Жексенбі, Қаңтар 21, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Д. Құдайбергенов «Қос ішектің» бас жүлдегері

Д. Құдайбергенов «Қос ішектің» бас жүлдегері

Биыл Құдайбергеновтерге құдай беріп тұр. Тек, көп көрмесін делік. Бұл жолғы жүлденің иесі Димаш Құдайбергенов емес, Дарын Құдайбергенов. Ол кешегі күні мәреге жеткен “Қос ішек” Республикалық домбырашылар байқауында 500 000 теңгелік Бас жүлдені қанжығасына байлады. Өнердің осы бір түрінен оқушы кезінен оза шауып жүрген Дарын Берікұлы соңғы жылдары күй бәсекесінде қатарластарын қапы қалдырып келеді. Дарынны өткен жолы ғана Халықаралық “Шабыт” фестивалінде Гран при иеленгені көпшілікке мәлім.

Астана төрінде тартысқа түскен «Қос ішек» байқауы е

ліміздің әр түкпірінен 30 шақты жас күйшілердің басын қосып, өзара өнер сайысына салған. Әр өңірдің мақтаулы деген домбырашылары Дарынның күй шертісінен өнерлерін асыра алмады. Қазылар алқасы бір ауыздан Дарын Құдайбергеновтың домбыра шертіс мәнерін басқалардан басым бағалап, Бас жүлдеге лайық деп таныды. Бүгінде Астанадағы Өнер Академиясында тәлімгер жас күйшіге ұстазы Ақбота Тұрымбетованың артып отырған үміті өте зор.

Байқауды ұйымдастыруышлардың мақсаты – қазіргі таңда сирек орындалатын немесе мүлдем ұмытылып бара жатқан күйлерді қайта жаңғырту. Оларды оқыту бағдарламасына енгізіп әр шалғайдағы күй мектептерінде кеңінен насихатталуына ықпал ету. Жас орындаушылардың бұл бастаманы іліп әкетіп, құмарта шертулеріне қарағанда ұлық өнеріміз ұмытылмайтынына сенім мол. Есті күйлерді ертеңге алып баратын Дарындай дарынды жастарымыз көп болғай.

Димаш секілді Дарынның да ата-анасы халыққа мәлім өнер иелері. Ендеше өнердің тұнығынан қанып ішкен қос Өреніміз өнер әлемінде құстың қос қанатындай қатар қалықтай берсін!

«Жерұйық»-ақпарат

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation