Құрмаштың әжесі боздап келіп:
– Қураған-ай, неңді алып ем?! Не жазып едім? Бауырына салып өсіргеннен басқа не ғып еді менің құлыным?!-деп елді тегіс еңіретіп, Көксеректі басқа тепті».
Мұхтар Әуезовтың әйгілі “Көксерек” әңгімесі осылай аяқталатынын әркімнің-ақ есінде болар. Бұл әңгіме бұлай туған еді.
Ағамыз Ағзам Әуезов алдында Қаске (Қасымбек), артында Мұхтар екеуміз болған соң еркелеу боп өсті. Ағзамның үй шаруасымен ісі болмайтын. Үнемі баққаны жақсы ат, ойлағаны кең далаға шығып аң аулау, қасқыр қуу болатын.
Ұмытпасам күздігүні болатын. Ертіс бойындағы Керекуде Аққасқа деген сырттан ит бар екен деген кауесет сөз ауылға кең тарады.Бұл сөз Ағзамның да құлағына шалынған-ды.
Жақсы иттің хабарын естіген Ағзамда тағат жоқ. Оның ертелі – кеш жар құлағы жастыққа тимей ойлағаны ит алдыру.
-Аққасқаның тұқымын алдырайық,-деп, Ағзам Мұхтарға қолқа салумен болды.
Бүркітпен аң аулап, азулы тазы жүгіртіп, жараса қасқыр қууды Мұхтар о бастан жақсы көріп, жаны сүйетін еді. Оны үлкен серуен деп білетін Мұхтар. Палуан денелі, кесек тұлға аңшы Ағзамды Мұхтардың үнемі сыйлап, жақсы көретіні де сондықтан болса керек. Мұхтар Ағзам ойын бірден қоштай кетті.
Арадан көп уақыт өткен жоқ. Мұхтар қаражат жинап, Керекуге адам жіберді. Сөйтіп, Аққасқаның хабарын алдырды. Мұнан соң Мұхтар ит иесіне арнайы хат жазып, кемемен Аққасқа,Сарықасқа екі тазы алдырды. Аққасқа болса Ағзамға тиді. Сарықасқаны Мұхтар Жағыпар Мағауия-ұлына берді.
Аққасқа кішігірім тайдай екен. Оның жанына Ағзам ғана жолай алады. Ағзам Аққасқаға ерекше күтім жасады. Түнде тұмылдырығын алып, босататын да сол. Түн болды дегенше ауылға алқа-қотан қойға Аққасқа ие.
Расында, Аққасқа иттің сырттаны еді.Ауыл иттерімен таласпайтын.Түнде ауыл иттері науада кездесе қалса «ырр» деген даусы бір-ақ шығып, кеудесімен қағып өтетін.
Аққасқаны Ағзам жетегіне алып, Мұхтар екеуміз де жараулы атқа мініп, талай аңға шыққанымыз, бірнеше көкжал қасқырды қуғанымыз, қызығына әбден батып, соққанымыз бар. Аққасқаның иісшілі-ай! Иісті сезді дегенше, екі көзі оттай жанып, құйрығын қыса түсіп, жер-көкте тұра алмайтын жануар. Ағзам тымылдырықты сыпырса болды. Аққасқа алды-артына қарамай кеп зымырайды. Біз де ұмтыламыз. Екі-үш қырдан асып кеткен Аққасқаның артынан шапқылай қуа жүріп, зорға жеткенімізде көкжалды алқымынан шайнай, айқасып тұрғанын талай көргенбіз. Сол көріністі Мұхтар “Көксерек” әңгімесінде дәлме-дәл көрсеткен.
Ауылдың мал-жанына тал түсте қырғидай тиіп, бір тыныштық бермейтін талай қорқау қасқырлар Көксерек – Аққасқаның алғырлығынан қолға түсті.Бұл оқиғалар Мұхтарға көп-көп сырлы ой салды. Содан барып сегіз бөлімді Мұхтардың “Көксерек” әңгімесі туған-ды.
Әңгімедегі негізгі шындық осындай. Ал әңгіменің көп жерлері ойдан алынып қосылған. Мәселен, Қара-адырдың қарағанды сайындағы ескі ін-аппаннан ауыл адамдарының қасқыр бөлтірігін алып, кішкене Құрмаштың әлгі бөлтірікке “Көксерек” деп ат қойып, оны асырғаны біздің ауылда елде болған оқиға емес. Сондай-ақ “Көксеректің” адам қолында тәрбиелене тұрып, қой баққан жас бала – өз иесі Құрмашты жеуі де ойдан алынған. Бұл жәйттер жазушы ойынан құралса да, өмірден өз орнын тауып тұр.
«…Артқы қасқырлар топырлап келіп жетіп, Көкшолаққа ауыз салысты.Былбырап қызыл қанның иісі аш қарындарға мас қылғандай белгі берген еді. Шаптан, қолтықтан, жалаңаш төстен мықты өткір тістер жұлқып-жұлқып тартқанда, Көкшолақтың қаны жосылып ағып, ішінен бұрқырап, буы да шықты. Бұл арада бар ауыз түгелімен жабылып кетіп еді. Аз уақытта Көкшолақтан будыраған жүн мен төрт табан ғана қалды».
Міне, Көксерек бастаған бір топ қасқырлар өз ұяласы Көкшолақты бас салып, жұлқып-жұлқып жегенде Құрмашты – адамдай жемей аяр ма?
Мұхтардың қасқыр бөлтірігін адамның асырап, Көксерекке Құрмашты жегізуінде тағы да қыруар сыр бар, көп нәрсені, жауды аяған жаралы болатынын аңғартады.
Көпшілік айтса қалып айтпайды. Көпшілікпен біріксең жалғыз басына елден ерекше төнер қауіп жоқ. Ал төне қалған жағдайда, көп болып, көмектесіп құтқарады. Көппен көрген – ұлы той.
«Құрмаш Көксерек күшікті қанша күтімге сап, оны күніге екі мезгіл тамақтандырса да ұрлықты қойған жоқ. Адал асты білмеді. Кішкене қасқырдың қулығын,жаулығын аңғарған ауыл адамдары:
-Ұры, асырасаң да мал болмайды.Тұқымы жау емес пе!-десті.
Татулық жоқ, суық…Өскен сайын сызданып, суықтанып келеді, сол мінезін байқаған үлкендер:
-Енді мұны өлтіріп, терісін алу керек. Осы кәпір түбінде ел болмайды,- дейтін де болып еді. Бірақ Құмаш көнбеді».
Иә, көпшілікке қарсы тұру, ажалға қарсы тұрумен бірдей ғой.
Өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей татқан үлкен адам – әке қауіп пен қатерді тез аңғарып, қиядан шалады. Әке ойымен сөзі шынайы өмірге жанасымды болса, оның айтқанын істеп, тілін алуға балаға бірінші парыз, екенін Мұхтар “Көксерек” әңгімесінде толық көрсете білген. Былай деп жазады Мұхтар әке сөзін:
«Көксерек жалғыз өзі баяулап ауылға келді…
-Туу, мына кәпірдің екі көзі жап – жасыл боп кетіпті-ау, тұқымын сезген екен мына жүзі қара, қой, балам, енді мұны өлтіріп терісін алайық…»
Бірақ, түлен түрткен Құрмаш тағы көнбеді, әке сөзін құлаққа аспады… Айдала. Құрмаш қозы бағып жүр. Көксерек Құрмашқа тап берді. «…Содан әрі баланың үні өшті Қасқырдың аузы тиместен бұрын өліп кетті. Көксерек ырылдап ұрып тісінің ұшымен қағып,жұлып алып, басын шайқай өткенде баланың бір жақ көзін қопарып алып кетті. Жүріп бара жатып, қылғып салды».
Қасен Аққасқасын жетектеп, Құрмашты жеген Көксеректің ізіне түсті.
«Өр жақта Аққасқа: шайнасып тұрған ауыздардан сілекеймен қан аралас ағып сырылдап тұр.
Бұл кезде Бейсембей да қара пышақты Көксеректің өкпесіне салып-салып жіберіп еді». Міне, Көксерек Аққкасқаның алғырлығынан қолға түсті.
«Бұл әңгіменің ортасындағы Хасен еді. Ол – белгілі аңшы. Баяғыдан құс салып, ит жүгірткен, өзі осы маңайдың ауқатты, әлді жігіті. Қара адырдың мырзасымағы. Қалада қызметте тұратын інісі бар. Сол арқылы биыл күзді күні бұның ауылына шетелден қасқыр алатын бір ит келген.Қазір барлық Қараадырға да маңайдағы өзге елге де даңқы шыққан Аққасқа осы Хасеннің иті».
Көріп отырсыздар, бұл әңгіменің кейіпкері Хасен ағамыз Ағзам Әуезов болатын. Қалада қызмет істейтін інісі бар деп өзін айтып отыр Мұхтар . Жер аты Қараадыр – Бөрілі болатын.
-Ахмет,- деді бір күні Мұхтар ,- өзіңмен, Ағзам ағаммен бірге Аққасқаға қасқыр қудырып, аң аулатып, қызығына батқан серуеннен “Көксерек” деген әңгіме жаздым.
-Жарайды, кәне, тыңдай қояйық, әңгімеңді оқып берші?
-Әңгімелеу қашпас, Ахмет, сенімен келісіп алатын бір жай бар еді.
-Айта ғой.
-Аққасқаны Керекуден алдыртты деуге қимай тұрмын.
-Неге?
-Ауыл арасы жақын ғой.Аққасқаны Хасен – Ағзам қалада қызмет істеп тұрған інісі арқылы шетелден алдырған десем әңгіме желісін байыта түскен болар едім.
-Дұрыс, қосыламын,- дедім.- Өзіңді де Бөрлінің белінен бөркінді дардай ғып көрсеткен екенсің.
Содан Мұхтар ха-ха-лап әбден күлгені бар. Сол күнгі Мұхтардың ақ жарқын жүзі көз алдымда, күлкісі әлі құлағымда. Сұңқар боп қалықтап жүр төбемде. Бұл күнде Мұхтарымды еске алсам, орыс жазушысы Николай Погодиннің мына бір сөзі тілге орала береді:
«Менің үнемі көз алдымнан ақыл иесі, ақ ниет адамның ақ жарқын жылы жүзі. Оның өмір жасы артта, әлдеқайда өмір жолында өксігендей. Бұл жол, менің біліуімше, бейнеті көп, зейнеті мол жол еді. Бұл жолдағы адам көне де болса жаны жас біздің жаңа социализм ғасырында тарихи балғындыққа ие болған қазақ ұлтының перзенті болатын. Ол батырша жүріп кетті. Батырша деген теңеу Мұхтар үшін жаңа оның да емес, бірақ осылай демей де болмайды, неге десеңіз, оның өз халқы үшін сіңірген еңбегі аңызға айналған батырдың ерлігіне айтуға тиіспіз».
Әділ сөз бе деймін!
Мұхтардың Шыңғыста көргені, білгені, ішіне түйгені тек “Көксерек” әңгімесін ғана туғызып қойған жоқ. Оның жазғандарының көбі-ақ өзі көзімен көріп, көңіліне тоқыған жайлар. Басқаны былай қойғанда «Абай» эпопеясының тууына себепкер болған Абай көзі тірісінде Әйгерім қолынан жеген тәтті-конфет, аңшылық, алтыбақан, ақ сүйек, жер таласы, ел таласы, ән мен күй, ойын-сауық, саят-серуен емес пе еді! Иә, нақ солай. Мен болсам, туыстық қақымды өтеп, аяулы Мұхтардың тек балалық шағын айттым. Оның жазушылық жолын, сәті түсіп, иіні келсе, тағы да бірде айтармын.
Ахмет Әуезов “Жас Мұхтар” кітабынан.