Дүниеге келгеннен кейін адамның жетістікке жетуге толық мүмкіндігі бар. Алайда байлық, мансап әркімнің уысына түсе бермейді. Себебі қалағанына қол жеткізу әр адамның құлшынысында жасырулы. Құлшыныстың оянуы, тұрақтауы үшін әлбетте жігер керек. Әлемдегі жетістікке жеткен адамдардың барлығына ортақ болған мотиворлар болған. Олар жайлы білгіңіз келе ме?
№1. “Қажет екендігіңді” сезіну
Егер жұмыста сізден біреу келіп ақыл-кеңес сұраса, сізден дұрыс бағыт ала білсе, көңіліңізге жағады. Бұл – ешқандай да менменсу, тәкаппарлану емес. Адам өзінің қоғамға, әлемге керек екендігін сезінуі керек. Сондай-ақ қоғамның қандай өкіліне болмасын өзгелердің пікірі маңызды рөл атқарады. Егер адам өзгелерге қажет екендігін сезінетін болса, ол ешқашан қолды бір сілтеп, күйзеліске түспейді. Өйткені ол “керек адам” әрі оның қызметі – қоғамның маңызды бөлшегі. Бұл тек қызметкерлерге ғана емес, үйбикесі болып отырған әйелдерге, барлық адамдарға тән болуы тиіс ерекшелік.
Дәл осы мотиваторды түрлі ірі компаниялардың, ұйымдардың басшысы, желілік маркетингтің адамдары да сәтті пайдаланады. Бұл тәжірибені өмірде барлық саладан табуға болады. Оны азық-түлік дүкенінен бастап, “сіздің пікіріңізді құнды санайтын” электронды поштадағы хаттардан да жолықтыруға болады. Адам өзін мойындату үшін түрлі қиындықтарға дайын болады, себебі бұл – оны өзгелерден ерекшелендірудің ең басты құралы. Дәл осы мотиватор адамның мақсатқа жете білуіне үлкен септігін тигізеді.
№2. Жеңіс дәмін сезіне білу
Жеңіске жету, бар әлемге өзіңнің мықты адам екендігіңді мойындату тілегі – мақсатқа жетудің ең күшті қаруы. Егер ақша табуды жоспарласаңыз, соған ұмтылсаңыз. Әрине көздегеніңізге қол жеткізуге болады. Алайда сыбана іске кіріскен білек те бір күні шаршайды, оған ақша қызық болмай, еріншектікке бой алдыруы мүмкін. Егер дәл осындай мақсатыңызға сәл түзетулер енгізсеңіз, “жеңемін, қазіргі күйімнен биік деңгейге шығамын” деп өзгертсеңіз, мақсатыңызға әлдеқайда жеңіл әрі тез жетесіз.
Сіз ойын алаңында жүргендей боласыз. Өзгелерден бұрын өзіңізге таңсық қырларыңыздың ашылатынын байқайсыз. Жеңуді қалау адамның тұлғалық тұрғысынан дамуына айтарлықтай көмектеседі. Сізге де жәрдемі тиюі әбден мүмкін.
№3. Отбасы
Отбасы – өте нәзік те берік, адам жанына тегін әрі таптырмас қуат көзі. Адамның жеңіске жетуі үшін алдымен ішкі әлемін аша білуі керек. Қай кезде адамның шынайы бейнесін көре аламыз? Ең жақын, жақсы көретін жандарының қасында ғана адам боямасыз, еш жасандылықсыз күйге түседі. Дәл осындай ерекше күйде ғана адам нағыз рухани күш, қуат ала алады.
Адамзат тарихындағы ұлы жетістіктер отбасы үшін, жақын адамдары үшін жасалған дүниелерден туған. Осы жолда адам түрлі қиындықты еңсеруге, бар жігерін салуға дайын болады. Тек отбасы ғана барлық мотивацияның басын бір арнаға тоғыстыра алады. Жеңіске жету үшін алдымен үйдегі берекені ретке келтіруді мақсат етіңіз.
№4. Ең ұлы мотиватор – қайырымдылық пен өзгелерге жәрдемдесу
Бұл да – адамның жан дүниесін түсініп, ішкі әлемін паш ететін, рухани құндылыққа басайтын іс. Ақша – өмірдегі ең басты қажеттілік емес, кез келген дүние саудаланбайды. Қайырымдылық пен мейірімділік адам жүрегін жұмсартады, дәл осы әрекет арқылы адамды шынайы мойындау мен құрмет пайда болады. Егер адам өзгелерге жақсылық жасай білсе, оған да бумеранг заңдылығы орнайды. Себебі барлық іс – жамандық та, жақсылық та қайтып келеді.
Мақсатқа қол жеткізу үшін жай ғана мотивацияның күші жеткіліксіз. Ол үшін аздаған еңбек пен табандылық қажет. Жаттанды “сұлу тіркестерден” гөрі іске көшу нәтижеге жетелейді. Бірақ ең бастысы – өз мақсатыңыздың дұрыстығы мен барар жерін көре біліңіз. Сондай-ақ, сарқылмайтын жігермен “сапарыңызға” қамданыңыз.