Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «САҚ» киностудиясында жасалған “Қалқанқұлақ” қиял-ғажайып телехикаясының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Түсірілім актерлері жəне көрермендердің қатысуымен өткен шараны облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Төлеген құттықтау сөзбен ашып берді.
Жас буынның патриоттық санасын қалыптастыра отырып, өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, түрлі образдағы кейіпкерлер арқылы жақсы мен жаманды ажыратуға шақыру мақсатында түсірілген фильм 12 бөлімнен тұрады. Көркем фильм сценарийінің авторы жəне режиссері – Батырхан Дәуренбеков.
Қазақстан Ұлттық арнасының қолдауымен түсірілген телехикаяның басты рөлдерін қалқанқұлаққа айналған Олжас пен ақылды Бақберген сомдады. Шымкент қаласының кішкене, дарынды актерлары Ерсұлтан Сіргебай жəне Нұриман Əділхан түсірілімнің тəрбиелік мəні зор екендігін жеткізді.
Түрлі эффектілермен көркемделген телехикаяның жасалуында 2-D және 3D-технологиялар пайдаланылған.