Негізгі > ЭКСПО > Эйфель мұнарасы Франция символы болғаны сияқты, «Нұр Әлем» Қазақстан символына айналады – Паскаль Лоро

Эйфель мұнарасы Франция символы болғаны сияқты, «Нұр Әлем» Қазақстан символына айналады – Паскаль Лоро

Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аяқталуына санаулы-ақ күн қалды. Осыған орай, көптеген павильондар жұмыстарын қорытындылап, нәтижесін жария етіп жатыр. Бүгін француз павильоны да БАҚ өкілдерімен кездесуде Франция павильонының жетістіктерін баяндады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Астанада аяқталуға жақын халықаралық көрмеге 4 миллионға жуық адам келген. Оның 600 мыңдайы Франция павильонының қонағы болды. Бұдан бөлек павильонға жүзден астам делегация келген. Қонақтар үздік француз кәсіпорындары ұсынған болашақ энергиясы саласындағы технологиялық жаңалықтарды лайықты бағалады.

Франция павильонының бас комиссары Паскаль Лоро мырзаның айтуынша, павильон барлығы елуден аса іс-шара ұйымдастырған.

«Екі күннің бірінде іс-шара өткіздік. 54 шараның отызы – экономика тақырыбындағы конференциялар, 20-дан аса шара мәдени тақырыпта өтті. Соның ішінде музыка, көркемөнер фестивалі. Қонақтарға ерекше «One mart» атмосферасын құруға тырыстық», – дейді Паскаль Лоро.

Шаралардың барлығы Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсуге бағытталды.

«Менің ойымша, бұл көрме өте маңызды шаралардың бірі болды. Мамандар болашақ энергия тақырыбын талқылады. 1889 жылы Парижде көрме өтіп, онда Эйфель мұнарасы ұсынылған болатын. Ол кезде бұл өнертабыс барлығына ұнай қойған жоқ. Дегенмен өзіміз байқағандай, бірнеше ғасыр өткен соң, «Эйфель мұнарасы» Францияның символына айналды. «Нұр Әлем» павильоны да Астана Экспо-2017 көрмесінің ғана емес, болашақта Қазақстанның символына айналатын болады», – дейді Франция павильонының бас комиссары.

Паскаль Лороның айтуынша, Франция көрмеде ұсынылған экспонаттардың кейбірін Астанадағы «Оқушылар сарайының» көрмесіне қалдырмақ. Ал қалғаны ШЫҰ-ның халықаралық музейіне жіберіледі. Сондай-ақ Паскаль Лоро көрме ұйымдастырушыларын, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясын» және барлық қатысушыларды шараны жемісті аяқтауымен құттықтап, іскерлік қарым-қатынас үшін алғыс білдірді.

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА

Baq.kz

0