Сәрсенбі, Қаңтар 17, 2018
Негізгі > Алаштану дәрістері > Алашордадан қаржысын аямаған Қаражанды білеміз бе? Алаштану дәрістері-5

Алашордадан қаржысын аямаған Қаражанды білеміз бе? Алаштану дәрістері-5

Алашорда тарихына қатысты жергілікті мұрағат құжаттарынан Алаш тiлегiнде болған Семей өңiрiнiң бiрқатар дәулетті адамдарының есiмдерi жиі кездесiп қалатыны белгiлi. Осы орайда Қаражан Үкiбаев кiм едi және оның Алашорда үкіметіне қандай қатысы болды деген заңды сұрақ туындары сөзсiз.

Алаш көсемi Әлихан Бөкейхановтың 1913 жылы аяулы досы, ұлы Абайдың дарынды iнiсi Кәкiтай Ысқақұлы кенеттен ауырып қайтыс болғанда «Қазақ» газетiне жазған қазанамасында «Мен абақтыдан шыққан соң бiр түн Қаражан үйiнде бiрге болып, менi Қарқаралыға Омарбек, Кәкiтай шығарып салып, қош айтысқан жерде құшақтасып жыласты» деп еске алатыны бар. Бұл арада ол патша үкiметiне қарсы наразылық білдіріп, I Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты ретінде Выборг үндеуіне қол қоюына байланысты 1908 жылы Семей түрмесiнде қылмыстық жазасын өтеп шыққан жағдайын, сонда Абай елiнен Шәкерiм, Кәкiтай, Турағұлдың амандық сұрай келiп, бiраз көңiл көтергендерiн айтады. Мұның өзі Семейдiң атақты бай-көпесi Қаражан Үкiбаевтiң тәуелсiздiктi мұрат еткен Алаш қайраткерлерінің идеясымен бұрыннан таныс екенін көрсетеді.

1917 жылдың желтоқсанында Орынборда Алашорда үкiметi құрылып, алайда ол саяси қақтығыстарға байланысты уақытша тұратын орнын Семейге ауыстырғанда Қаражан Үкiбаев, Әбдiрахман Жүсiпов, Әнияр Молдабаев тәрiздi тағы басқа елге белгілі бай адамдар өздерiнiң басы артық үйлерiн, дүние-мүлiктерi мен малын Алаштың азаттық жолындағы күресіне пайдаға жаратуға тарту еткен. Мысалы, Ахат Шәкерiмұлы «Менiң әкем, халық ұлы – Шәкерiм» атты естелiгiнде Белгiбайдың қызы дауына байланысты оқиғаны баяндай келіп, Жаңасемей базарының жоғарғы жағында орналасқан Қаражан байдың мектепке жалға берген үйiнде Алашорда сотының кеңсесі қоныс тепкенін айтады. Шынында, Семей қаласындағы Қазiргi заман тарихының құжаттама орталығында (орысша ВКО ЦДНИ) сақталған құжаттар1918-1919 жылдары Қаражанның үйінде облыстық қазақ сотына қоса уездiк Земство басқармасының кеңсесi де орналасқанын айғақтайды. 1918 жылдың 11 наурызында Семей уездiк Земство басқармасының төрағасы Ахметжан Қозыбағаровтың қол қоюымен Алаш мектептерi жөніндегі комиссияның мүшелерiне жiберiлген ресми шақырту қағазында:

«Семипалатинская Уездная Земская Управа от 11/26 марта 1918 года.

 Повестка

членам Семипалатинской уездной Земской школьной комиссий.

Отдел народного образования просить т.т. членов комиссии пожаловать на заседания, назначенное на 14 марта с.г. (четверг) в помещении Земской Управы – г.Алаш, дом Укубаева, к 5 часам вечера…» [ВКО ЦДНИ, фонд-37, опись-01, дело-10], – деп көрсетiледi.

Осындай тағы бiр ресми құжатта төмендегiдей мәселе айтылған:

«Семипалатинская Уездная Земская Управа от 12 августа 1918 года, N 3755. г. Семипалатинск.

Повестка

 Настоящим Семипалатинская Уездная Земская Управа приглашает Вас пожаловать на заседания ея (г.Алаш, дом Каражана Укубаева) сегодня, 12 (30) августа с.г., в 8 часов вечера для обсуждения договора по мясной заготовке.

Зам. Председатель ЗемУправы Воробьев» [Сонда, фонд-37, опись-01, дело-10].

Аталмыш құжатта бұл жиынға Андамасов, Күшiкбаев, Болатханов, Дүйсенбаев, Оңалбаев, Балғабаев, Құлғариннің келіп қатысуы міндеттелген. Олардың арасында Ахметжан Андамасов, ағайынды Бекқожа және Бекмолла Құлғариндер, Ахмәди Оңалбаев сынды тағы басқа да дәулетті адамдар Алашорда үкiметiн жақтап, үнемi материалдық жәрдем жасап тұрған. Өз кезегінде Қаражан Үкiбаевтiң де 1918 жылы «Абай» журналын шығаруға қаржылай көмек бергенiн бiлемiз. Одан соң көп ұзамай Семейдің ағайынды татар байларынан «Жәрдем» баспаханасын сатып алып, оны Алашорда үкіметіне сыйға берген. 1917-1919 жылдары бұл баспаханадан «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газеті, ал 1920 жылдары «Қазақ тілі» газеті шығып тұрған. Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихының құжаттама орталығындағы «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти в 1918 года правительства Восточной Алаш-Орды» деген ресми құжатта Қаражан Үкібаевтің есімі Алаш әскерін ұйымдастырып, құрушылардың бірі ретінде аталады.

Алаш тілегіндегі байлар демекші, бұл арада Ахат Шәкерiмұлы естелiгiндеайтылатын әйгілі Оразбайдың да (Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының кейіпкері) Белгібайдың қызы дауына байланысты Шәкәрім қажы басқарған сот шешіміне келіспей: «… мен Алашқа қырық ат бергем. Жесiрiмдi қайтарып берсiн. Әйтпесе кетiсем…” деп қатты ашу шақыруы бекер болмаса керек. Алашорда үкіметіне әрдайым көмек қолын созып келген Оразбайдың жекеменшігінде  үш мың жылқысы болса, ал Қаражан Үкібаевқа алты мың бас жылқы біткен.

Шәкәрімнің ән мұрасын зерттеуші Арғынбек Ахметжанов «Сазды сапар» атты кітабында Қаражанның жастайынан көзі ашық, еті тірілігімен сауда жасап кереметтей байығанын, ал оның әкесі Үкібай туралы: «Ол өз заманында ел аралап, байлар мен кедейлердің тапсырысын орындап етік тіккен. Ешкімге тәуелді болмай,бесаспап өнері, қолы ісмер шеберлігімен күн көрген. Сөйтіп, Үкібай «атының қабырғасын қалып тескен Үкібай» атанып кеткен» деп жазады. Ел аузында Үкібайдың осы етікшілігіне қатысты мынадай бір әңгіме бар. Бірде Семейдің белгілі бай-саудагері Қаражан қалың топтың арасынан Ертіс өңіріне әйгілі Есенбай ақынды көріп қалып: «Әй Есенбай, мен туралы бір ауыз өлең шығаршы» депті. Есенбай: «Қаражан-ау, мен саған айтсам, жай айтпаймын ғой. Абайсызда тілім батып кетсе қайтесің…», – деген екен. Қаражан: «қысылма, айта бер», – депті. Сонда ол:

Шоқанның Байғанасы тәуір еді,

Азғана қорегі бар ауыл еді.

Қаражан, бай болдым деп мақтанасың,

Үкібай қамыт қаққан жауыр еді» –

дегенде, Қаражан бай мырс етіп күліп, теріс айналып жүре беріпті. Міне, осы шағын әңгімеден-ақ оның табан астында тауып айтылған бір ауыз сөзге тоқтап, ақындық өнерді жоғары бағалай білетін көкірегі ояу, көзі ашық зиялылығын көреміз.

Қаражан Үкібаев, шын мәнінде Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары үлкен құрмет тұтып сыйлайтын, оқыған-тоқығаны мол адам болған. Арғынбек Ахметжановтың жазуында, Қаражан Үкібаев кезінде дарынды әнші Әміре Қашаубаевтың ел арасында атақ-даңқының таралуына, сондай-ақ Мұхтар Әуезовпен пікірлес әрі қызметтес болған, 1937-38 жылдары сталиндік репрессияға ұшыраған Әмзе Нақымжанов, Шаймардан Тоқжігітов сында қазақ зиялыларының алғаш білім алып, үлкен азамат болып қалыптасуына да қолғабыс тигізгені жайында деректер айтылған.

Жалпы, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі осынау аласапыран кездің өзiнде-ақ бұрынғы Алаш (қазiргi Жаңасемей) қаласында Абай, Алашорда, Тiнiбай, Алтайбаев, Андамасов, Үкібаев деп аталатын көшелер болған. Бұл ел арасында Алаш зиялыларының беделі өте зор болғанын аңғартады. Мәселен, Семейдегi бiрнеше сауда дүкендерi мен терi өңдейтін цехтардың, мал соятын қасапханалардың, сондай-ақ қырдағы есепсiз мыңғырған малдың иесi Қаражан Үкiбаевтiңосы Алаш қаласының “Океан” базары аумағындағы Свободная, 50 көшесiнде орналасқан, әуелгіде мектепке деп, одан соң облыстық қазақ соты мен уездiк Земство басқармасына берген жаңағы көк шатырлы, биiк қақпалы үлкен ағаш үйi кеңес өкiметi тұсында ұзақ уақыт жетім балалардың мектеп-интернат үйі ретiнде пайдаланылып келдi. Алайда, 1970 жылдардың соңына қарай бұл маңда көп қабатты тұрғын үйлердiң қауырт салына бастауына байланысты Қаражан байдың үйі бұзылып тасталды.

Алаштың жанашыры Қаражан Үкібаевтің осы үйi туралы Семей қаласының құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагерi Қабыш Омаров өз әңгiмесiнде: «Ұлы Мұхаңның «Абай жолы» роман-эпопеясында айтылатын Абайдыңөмірлік айнымас досы Базаралының қасындағы Әбдi бiздiң үлкен атамыз. Базаралы мен Әбдi бiрге туысқан. Сол Әбдiнiң баласы Ақтан, ал Ақтанның  ұлы Омар сталиндiк репрессиялау кезiнде Семей түрмесiнде атылды. Ендi осы әулеттен қалған жалғыз мен едiм. Менiң де жетiмдiк  пен «халық жауының баласы» деген түртпектеуден тартпаған азабым аз болмады. 1930 жылдары Семейдегi Қаражан байдың үйiнде ашылған жетім балалардың мектеп-интернат үйінде тәрбиелендiм. Әлi есiмде, бала болған соң, әлгi үлкен ағаш үйдiң ауласында тығылмақ ойнаймыз. Сонда оның жертөлесінде ескi қымбат жиһаздар: күмiспен көмкерiлген болыскей кереует, жүкағаш, сандық, кресло, шкаф және т.б. басқалар шаң басып жататын. Мұны жасы үлкен адамдар Қаражан байдiкi дейтiн. Кейiнен бiлдiм, ол Алашордаға тiлектес болған Абай елiнiң ардагер азаматы екен. Ал ендi Қаражанның үйiнен Ертiс өзенiне қарайғы төменде Жақия қажы, Ахмәди және Исабек бай секілді дәулетті адамдардың үйлерi болды» дейдi.

Айтса айтқандай, кеңес өкіметі кезінде Алаш зиялыларының отқа өртелген рухани құндылықтары секілді «тап жауының дүние-мүлкi» деген желеумен талай материалдық игiлiктерiмiз де тарыдай шашылып далада қалды емес пе … Сөздiң ретi келгенде тоқтала кетейiк, осы Алаш қаласындағы «Океан» базары аумағында жалғыз Қаражанның ғана емес, Алашордаға пайдалануға берген Әбдiрахман Жүсiпов, Александр Ерыкалов (шоқынған қазақ) сияқты бай-көпестердiң де жекеменшiк үйлерi болды. Тағы да Ахат Шәкерiмұлы естелiгiнде: «Әкем Белгiбайдың қызы дауын шешкеннен кейiн, ертеңiнде Жаңасемейдегi Абдрахман байдың үйiндегi Алаштың кеңсесiне келiп кiрдi” дейтiн сол Әбдiрахман Жүсiповтiң он бөлмелі қызыл кірпіштен салынған үйi жаңағы Қаражанның көк шатырлы, биiк қақпалы үлкен ағаш үйiмен қатарлас қол созым жерде тұрды. Міне, осы Әбдірахман байдың үйінде Алашорда үкiметiнiң кеңсесiне қоса, «Сарыарқа» газетiнiң редакциясы мен «Жәрдем» баспаханасы да орналасты. Әбдiрахманның үйi де кеңес үкiметi уақытында «Қазақстан» деген атпен қонақүй, ресторан ретiнде пайдаланылып, кейiнде бұзылып тасталды. Ал енді Алашорда үкіметіне қатысты мұрағат құжаттарында Алаш қаласындағы бұрынғы Ерыкалов, қазiргi Колхозная көшесiндегi Александр Ерыкаловтың екi қабатты жекеменшiк тұрғын үйi әуелгіде, земстволық қолөнер училищесінің оқу ғимараты, одан кейінде Алаш әскерiнiң штабы және әскери госпиталi ретінде пайдаланылғаны туралы айтылады.

Абай ауылы азаматтарының, жалпы Алаш зиялыларымен қоян-қолтық тығыз араласуына, ең алдымен Әлихан Бөкейхановтың аға сұлтан Құнанбай ұрпақтарымен рухани жақындығы және туыстық байланыста болуы себеп болғанға ұқсайды. Ол туралы белгілі әдебиетшi-ғалым, профессор Арап Еспенбетов «Тұңғыш жинақ – Абайтанудың алғашқы қарлығашы» мақаласында Әлиханның әкесi Нұрмұхамедтiң әйелi тобықты Мамай батырдан тарайтын Дулат батырдың қызы Бекжан ханым екенiн, сондай-ақ осы Дулат батырдың екiншi қызы Бошантай Құдайбердi әйелi, Құнанбай келiнi болғанын айта келiп: «… Абай елi мен Бөкей әулетiнде қарға тамырлы қазақтықтың iзi сайрап жатыр: бiр жағынан нағашы-жиен, екiншi жағынан сарсүйек құда. Рухани туыстық пен қандас қарындастықтың, қимас жақындастықтың тоғысып кетуi жаратушының ұрпақтар пешенесiне сыйлаған тағдыр-талайы едi» деген пiкiр түйедi. Оның дәлелiн Әлихан Бөкейхановтың Шәкерiм, Кәкiтай, Турағұл  туралы жазбаларынан анық көремiз.

Әлиханмен сондай жақсы қатынаста болған дәулетті бай адамдардың бiрi – Әнияр Молдабаев едi. Хакiм Абайдың тәрбиесiн көрiп, көмегiмен оқып банк мамандығын меңгерген ол 1917 жылы “Алаш” партиясы құрылғанда, соның тексеру комиссиясын басқарып, қызмет атқарған. Алаштың ағиық ақыны Мiржақыптың қызы Гүлнар Дулатова «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты естелiк-кітабында 1921-1922 жылдары Семейде әке-шешесi мен Әлихан Бөкейхановтар отбасының Комиссарская көшесiндегi Әнияр Молдабаевтың екi қабатты жекеменшiк үйiнде тұрғандарын, жаз айларында Гүлнар тәтесi екеуi Шыңғыстауға Турағұл Абайұлы, Өмiртай Ақбердиннiң ауылдарына барып демалып қайтатындары жайлы әңгiме етедi.

Алашорданың жақтасы, Семейдiң бай-көпесi Қаражан Үкiбаевтiң қай жылы туып, қашан қайтыс болғаны туралы әртүрлі пікірлер айтылады. Мысалы, Шәкерiмнің ән мұрасын зерттеуші, әуесқой сазгер Арғынбек Ахметжановтың «Сазды сапар» кiтабында Семей губерниясының Шаған болысына қарасты Саржал ауылында дүниеге келген Қаражанның әкесi Үкiбайдың қолы iскер ағаш шеберi, етiкшi болғанына тоқталып, оны Тобықты елiнiң құлық руынан таратады. Ал ендi Үкiбайдың Қаражаннан басқа Темiрғалы, Аймағанбет атты үлкен ұлдары болған. Сонда Қаражан ұлдың кенжесi болып келедi. Кезiнде ортаншысы Аймағанбеттiң баласы Жұмжұма Аймағанбетов те Алашқа танымал беделдi азамат болған. 1917 жылы ол Шәкерiм Құдайбердiұлы, Халел Ғаббасов, Әлiмхан Ермеков, Мұстақым Малдыбаев, Нәзипа Құлжанова, Ахметжан Қозыбағаров, Көкбай Жанатаев сынды т.б. Алаш зиялыларымен бiрге Семей уездiк Земствосына депутат болып сайланған [ВКО ЦДНИ. Фонд-37, опись-01, дело-55]. Сондай-ақ ел аузында оныңәкесi Аймағанбеттiң есепсiз өте ірі бай болғаны, Найман елiндегi жанай руының болысы Түгелбайдың қызы Бәтiш сұлуды қалың малға жүз тайлақ берiп айттырып алғаны туралы да түрлi әңгiмелер айтылады. Кейінде сол Бәтіш сұлу ел ішінде Жүзтайлақ болып атанып кетіпті.

1927-28 жылдары жергiлiктi кеңес үкiметi органдары бай-кулактардың мал-мүлкiн жаппай тәркiлеп, өздерiн бала-шағасы, туған-туыстарымен қосақтап Сiбiрге жер аударып жатқанда, осы саяси науқанға Шыңғыстау өңірінің Алаш қаласында тұратын Қаражан Үкiбаев, Ике Әдiлов, Мұсатай Молдабаев тәрiздi т.б. дәулетті бай адамдары да iлiгедi.

Зерттеушi Болатбек Нәсеновтiң «Абыралы – қанды жылдарда (1905-1945 жж.)» атты кiтабындағы 1927 жылдың 8 сәуiрiнде толтырылған Семей губерниялық ОГПУ-дiң N44570 айыптау iсiнiң хаттамасында Қаражан Үкiбаевтiң өзiн кiнәлi емес деп есептейтiндiгi айтылып, «Укубаев Каражан, бай – родоначальник, 58 лет, имеет крупное скотоводческое хозяйство, раньше не судился, лишен избирательных прав как бывший крупный торговец и волостной управитель» деген деректер берiлген. Соған қоса мұнда Қаражан Үкiбаев, Ике Әдiлов, Мұсатай Молдабаевтың үш жылға Қазақстаннан көршілес Сiбiр өлкесiнiң Рубцовск округына жер аударылғаны көрсетiледi.

Сол сияқты Семей қаласындағы Қазiргi заман тарихының құжаттама орталығының 74-қор, 4-тізбе, 71-іс қағазындағы «Выписки из протоколов №3,7 заседания Чингистауской районной комиссии по проведению декрета КЦИК и СНК  от 27 августа 1928 года, состоявшегося 27,28,29 и 30 сентября 1928 года о конфискации и выселении Укубаева Каражана» атты ресми құжатта Қаражан Үкібаевтің 62 жаста, жалпы отбасында 4 адам, мәселен, бірінші әйелі Айтжан 58, екінші әйелі Қазы 40, балалары Тоқтағазы 23, Бекетғазы 8, Слямғазы 7, Әмірғазы 5 жаста екені, жекеменшігінде 150-дей ірі қара малы, тұрғын үй, қойма, мал қоралары бары, бірақ та оның бәрі мемлекет есебіне тәркіленіп алынғаны,ал қазір Ике Әділовке қосылыпқашып жүргені туралы айтылады.

Бұл ресми құжаттардан көңiлге бiр түйетiнi, Қаражан Үкiбаевтiң туған жылы мен отбасы мүшелеріне қатысты деректер. Мысалы, оның жас мөлшері ОГПУ-дің хаттамасында 58, ал Шыңғыстау аудандық комиссиясының хаттамасында 62-де деп жазылады. Ал ендi Қаражаның қазаға ұшырауына келсек, 1926 жылы Семей губерниялық ОГПУ-дiңүштігінің шешiмiмен Рубцовск округiне жер аударылған ол өз ауылдасы Ике Әдiловпенбірге кеңес өкiметiне қарсы күресiп, Шыңғыстау көтерiлiсiне қатысады.1928 жылы 8 мамырда Қаражан мен Икенiң әйелдерi Мәскеудегi ОГПУ-дiң басшысы Менжинскийге күйеулеріне араша түсуiн сұрап өтiнiш хат та жазған екен, бiрақ одан еш нәтиже шықпаған. Алайда, «Аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей, 1930 жылы қолға түсіп, осы көтерiлiстi ұйымдастырушылар ретiнде Қаражан Үкiбаев бастаған, соның iшiнде оның немере iнiсi Жұмжұма Аймағанбетов, Рүстем Абылғазин, ағайынды Бұтабай және Несiпхан Ағыбаевтар бар, жиыны бес адам ОГПУ үштiгiнiң шешiмiмен РСФСР Қылмыстық iстерiнiң 58 және 59 баптары бойынша айыпталып, өлiм жазасына кесiледi.

Кеңес өкiметiнiң қудалауынан Қаражан Үкiбаевтің әулетi қырғыз жерiн барып паналайды. Үлкен ұлы Тоқтағазы (Тоқташ) ертеректе Петербургте финанс институтында оқыған. Соның көзі ашық, етi тiрлiгiмен бүкiл Үкiбай әулетiнiң ұрпақтары қырғыздың астанасы Бiшкекке жиналып, бiрге өмiр сүрген.  Тоқташ финанс техникумының директоры болып iстеген. Бiрақ ауырып, мезгiлсiз қайтыс болған.

1960 жылдары Қаражанның екiншi ұлы Бекетғазы туған жерi Семейге келiп қайтқан екен. Әрине, қазiргiдей емес, ол уақытта Алаш арыстары әлі ақтала қоймаған кез едi. Елдiң айтуында, әкесi Қаражанның Алашордаға сыйға тартқан үлкен ағаш үйiнің алдында екі көзден аққан ыстық жасын тыя алмай ұзақ тұрып, қимай қош айтысып кеткен көрінеді.

Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,

Ақпарат саласының үздігі. Семей.

 

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation