Дөңгеленген дүние дидары әр мезгілде адамзатқа әлдебір қуаныш, тыныштық, кей кезде мазасыз тірлік, қуаныш сыйлайды. Айлы аспан астында, жеті қат жердің үстінде тамыр жайған табиғаттың адамға берері мол. Көңілді көлеңке басқанда да табиғаттан сая мен тыныштық іздейтініміз жасырын емес. Ал, біз табиғат үшін не істей аламыз? Халқымыз тауды бұзып, тасты жарып, жерді терең қазып ел үшін біраз игі істерді жүзеге асырды. Ғылыми-техникалық революция болды. Көптеген өнеркәсіп іске қосылды. Сол кездерде мұның қызығын да көрді. Өкінішке орай, ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері және шапшаң дамуы, адамзаттың барған сайын ашкөздікпен табиғатты тонауы айналадағы жаратылыстың тепе-теңдік заңдарын бұзды. Осылардың нәтижесінде жеріміздің ауасы тарылып, өзен-көлі бүлініп, жайылымдардың топырағы тілініп, қоршаған ортамыз көз алдымызда азып-тоза бастады. Мұның соңы азынаған желге, ащы және улы жаңбырға, ормандардың мезгілсіз қурауына, ауа райының бұзылуына, қоршаған ортаның әртүрлі улы қосылыстармен ластануына әкеліп соқтырды. Адамдардың денсаулығы нашарлап аурулардың түрлері және саны көбейді. Енді табиғат адамнан араша күтіп тұр.
Ал, табиғатты қалай қорғауға болады? Бұл өте күрделі мәселе. Аталған мәселе жайлы, ауданның экологиялық ахуалын Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының ғылым және туризм жөніндегі орынбасары Ерғалым Ошақұлынан сұрап білген едік.
– Бүгінде ауданның экологиялық жағдайы көңіл көншітпейді. Көмір кеніштерінің зардабынан тау бөктеріндегі қарағайларға зақым келуде. Қарағайлар сарғайып, ауруға шалдыққан. Олардың қандай ауру екендігін әлі нақты білмейміз. Олар Семей қаласында тексерістен өтіп жатыр. Тексеріс қорытындысы дайын болған кезде олармен күресу не болмаса алдын алу жолдары да белгілі болады. Одан бөлек, ауданда белден басып тұрған тағы бір мәселе бар. Қай кезде де алдымыздан көлегейлеп шығып тұрған тазалық мәселесі тұрғындар тарапынан болады. Өліп қалған жануарлар, мысық-иттер тау бөктерінде, көл жағаларында жатады. Өлген малдан қаншалықты зардап келетінін жұрт толық түсінбейді не болмаса байыбына бармайды. Одан қалса, жеңіл көлік терезелерінен тамақ, шырын қалдықтары мен бөтелкелерін де «аспандатып» жатады, – дейді ашынып.
Баянауланың баянды бағын бастан ұшырмай, онан сайын аспандату мен асқақтату әр тұрғынның өз қолында екенін жұрт түсінсе игі еді. Қоғам індетіне айналмай тұрғанда бұл ахуалды біржақты етудің шаралары жүргізіліп-ақ келеді. Атап айтсақ, бұлақ көздері аршылып, аудан төңірегіндегі барлық көлдерідің жиектері тазартылып жатыр. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жүргізіледі. Мектеп орманшыларымен де қатынс орнаған. Десе де, атқарылар шаруалар да шаш етектен. Бүгінгі күні туындап тұрған экологиялық ахуалдың басты шешімі неде екенін де баса айтты Ерғалым Коерденов:
– Ауданда экологиялық орталық ашу керек. Құзырлы мекемелермен қоян-қолтық жұмыстар атқарылғанда ғана мәселенің шешімін тауып, жауапсыздық пен келеңсіздіктің алдын алуға болады. Осы мәселені шешу үшін ең алдымен, адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, тәрбиелеу керек. Балабақшадан бастап, мектептерде, жоғары оқу орындарында, адамдардың табиғатты, қоршаған ортаны аялау керектігін түсіндіру керек. Қазіргі заманға сай экологиялық идеология қажет. Егер біз жас ұрпақты кішкентай кезінен бастап табиғатты сүюге тәрбиелемесек көп нәрседен ұтылатынымыз хақ. Әрбір тәрбиеші, мұғалім, маман, басшы, экология негіздерін жақсы білуі қажет. Сонда ғана әрбір адамның миында, қанында, көзқарасында қоршаған ортаны бүлдірмеу керектігі туралы негіз қалыптасады. Адамдар сонда ғана туған өңір табиғатын қорғауда белсенділік көрсете алады. Газет-журналдарға мақала жазу, баяндама жасау, теледидардан мәліметтер беру, жазушылармен, ғалымдармен кездесулер өткізудің нәтижелері мол болады.
Өз жеріне адалдық, туған жерге деген сүйіспеншілік қана өз ортасын таза ұстауға үйретсе керек. Айналамыз көгалданса көңіл жайланып, табиғатпен әлдебір үйлесімділікті байқайтындаймыз. Ең бастысы, адамдарда экологиялық мәдениеттілік жоғары болуға тиіс. Ерғалым Ошақұлының да пікірі осыған саяды.
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл.