екіншісі қазақ халқының батыр ұлы полковник Бауыржан Момышұлына. Генерал соғыстың алғашқы айларында 8-ші гвардиялық дивизияға, полковник  соғыстың соңғы айларында 9- шы гвардиялық дивизияға командир болады. Ұстаз да қолбасшы, шәкірт те қолбасшы. Ұстаз жеңіске жетер жолды бастап берді, шәкірт ұстаз салған сара жолмен жеңіске келді. Қос қыранның есімі, ерлігі, даңқы қанаты талмай дәуірден дәуірге жетері хақ!

Әли-Хан Омарбеков,

отставкадағы полиция полковнигі. Семей.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation