Жұма, Ақпан 16, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Адастырар «жомарттық»

Адастырар «жомарттық»

Біздің қауырт қызметтің негізгі атрибуттары біз үшін егіз ұғымға айналып кеткен  блакнот пен қалам, содан кейін компьютер. Интернетпен, әрине. Бүгінгі жаһандану деп ат қойып алған жалған мен шындықтың арасындағы әлемде бүкіл әлемдік өрмектің қай салада болмасын мысы басым. Айтпағым, интернет болмаса жұмыс та алға баспай қалады. Не болмаса, бізге солай көрінеді. Сонымен, күнделікті жұмыста әлемдік, жаһандық жаңалықтардың жаршысы болатын біздер қылаң берген оқиғаны қалт жібермеуге тырысамыз. Ол үшін интернет желісіне жүгінеміз. Қазір қандай сайтты ашсаңыз да, қосарланып, қосылып жарнама да жарқ ете қалады. Жердегі жұлдыздардың түрлі «қитұрқы» әрекеттері мен арықтау мен дене сымбатын көрсетіп болған олар ендігі кезекте несие береміз деп безектер тұр. Ол несие үйреншікті, бүгінгі жұртқа таңсық емес банктер арқылы да емес. Онлайн жүйеде. «Қарыз ал да, сыйақы ұтып ал!» – деп ұрандайды олар. Қарыз бергені үшін кім кімге сыйлық ұсынар дейсіз?! Атымтай жомарттықтың ауылы әсте алыс олардан. Онсыз да жетегіне жеткізбейтін жалғанда қайыр сұрамасақ та, қара бастың өзін қамдау оңайға түспейді.

Қысылғанда уысыңа ақша қыстырып беретін банктер, жоғарыда атап өткен интернет торабы арқылы берілетін қаржы қаншалықты тиімді? Бүгін күліп алғаның ертең жас болып шықпайтынына кім кепіл?! Несие алып несібемді арттырдым деген бос әурешілік. Десек те, несие алып кәсібін дөңгелетіп отырғандар қатары мол. Ондай азаматтар ауданымызда да бар. Ата кәсіпті жандандырып, кешегісін қайта түлетіп отырғандар несиенің несібесін көрді десек те болады. Әңгіме ауанын интернеттегі қарыз ақшаға аударайық олай болса… Керегіңді іздеген сайын ізіңнен қалмайтын жарнаманы мен де ашып көрдім. Ақшаға құныққаннан емес. Қызмет жүйесін білейін деп. Көрсетілген анықтамаға сәйкес, бұл жерде жұмыс орныңнан, жалақы көлемі туралы ақпарат қажет етілмейді. Демек, бұл жерден кез келген адам, белді қызметкер де, қарапайым жұмысшы, тіпті студент, жұмыссыздар да қалтасын майлай алады. Бірақ, әттеген-айы да жоқ емес. Бұлаңдаған қу заманда тұрақты қызметі болмаған соң жалақының жүзін көрмейтіндер алған қарыз ақшасының өсімпайызын қайтіп қайтармақ? Оған қоса, кешегі батырлар жырындағы ұлдардың жыл санап емес, ай санап, тіпті күн санап өсетініндей пайыздың шарықтауы тыныштық бермейді ғой. Жаныңды жегідей жейді.

Бұл да болса бәз біреулердің көлеңкелі бизнесі. Адамды майда сөзбен алдап, бастысы, өз еркімен арандатып келіп апанға түсіретін қитұрқы қимыл. Бүгінде несие десе ат тонын ала қашатын ағайын жоқтың қасы. Екінің бірі сол қаржыны тегін беретіндей жүгіреді. Оған да апарар жол жетіскеннің ермегі емес, әрине. Заманның келтелі кестесі сол жолға әкеледі ғой. Дүркіретіп той жасап, алтынмен аптап, күміспен қаптап жасау береміз. Оның арғы бетінде не жатқанын байқамаймыз. Болмаса, байқатпаймыз. Қысылғанда қаржы аламыз. Кейін, қайтара алмай зар боламыз.

Көсегемізді көгертіп, несібемізді алып берер несие емес. Интернеттегі қой терісін жамылған қасқырлардың қақпанына түсіп, аузына азық болмайық. Берекені көктен емес, еткен еңбектен тіле деген даналардың дара сөзі сара жолымызға ой салсын!

Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation