Өр жердің өзіндік тарихы, атын әйгілейтін белгілі бір ерекшеліктері, ескерткіштері, ұлы тұлғалары болады. Қазақ топырағындағы сондай ерекше орынның бірі-түркі жұртының қара шаңырағы атанған Түркістан қаласы. ХVI-ХІХ ғасырлар аралығында Түркістан қазақ хандарының орда тіккен мекені болып келді.
Жазушы Дүкенбай ДОСЖАН «Тарихы терең Түркістан» атты мақаласында орта ғасырларда өмір сүрген белгісіз бір ақынның сөзін келтірген екен:
Ен далада мекендеген еркін, ерке ел едік,
Жұртымызды жеті каттың ілімімен жебедік.
Мұнда «Даналықты» жазған ақын туған,
Мұнда «Негіздерді» талдаған ғалым тұрған.
Болса тәңірім екінші өмір қиғандай:
Түркістанда көз жұмар ек қиналмай.
(«Жұлдыз» журналы, 1990, №4)
Ондаған хандарымызды былай қойғанда, халқымыздан шыкқан небір атақты батырлар мен айтулы билердің соңғы мекені осы жер екені белгілі. Олардың кең-байтақ, қазақ сахарасының әр түкпірінен жеткізілуінің өзі тұнып тұрған хикая. Соның бірін ғана еске түсіремін.
Тарихшылардың жазуы бойынша Абылай ханның басшылығымен жоңғар шапқыншыларына қарсы күресте ерлігімен көзге түскен қолбасшылардың бірі Тобықты руының батыры Мамай Жұмағұлұлы 1702 жылы Сыр бойында туып, 1799 жылы Шыңғыстау өлкесінде дүниеден өткен. Батырдың жүрегі мен ішкі құрылысын сонда Орда тауының бөктеріне жерлеп, ал денесін Тобықтының игі-жақсыларынан құрылған жүз қаралы адам Түркістанға Ахмет Иассауи мавзолейіне әкеліп арулап қойған. Мұндай құрмет халқымыздан шыққан санаулы адамдарға ғана көрсетілген.
Түркістан дегенде – алдымен аузымызға ақын, софылық ағымның ірі өкілі Қожа Ахмет Иассауи оралады. Ал Ахмет Иассауи дегенде көз алдымызға оған Ақсақ Темір салдыртқан мавзолей келеді, тілімізге оның бүгінгі ұрпаққа кеткен шығармасы «Диуани Хикмет» ілінеді.
Кейінгі жылдары қазақ ғалымдары Ахмет Иассауидің өмірі мен одан қалған асыл мұраларын зерттеу барысында көп ізденіп, еңбектерін жариялап жатыр. Осы тақырыпқа академик Әбдімәлік Нысанбаев қалам тербеп, тоталитарлық жүйеден жаңа заманға көшуге байланысты ұлттық идеологияны қалыптастырып, жастарды соның рухында тәрбиелеуде Ахмет Иассауи шығармашылығының тағылымы төңірегінде мынадай ой айтыпты: «.. Алдымен жастардың иманы мен дүниетанымын қалыптастыру арқылы. Мұның ең төте жолы-бұрын айтылмай келген, жазуға тыйым салынған Қожа Ахмет Иассауи сынды ұлы ойшылдарымыздың мұраларын жаңаша талдап, жастарымызға әсерлі етіп ұғындырып беру.
… Мақсат — жаңадан қолға алына бастаған иассауитану ісіне дұрыс бағыт ссілиеп, болашақ зерттеушілерге ой салу. Қожа Ахмет-Иассауи бабамыздың дәстүрлі ұлттық дүниетанымымызтарихындағы орнын айқындау мәселесіне жжаңаша көзқарас қалыптастыру» (Ә. Нысанбаев. Қожа Ахмет Иассауи дүниетанымының әлеуметтік және философиялық астарлары – 1998, №6, 29-30-б.)
Осы тұрғыдан алғанда иассауитану ісіндегі кейбір мәселелерге байланысты нақты тұжырымдар жасалуы тиіс деп есептеймін. Ең алдымен «Диуани Хикметтің» қай тілде жазылғандығы жөнінде? Мәселені бұлай қоюымыздың себебі: ғалымдарымыз бен жазушыларымыздың арасында әлі күнге дейін ол туралы ортақ, пікірдің жоқтығы. Олардың жазғандарына тоқталмас бұрын алдымен энциклопедияға жүгінейік. Энциклопедияның алатын орны мен маңызы жәйлі белгілі баспагер, ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Көне заманның ғұламалары «кітаптардың кітабы» деп бағалаған энциклопедиялық басылымдар әрдайым ғылыми жұртшылық пен қалың оқырман қауым тарапынан жоғары бағаға ие болып отырған» деп жазыпты. Сондықтан да кез келген дүниеге байланысты деректерді іздегенде энциклопедияны басшылыққа алған дұрыс деп санаймыз. Сонымен Қазақ Совет энциклопедиясының 3-ші томын ашайық: «Диуани Хикмет» 12 ғасырдан сақталған әдеби ескерткіштердің бірі. Түркі тілді халықтардың орта ғасырлық әдеби мұрасы. Шығарма ескі түркі тілінде, араб емлесімен жазылған» (ҚСЭ, т.3, 1973, 593-бет). Міне, «кітаптардың кітабында» А. Иассауи шығармасының ескі түркі тілінде арабша жазылған деуіне орай ешқандай дау жоқ. Ол туралы белгілі философ, ҚР ҰҒА корреспондент- мүшесі Ғарифолла Есім де «…шындығы сол, Иассауи мұсылмандық пен түркілікті қатар ұстаған. Оның ең басты дәлелі, өз хикметтерін түркі тілінде жазды. Демек, ойлау мәдениеті де түркілік деңгейде болған. Осы тұрғыдан келсек, Иассауидің өзінен кейінгі түркі дүниетанымына тигізген әсерінің ғажап молдығына шүбә келтірмейсің» депті («Ақиқат» журналы, «Суфизм», 1997, №11, 58-бет)
Мәселе, шығарманың тек түркі тілдері бұтағының қай тобына жататындығына байланысты. Енді қалыптасқан сондай пікірлердің кейбіреуіне тоқталайық.
«Қыпшақ диалектісінде жазылған Яссауи өлеңдері өз кезінде сахарадағы көшпенділер арасына кеңінен тарады» (М.Мағауин. «Ғасырлар бедері». Әдеби зерттеулер. Алматы. «Жазушы». 1991, 294-ші бет).
К.Тәжікова мен Ш.Шағатаева «Қожа Ахмет Яссауи» атты мақалаларында «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы») оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген, өте қарапайым, көпшілікке түсінікті тілмен жазылған төл әдеби туынды. Ақынның кең өлкені көшіп-қонып жүрген түркі тайпаларының бәріне де түсінікті ауыз екі сөйлеу тілінде әдемі жеткізе алғандығына күмән келтірмейміз» деп жазыпты («Қазақ». Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқу құралы. «Білім». 1994,144-145-б.)
Академик Ә.Нысанбаев «оның үстіне Қожа Ахмет өз жырларын түркі халқының ежелгі жазба тілі – көне шағатай тілінде жазған. Бұған қоса, оның даналық дастандарының тіліндегі бүкіл ұғым-түсінік түркі ұғымы, түркі түсінігі, тіпті, сопылық әдебиетке етене тән ишараттардың (символдаудың) өзі түрік ұғымында қолданылады», деп ой түйеді.
Ғалымдар М.Балақаев, Р.Сыздықова, Е.Жанпейісов «… XV ғасырда Сырдарияның төменгі бойында Ахмет Иассауидың «Хикмет» деген мистикалық идеяны уағыздайтын кітабы шығады. Оның тілінің негізі қыпшақтық болғанымен, оны да қазақ әдеби тілінің сол тұстағы тікелей үлгісі – дей алмаймыз» деп жазыпты («Қазақ әдеби тілінің тарихы». Университет пен педагогикалық институттардың филология факультеттеріне арналған оқу құралы. Алматы, 1968, 9-10-б.).
Өнертану ғылымының кандидаты Н.Б.Нұрмұхамедов өзінің «Қожа Ахмед Иассауи мавзолейі» альбом кітабында (Алматы, 1980, 7-бет) «Бұл шығармасын Қожа Ахмет қалыптасып қалған ақындар дәстүрі бойынша араб тілінде де, парсы тілінде де жазбай, шағатай тілінде, көшпелі түркілердің оғыз-қыпшақ сөздерін пайдалана отырып жазған-ды» дейді.
Тағы бір белгілі ғалым археолог ағамыз К.Ақышев пен Е.Агеева «Древние памятники Казахстана» (Алматы,1958) атты кітапында «Турецкий ученый Кепрюлзаде Махмуд Фауда считает, что многие из них написаны на древнем карлукском диалекте» деп жазыпты. Ал, тіл білімінің үлкен маманы Ғ. Мұсабаев «Түркістандық Хожа Ахмет Иассауидің «Хикмет» атты 3 кітабы өлеңмен жазылған. Кітаптың тілі жатық, қыпшақ тілімен жазылған. Бұл нұсқалардың құндылығы тілінің біздің заманымызға жақындығында. Лексикалық айырмашылық: араб-иран тілдерімен қолданған сөздерінде» деген тұжырым жасапты («Қазақ тілі тарихынан». Алматы, 1988, 58-бет).
Сонымен, «Диуани Хикмет» шығармасының қайтілде жазылғандығы жөніндеп пікір әртүрлі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Диуани Хикметтің» кай тілде жазылғандығы жөнінде ортақ тұжырым керек. Ал, жоғарыдағы келтірілген деректерді сараптайтын болсақ, шығарманың – қыпшақ тілінде жазылғандығы жөніндегі пікірлердің басымдығын байқаймыз. Сонымен бірге Қазақ Совет энциклоледиясында жарияланған «Көне қыпшақ ескерткіштері (6-том) және «қыпшақ тілдері» (7-том) атты мақалаларда да ғалымдарымыз «Диуани Хикметті» араб жазуымен қыпшақ тілінде жазылған еңбектердің қатарына жатқызады. Ал енді осы тілдің дұрыстығын ғалымдар тағы да тың зерттеулермен толықтырып, ғылыми шешімін жариялап жатса тіпті дұрыс. Оның бір себебі, иассауитану ілімін дамыту барысында оның көмескі тұстарына дұрыс баға беру арқылы ғана ғұлама бабамыздың тағылымын жас ұрпаққа өз деңгейінде жеткізуге болады.
«Диуани Хикметтің тағы бір қырына назар аударғанды жөн көрдік, «Театр киім ілгіштен басталады» деген нақыл сөз бар. Сол сияқты кез келген әдеби шығармаға ат қойылады, оны оқу, зерттеу содан бастау алады. Сондықтан да қандай да болмасын, әдеби туындының атауының мән-мағынасының өзі көп жағдайда біраз нәрсені аңғартады.
Ал енді «Диуани Хикметті» бастамас бұрын, оқырманның «Бұл өзі қандай атау, нені білдіреді?» деп ойлануы әбден мүмкін. Тағы да энциклопедияны қарайық. «Диуани Хикмет» – Қожа Ахмет Иассауидің шығармасының арабша аты. Диуан -кітап, шығарма, жинақ, хикмет – уағыз, өсиет, ғибрат, нақыл сөз деген мағынада» (ҚСЭ.1973, т.3. 593-бет). Бұл жазылғанға хош айтып, қазақшалануы қалай екен деп қолға түскен біраз деректерді қарадық. Одан шығатын қорытынды, әркім өзінше түсінген, өз еркінше аударған. Олардың аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйық. Тек аудармалар тізімін қарайық: «Ақыл кітабы», «Дана уағыздар топтамасы», «Даналық дастаны», «Парасат жинағы», «Даналық жайындағы кітап», «Даналық жыры». «Даналық кітабы», «Өлеңдер жинағы» және т.с.с.
Менің пікірімше, бұл шығарма атауына «дана, даналық» деген теңеулерді қолданған дұрыс емес. Өйткені, Ахмет Иассауи осы еңбегін жазып қалдырғанда «мен данышпанмын, мұным даналық сөздер» деген оймен атауы мүмкін емес сияқты. Әрқашанда ұлы адамдар кішіпейіл болған ғой. Айталық, «Нақыл сөздер жинағы» деп аударсақ, дұрыс сияқты.
Мақаланың басын Түркістанмен бастап едік, енді соңын да Түркістанға байланысты аяқтағым келіп отыр. Өйткені, қаланың тойы мерекеленуге аз уақыт қалды, оған дайындық қызу жүріп жатыр. Осы ұлы тойға Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ұжымы, оқытушылар қауымы да ат салысып, бір күндік жалақыларын «Парыз» қорына аударды. Әрине, көп болмаса да «көп түкірсе-көл» деген. Ал осы мақаланы жазудағы басты мақсат: ерте заманнан-ақ қазақ тайпаларының мәдени, білім және әкімшілік, орталығы болған, ұлы ғұламалары мен ойшылдары өсіп-өнген Түркістан қаласының мерейлі тойына аз да болса, үлес қосып, оқырмандарға ой салу еді.
Өмірзақ Сұлтанов,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті.