Жастар саясаты – бүгінгі күннің ауқымды мәселесі. Болашақта үкілеген үміт, үлкен жүк артып отырғанымыз да – жастар. Кешегі дана қазақтың «Он үште отау иесі», «Болар бала он бесінде баспын дейді» – деген қанатты сөздері жас буынға қаншалықты жауапкершілік артқанын ұғындырса керек. Бүгінгінің жастары мемлекет тарапынан қолдаудан да, қолпаштаудан да кенде емес.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жастар мүддесін қорғайды. Аталған заң жастардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесуге, сондай-ақ мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне жас азаматтардың белсенді қатысуы үшін жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді үлгісін қалыптастыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте құжатта мемлекеттік жастар саясатының басты міндеттері мен негізгі бағыттары айқындалып, осы бағыттағы орталық мемлекеттік органдардың құзыреттері бекітілген. Жалпы алғанда, заңның негізгі мақсаты жастардың табысты әлеуметтенуіне бағытталған тиімді мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру үшін заңнаманы жетілдіру, олардың әлеуетін ел дамуына жұмсау болып табылады. Бұдан бөлек, құжатта мемлекеттік жастар саясаты субъектілерінің жұмыс істеуіне құқықтық мүмкіндіктер беру, жастармен тиімді жұмыс істеудің тетіктерін қалыптастыру, жастардың құқықтарын кеңейту нормалары қамтылып отыр. Тұтастай алғанда, құжатта мемлекеттік жастар саясатының басты үш міндеті қамтылып отыр. Атап айтқанда, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жастарды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси өміріне тарту, азаматтыққа тәрбиелеу және қазақстандық патриотизмді нығайту көзделеді. Ал, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарында олардың ішінде қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жұмыспен қамту, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту шаралары қамтылады. Аталған мәселелелерді атқаруда аудандық Жастар орталығының жұмысы қарқынды. Аталмыш орталық Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімінің бұйрығымен 2015 жылдан бастап жұмыс істейді.
Жастар орталығының директоры Ренат Ильдиннің берген мәліметіне сүйенсек, 2016 жылғы санақ бойынша аудандағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны – 6123 адамды құрайды. Аудандық жастар саясатында тың әдіс, тиімді шешімдер жетерлік. «Талаптың аты арындап, әр қияға салған шақта», жастардың түрлі қызығушылығы мен талғамын, өмірлік қағидалар мен ұстанымдарын дұрыс бағытқа салып, тура жолдан тайдырмауда аудандық Жастар орталығы ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарған. Бүгінгінің күн тәртібінен түспейтін келелі мәселе – салауатты өмір салты, жұмыспен қамту, шығармашылықты шыңдау, құқық қорғау, басқа да мәселелер шешімін тауып, бұл әлеуметтік топтың әлеуетін арттырған. Атап айтсақ, жастар арасында жұмыссыздықты азайту мақсатында маусымдық жұмысқа өткен жылғы есеп бойынша, барлығы 59 жас тартылған. Оның ішінде, 34 адам «Жасыл Ел» бағдарламасы бойынша, 25 адам Жасыбай демалыс аймағында орналасқан «Кристалл» демалыс орнына жұмысқа орналасты. «Жалындат деп от берген» жастық шақта басшы болып ел басқарып, өз кәсібін дөңгелетуге ұмтылғандар қатары да аз емес. Бұл мәселе де Жастар орталығы арқылы шешімін тауып келеді. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2016 жылы «Жұмыспен қамту – 2020. Жол картасы» бағдарламасы бойынша 16 жас адамдар кәсіпкерлік негіздері курстарын оқып келген. Ал, ағымдағы жылы «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарын 30-дан аса адамдар оқып жүрген болса, соның ішінде, оннан астамы – жастар. Сондай-ақ, 2016 жылы жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында 7 адамға жалпы сомасы 18 млн.теңгеге несие берілген. Жастарды қолдау мақсатында жүргізілетін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 67 жас маман көтерме жәрдемақы алып, 9 маманға бюджеттік несие берілді.
Аудан жастарына құқықтық кеңес беру мақсатында Павлодар қаласынан заңгерлер арнайы шақырылып, кездесулер де ұйымдастырылады. Сондай-ақ, мектеп оқушылары арасында құқықтық, діни сауаттылықты арттырып, мүдделерін қорғау мақсатында аудандық «Имандылық» орталығы және Ішкі істер бөлімінің жасөспірімдер істері бойынша инспекторлармен бірлесе жұмыстар жүргізеді. Жат ағымның арбауына түспей, бір-бірлерімен жақын араласу мақсатында былтырғы жылы жаз айында намазхан жамағат арасында шағын футболдан жарыс та өтіпті. Тағы бір айта кетерлігі, «Жастар» орталығының ұйымдастыруымен аудандық жастар шығармашылығын қолдау, оларды спортқа, салауатты өмір салтына баулуда мардымды жұмыстар атқарылады. «Жастықтың бойынан парықсыз паңды емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы» дегенді ұстаным етіп алған Ренат Қуатжанұлы өткен жылы аудандық Арбат фестивалін ұйымдастырған. Бұл конкурс аудандағы талантты жастардың шығармашылығын шыңдап, бір-бірімен достық қарым-қатынасын нығайта түскен. Аталмыш фестиваль жыл сайын жүргізілетін болады. «Арбат» фестивалінің жастар шығаршашылық көрмесінің ашылу салтанатын өткізу жоспарда бар. Бұл – бір күндік емес, ұзақ уақытқа созылатын байқау. Оның мақсаты – жер-жерден келетін туристерге Баянауланы таныстырып қана қоймай, ұлттық өнерді ұлықтаған жастардың туындыларын да көрсету», – дейді «Жастар» орталығының директоры Р.Ильдин. Қам көңілді, қаяу жүректі жандар да орталық назарынан тыс қалған емес. Аудан бойынша 65 мүмкіндігі шектеулі жастар бар екен. Жан жылуын сыйлау мақсатында ағымдағы жылы «Шын жүректен» қайырымдылық концерті өткізілмек. Сондай-ақ, Р.Қуатжанұлының айтуынша, ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі жастардың жанын жадыратып, ойын дамыту мақсатында дойбы, тоғызқұмалақ, басқа да спорттық ойын түрлерінен жарыс өткізу жоспарда бар.
Биылғы жыл Алашорда үкіметінің 100 жылдығымен ерекшеленгені дүйім жұртқа аян. Осы мереке аясында «Ұлы дала перзенттері» деген атпен Баянауланың көрікті, тарихи жерлеріне саяхат жоспарланып отыр.
«Бүкіл азаматтың келешегі жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты». Ендеше, осы тұрғысында «Жастар» орталығының қарыштауға қарқынды қадамдары мен болашаққа бағыттары маңызды.
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл.