Дін – ғылымның атасы. Дінге бойлаған сайын әлемнің «кереметтерін» жете түсініп, мағынасын ұғынамыз, мағыналы өмірге талпынамыз. Бірақ, сол дінді дұрыс түсіну бар да, оны бұрыс қабылдап, жат ағымның жетегіне еру де бар. Өкінішті, әрине. Санасына селкеу түскендер исламды өзінше бұрмалап әлек.
Бүгінгі күні түйіні тарқалмай тұрған тақырыптың бірі – қыз-келіншектердің орамалмен «бүркенуі». Орамал мұсылмандыққа жат нәрсе емес. Десе де, бет-ауызын тұмшалау емес, келісті етіп басына тақса ғана исламның ибалысы атанбақ. Хиджабтың «дауы» бөлек. Түп тамырын қазбаласақ, хиджаб – арабтардан келген тұмша. Яғни, олардың ұлттық киімі. Үнемі құм борап тұратын шөл далада өмір сүргендіктен әйелдері көздерін ғана ашық қалдырып, тұмшаланып киінетін болған. Климаттық жағдай осыны «талап етеді». Ал, оны хиджаб кимеген мұсылман емес деп, біреудің қаңсығын таңсық көру әбестік. Бүгінгі күнде тек жәдігер ретінде сақталған кимешек қарға тамырлы қазақтың ұлттық киімі. Қазақтың кимешегі мен сәукелесі хиджабтың көлеңкесінде қалып кетпесін десек, діни сауатты болуға тиіспіз. Түптеп келгенде, мұсымандықтың айғағы тұмшаланып киіну емес, жүректегі иман.
Бүгінде қоғамда алаңдаушылық туғызып отырған мәселелердің бірі осы. Бірі тұмшаланғанды қолдайды. Өзінше түсінік береді. Енді бірі, мұсылмандықты белгісі жүректегі иман деп біледі. Исламдықтың айғағын анықтар болсақ, бұл мәселе көкпар емес, басып, қашып, қазанға тастай салатын. Ұлт болып ұлттың ұлылығын сақтау әркімге парыз. Абыройды борыш. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жамылғыларын түсірсін…» («Ахзап» сүресі, 59-аят) деп бұйырған. Аятта киімнің түсі, анық белгілері айқындалмаған. Әр халық өзіндік ерекшелеріктеріне, ұстаным мен таным-түсініктеріне орай киінеді. Ал, қазақтың ежелгі мәдениетін, тасқа қашалған тарихын қарасаңыз, кимешек пен сәукеледей әдемі киім үлгілерін ғана көресіз. Біздің қазақтың ұлттық киімі де діни киімі де осы. Олай болса, сын сағатта садақ тартып емес, ақылға салып дұрыс жолды, оң бағытты таңдайық!
«Танымас жерде тон сыйлы» деген бар. Демек, ұлттық нақыштан адаспай, алыстамай өзімізге ғана тән киімдерді тұтынып, имандылықтан алшақтамайық. Ең бастысы, иман – жүректен.
Әлия ТАУКЕНОВА.