Жас ақын, жалынды ақын Әлия Іңкәрбектің «Тасқын» атты жыр жинағы Баянауыл жұртшылығына таныстырылды. Өлең өлкесіне өзіндік лебімен келіп, өмірі өлеңмен өрілген Әлия XVII Халықаралық Шабыт фестивалінен Әдебиет аталымы бойынша тағайындалған «Ф.Оңғарсынова атындағы» арнайы жүлденің иегері. Жақында ғана Ә.Іңкәрбектің «Тасқын» атты жыр жинағы Қарағанды, Астана қалаларынан кейін Баянауладағы жыр сүйер қауымға таныстырылды.
Жырмен сусындауға келген, өлеңнің құдіретін, сөз құдіретін бағамдай білетін, бағалай білетін жұртшылық аудандық кітапханаға жиналды. «Тасқынның» «тасқыны» баянауылдық оқырмандардың да көңіліндегі бір мұң мен кірбіңді «шайып» кеткендей әсер қалдырды. Баянауылдың құтты құрсағы талай дананы дүниеге әкелгені ғаламзатқа аян. «Мәшһүрі бар, Олжасы, Бұхары бар, Сүйіндіктің сүйкімді бұтағы бар» Баянаулада 2007 жылы республикалық жас қаламгерлердің форумы дүркірегені көптің есінде. Маралтай Райымбекұлы, Әмірхан Балқыбек, Серік Сейітман, Рахат Әбдірахманов, Жанаргүл Қадырова, Танакөз Толқынқызы секілді аға-әпкелеріміздің есімін сол жиын арқылы білетінбіз. Енді, міне, араға он жыл салып тағы бір мәрте жас ақындардың басы біріккендей. Олай дейтініміз, жүздесу кешіне қарағандылық Аян Мейраш, екібастұздық Ерболат Әміренов, баянауылдық Нұрсұлтан Рымбай және Жоламан Әйткен қатысты. Сонымен бірге, ауданымыздың театр өнерін талай жыл өрге сүйреген Жамбы Ипатқызы, аудандық кітапхана директоры Айман Саясатқызы тұщымды пікірлерін білдірді және алдыңғы буын ақындар легін бастап Жеңісбек Пәзіл мен Ерәділ Түсіпбаев жырсыйын тарту етті. Келер жылы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы тойланбақ. Жарқын жүздесуде осы айтулы мерекеге орай жас ақындар форумын ұйымдастыру жайлы ұсыныс-пікірлер білдірілді.
Жас ақын өмірді өзінше бейнелеп, өзіндік сара жолды бастап келеді. Әлиянің өлеңдерінен өр рух пен нәзіктікті қатар аңғарасыз.
Асаулау шығар тағдырым,
Өзім де момын емеспін – дегенде Әлия қайтпас қайсар мінезін танытқандай. «Тек қана алға, алға ғана тура тартқан, жастық пен жалтақтықтан ада асау батылдық, балталасаң да қыңқ етпес батырлық» Әлиянің әр өлеңінде бой көрсетеді.
Мейіріміңді аяма, сараң Әлем,
Аярлықтан аршыдым сананы әрең.
Сатқындығы уақыттың ерте есейтіп,
Ақын етіп жіберді, шарабы – Өлең!
Жиырма жасты енді еңсерген жеткіншек өмірді қалайша танып болды деген ой қылаң берері жасырын емес. Десек те, өлең көгіне өзіндік үнмен келген ақынның ішкі ойы, ішкі жасы ерте есейген, ерте жетілген. Сезіммен өрілген ішкі сыр оқырманның жан жүрегін баурап алардай. Сөз қадірін өз қадірім деп түсінген Әлия:
Бақыт деген – мойындату өзгені,
Сүріндіріп жүрмесе екен сөз мені! – деп өлеңі арқылы сырын ашады, жарияға жар салады. «Сөздің өзінде кінә жоқ. Мәселе айтушыда. Біреу оны мұзға аунатып жеткізеді, біреу тұзға аунатып жеткізеді. Енді біреу жүрегінің жылуына бөлеп жолдайды», – дейді Қадыр Мырза Әлі. Осы ретте Әлиянің өлеңдері жүрек жылуымен, шынайы сезіммен, асқан шеберліпен өріліп, оқырманның ойын дөп тауып жатады.
Мен ғана түсінемін тұманды айды,
Жұлдыз біткен көппіз деп ұрандайды.
Жерге қарап жүретін көп пенделер,
Ешқашан айды аспанға шығармайды.
Әлия Іңкәрбектің тасқындаған жырлары көңіл толқытады, ерекше бір әлемге беттейді. «Болмысының қамалын бұзып өтіп, қанатымен көк тілмекке» ұмтылған рухы биік, арманы асқақ ақын қыз:
Өмір дегенің – жұлдызға тілегіңді айту,
Орындалмасын білсең де егіліп тұрып! – деп өмір көшіне ілесіп келеді. Жыр көшіндегі өмірі баянды болсын!
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл