Табылды Досымов шығармашылығында екпіні, буыны, музыкалық стилі жағынан ұқсас әндер баршылық. Мәселен, «Сәйгүлік» пен «Табылдың әні», «Наурыз» бен «Солдат сағынышы» атты әнінде ортақ тінді жазбай танисыз. Табылды әскерден кейін оқуға қайта оралып, әдемі әндері студенттер жатаханасынан әуеге қалықтады. Әсіресе, «Ұнатамын мен сені» әні КазГУ-дың қалашығынан алыс ауылдағы жастардың отырыспаларына дейін еркін тарады.Әрине «Ұнатамын мен сені» әнінің сөзі де, әні де көп жерде Табылды Досымовтікі деп беріліп жүргенмен, бұл әсем әннің әрлі де нәрлі сөзі Мұқағали Мақатаевтың « Мен сені ұнатамын» өлеңінен алынған. «Ән ырғағы үшін сөзін өзгертіп, тақырыбын ауыстыруыма тура келді»,-деп Табылды аға тірісінде Мұқаңның аруағы алдында кешірім сұрап жүреді екен. «Мұқаң тіріліп келіп, мына әнде өзгертілген сөздерді естісе, дымымды қоймайтын шығар»,-деп жан жолдастарына да сыр етіп айтыпты. Білмеймін кімнің айтқаннын достарының бірі «Аруағы кешіреді ақын ағаның мынадай әсем ән үшін, Табылды айта бер, шырқа»,-деп тілектестігін білдірген. Әнге қатысты мәлімет «Табылды Досымов атындағы республикалық қор» қоғамдық ұйым төрағасы Бижан Қалмағанбетовтің жеке мұрағатынан алынды.