Бейсенбі, Ақпан 15, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Бір кем дүние…

Бір кем дүние…

Танымай тұрып, таңдана аламыз біздер,

Тағдырға көніп, таң нұрын күтіп ерекше.

Адам баласының маңдайына жазылған өлшеулі ғұмырдан ешкім де асып кете алмайды. Тағдыр таразысы кімге қандай тарту жасарын кім білсін?! Өмір жолында шарасыздық пен тағдырдың тәлкегіне мойынұсынған амалсыздық кейіптерінен менмұндалап тұрған жандардың қатары да бар. Біреуге бақ, біреуге сор болып бұйырар арман дүниеде талайдың сағы сынды. Бір кем дүние…

Қазан айының екінші жексенбісі мүгедектер күні болып бекітілген. Бұл күн – мүмкіндігі шектеуліні мүсіркеу емес, көңілі жарым, денсаулығында кемістігі бар жандарға мейірім сыйлауға үндейтін мереке. Қайғының тонына оранғандарды жарық дүниенің өзге де кереметтерімен таныстыру, жан жылуын сыйлау кім-кімнің де азаматтық міндеті. Шынайы жүрек сөйлесе, шынайы үміт тербейді. Мүгедек жандар мейірім мен жан жылуына зәру. Олар жалғанда жақсылықтың барына сенеді…

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек – күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы ретте олқылықтың орнын толтыру мақсатында ауданда Үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі қызмет етеді. Кеңесші Берік Хамзиннің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша бөлімше қарамағында 306 мүгедек жандар мен жалғызбасты қариялар бар. Оларға 31 әлеуметтік қызметкер барынша қолдау мен көмегін көрсетеді. Ал, Баянауыл ауылында 11 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың әрқайсысы назардан тыс қалмайды. Сабақты ине сәтімен. Тағдыр тауқыметін аз тартпаған жандарға үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі барынша жан жылуын сыйлайды. Денсаулықтарын қадағалап, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік көмек көрсетеді. Жақында қарттар күні мерекесіне орай мүгедек жандар мен жалғызбасты қарияларға жеке кәсіпкерлердің көмегімен дорба толы сыйлықтар да тарту етіліпті. Бұл да болса жығылған жанға демеу болары сөзсіз.

Аялы алақанмен жасалған көмектің қайтарымы – шексіз алғыс пен ақ бата. Баталы ел арымастың парқына барсақ, жан жылуымен бөліскеннің өзі де нұрға бөленетіні шындық. Әлеуметтік көмек өз алдына. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан ай сайын жәрдемақы төленеді. Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының бастығы Асқар Бұғыбаевтың мәліметіне сүйенсек, жәрдемақы төлеу көлемі күнкөріс деңгейіне байланысты. Былтырғы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 22859 теңгені құраса, биылғы жылы ол көрсеткіш 7 пайызға жоғарылаған. Яғни, 2017 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 24459 теңге. Осыған сәйкес, бірінші топ мүгедектері 43538 теңге, екінші топтағы мүгедектер 33999 теңге, үшінші топтағылар 23970 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Ал, 16 жасқа дейінгі бірінші топтағы мүгедек балалар мемлекет тарапынан 43538 теңге, екінші топтағы мүгедектігі барлар 35466 теңге, үшінші топ мүгедек санатындағы балалар 27884 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Одан бөлек, бір реттік жәрдемақы да мүмкіндігі шектеулі жандардың шотына аударылады.

Аудандық, ауылдық әкімшілік тарапынан да толассыз көмектер көрсетілуде. Ауылды абаттандыру жұмыстары кезінде мүгедек жандардың аулаларын қоқыстан тегін тазартып, қыс болса қарын күреу жұмыстары да жүргізіледі. «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 14-ші бабында кембағал жандардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кіру мүмкіндігімен қамтамасыз етілуге құқығы бар екені айтылған. Яғни, әлеуметтік нысандарға еш кедергісіз кіріп-шығуы үшін пандустар төселуі қажет. Бұл да болса аудан орталығында жұмысы жүйелі жасалған құрылымдардың бірі. Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында білім беру саласының 25 нысаны, денсаулық сақтау саласы бойынша 10 нысан және мәдениет саласының 9 нысаны пандустармен, тұрақ және шақыру түймесімен ішінара жабдықталған. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған көмектің бір түрі ғана.

Қоғамның толық мүшесі ретінде олардың да алға қойған мақсаттары бар. Келешекте Алаш алыптарының аманаттарын арқалап, жүзеге асырар қайраты жүректерінде. Қатал тағдырдың ауыртпалығын арқалаған олар өзегі өртенсе де, сағы сынбаған. Өмірге құштар жандарға әлеуметтің көзқарасы мен пиғылы да дұрыс болмақ керек. Мүмкіндігі шектеулі деп шектетпейік, ағайын!

Әлия ТАУКЕНОВА,

Баянауыл.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation