Н.Назарбаев Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен және лига мүшелерімен кездесті.
Кездесу барысында Елбасымыз Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасы екі ел халқы арасындағы стратегиялық байланысты күшейтуде зор үлес қосқанын айтты және алғысын білдірді.
«Сіздер бізге ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болу жолында және ядролық қарусыздану жұмысын жүргізу барысында зор қолдау көрсеттіңіздер», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығының болашақта әлі де арта түсетінін жеткізді.
«Біз тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтудеміз. Бұл онша ұзақ мерзім емес. Алайда, осы уақыт ішінде біз көп жетістікке жеттік деп санаймын. Жапониямен қарым-қатынасты одан әрі дамыту біз үшін маңызды. Біз – Азия елдеріміз, біздің тарихымыз ортақ», – деді Елбасымыз.
Т.Кавамура кездесуге уақыт бөлгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.
«Келесі жылы Жапония мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады, сондай-ақ ЭКСПО көрмесі өтеді. Біз бұл оқиғаларды парламентаралық тәжірибе алмасу ісіне серпін беру үшін пайдалануды көздеп отырмыз», – деді Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы.
Т.Кавамура сондай-ақ еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтап, Қазақстан бұл міндетті атқару барысында ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне бұдан да зор үлес қоса алатынын айтты.
Осы орайда, Мемлекет басшысы өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялағанына және БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында 2045 жылға қарай ядролық қарудан азат әлем қалыптастыру мақсатына қол жеткізуге шақырғанына тоқталып, осы бастамаларға Жапония тарапының да қолдау көрсететініне сенім білдірді.