Сәрсенбі, Қаңтар 17, 2018
Негізгі > Бас баған > Айналасын авиацияға үгіттеп жүретін азамат

Айналасын авиацияға үгіттеп жүретін азамат

Қайрат Нұрғазыұлы ұазақ жылдан бері Авиация саласында еңбек етіп, осы саланың ардагері атанған азамат. Ғарыш техникасына қаршадайынан қызыққан Қайрат осы арманынының соңына түсіп жүріп 23 жасында қол жеткізген. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде ауылға Ан-2 ұшағы келіп, мектеп балаларын көк жүзінде қыдыртқаны бар. Қара жерден әп-сәтте көкке көтерілуді бұрын-соңды көрмеген ауыл баласының көңілі әуе техникасына мүлдем ауып, қатты қызығады. Кішкене болса да өзгелерден бұрын ширақтық танытып, ұшқышпен танысып, оған сұрақтарын да қойып үлгереді. Онда бар білгісі келгені «Ұшқыштың оқуын қайдан оқуға болады» болатын. «Оны Орынбор қаласына барып оқу керек» деген жауап сол сәтте-ақ бала Қайраттың санасына орнығып қалады. Орнығып қалғаны соншалық ол бертінге дейін Авиация мамандығына Орынбордан басқа жерден де оқуға болады дегенді ойына алған емес.

Содан да болар 1982 жылы Үржар ауданының Қарақол орта мектебін бітерген бетте құжаттарын құшақтап Орынбор қаласына бірақ тартады. Сабақ үлгерімдері жақсы, емтиханға дайындық та жаман емес. Емтихан сұрақтарына көңілдегідей жауап бергенімен, мандаттық комиссиядан өте алмай кері қайтады. Ақкөңілдігінен болар ол кейінгі жылдарда барып білген, Орынбордағы жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесіне түсудің қыр баласына мүмкін емес екенін. Ол ортада қашанда сұраныс көп, конкрус өте жоғары, мықты тірек те керек дегендей.

Десе де, авияация маманы болу көкейінде сол күйі сақталып, болашақта бәрібір арманыма қол жеткізем деген cеніммен кері қайтып, Семейдің Политехникалық техникумына келіп түседі, оқып жүрген кезде әскер қатарына борышын атқаруға кетеді, әскерден соң отбасылық мәселелерге орай ауылда біраз жыл механизатор болып еңбек етуге тура келген. Олай болатыны, Қашабаевтар шаңырағындағы балалар әкеден ерте қалған болатын. Әкелері Нұрғазы 1972 жылы маусым айында жол апатынан көз жұмғанда 5 баланың үлкені Қайрат 7-ақ жаста еді. Осы бір тағдырлы жағдай Тарбағатайдың Қарасуында дүниеге келген Қайратқа Семей обылысының  Қарақол ауылында ер жетуге түрткі болды. Аналары Қазиза отағасының жылдығын берген соң ағайын-туыстың кеңесімен 5 баласын ертіп осы ортаға көшіп келген. Нағашы жұртқа қара тартып келген Қашабаевтар жанұясы бұл ортада жаман болған жоқ, Ырысалды, Қалима нағашы апаларының алақан жылуы әркез көңілдерінде сақтаулы. Аналары Қазиза ел қатарлы еңбек етіп, Қарақол ауылында ауырханада аспазшылық жұмысты атқарды. Балалары да алғырлықтырының арқасында қатарларынан қалмай ер жетіп, өмірдегі өз орындарын табуға асықты. Құдайға тәубә, өзінен кейінгі Әскербек, Сәуле, Қанат, Аяндай бір туған бауыр, қарындастары бүгінде бір-бір мамандықтың иесі атанып, өз алдарына жеке үй болып кетті.

Арада біраз жыл механизатор болған Қайрат 1988 жылы көңіл түкпірінде жатқан арманға қол созып, тағы бір тәукелге бел буады. «Тәуекел түбі жел қайық өтесіңде кетесің» дегендей, Латвияның Рига қаласын бетке алады. Жолы болып осындағы Азаматтық авиация жоғары аэронавигациялық училищеге келіп оқуға түседі. 1991 жылы осы оқу орынын  2405 «Әуе көлігінің қозғалысын басқару» мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Бұл да бір көкейде көптен бері жүрген арман еді, аңсаған мамандықтың дипломы қолға тигенде тұлабойы қатты толқығаны бар. Қалай толқымасын, осындай үлкен бір қуанышқа кенелгенде, әлдебір кеңес қажет кезде бала көңіліндегі әкеге деген сағыныш көкейінде бір сыздап барып басылатын.

Рига сапарының сәтті болғаны соншалық, Қайрат ол жақтан тек диплом алып қайтқан жоқ, өмірлік серігін қоса тауып қайтты. Курсант болған жылдарда танысқан Жанна Евсеева есімді латыш жұртының бір қызының жүрегнін жаулаған Қайрат соңында оны қолына қондырып, елге қолұстасып қайтады. Некеге отырған бетте тегін ерінің ата тегіне ауыстырған Жанна екеуі содан бері жұп жазбай ыстық-суықты бірге көріп келеді. Жанна жарының анасына келіннің ізетін, бауыр, қарындастарына жеңгенің қамқорлығын көрсету жағынан қазақ дәстүрдің барлығын меңгеріп алған  бір жағынан. Ол бір жағынан ерімен әріптес, Рига авиациялық университетінің түлегі. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында әскери борышын  20 жылдай атқарып, 2016 жылы «майор» шенімен демалысқа шыққан. Бүгінгі таңда жолдасымен бірге «Қазавиақұтқару» АҚ  өз мамандығы бойынша қызметін атқаруда.

Сөйтіп, Қайрат Нұрғазыұлы өзіне арман болған авиация саласына еркін қадам жасай бастайды. Ізденген жетер мұратқа дегендей, Қазақстан Қарулы Күштеріне қарасты әскери өмірдің нағыз қызу тірлігіне араласу сәті де келеп жеткен. Осы бір шақтарды ұзақ тосқандықтан ба Қайрат қайда жұмсаса да, қандай тапсырма болса да тастүйін дайын, құлшына кірісіп кететін. Осы екпінмен әскери саладағы 20 жылдай уақыттың қалай өткені де білінбеген. Соның ішінде басшылықтардың сенім артуымен 1997-2006 жылдары авиациялық базаның командалық пункітінің бастығы секілді басшылық қызметтерді атқарды.

2006-2008 жылдары 22656 әскери бөлімінде, бөлім командирі болды. Бұл әскери бөлім «Астана халықаралық әуежайындағы» әуе қозғалысы басқармасының аудандық орталығы болып саналды.

Одан кейінгі кезекте 2008-2010 жылдары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік авиациясындағы ұшулар қауіпсіздігін қадағалау жөніндегі Бас басқармасының Әуе қозғалысын басқарудың ұйымдастырылуын бақылау жөнінде аға инженер-инспектор болып қызмет етті. Осы қызметте жүріп Қазақстан Қарулы Күштерінің «подполковник» шенін алып, азаматтық авиацияға ауысады.

Қазіргі таңда «Қазавиақұтқару» АҚ ұшулар қауіпсіздігі жөніндегі инспектор болып жұмыс атқарып жүр.

Осындай өзіне тән соқпағы бар Қайрат Нұрғазыұлының бұл мамандыққа деген құштарлығы мен құрметінің бір көрінісі – ол жүрген жерінде жұртты Авиацияға үгіттеп жүреді. Әсіресе, өсіп келе жатқан жастарды осы бағытқа тартып Авиация мамандығының толып жатқан инженерлік қыры туралы айтуға бейім. Ондағы мақсаты – қазір техника мен технологияның дәуірлеген заманы. Осындай үлкен мүмкіндіктерден қазақ баласы кенде қалып қалмаса екен деген ой. Қазақ балаларының техникалық мамандыққа қорықпай көптеп барса екен деген ниетін өзі араласатын ортада жасырмай айта жүреді. Балалардың мамандық таңдауына дұрыс бағыт беру ата-ананың ең басты міндетінің бірі деп есептейді. Осындай ұстанымда жүретін ол өзінің бірқатар жиендері мен туыстарының балаларына техникалық мамандықты таңдауына ұйытқы болды. Қайраттың ұғымында қазақ балалары математикаға қашанда жүйірік, ал математика-физака пәндеріне жылдам оқушылар техникалық мамандықты қиналмай меңгеріп кететініне сенімді.

Қайрат Нұрғазыұлы техникалық мамандыққа жұрттың баласын ғана тартып жүрген жоқ, ол осы ойын өз баласынан бастаған. Солай болғандықтан да баласы Арманды жастайынан Авиация мамандығына бейімдеді. Әке жолын қуған Арман Қашабаев 2016 жылы Еуразия Ұлттық университетінің «Ғарыш техникасы және технологиялар» бөлімін бітірді. 2014 жылдары «Байқоңыр» ғарыш айлағының нысандарында және Халықаралық Ғарыш Мектебінің базасында космоновтика бойынша оку-тәжірибелік дәрістер алған.

Қазіргі шақта академик Королев атындағы Самар ұлттық зерттеу (аэроғарыш) университетінде «Авиақұрылыс» мамандығы бойынша магистратураның 1-курс студенті. Яғни, авиация саласының болашақтағы үлкен маманы. Лайым жолы болсын, әке нұсқаған бағыттың биіктерінен көрінсін дейік!

Қ.Зекенұлы, журналист.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation