Дүйсенбі, Наурыз 12, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Т.Темірбай: “Оян қазақ!” деуменен ұран тастап, Өзі оянбас сапарда қалғаны-ай…

Т.Темірбай: “Оян қазақ!” деуменен ұран тастап, Өзі оянбас сапарда қалғаны-ай…

Тереңіне жан қалмай таңданбаған,

Ғасыр өтіп шайырды таңдар ғалам.

Жанарыңда – әлем бар, тылсым-тұнық,

Жүрегіңде – ақын бар жаутаңдаған.

 

Біржан Ахмер

 

АРЛАН…

Алты қарыс азуын білеп айға,
Жар басында жүр еді сұрқай арлан.
Отты көзін туп-тура тіреп ойға,
топ қорқауға қадалып тым таяудан.

Ыза буып,қан ойнап көздерінде,
Сүңгі түгі жалынан көкке ұмсынып.
Ақырған да кенеттен өзге мүлде,
Зор үнменен жаңғыртып бөктер шыңын.

Тайсалып топты қорқау айбарынан,
Кеткен кері жер сүзіп тұмсығымен.
Төгіп қаһар арқырап Айға ұлыған,
Десі басым, ұшқын көз, сыршыл ірең.

Өшпестей боп санамда қалып қойған,
Түз тағысы билеген түнек тағын.
Ойға оралса әлдебір жанып бойда,
Болады да жүргендей бір отты ағын.

Айбат шеге жүзінен жалын шашқан,
Жанарынан көк отты түн шалмаған.
Қас жауына сескенбей арын басқан,
Жебедейін атылған дүр саржадан.

Арлан, тегі, сырттаны бар бөрінің,
Қарсыласы сұсынан жаны ұшқан да.
Намысқойлық, асылы, мәңгі ол үні,
Алмай қоймас қасын кіл алысқанда.

Шегінуді білмейді ол, қаймығуды,
Шыбын жаны кеудеден ытқығанша.
Бөрілердің сырттаны жойқын үнді,
Тайқымас жау желкесін қыршығанша.

Жанын берер күн келсе ұрандаған,
Қатер төніп үйірін шыр айналса.
Мейлі арыстан, мейлі аю, қыранға да,
Дес бермес жалған көзі… қарайғанша…

 

 

ҮРЕЙ

Жын-шайтандар билеген аласұрып,
Мына кәрлі қысты ма қара суық.
Әлде біреу күлгендей былай бассаң,
Әлде біреу жүргендей сан ашынып…

Ессіз боран талдардың шашын қаққан,
Жапан түзде қорқаулар тасыр баққан.
Ып-ызғарлы демінен ызғар шашып,
Бұл мезгілдің мерейін асырды Ақпан.

Жылу жоқ па болсын бір там-тұмдаған?
Сары інінде сарышұнақ солқылдаған.
Күзден қалған торғайлар бүрсең қағып,
Көк мұржадан көк жындар қарқылдаған…

Қыр басына сүйеніп мұрты қалың,
Күңіренген күрең бұлт сұрқы-мәлін.
Жөткірініп таулар да құба шапан,
Аш қарғалар шырқайды құлқын-әнін.

Күбірлесіп енсізде сан молалар,
Қорқыныштан кірердей жан қораға…
Дірдек қағып тұрғандай әлсін-әлсін,
Үрей құшып белгісіз паң дала да.

Әйтеуір бір сұмдық бар қалған таяп,
Көк аспанда тұрғандай Ай қанталап.
Көлегейлеп келеді Жерді әлдене,
Бұлттар сынды бар маңға жайған қанат.

 

 

КӨКТЕМ

Көктем келді,көктем келді,көк сеңгірден нұр тарап,
Жорғалаған су-бұлақтар сай-салаға сырғанап.
Қатал қыстың,аталмыштың ақ көбесі сөгіліп,
Жер төсінен бой көтерді бәйшешектер дүр қанат !

Көктем келді,көктем келді,тау шаттанып,күн күліп.
Ақ сақал бұлт жадыраған қуаныштан бұлқынып.
Салпы тері топырақ та атырапта масайрап,
Жан бітеді барлығына,бұл ғажаптың шіркінін!

Көктем келді,жасыл көйлек қыз-қайыңдар билеген,
Сырнай-желдің әсем сазды күйіне ме күйлеген!?
Кіл сыңсыған қаз-үйректер айдын көлдің жүзінде,
Нұр шымшыған өн-бойымды, көктем де ерек күйге енем.

Көктем келді,бәрі шаттық,мұң атаулы жоқ мүлдем,
Ақ мұнарлар көк орманға ақшыл бетін өптірген.
Сұр кептер де жарсалуда қуанышын әлемге,
Бұл көктемге тамсануға шымылдығын Көк түрген.

Мен де көктем,байқасаңдар жүрегімнің гүлдеуін,
Көктем сынды бір ғажайып күйдемін ғой,бір керім.
Шаттық құшқан сырбаз айым-нұрлы мына көктемнің,
Неткен ғажап сірә дағы күндері мен түндері.

 

 

 

ҚЫСҚЫ КҮН…

Бұлттар түлеп,арындап ұлып боран,
Өзен жүзін кілең мұз құлыптаған.
Ақ өзекті қайыңның иығына,
Қауырсыны бұлттардың тұрыпты орам.

Меңіреу құз телміріп айналаға,
Тыныштықтың әуенін қайталаған…
Ару-сағым билеген ақ аспанда,
Ақ шапаны желбіреп сай-салаға.

Көңілімді тербеткен,алып ұшқан,
Сан ойларым санамда сабылысқан.
Пыр-пыр еткен көк мысық көкшіл үйде,
Жылылықтың қойнына жаны құштар.

Қара күшік қыңсылап,тегеш сүйреп,
Бозаң тартқан барлығы,көмескі үйлер.
Темекісін үрлеген сары ошақтың,
Көк түтіні әуеде елес күймен…

Ызғар есіп боранның ақ жалынан,
Тіршілікке салғандай Қаңтар ылаң…
Күн-патша да бұлттарға еніп кеткен,
Сырғып түсіп саф алтын сар тағынан.

 
КЕЛШІ,СӘУЛЕМ..!

Келші, сәулем, жанымда дамылдағын,
Қайғы-мұңдар, бәрінен арыл дағы.
Жүрегімнен сыйлайын жыр-гүлдерін,
Мұң өрілген ақ әлем тарылғаны..

Бір өзіңе арнайын жалын-жырды,
Тау ұлы едім,ұнатқан жаным қырды.
Сағыныштың ақ құсы көгімде ән сап,
Сендік мөлдір сезімдер сағындырды.

Келші, күнім, күлімдеп шуағыңмен,
Мендік тылсым жүректің бір ағыны ең.
Сен де мені сағынған боларсың-ау,
Ең әдемі періштем шуақ ірең..!

Сағыныштың алауы алаураған,
Сенсіз өткен бұл күндер қараң ғана.
Дәрмені жоқ жанымның дәрумені өзің,
Дүр-сезімнен сағыныш саған ғана.

Беймаза мұң тырмалап сан ішімді,
Самал лебі сағыныш тағы ұсынды.
Мен аңсадым өзіңді,келші гүлім,
Шырайнала билейік вальсіңді.

Қарасыншы тамсана Күн,Айың да,
Мұң атаулы балқысын шырайыңа.
Көздеріңнен сүйейін жүрегіммен,
Махаббаттың ішіне құлайында..!
 

ЖАЛЫН ЖҮРЕКТІ МАРҚАСҚА ҚАЗАҚ!

Ұшы-қиырсыз шалқар даланы,
Мекені қылып арқар-қаралы.
Толғана өскен айбалта сермеп,
Тақымына алып тарпаң қараны.

Баһадүрлері отты жүрекпен,
Жойқын үн атса көк қыбыр еткен.
Алмас қылышын білеген Айға,
Жаулары көрсе топты дір еткен.

Мұқым жиында ақылмандары,
Сөзі шарықтап,бас ұрған бәрі.
Тар жол да,тайғақ,сарсаңды кешкен,
Ерлігін көріп ғасырлар кәрі.

Көлеңкесі түсіп асқар күмбезге,
Хандары өткен асқан бір кезде.
Көк бөрі реңін көрсе қастары,
Тым-тырақай боп қашқан кіл лезде.

Арлан төс қыран көгінде самғап,
Сары даланың төрінде қаулап,
Бөрі-байрағын тұғырға тіккен-
Өлім айғағын өрінде байлап.

Иманды жүзді ұл-қыздары бар,
Аспан тіреген шың-құз,тауы бар.
Марқасқа қазақ мәңгі жасай бер,
Азаттық атты сырбаз таңы бар!!!

 

М.ДУЛАТОВ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ!

Арысым-ай..!
Еркіндіктің жолында ұрандаған,
Иманымен сыйынып бір Аллаға,
Түндігін түріп тастап мұң-ғасырдың,
Бостандығың келді ғой қуан баба!
Алашыңның құламай тұғырында,
Ақ арманың қол бұлғар мұнарлана..!
бірақ,бірақ бұл өзі алдамшы ма?
Не күтеді елімді алдан сірә?
“Оян Қазақ” деуменен отқа түсіп,
Бақилыққа кетіп-ақ қалғансың-ау…

Қайран баба..!
Үңілсем халық атты айнамды ала,
Болашақтың көремін сүреңін мен,
Азғындыққа сірә да жайған Қанат .
Тілім шұбар,сенім-ай селдіреген,
Дініміз де алалы сорыма-ай дана…
Қайран Қазақ тек сыртын әрлегенмен,
Өзегінде сыздаған зор ғой жара…
Оянбаған елім-ау,оянбаған,
Қайда әлгі арлан ел қайран ғана…

Иә,баба..!
сендегі қыран-арман,
Қанатынан қиылып сірә қалған…
Елің мінген кеменің түбі тесік,
Бірін жапсаң,біреуі шыға қалған…
Тілі де еркін самғамай Алашым-ай,
Бостандықты ойынан құрап алған…

Жауыр белден ұмсынған көкте күнге,
Сендегі үміт қапыда шөккені ме?
Айран сұрап,шелегін жасырған ел,
Екі талай,ақиқат көктері де…
Көк бөрі қан тулаған жүректер-ай
Итаршыға айналып кеткені ме?

Солай баба…
Абызым,хас нарым-ай,
Өлең жаздым жанымды жасқа бұлай.
Жыр-кептерді ұшырдым жүрегімнен
Марқасқа!көк тіреген асқарым-ай!

Оян қазақ деуменен ұран тастап,
Өзі оянбас сапарда қалғаны-ай…

Қайран баба..!
Қайран ғана…

 

 

ЖАҢБЫР ЖАУЫП, БҰЛТТАРДЫ ЖЕЛ ҚУАЛАП, КҮН ШАПАҒЫН ШАШҚАН СӘТ

Нақ төбемде көкжілтім құба ала аспан,
Күнікейдей күнменен нұр алмасқан.
Үлбіреген сәбидей бала бұлтын,
Еркелетіп қойнына құша басқан.

Әппақ нұрлар жер жүзін орай кеткен,
Орай кеткен,саулап кеп құлай көктен.
Сол нұрларға еліккен жан атаулы,
Неге сонша құмар-ау шырай біткен?

Аспан ана тербеткен құшағында,
Сәби бұлтын сүйеді қыса қолға.
Албыраған албыр бұлт алаурайды,
Мейірімінен ананың ұша қонған.

Еміреніп тағы иіскеп баланы ана,
Құндақтайды құлыны шарананы.
Сәлден кейін шың болған бесігіне,
Сүйіп тағы баланы салады ана.

Қызық,сәби,жылайды бірақ сонда,
Ей,дүние тыңдашы құлақ салда.
Соңғы мәрте сезгендей хош иісін,
Сәбиінің,ана аспан жылапты ол да.

Қылаң бере сылбыр күн сылбыр қаққан,
Алқызыл екі бетін кіл тырнатқан,
Уілдеген ессіз жел бесікке кеп,
Сәбиді ұрлап кетіпті тылсым жаққа.

Аңдамаған,білмеген ана аспан,
Езіліпті жүрегі жара басқан.
Үнсіз тамып жанардан ыстық жасы,
Үніне әлсіз,кейіс пен нала қосқан.

Содан бері ана аспан тулайды екен,
Бар ғаламнан сәбиін сұрайды екен.
Ағасы Алтын күнге шағым айтып,
бүрісіп,қайта-қайта жылайды екен.

Ал ессіз жел…қылығы сол баяғы,
Қарылықтың алдына қол жаяды.
Құдай атқыр…жалмауыз болса дағы,
Таймапты ғой әлі де орға аяғы.

Бұл уақиға мәңгілік қайталанып,
Жылайды екен ана аспан қайта қалып.
Түбі бірақ қайтсе де жақсылық боп,
Тек әділдік жеңері айдан анық.

Әлгі әппақ нұр саулаған далама осы,
Өкініштен күйінген ана жасы!
Шарасыздан жылаған ана байғұс,
Іздейді екен елеңдеп шаранасын…

 

 

 

МЕН ҚАЗАҚПЫН

Мен қазақпын мың өліп,мың тірілген,
Жердің беті тербеткем жыр тіліммен.
Шындық құсын көгімде самғатқанмын,
Шер-мұңдарым арылмай кірпігімнен!

Мен қазақпын,мекенім-Тұран дала,
Сеңгірімдн қалықтар қыран ғана.
Шартарапқа жайылған Қазақ атым,
Тоғысқан алты ауызым бір арнаға!

Мен қазақпын-сар даланың сайғағымын,
Шындықтың бір бұлтартпас айғағымын.
Әділдікті жаныма місе тұтқам,
Ашық мінез,ақ жүрек,жайдарымын!

Мен қазақпын, Арланмын,отты демім,
Толағай боп кеудеммен көк тіредім.
Алты қарыс азуын айға білер,
Айбаттымын,айбынды бек тұр елім!

Мен қазақпын, биікпін,өрде өскенмін,
Тар жол, тайғақ, сарсаңды сан кешкенмін.
Жарқ еткенде суырылып қынабынан,
Қиып түсер белдіні наркескенмін!

Мен қазақпын-ғұндардың тұяғымын,
Талайды шаң қаптырған кіл арыным.
Атой салып жауыма дара шапқам,
Шаршы алаңда шарықтап қыран үнім!

 

 

МЫНА ЗАМАН ҚАЙ ЗАМАН?!

Мына заман қай заман? сайқал заман,
Белділерге жылмақтар байпаңдаған.
Арамдықтың ауызы майға толып,
Адалдықтың сүрлеуі сойқан бо(л)ған.
Ар-ақиқат бүрсеңдеп, ық таба алмай,
пасық,сұмдар кекшиіп қайқаңдаған.

Мына заман қай заман? аяр заман,
Шырқыратар жаныңды сояу заман.
Қырандардың көгінде торғай ұшып,
Ібілістер тұзағын даярлаған…
Әділдігің алғанмен ай балтасын,
зұлымдықтың өңешін оя алмаған.

Мына заман қай заман? залым заман,
Меңдеп кеткен дертінен арылмаған.
Құлагері қалыс қап,батырашы,
оза шауып,еліріп,арындаған.
Жалғандықтың мысын да баса алмай,
ақиқаттың тулаған жанында қан!

 

 

АҚИЫҚ!

Адырна-жүрегіңе жегіп алып отты өлең,
Күллі әлемді құшаққа ап сезімдермен өпкен ең.
кәусәр жырдың сүлейі, ақиығы, арманым!
Сен заңғарсың тіреген тылсым жанын көкке ерен!

Сұңғыла жыр жаныңды толқындатып тербеген,
Ой-қиялдың қанатын ұстап алған мен де-өлең!
Жыр әлемде құлашты кеңге созған алыбым,
Мен өзіңді алаулар жұлдыздарға тең көрем!

Өмір мұңын тартқансың шанағында жырлардың,
Иә,бәлкім сүрлеуің болған шығар тұнған мұң…
Небір пасық жандылар аяғыңнан шалуға,
Сұм ойлардың жалында сан әрекет қылған мың!

Бірақ…бірақ қайсарым!мойымадың әркез сен!
тулап соққан жүрегің,жырың сенің-наркескен!
дара шыңнан төр алған Мұзбалағы елімнің!
Исі қазақ ділінде сенің рухың мәңгі ескен!

Жалғыз ғана сырласың болған кәусәр тұма жыр,
Тұма өлеңмен кезгенсің жыр-әлемде құба қыр!
Мен де өзіңдей сырласпын бұл өлеңмен абызым,
Пір тұтқан-ды өзіңді,мына ұлың,шынарым!

Өлмейсің сен,өлмейтін ізің қалған мұрадан,
Шымырлатар жүректі кәусәр жырың жыр-атан!
Ақиығым ізіңді жалғастырам мен дағы,
Бір жарқ еткен жасындай болған мәңгі Ұлы атам!!!

 

 

АЗАТТЫҒЫМ!

Уа,қазағым, еркіндігің құтты болсын қыран ел,
Азаттықтың тұғырында тек марқайып тұра бер.
Желтоқсандық өрлерімнің,
Аруларым,ерлерімнің,
Жарқылдаған жігерімен келген тылсым мына күн,
Исі қазақ ұрпақтары бұған сірә куәгер!

Иә асылы,азаттықтың тылсым жолы бұралаң,
Қыршындарым мына күнді қан мен терден құраған.
Күйіп,жанып азап-отқа,
Кеуде тосып ажал-оққа,
Шаршы алаңда шарықтаған өрлерім кіл ұраным,
Тек солардың арқасында алты алашым жүр аман!

Көк бөрінің Арландары көріп күннің сүреңін,
Тамұқ кешкен,азап күнде түріп алып білегін,
Боздақтарым,ойы ылаң
Өзге ұлттың сойылынан,
Өлім құшқан елі үшін,асқақтатым рухыңды,
Міне осылай еркіндігің бүр жарған-ды Ұлы елім!

Онан бері жиырма бес жыл өтті,шіркін,сырғанап,
Тарихыңа мөрін басқан бұл күндерде мұң бар-ақ…
Елін,жерін арқалаған,
Бодандықтан қалқалаған,
Аждаһамен арпалысқан хас өрлердің күшімен,
Алдымызда әлі талай нұрлы күндер тұр қарап!

Мәңгі оларға тағзым қылар дүйім қазақ ұрпағы,
Жарқ еткенде жасындарым атқан елдің нұр-таңы.
асқан рухтың лапылдауы,
Хас намыстың ақырғаны,
Сейілткен-ді бұғаулықтың соқыр қара тұманын…
Содан бастап қазақ елі азаттық-ән шырқады!!!

 

ҚАЗАҒЫМ-АЙ…

Қазақтың мұңы басым,соры басым,
Жүздеріне үңілсең соны ұғасың.
Болашағы бұлыңғыр көрінеді,
Ақ аспанын қара бұлт торығасын.
Санасыздық індеті белең алды,
Намыссыздық жалыны қарығасын.
Етек-жеңін жинамас арулар көп,
“Қазақтың қызы”- десең арыңа сын.
Қатын тектес ерлерім қаптап кетті,
Естісең өзді-өзіңнен қамығасың…
Еріксізден көзіме жас келеді,
Қайраң-ай қазағыма жаным ашып.
Бүгінде текті елімнің жайы осы,
Нақтырақ бағынан да соры басым…
Көк бөрінің ұрпағы қаншық болып,
Барың беріп жат елге жағынасың.
“Халық “-десе асылы әңгүдікше,
Кеуде керіп,қол сілтеп,қағынасың.
Уа,Қазағым анығын айтшы өзің
Бұл індеттен қашан сен арыласың?
Тілің,ділің,жеріңнен ада болып,
Қапыда қалмасыншы қара басың…

 

Темірлан Темірбай,

Семей қаласы

 

“Жерұйық” порталы

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation