Түркия Сириямен шекарада «қытай қорғанын» тұрғызып жатыр. Бүгінгі күні 270 шақырым бетон құйылып қойды. Алда әлі 520 шақырымдық қорған соғу жұмысы тұр.
Түрік Қорғаныс министрі Фикри Ышыктың айтуынша, Сириямен шекарадағы бетон қабырға тұрғызу жұмысы 2017 жылы аяқталмақ. Жалпы екі ел арасына мұндай «қытай қорғанын» тұрғызу идеясы жайдан жай іске асып жатқан жоқ. Ең бастысы, қорған заңсыз тауар алып өтуге, қылмыстық топтарға және заңсыз миграцияға тосқауыл қою үшін қажет. Өйткені Сирияда соғыс басталғалы бері ол жақтан 3 миллион босқын Түркия шекарасын басып бері өткен. Сириядағы басылмай тұрған қақтығыс көрші отырған елдердің барлығын алаңдатып отырғаны белгілі. Әсіресе, Сирия мәселесі Түркияның «бас ауруына» айналғаны анық. Себеп көп. Егер де алпауыт елдердің мүддесіне сай Сирия бірнеше бөлшекке бөлініп кететін болса, сол бөлшектің бірі Күрд республикасы болуы мүмкін. Мұндай жоба АҚШ тарапынан көтеріліп отырғаны анық. Бұл Түркия үшін тиімсіз. Неге десеңіз, Сирия жерінде күрдтер тәуелсіз мемлекет болмай-ақ, автономия болып құрылатын болса, ол міндетті түрде Түркия жерінде отырған күрд жұртшылығына ықпал етері рас. Онсыз да тәуелсіз ел болуға ұмтылып отырған түркиялық күрдтер сириялық күрдтерден үлгі алып, бостандық үшін күресін күшейте берері анық. Демек, Түркияның Сириямен шекараға бетон қабырға тұрғызуының бір себебін осыдан іздеген жөн. Өйткені қабырға күрд содырларының шекараның ар жақ, бер жағына шығып, ойнақ салуына үлкен бөгет болмақ.