Сенбі, Маусым 30, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > Жаз келіп, жан жайланды. Десе де…

Жаз келіп, жан жайланды. Десе де…

Жаз келді. Тәнімізге тыным, жанымызға тыныс берер шақта демалыс орындары қол бұлғап, «мен мұндалап» шақырып-ақ тұрады. «Жаздыгүн шілде болғанда күркіреп жатқан өзенге ауыл көшіп қонатындай». Салқын суға бой үйретіп, шақырайған күнге арқа қыздырар сәт келді. Жаз келіп, жан жайланды. Десек те, осы мезгілдің жақсылығымен қоса жайсыздығы да байқалады…
Жазда тұрғындардың барлығы көл жағасында демалып, суға түскенді, жан рахатын судан тапқанды ұнатады. Ал, Баянаула мұндай кезде таптырмас орын. Жан тыныштығын сыйлайтын орын кей жағдайда жағымсыз оқиғаларға да душар қылары сөзсіз. Апат жағдайдың алдын алып, орны толмас қайғыны болдыртпау үшін аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қарқынды қызмет етуде. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Орман Түсіповтың айтуынша, аудан бойынша көл жағаларында 12 құтқарушы адам өмірінің күзетінде тұр. Аудан аумағындағы Жасыбай, Торайғыр, Біржанкөл, Сабындыкөл көлдерінде құтқарушылар сайдың тасындай тізіліп, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, өткен демалыс күндері көл жағасында демалушыларға рейдтік шаралар жүргізіліп, жадынамалар таратылған. Аудан әкімдігінен 12 адам, төтенше жағдайлар бөлімі, өрт сөндіру қызметі, құтқару бөлімі және Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері рейдтік шараларға жұмыла кірісіп, жағымсыз жағдайдың бетін қайтаруда. Мәселен, демалыс күндері 238 адамға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары таныстырылған. Орман Тоқтарұлының мәлімдеуінше, өткен жексенбі күні бір адам судан құтқарылған. Бүгінде жағдайы қалыпты.
Жаз шуағын енді шашты. Демалыс аймақтарына еліміздің түкпір-түкпірінен демалушылар ағылып келетіні белгілі. Құтқарушылар тобы суға шомылғанда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтануды ұсынады. «Сақтансаң, сақтайды» – деген бар. Апат айтып келмейдіні ескеріп, өзіміздің және жақындарымыздың өміріне аса сақтықпен қарайық. Демалысыңыз қызықты әрі жағымды өтсін!

Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation