Менің анам, Райжанқызы Рафия, 1942 жылы, 14-мамыр күні, Қытай Халық Республикасында, Құлжа қаласынан ары, Нылқы ауданының жайлауында, Қас өзенінің бойында дүниеге келген. Анасы Райхан ерте өмірден өткен, үйде Райжан әкесінің анасы Бопажан Ұлтарақызы әжеміз бар екен. Сосын Райжанның қарындасы Рәпіш. Менің анам осылардың тәрбиесінде өскен. Әкесі анам 19-20 жасқа келгенше үйленбеген. Ол кісі сері, оқымысты, орысша да сауатты кісі болған екен. Анамның атын қазақтар айтатын «Рәпия» емес, орыс әріптерімен «Рафия» – деп жазып, үйреткен көрінеді. Анам сол күйі өз атын солай жазатын, құжатта да солай болды. Әкесі өнерлі адамды құрмет тұтып, қадірлеп, сондай адамдармен дос болып жүргендіктен қызын 11 жасынан кәсіби өнерге баулу үшін Үрімжі қаласына, әскери ән-би мектебіне береді. Ол елдің тәртібі бойынша өнер мен әскери тәрбие қатар оқытылған. Және тек қана би емес, ән айту, тамақ жасау, киім тігу, тоқыма өнерін де бірге оқытқан. Анам сол әскері ән-би ансамблінің құрамына ерте ілігіп, бишілер тобымен Қытай елі ғана емес, бірнеше шет елдерге де гастрольдік сапарға шыққан. Бір қызығы анам 1960-жылдардың басында сол әскери ансамбльдің құрамында сол кездегі Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласында да өнер көрсетіп кеткен. Анамның әңгімелерін еске түсірсем, ол кісі сол ансамбльмен Бирма, Непал, Вьетнам елдерінде де болған. «Тибетке барып концерт берген күні, Далай лама Америкаға қашып кетті» – деп айтқаны есімде. Міне, ол кісі осындай бірнеше тарихи оқиғаларға да күә болған. Қазақстаннан Сәбит Мұқанов бастаған делегация барғанда да солардың алдында өнер көрсетіп, қонақтарға шай тасып, қызмет жасапты.
Ал, енді ең қызықты оқиға, үйдегі ұзындығы бір метрдей болатын, ортасында Мао көсем бар, мыңдаған адам анық түскен фотосурет. Ол суретті 1963-жылы шекарадан өткенде біреулер «Маоның суретін өткізбейді, алып қояды!» – деген қауесет таратқан көрінеді. Соны естіп анам ол суретті үшке бөліп, жүннің, көрпенің араларына тығып, алып өтіпті. Суретте нақты уақыты есімде жоқ, Бежінде өткен Қытай Халықтарының үлкен құрылтайына келген делегаттар сол кездегі Қытай Үкіметінің басшыларын ортаға алып түскен. Арасында менің анам да бар. Құрылтай өтіп жатқан кезде әр ұлт өкілдері Маоның алдында өнер көрсететін мәдени бағдарлама болыпты. Қазақ ұлтының атынан шыққан өнерпаздардың бірі менің анам Рафия Райжанқызы екен! Көрсетілім біткен соң Мао артситердің бәріне алғыс айтып, қатар тұрғандардың бәрінің қолын алып, ризашылығын білдіріп келе жатып, менің анама келгенде тоқтап қалады. Анамның қолын алып: «Кішкентай қыз, атың кім?» – деп сұрайды. Анам таза қытай тілін білгендіктен қытайша жауап береді. «О, хансусың ба?» – дейді сонда көсем. «Жоқ, қазақтың қызымын, хансу тілін жақсы білем» – деп жауап береді анам.
Мао оған күліп, риза болып: «Үстіңдегі киімің болмаса хансудың қызы сияқты екенсің, бақытты бол, кішкентай қазақ!» – деп, кете береді.
Анам ерке өскен. Сондықтан мінезі тік, ойындағысын бүкпесіз айтып салатын еді. Хансу тіліне байланысты тағы бір оқиға бар. Сол оқиға кеңес дәуірі кезінде менің әке-шешемнің біраз жүйкесін жұқартып, көптеген қызметтік кедергілерге кезіктірді. 1970-жылы, Алматы облысы, Нарынқол халық театры Бүкілодақтық көркемөнер байқауына, Мәскеуге барды. Бұл менің анамның Мәскеуге үшінші рет, енді сәбет азаматы ретінде баруы еді. Мұндай үлкен шараға ол кезде үкімет пен коммунистік партия өте жоғарғы деңгейде көңіл бөлетін. Нарынқол халық театрын Алматыдан неше түрлі мамандар келіп даярлап, Ұлт аспаптар оркестрін, бишілер тобын, вокалды-инструментальды ансамбльді, жалпы Нарынқол ауданының барлық өнерпазын қосып, жүздеген адамды Мәскеуге апарады. Мен ол кезде бес жастамын. Мен де сол топтың ішіндемін. Есімде қалғаны көшеде ұлттық киіммен жүргізді. Әлде суретке түсу үшін сөйтті ме, әйтеуір Мәскеуде түскен суреттердің көпшілігі қазақтың ұлттық киімдерімен. Өз киімімен жүрген мен ғана. Қызыл алаңда солай жүрген кезінде көк китель киген Қытай азаматтары да суретке түсіп жүр екен. Сол кезде біздің арамызда әкем Әбдіғалым Наймантаевпен қалжыңдасып жүретін бір досы «Әбеке, Рекең анау қытайлармен сөйлесе ала ма? Тіл білемін дей береді, рас па өзі?» – деп қалады. Оны естіп, намыстанған анам, әлгі қытайларға барып «Сіздермен суретке түсуге бола ма?» – деп, хансу тілінде айтады. Қызыл алаңда өз тілінде сөйлеп тұрған әдемі көйлектегі келіншекке таңдана қараған олар суретке түсіре бастайды. Ол сәт еміс-еміс менің де есімде, шүлдірлеп бірдеме айтып, мені де суретке түсіріп, анамды да, әкемді де, сол арада жүрген қазақтарды да сыртылдатып жүрді. «Тілді қайдан білесіз, қайдан, неге келдіңіз?» – деген сұрақтар екен сондағысы. Анам сол сұрақтарға жауап берген. Кейін Мәскеуден Алматыға келгенде, вокзалдан әкем екеуін, менімен қоса КГБ күтіп алады… Тергеу, тексеру. Қойшы әйтеуір, сол оқиға анамның беліне қоңырау болып байланды. Ол кезде Кеңес Одағы мен Қытай үкіметінің саяси жағдайы да мәз емес еді. Оның үстіне өзіміз Қытаймен шекаралы ауданда тұрамыз. Шекара жиі бұзылатын. Ол жақтан біреу қашып өтті десе, өтпек болды десе де біздің үйде тінту болатын еді… Ол заманда аудандағы мәдениет қызметкерлеріне берілетін үлкен атақ «Қазақ ССР-ның мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер» – деген болатын. Анамды, әкемді де сол атаққа жылда ұсынатын, кейін білдім, ала алмаған себебі, «күдікті адамдар тізіміне» сол кезде КГБ кіргізіп қойған екен.
Ата – анам асылдарым менің
Әкем екеуі 1963 –жылы, Қазақстанның халық артисі Дәнеш Рақышев Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үшарал халық театрын ашқанда танысады. Театрды менің атам, Дәнеш Рақышевтың досы Ерғали Наймантаев бірге ашысып, сол театрда қызмет етеді. Дәнеш ағамен анам Қытайда да бірге қызмет атқарған, анаммен рулас, әкесін білетін, аға-қарындас болып сыйласқан жандар еді. Мен Дәнеш ағаны «нағашы» дейтінмін. Сол театр құрамында Мәскеуге барады. Бұл анамның екінші баруы. Сол кезде өнері көзге түсіп, кейіннен Нарынқол халық театрына шақырту алады. 1964 жылы үйленген екеуі қол ұстасып Нарынқолға келеді. 1965 жылы мен, сол Нарынқолда дүние есігін аштым.
Анам өте зерек адам еді. Шекарадан бері қарай өзінің әжесімен және әкесінің қарындасы, ол кезде бала-шағалы болған, Рәпіш әпкесі, Әлімғазы жездесімен, 1963-жылдың 22-ақпанында өтеді. Әкесі жаңа үйленген, жас баласы бар, «Ертең өтемін» – деп қалып қояды. Бірақ, ертесі күні, 23-ақпан күні шекара мүлдем жабылады. Әке ар жақта, өзі әжесімен бер жақта қалады. Әжеміз 102 жасқа келіп, 1984 жылы дүниеден қайтты. Содан кейін, тура алты жылдан кейін, 1990-жылдың сәуір айында, анамды Қытайға алып бардым. Араға 27 жыл салып туған жерімен, бауырларымен қайта қауышты. 27 жыл сөйлемеген хансу тілімен шекарадан ары өте сала, кеденшілер мен шекарашылар тексерген кезде бірден, қайтадын тап-таза сөйлеп кетті. Құлжаға бара жатқанда жанымызға бір шекарашы отырды. Анам одан әр нәрсені сұрап, әңгімелесіп отырды. Бір кезде маған қарап «Балам-оу, мен тілді ұмытпаппын ғой, манадан бері мынаумен сөйлесіп отырмын ғой, шынымен» – деп күлді…
Әкем мен анамның көзін көргендер әлі де «Шіркін, Рафияның салған әні! Мың бұрала билеген биі! Соншама киімді қалай жылдам ауыстырады?», «Ойбұй, төбесіне қойған кесесі құлап кетпесе екен деп отырушы едік» – деп, сағына еске алады. Анам он тоғыз тілде ән айтатын. Дүние жүзі халықтарының биін билейтін. Сүйген жарына, еліне, бала кезден шыққан сахнасына адалдығын сақтаған күйі өмірден озды. Әйтеуір, жалғыз ұлы, менің елге танылғанымды, келіні Майраны, екі немересі Ділбар мен Бекнарды көріп, аттарын өзі қойып кетті. Сол жанға жұбаныш…
Асқар НАЙМАНТАЕВ,
Алматы қаласы.
“Қызыл жусан”