Ақ шылауыш, кимешек
Аңсадым,апа,қайдасың?
Құлының бүгін есейді.
Кеттің бе ұшып айға шын?
Еске алам күнді кешегі.
Құшағың кең мекенім,
Жылуына бас ұрғам.
Алыстамадың екі елі,
Апатай-ау қасымнан.
Құс ұшырмай басымнан,
Жылы,жұмсақ төсеген.
Ержеттім сенің қасыңда,
Алыстау әке-шешеден.
Көсегемді көгертер,
Тілекке толы баталы үн,
Болғанға шіркін,не жетер!
Баласы апа, атаның!
Талайлар тізе бүгетін,
Қаһарман ең мен үшін.
Алмайтынмын күзетіп,
Сен барда қолда жеңісім.
Жаятын құрт өреге,
Тоятын біздер қайда күн!
Ойлағанмен келе ме?
Дәмі кетпес айраның!
Дүниең қалды шын тағы,
Не қылайын өзгесін!
Артыңдағы ұрпағың,
Апамнан қалған көз десін.
Тек білетін жылтуды,
Аңсадым сол құшақты.
Сағындым,апа құртыңды,
Құятын бойға қуатты.
Елестейсің кей-кейде,
Бұрынғы өткен күйге кеп,
Есімде қапты сол бейнең-
Ақ шылауын, кимешек!
Әз Наурыз
Әз Науырыз келді,міне, көктемің
Осы болар бар қызыққа бөккенің.
Далам төрі-ән мен күйге бөленді
Самал желдің қарды ертіп өкпегі.
Кәрі де жас маңғазданып басып паң,
Бүлкілдейді бойларында тасып қан.
Жылғалардан шұбырады бұлақтар,
Жолаушыдай көрісуге асыққан.
Ақ ниеттер жақсылыққа үйлесіп,
Тербетілер көңілдегі жыр бесік.
Бойы балқып жасанады ақ қайың,
Таранады арудайын күй кешіп.
Шіркін, қиял шартарапты кезе ме?
Молшылыққа баттық қой бір көзеле.
Ауыл үйдің қазанында қайнаған,
Не жетеді Наурыздағы көжеге!
Белгілі ғой өкпе наздың жатпасы,
Самарқанның ерігенде көк тасы.
Шашылады көкте Күннің шуағы,
Ашылады жүректердің қақпасы.
Жадырайды бір серпіліп жаныңыз,
Қауқылдасып қауышамыз бәріміз.
Жамиғаттың жүрегінде сен барсың,
Табиғаттың төл мейрамы Наурыз.
Күту
Күтемін, жаным аңсап өзіңді,
Құлазып жатыр өмірім мынау.
Айтатын болсам, осы кезімді.
Көңілім-сынық,жүрегім-жылау.
Оралшы маған асылым жылдам,
Жалғыздық жанға кеткендей батып,
Ол жақта менің ғашығым жүр-ау!?
Күндерден бір күткендей бақыт.
Жырыммен емдеп, жазамын,Күнім!
Жүрекпен бірге жан тынысымды.
Жеткізіп саған отырмын бүгін,
Жүдеу тартқан сағынышымды.
Жылжып жатыр айлар да ақырын,
Өттік-ау, мынау бір қыстан да.
Сарқамын мен де сезімнің ақырын,
Сағынышыммен сені құшқанда.
Сұрарсың сен де күн,айдан да,
Сенімен ұқсас таныс халімді.
Тілеймін тағы Құдайдан да,
Менімен, енді табысқаныңды.
Күтемін!
Ұзақ көктем
Ашылып күн, боранда бәсеңдеген,
Қаһарлы қыс, кетті екен есең неден?
Ақ боран ышқынады бет қаратпай,
Қайыңдар жел күшімен секеңдеген.
Аяқталып барады ақпан-дағы,
Аласарып кетеді-ау мақпал қары.
Алыстан көрінеді күйі кетіп,
Ауылдың қорасында жатқан малы.
Наурыз да кешікпей туары анық,
Ескереміз дәстүр мен мұраны алып.
Табиғаттың мейрамы келген шақта,
Көктемге ес кетеді құмар ауып.
Қажытқандай,қарашы бізді өткен мұң,
Қуанышым ,қайғым да “Сіз” деп көндім.
Жыл ауып бара жатыр сонда дағы,
Сезілмейді лебі гүл көктемнің.
Қиын ғой бұл жалғанда жырақ кеткен,
Жартым қайда, жаныма тұрақ тепкен
Мезгілі жетседағы көп күттірген.
Бұл не деген расында ұзақ көктем.
Ғашықтардың қашанда сезімі бақ,
Мұң кешеміз одан соң сағынып ап.
Өткерген сенсіз күнді есіме алып,
Көктеммен бірге күтем сені де ұзақ