Дүйсенбі, Қыркүйек 17, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Құстай ұшқан Ғұсман еді …

Құстай ұшқан Ғұсман еді …

 

Құстай ұшқан Ғұсман еді …

 

Қазақ елінің мерейін көтерген даңқты спортшылардың бірегейі – жеңіл атлетика майталманы, еңбек сіңірген спорт шебері, жерлесіміз Ғұсман Қосанов болатын. Ол туралы аз айтылып жатқан жоқ. Бүгінде марқұм болған Ғұсман туралы кітаптар да жазылды. Дегенмен, аты қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылған желаяқ  жөнінде тағы бір тоқтала кетудің жөні келіп тұрған секілді.

Ғұсман 1935 жылы Семейден алыс емес, қазіргі Бородулиха ауданына қарайтын Изатолла атты ауылда дүниеге келген. Семейдегі теміржол училищесін бітіргеннен кейін, әскери борышын өтеуге Молдавияға аттанады. Оның спорттағы даңқты жолы сол жерден басталып… жеңіл атлетикадан КСРО біріншілігінің чемпионы, «алыптар тайталасы» атанған КСРО – АҚШ матчының 4х100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы деген биіктерге жетеледі. Спорттық жарыстардың тұғыры ең биік шыңы Олимпиадалық ойындар болса, соны қазақ жастарынан бірінші болып бағындырған да Ғ.Қосанов. Ғұсман 1960 жылы Римде өткен ХХII Олимпиадада КСРО командасы құрамында 4х100 метрге жарыста күміс медальға ие болып, мәртебелі жарыстың жүлдесіне қолы жеткен тұңғыш қазақ атанды. 1964 жылы ол КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, ал 1968 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері атағына ие болды. Ол 1990 жылы дүниеден өтті.

Сол Ғұсманның құрметіне арналған жеңіл атлетикадан «Қосанов мемориалы» атты халықаралық жарыс 1991 жылдан бастап Алматыда өткізіле бастады. Туған жері де даңқты ұланын естен шығармады. Семейдегі бұрынғы Барнаулская көшесі бүгінде Ғ.Қосанов есімімен аталады.

Ал 2010 жылдан Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бастамасымен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында Ғ. Қосанов жүлдесі үшін жеңіл атлетикалық жарыстың кросс түрінен студенттер арасындағы жекелей-командалық жарыс өтіп тұрған. Жалпы, бұл жарыстың Семейде бастау алып, өтуіне ұйытқы болып жүрген азамат университеттегі спортклубтің меңгерушісі, өзі де жеңіл атлетика шебері болған, Ғ. Қосанов пен Ә.Тұяқовтардың тәрбиесін көрген Абақов Рақымтай екенін айта кеткен орынды. Сол жарыстар қатарында орта және алыс қашықтықтардан Қазақстан чемпионы спорт шеберлігіне кандидат К.Арзамасов, спорттық жүрістен қыздар арасында Қазақстан чемпионы спорт шеберлігіне кандидат Б. Асылбек, 400 метрге жүгіруден республика чемпионы, спорт шеберлігіне кандидат В. Кудрявцев секілді болашағынан көп үміт күттіретін студенттер болды.

Желдей ескен желаяқ Қосанов жүлдесі атындағы турнирдің бүгінгі тағдыры туралы, өкінішке орай беймәлім…

 

Ө.Сембайұлы, «Жерқйық»

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation