2016 жылы 1 қараша күні «Мектеп және жоғарғы оқу орындары» бағдарламасы негізінде Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетіне қарасты қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы мен Семей қаласының білім бөлімі «12 жылдық білім беру жүйесінде қазақ тілін оқыту мәселелері» атты қалалық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді.
Семинарға қаладағы қазақ және орыс тілді мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен кафедра оқытушылары қатысты. Үстіміздегі оқу жылы кафедрада тілдің теориясы мен тілді оқытудың әдістемесі мәселелерін зерделеп, алда тұрған міндеттерді айқындауды жүйелі түрде жүргізуге бағытталған «Тіл тұғырым» атты клуб өз жұмысын бастаған еді. Ғылыми-тәжірибелік семинар аталған клубтың бастамасымен қала мектептері мен университет арасындағы іскерлік байланыс негізінде өткізілетін дәстүрлі шаралардың бірі болып табылады.
Семинарға Семей қалалық білім бөлімінің бас маманы,қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Нүргүл Сайлауқызы,Университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор,ҚР халық ағарту саласының озық қызметкері Арап Сіләмұлы Еспенбетов,Семей қалалық білім бөлімінің әдіскері Нүргүл Сайлауқызы Байсарина қатысты. Конференция шымылдығын ашқан Арап Сіләмұлы Еспенбетов «12 жылдық білім беру жүйесінің тиімді жақтарын айта келе, әрбір реформаның жеңіл құбылыс емес екенін ескере отырып, оның қиыншылықтарын шешуде ұстазадар қауымына артылатын жүктің ауыр екенін айтты. Сөз соңында Арап Сіләмұлы қазіргі күні заман талабына сай өмір сүру мектеп мұғалімдеріне магистр дәрежесін алуға кеңес берді».
Жалпы семинар екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде мектептердің тәжірибелі, әдіскер мұғалімдері №29 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Садыбекова Гүлзира Аманбековна «Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі», Т. Аманов атындағы №16 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құнафина Гулнара Агзановна «Қазақ тілі сабағында мәтінмен жұмысты ұйымдастыру жолдары», №23 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ахметжанова Шынар Советқызы «Тілді оқытудағы жаңа бағалау жүйесі», №7 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балтабаева Венера Қабылғажиновна «Орыс тілді мектептерге арналған «Қазақ тілі» деңгейлік оқулықтары мен оқу- әдістемелік кешендерінің тиімділігі», Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Сағанаева Гүлнұр Бейсембайқызы «12 жылдық білім беру жүйесінде қазақ тілін оқыту мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Екінші бөлімде шеберлік сыныптары өткізілді. №37 мектеп мұғалімдері Жакенова Қ.Қ., Орынғожина Л.С. «Қазақ тілі сабағында Қ.О. Бітібаеваның ой тастау, ойланту, ойлау технологиясын қолдану», Т. Аманов атындағы №16 мектеп мұғалімдері Құнафина Г.А., Қажигулова Г.Қ., Ахметқалиева М.Н. «Қазақ тілі сабағында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру жолдары (қазақ, орыс, ағылшын тілдері)»атты интеграциялық сабақ, №38 мектеп мұғалімдері Құлжанова А.О., Кенжебаева А.С. «Отбасы күні» (Қазақ тілін оқытудағы белсенді әдіс-тәсілдер), №7 мектеп мұғалімі Мусина А.С «Топтық жұмысты нәтижеге бағыттай жүргізудің тиімді жолдары» атты шеберлік сыныптарын өткізіп, жас ұрпақ бойына білім мен біліктілікті қатар сіңіріп жүргендіктерін танытты.
Семинардың «Ойталқы» бөлімінде модераторлар Қ.Қ.Мұқанова мен Ф.З.Жақсыбаева ғылыми-тәжірибелік семинарға қатысушылар арасында семинар барысында оқылған баяндамалар мен өткізілген шеберлік сыныптар жайында пікір алмасу ұйымдастырды.Пікірсайысқа қатысқан ұстаздар семинар барысында оқылған баяндамалар мен шеберлік сыныптарға баға бере келіп,өтілген семинардан ерекше әсер алғандықтарын,осындай семинарлардың тиімділігі зор екендігін айта келіп, болашақта талқылануы тиіс тақырыптарға,оларды өткізудің ерекшеліктері жайында өз ойларын ортаға салды. «Ойталқы» бөлімінің соңында үштұғырлы тіл мәселесіне сай қазақ тілін тиімді оқыту мен одан әрі дамытуда,сондай-ақ мектептердегі базалық алаңдамен байланысты жандандыруда алда тұрған міндеттерді айқындайтын арнайы қарар қабылданды.
Конференция соңында барлық мұғалімдерге университеттің арнайы сертификаты табыс етіліп, белсене қатысқан мектеп мұғалімдері университет ректоры Мейір Ғариполлаұлы Ескендіровтің Алғыс хатымен марапатталды.
Айнұр ТАҢЖАРЫҚҚЫЗЫ,
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің 3-курс студенті.