Сәрсенбі, Тамыз 29, 2018
Негізгі > Ел бірлігі > Талғат Рысқұлбеков, желтоқсан көтерілісіне қатысушы: ҚАЙРАТ АҒАМ ҚАЗАҚТЫҢ НАМЫСЫ ЕДІ

Талғат Рысқұлбеков, желтоқсан көтерілісіне қатысушы: ҚАЙРАТ АҒАМ ҚАЗАҚТЫҢ НАМЫСЫ ЕДІ

«Орысша шүлдірлейтін болсаңдар , келген жақтарыңа қайтарып жіберем !»

Мен Қайраттан екі жас кішімін. Біз тете өстік. Жалпы, сегіз ағайындымыз. Қайрат – үшіншісі. Әкеміз Ноғайбай – зоотехник, шешеміз Дәметкен – сауыншы болған. Қайрат екеуміз Шу, Мойынқұм ауданында малшылардың балалары оқитын мектеп-интернатта оқыдық. Ол жақсы оқыды, өте белсенді болды. Мерекелік шаралардың бәрінде де Қайрат жүретін. Бала күнімде менің мінезім шатақтау еді. Үнемі біреулермен сөзге келіп қалатынмын. Сонда Қайрат: «Елге жұдырық жұмсай бергенше, өзіңе пайдалы іспен айналыс, спортпен шұғылданып, күреске қатыс» деп күреске жаздырды. Өзі де күреспен айналысатын. Мен кейін боксқа ауысып кеттім. Қайрат ағам жақсы суретші еді. Мектепте  түрлі мерекелерде қабырға газетін шығаратын.

Ауылымызда бір татар отбасы болатын. Әлгі үйдің өзім сияқты баласымен ойыным да, сөзім де жараспайтын еді. Жиі төбелесіп қаламыз. Қайрат төреші. Мән-жайды анықтап, бауыры мені емес, татар баланікін дұрыс дейтін. Мен ашуланып, ыза боламын. Сондайда Қайрат: «Әділдікке көз жұмып қарауға болмайды, әрине, сен менің бауырымсың, бірақ сенікі теріс» дейтін.

Шамасы Қайрат 9-10 сыныпта жүргенінде-ау деймін, мені велосипедінің артына мінгестіріп алып, қырманға бардық. Онда біздің ауданға көмекке Жамбылдың (қазіргі Тараз) Гидромелиоративтік институтының студенттері жүгері жинауға келіпті. Қырманда қызу еңбек жүріп жатыр. Қалалық студенттер әлдеқандай боп орысша сөйлесіп жүр. Қайрат әлгілерді шақырып алып: «Бұдан былай орысша шүлдірлейтін болсаңдар, келген жақтарыңа қайтарып жіберем және бәрің де жаяу қайтасыңдар, қайта өмірі келмейтін боласыңдар!» деді.

Қайрат орта мектепті бітірген соң ауылда бір жыл жұмыс істеді. 1984 жылы әскерге алынып, 86-ның көктемінде елге оралды. Сол жылы мен училищені қызыл дипломға бітірдім де, екеуміз Алматыға келдік. Құдай қолдап, ол Сәулет- құрылыс академиясына мен Политехникалық институтқа түстім. Қарапайым малшының екі бірдей баласының оқуға түсуі ата-анамызға зор мақтаныш болды. Оқуға түсіп ауылға барғанында ол: «Міне, келді балаңыз, Студент болды қараңыз» деп келіп анамыздың мойнына асылғаны есімде. Қайрат бірінші курстың өзінде-ақ жатақхананың студенттер кеңесінің төрағасы болды. Университеттегі қоғамдық тәртіпті қадағалайтын студенттер жасағын басқарды.

«Ағатайлар , құтқарыңдар !»

Желтоқсан көтерілісі басталатын 1986 жылы Қайрат екеуміз де бірінші курста едік. Дінмұхаммед Қонаевты орнынан алып, Колбин тағайындалған пленум кезінде мен медициналық институттың емдеу-сауықтыру кешенінде жатқанмын.

17 желтоқсан күні таңертең Абай, Сәтбаев көшелерінің бойынан студенттердің лек-легімен кетіп бара жатқанын көрдім. Бірден жатақханаға келіп бір бөлмеде тұратын Айдар, Асқар, Бағдат деген жігіттерге көргенімді айттым. Мұғалімдер жатақхананың алдына тұрып алып, студенттердің ешқайда аттап баспауын қадағалап тұрды. Тек сабаққа ғана жібереді. Мен жатақханадан жалғыз өзім шықтым да алаңға тартып кеттім. Мен кеткен соң досым Айдардың айтуынша, қазіргі депутат Бекболат Тілеухан домбырамен келіп: «Жүріңдер, кеттік алаңға! Ұлттың намысы сынға түсіп жатқанда қарап қалмайық», деп айғайлап үгіт-насихат жүргізіпті. Бекболат біздің институттың металлургия факультетінде оқитын. Артынша Қайрат келіп ұрандапты. Жол бойындағы жатақханалардың бәрін аралапты. Көргендердің айтуынша Қайратқа ерген жастардың саны екі мыңдай болған дейді. Сөйтіп жүріп терезеден Айдарды  шақырып алып: «Талғаттың қызба мінезді екенін білесің, сен алаңға барып қасында болшы» деп мені табыстапты.

Алаңға барсам 500-дей адам жиналыпты. Бір сағаттың ішінде 5 мыңдай кісіге көбейді. Түс қайта лық толды. Бәріміз басшы «өз ұлтымыздан болу керек» дегенді айтып ұрандап жаттық. Республиканың Камалитдинов, Меңдібаев  сынды басшылары мінберге көтеріліп, қайтуымызды сұрады. Олай етпеген жағдайда, күш қолданатындықтарын жеткізді. Арада жарты сағаттай өткенде бізге: «Нендей нақты талаптарың бар? Араларыңнан бірнеше адам шығып,  ойларын айтсын. Олардың сөзін Колбинге жеткізейік» деген ұсыныс тасталды. 4 адам мінберге шықты. Олардың ішінде бір қазақ әйелі (оның кім екені күні бүгінге дейін белгісіз) бірінші сөз алды. Лениннің тезистерінен мысал келтіріп, әр республиканы өз ұлтының адамы басқару керек деп тамаша сөйледі. Сөзін заң жүзінде дәлелдеп берді. «Біз де ұл туып, қалжа жегенбіз. Ел басқаруға қазақтан бір азаматтың табылмауы бос сөз…» дей бергенде бірнеше адам келіп, әлгілердің қолдарын қайырып алып кетті. Біз: «Жіберіңдер!» деп айғай салдық. Олар елемеді. Сөйтіп біз босатуға әрекет жасадық. Төбелес осылай басталды. Лап қойып алға қарай ұмтылдық. КСРО-ның бірнеше қаласынан әкелінген екі қатар жауынгерлер бізге қарсы лап қойды. Бірінші қатарда Жоғарғы милиция мектебінің курсанттары тұрған еді. Төбелес басталмас бұрын мен солардың бірімен сөйлесіп тұрдым. Екеуміз бір ауданнан жерлес боп шықтық. «Ананы танисың ба, мынаны танисың ба?» деп шүйіркелесе кеткенбіз. Төбелес басталып кеп кеткенде жаңағы сөйлесіп тұрған жерлесімді ұратын емес, оның жанындағысын төпелей жөнелдім. Негізі курсанттар бізге аса екпінмен шабуылдаған жоқ. Қақтығыс түннің бір уағына дейін созылды. Машиналармен милицияларды әкеп төге берді. Милициялар «Пазик» автобуспен ортамызға баса көктеп кіріп, студенттерді ұрып-соға бастады. Ызаланған жігіттер автобусты аударып, өртеп жіберді. Жас қыздардың шашынан тартып сүйрегенде, олардың «Ағатайлар, құтқарыңдар!» деген жан дауысына ешбір жігіт шыдап тұра алмас еді…

«Ағамды іздеп жүрмін …»

Қырғын төбелестен соң аман қалғанымыз үйге қайттық. Біз төбелесіп жүргенде сыртымыздан суретке түсіре беріпті. Милициялар әлгі суреттерден үлкен-үлкен альбом жасап алып, таныған студенттерін шетінен ұстай бастады. Бір әредікте Қайратқа жолығып едім ол: «Менің де суретім шығыпты. Іздеп жатыр екен» деді. Содан мен 26 желтоқсан күні ауылға қайттым. Қайрат сәл кейінірек келді. Жаңа жылды ауылда бірге өткіздік. Мереке өткен соң Қайратты  нағашымның үйінде ұйықтап жатқан жерінен ұстап әкетті. Мен Алматыға жалғыз қайттым. Келіп Қайратты іздедім. Еш жерде жоқ. Табанымнан таусылып қалалық ішкі істер басқармасына келдім. Бастығына кіріп сөйлесейін десем, күзетші жолатар емес. «Ағамды іздеп жүрмін. Қалайда табуым керек», – деп айқайладым. Менің айғайымды естіп тұрған бір қазақ кісі: «Әй, бала, бері кел, не болды?» деп сұрады. Әлгі кісінің сонда істейтіні, үлкен қызметкер екені
көрініп тұр. Маған: «Сен жертөлеге бар. Сонда телефон тұр, ар жақтағылармен байланыстырады. Сен ағаңды осында бар ма деп сұрама. Біліп барған адам сияқты Қайрат Рысқұлбековке тамақ әкеліп едім деп бірден айт» дегені. Рахметімді айттым да, әлгі кісінің айтқанын істедім. Ондағылар маған Қайраттың ауыр қылмысқа қатысы бар деп ұсталғанын, сәлем-сауқат беруге тергеуші мен прокурордың рұқсаты керек екенін айтты.
Сөйтіп Қайратты тауып, әке-шешеме хабар бердім. Содан сот басталды. Бірақ соттың басталғанын бізге ешкім хабарлаған жоқ. Кейіннен екінші сотында ғана білдік, ауылдан апам келді. Оқу орнында үлкен жиналыс болып, «Қайратты соттауымыз керек» деген сөздер айтылған тұста Қайрат оқитын топтың старостасы Дина деген қыз: «Не айтып отырсыздар, Қайраттың қандай екенін білеміз бірге оқып, бір жүрміз. Адамгершілік, ар-ұят қайда? Мынауымыз арымызға сын ғой» демей ме. Сонда жиналыс басқарып отырған бір үлкен кісі: «Мүмкін сен оған біз ойлағаннан да жақын шығарсың?..» деп мысқылдапты. Қаршадай қыз сонда намыстанып залдан жылап шығып кетіпті. Қайратқа «Савицкийдің өліміне қатысы бар» деген жала жапты. Жаланы ұрып-соғып қинаса да мойындамаған. Алаңға барғанын, қазақтың қызын құтқарамын деп милицияға қол жұмсағанын ғана мойындаған. Қайран ағам, ату жазасына кесілгенде де, былқ етпей қасқайып тұрды.

«Қарап тұрған адамды ұра алмаймын »

Қайрат ұсталғаннан кейін мені де оқудан шығарып жіберді. Ол кезде алаңға барғандарды «ішкі тәртіпті бұзғаны үшін», «үлгерімі нашар болғаны үшін» деген заңға сыйдырып университеттен қуып жатқан. Менің мойныма жоғарыдағы милиция мектебінің курсантын сабағанымды кінә етіп қойды. Содан әлгі курсантқа бардым да: «Бауырым, қазақ емеспіз бе, мені соттатсаң бұлар жанұясымен бұзық екен дейді ғой, ағам екеуміз бірдей кетсек ата-анамыздың күйі не болмақ, түсінсеңші»дедім. Ол болса: «Алаңға шыққаның рас, мені ұрдың ғой…» деп қарап тұр. Содан күйіп кеттім де: «Есең кеткен болса, онда ұр мені» дедім. «Қарап тұрған адамды ұра алмаймын» дейді ол. Содан мен: «Жүр онда екеуміз былай шығып төбелесейік. Егер мен жеңсем босатасың. Жеңілсем КГБ тұрмақ одан зорына өткіз, өкінбеймін» дедім. Әлгі азамат та ер екен: «Жігіт екенсің, әкелші қолыңды. Бірақ Алматыдан тез кет. Біз студенттердің барлығын ұстап жатырмыз», деп қолымды алды. Содан бері 25 жылға таяп қалды. Осы жігітті әлі күнге дейін іздеп таба алмай жүрмін. Ылғи да «Осы азаматқа Аллаһ екі дүниенің бақытын берсін» деп дұға жасаймын. Ол заманда көтеріліске қатысушыны босатып жіберу мыңның бірінің ғана қолынан келетін ерлік еді. Содан ауылға бардым да, кешікпей әскерге аттандым. Әскерден келген соң бар мақсатым Қайрат ағамды ақтап алу болды. Құдайға шүкір қазір ағам ақталды. Елбасы оған «Халық Қаһарманы» атағын берді. Қазақтың намысы үшін жас жанын қиған ерлігі еш кеткен жоқ, жастарға үлгі болып қалды.

Талғат Рысқұлбеков

jeltoksanruhy.kz

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation