Жетісудың таңғажайып табиғаты талай ақынның шабытын шалқытып, жандүниесін толассыз тебіренткені анық. Көркем өлкенің саналуан бейнесі, ерекше көріністері кез-келген жанның көзін тұндырып, көңіл көкжиегін жадырата түспек. Еліміздің осы бір әсем өңірін Ілияс Жансүгіров кезінде молырақ жырға қосты. Одан кейін де талай ақын Жетісу ажарын өлеңдеріне арқау екенімен жазира даланың ерекше қырларын кеңірек қамти қоймаған. Осы тұрғыдан келгенде Жеті судың өзгеше болмысын топ-топ өлеңімен суреттеген ақын Әділбек Ыбырайымұлының шоқтығы әлдеқайда биік тұр. Бұл тек табиғат сұлулығын суреттеу ғана емес, отандық туризмнің насихатына ақындық әлеуетпен атсалысу болса керек. Бір ғана Жетісудың ғажайып көрінісінтерін толассыз жырлап, отыз түрлі өрнектегеніне қарап ақынның сол табиғатпен жаны егіз болар деп ойладық.
Бәлкім, бұл «Туған жерге ту тігудің» бір белгісі шығар. Қалған пікірді оқырман еншісіне қалдырып, Әділбек Ыбырайымұлының «Жеті су суреттері» атты өлеңдер топтамасына кезек бермекпіз.
«Жерұйық» порталы.
ЖЕТІСУ СУРЕТТЕРІ
Әппақ боп сен алыстан көрінесің…
Алатау,
Тұлғаңды бұлт тұмшалаған,
Момақан хал кешесің тым шамадан.
Шыңыңды шуақ сүйіп еліткенде,
Сарқырап су ағады мың саладан.
Жаныңды мәңгі мұздақ сірестірген,
Тағдырың таусылмайтын күрес кілең.
Әппақ боп сен алыстан көрінесің,
Кезі жоқ дидарыңның бір ескірген.
Саяны қойнауыңнан тапқан халқым.
Жайылып дүниеге жатқан даңқың,
Іздесем табандылық саған ұқсап,
Мызғымай қалсам деймін қатқан қалпым.
Ну болып өссем деймін қапталыңа,
Ғашықпын әлі де сол ақ таңыңа.
Қалқамен жолыққанда сағынысып,
Оңаша кетуші едім шатқалыңа.
Қалайша сені көріп қуанбайсың?
Көк терек, ақ қайыңдар сылаңдайсың.
Ыластық шаршатқанда мына өмірде,
Мөлдіреп жатсам деймін тұмаңдай шын.
2017 жылғы 21 сәуір, сағат 18.40
Шарын шатқалы
Шарын өзен құлдайды шатқалменен,
Таусылмайды тоқтаусыз аққанменен.
Таудан бастау алады,
Ал жазықта,
Тереңдейді табаны қапталменен.
Мидай жазық ойпатқа айналады,
Көз алдыңда керемет сай болады.
Түйсіз құзға ұласқан жақтаулардан,
Қорған қоршап қалады айналаны.
Көз тастайсың жан-жаққа құныға шын,
Көкейіңде үрейдің үні басым.
«Мыстан кемпір», «Айдаһар», «Шайтан қала»,
Себезгілер секемдік шұғыласын.
Қызыл-күрең жалаңаш қабырғалар,
Жалғыз жүрсең ентелеп сабырды алар.
Шарын өзен ішектей жылтырайды,
Тауда тасқан әлгі бір сарын қалар.
Еренағаш кездесер құлдағанда,
Ерекше әсер етеді бұл да адамға.
«Темірағаш» дейді екен халық оны,
Одан берік ағаш жоқ бұл ғаламда.
Тіп-тік өскен жарықтық сұңғыла тым,
Түн қуатын сіңіріп, Күн қуатын.
Қалқатайдай желегі желбірейді,
Сағыныш пен булыққан мұңды ұғатын.
Байқаса тек байқайды сұмдық ақын…
2017 жылғы 20 сәуір, сағат 18.18
Тау тағы
Қандай сұлу, тәкапар
Қар барысы,
Асқақтарда болады – арман, ісі.
Биіктерде тек қана
Өмір кешер,
Қазағымның секілді ар-намысы.
Саған ғана түседі
Төтелеп Күн,
Сен де ғана бар және төтен екпін.
Қарлы шыңның киесі сен секілді,
Алатауды мәңгілік мекен еттің.
Таусылмайтын, бітпейтін
Жастық – өзің,
Болған емес ешқашан жасты көзің.
Жолбарыстай жүрмедің қамыстарда,
Асқақ шыңның тән алдың
Тас мінезін.
Алып таудың ұшары жамбастаған,
Ашты қойнын тағым деп
Алғаш саған.
Арыстандай жатпадың топырақта,
Әппақ қарды сен бастың
Жан баспаған.
…Жетелейді Арман мен бәріне Үміт,
Көрдім сені көңілдің әрі кіріп.
Сирек көзге түсетін
Тау тағысың,
Тәкәпарлық тұлғаңда тәңірілік.
2017 жылғы 16 сәуір, сағат 09.16
Керемет Кеген, Қайқы…
Кегеннің асуы бар иреңдеген,
Шопырлар жасқақтайды
Үйренбеген.
Жол жатыр алдымызда
Бітпейтұғын,
Тіліндей өсекшінің сүйреңдеген.
Қажытар шұбатылған
Қайқаң белең,
Жетпейсің жотасына байталменен.
Дәл осы кезеңдерде Мұрат досым,
Бетпе-бет жүздесіпті
Шайтанменен.
Жұлдызы ағып түсіп аспанынан,
Түңілген кез болады жас жанынан.
Келтіріп
Тілін зорға кәлимаға,
Бабасын шақырыпты сасқанынан.
Бұл да амал Баба есімін ұлықтаудың,
Жадынан ұрпағының суытпаудың.
Қайқайып
Бітеді әзер Қайқы асуы,
Сілемі айқыш-ұйқыш Құлықтаудың.
Тұрады
Мінер жақта құлама жар,
Боласың жаяу жүрсең тұмаға зар.
Үстірттің шыққан кезде
Жотасына,
Желінен уілдеген құлақ азар.
Керемет Кеген, Қайқы
Келбеттерің,
Кімге де «биікке шық, төрлет» дедің.
Аузынан суы құрып
Мақтағанда,
Өзіңді сыйғызбайды жер, көкке елің.
2017 жылғы 11 сәуір, сағат 22.56
Жерұйықты іздеген желмаялар…
Бұ тарихта бәрі бар, бәрі – мәлім,
Батыр да өткен, дана да…
Бар – ұланың.
Сардаланың киесі, жампоздарым,
Сақтап қалдың Қазақтың шаңырағын.
Қос өркешке артып ап,
Болашақты,
Халқым менің үдере қона, шапты.
Қомыңдағы ұл-қызды құлатпадың,
От та кештің, су кештің,
Сона шақты.
Сардаланың киесі,
Жампоздарым,
Құрыстың-ау кеңестің колхоздарын.
Мұнай тарттың Каспийге,
Теміржолдың
Сүйретті ғой шойынын пампоз қарын.
Жарысасың бұ күнде заманменен,
Бірге ғұмыр кешіп ең
Бабамменен.
Сен жасадың қазаққа қайырымды іс,
Болсаң-дағы хайуан
Шамаң кеген.
Ұлы Дала төсінде кемесіңдер,
Қың демейсің,
Жазғанға көнесіңдер.
…Жерұйықты іздеген желмаялар,
Жерұйықта тайраңдап келесіңдер.
2017 жылғы 10 сәуір, сағат 22.12
Кегеннің көлдері
Алатаудың басынан
Ай қарайды,
Қарлы шыңда бұлбұлдар сайрамайды.
Тау үстінде кім білген
Көл боларын?..
Айта берді құрдасым «қайран-ай»-ды.
Көз қададым көркіне «Жасылайдың»,
Құзға қарай сен кенет
Тасыма, айдын.
Көкпеңбек боп кінәмсіз мөлдірейді,
Жатыр ма екен кеудеңде осылай мұң?
«Баржықтың» да көлін-ай…
Шарайнадай,
Сәуле түссе қосады арайға арай.
Тұнығына тамсанып,
Бетің жуып,
Аттанасың соңыңа қарай-қарай…
Қарсы алады көлі де «Қайыңдының»,
Қалғандай-ау
Күлкің мен сайыңда үнің.
Суға қарап, дірілсіз тұнығына,
Сені есіме аламын айым, күнім.
Үш «Көлсай» бар шелектеп, «Шелек» құйған,
«Етегімде елім» деп елеп құйған.
Меркі де тұр үш түрлі,
Бұл өмірде,
Сөзіне емес кісінің, себепке илан.
Тау үстінде кім білген
Көл боларын?
Бар екенін білеміз енді олардың…
2017 жылғы 3 наурыз, сағат 22.44
Елітеді еріксіз
Жайлау төрі басталар
Шырғанақтан,
Талды өзені тулайды бір қанаттан.
Кезең ассаң
Екіаша, Қарқара тұр,
Нуға батқан, шіркін-ай, нұрға батқан.
Дөңгелексаз, Мыңжылқы, Сарықырда,
Адамзаттың біледі парығын да.
Сырт* жайлаған
Сүбесі шелденеді,
Мырза болып жүреді бәрі мұнда.
Жата қалсаң жайлауда
Ұйқың қанар,
Ұнатпайды бойкүйез сиқыңды олар.
Тазабектің үйіне Шоқан түсіп,
Мейман болған Көктебе
Құлқыңды алар.
Бетеге де береді сән көдеге,
Табаныңнан ұшады сан бөдене.
Танауыңды жарады
Жұпар аңқып,
Елітеді
Еріксіз әлденеге.
Кеген жақтың жайлауы
Шырқы бөтен,
Бақ қараған ежелгі жұртым екен.
Өзім барып түнесем
Қолатыңа,
Жүрегіме сезім мен жыр түнетем.
*жайлаудың аты
2017 жылғы 24 ақпан, сағат 21.50
Жетімкөл. Аққу өлген
Қабантау биігінде Жетімкөлі,
Оңаша
Ұшар көкке бекінгелі.
Аққулар ұйықтамайды баяғыдай,
Қайтадан оралғандай
Секілді еді.
Саламын мен қиядан
Зер өңіне,
Толқын жоқ, дірілі жоқ керегі не?
Мөлдіреп жатады кіл қарашықтай,
Қасірет
Тұнып қалған тереңіне.
Еріксіз құйылады
Санаға мұң,
Ешқашан
Таға алмаймын Анаға мін.
Ажалдан құтқарам деп жалғыз ұлын,
Ойлаған
Аласұрып бала қамын.
Әлгі шақ тербетіліп
Шер емді Күн,
Қойсаңшы сол мылтықтың берендігін.
Тарс етіп
Жалғыз ғана атылған оқ,
Залалын қарап тұрсам
Көрем бүгін.
Ана да күйде қалды жан ұқпаған,
Қаңқ етіп аққу өлді…
Мамық – ғалам…
Киесі байқалады
Анда-санда,
Айдында
Ақ мүсін боп қалықтаған.
2017 жылғы 12 ақпан, сағат 14.30
Қасқа шың тұр қасқайып…
Киелі жер ежелден
Кеген деген,
Сұлулығы көзіңді көгендеген.
Жан-жағыңды
Қоршаған айбарлы тау,
Қиялыңды қозғайды өлеңге кең.
Шырқы қандай
Мына ауыл Шырғанақтың,
Сиқырына бөлейді нұрлы абат Күн.
Мұрат деген тынымсыз
Сотанақ ұл,
Танытады көкесін сырғанақтың.
Өр, ылдиға шабады
Бала тынбай,
Көрінбейді құмары қанатындай.
Қарап қояр
Көз тігіп Кеңсу жаққа,
Әлденені сол маңнан табатындай.
Аспан таулар
Зеңгірмен араласқан,
Ақша бұлттар арманын ала қашқан.
Торыайғыр да, Қулық та, Сарытау да,
Көріп өскен мекені
Бала жастан.
Еш нәрсе де тең келмес қыр таңына,
Мүкең – сонда.
Шапқылап жүр тағы да.
Дала жатыр сәбидей
Мұнтаз кейпі,
Асқақтықты танытып ұрпағына.
Батыр да – өзі, сол елдің серісі де,
Кейде сыймай кетеді терісіне.
…Қасқа шың тұр қасқайып,
Қасқа сиыр,
Жайлап беттеп барады өрісіне…
2017 жылғы 11 ақпан, сағат 15.46
Маруся тау
Күре жол шығысты ұстап, тартады алға,
Көлденең бір кезең тұр артаманда.
Жұрты оны «Маруся тау» деп атаған,
Өзгеше болғаннан соң парқы адамға.
Шықпайды бір көрген соң енді есіңнен,
Қалады жадыңда сол жел де есілген.
Ортасы – Кеген менен Нарынқолдың,
Бұйығы бөктер жатыр кең көсілген.
«Кім екен Маруся шын,
Аты мәлім?»
Санамды сүзіп неше сатыладым.
Келген қыз қараңғыға ем арқалап,
Шешекке көрсете алған батыл әлін.
Заты өзге болса-дағы елге сіңген,
Біреуді – бауыр санап… жеңгесінген.
Қазақты өз жұртындай қадір тұтып,
Ешкімді мінезі жоқ пендесінген.
Кез еді тоқтамаған дүрбелеңі,
Бір-бірін біле алмады іргедегі.
Сапармен жүргенінде науқасты іздеп,
Тосыннан біреу шығып «дыр» дегені.
Дүр түлей тұрды алдында құба жалды,
Сескентіп, мейір төккен жұма-жанды…
Қынадай тиген елге қу шешекті,
Іріккенмен,
Ірке алмады сұм ажалды.
Мәйітін тауып алып қаймана елі,
Биікке ақ-арулап қойған еді.
Содан соң «Маруся тау» деп атаған,
Жұртының өзін сүйген байламы еді.
…Күре жол ізгілікке жетелейді,
Тұрсыншы Маруся ару жеке, мейлі.
Індетті тоқтата алған оның ісін,
Бұл құрмет бәрібір де өтемейді…
2017 жылғы 9 ақпан, сағат 23.24
Нарынқолдың нарлары
Ну өскен қарағайлы, самырсынды,
Сүйсіне бажайлайсың
Адыр, шыңды.
Байынқол кербезісің тау-шатқалдың,
Хантаудың қол ұстасқан
Жары-сынды.
Үнемі әсем қалпы – шырқың керім,
Жатыр ғой қойныңда – кен,
Сыртыңда – елім.
Ауаңды жұтқан адам
Мастанады,
Өткізсе мүлде бөлек сыр түндерін.
Сен шіркін,
Сұлулыққа кенде ме едің?
Алдыңнан мөлдірейді көл дегенің.
Алты ай қыс
Аңсап-талып ауырам да,
Сарғайып сағыныштан
Мен келемін…
Айғайтас, Түзу, Қисық, Қарағайлы,
Бәрі де тәкаппар тау.
Қарамайды.
Шеткері Шәкірімбау, Есекартқан,
Аздаған болып келер
Жадағайлы.
Көз көрсе көңіл кетер көктемдей боп,
Әп сәтте ұмытылар шеккен бейнет.
Алыстан сүйір шыңдар
Мұнартады,
Нарлары Нарынқолдың шөккендей боп.
2017 жылғы 7 ақпан, сағат 23.23
Нарынқолдың қодастары
Мекен еткен құз-шатқал мен қар, шыңды,
Жүріп кетсе жүрісі оның аршынды.
Сиыр емес сиыршылау,
Жылқы емес,
Әйткенмен де оқшаулығы бар сынды.
Сүйетіні – еректігі мұз, қарды,
Елемейді
Түбіт жүні ызғарды.
Ерттеп алып ерен біткен жігіттер,
Аралайды
Ат жүре алмас құздарды.
Тау-тас кезіп
Шаруаны жайғайды,
Жуастығы, қурайға да байлайды.
Қыс кезінде
Таптырмайтын көлік ол,
Сырдақтан да, көк мұздан да таймайды.
Қодас мінсең
Жайың жоқ қой құр қалар,
Бұғылардан әлдеқайда сынды олар.
О бастан-ақ
Ойымпаз боп туған соң,
Бос жіберсең
Өзі таудан сырғанар.
Жануарлар
Қолға жылдам көнеді,
Жайын тапсаң қара малдай өнеді.
Батыр мінез біткендіктен болар-ау,
Қасқырдың да
Қабырғасын сөгеді.
Қодас болған ертеректе жұрт қамы,
«Кеңес» келіп жөнсіз тиді – құртқаны.
Үзілмеген сол баяғы
Тұқымнан,
Нарынқолдың қодастары Сырттағы*
*Сырт – жайлаудың аты
2017 жылғы 4 ақпан, сағат 23.36
Қар барысы
Іленің Алатауы Шілік-Кемін,
Өзіңе келе алмайды жігіт тегін.
Мәңгілік мұздақтарды қарш-қарш басып,
Төбеңе шықсам деген үміттемін.
Әр жерден жылт-жылт еткен жұмбақ арай,
Өзгеше әсер еткен мұндағы рай.
Биігі құрсауланған мұздақтармен,
Барамын мен өрмелеп шыңға қарай.
Көрген жоқ ниетіме Тәңір налып,
Беттедім асқағыңа арымды алып.
Тянь-Шань тау тəжісі – сен екенсің,
Астасқан зеңгір көкпен тамырланып.
Көкпеңбек жел шайқады жан-жағымды,
Бір қазық ұстап тұрды салмағымды.
Тағдырды қыл шылбырға байлап қойған,
Ынтықтым
Жақсы көріп жалғанымды.
Жалт етті тұздай болып жасын ғана,
Аңғардым кереметтің басын ғана.
Сүңгінің ар жағынан қар барысы,
Қарап тұр
Ызбар шашып, ашулана.
Жүрегім аттай тулап, шым еткені,
Белгісіз күн өткені, жыл өткені.
Осы еді – «кие» деген ел айтатын,
Халіңе дем беретін түнектегі…
2017 жылғы 27 қаңтар, сағат 00.10
«Айғайқұмдағы» түн
«Айғайқұм» да өзіңсің
«Әншіқұм» да,
Сені көрген таң қалар жан шынын да.
Алагеуім шақта мен
Саған жеттім,
Ерекше бір жұмбақ боп қалшы ұғымда.
Жалаңаш құм – бозамық нәлге малған,
Біреу қолмен қойғандай
Сәндеп алдан.
Ғашық болған періден жасырынған,
Сол бір қыздың
Сырысың
Әлде қалған
Ақшам уақ
Ғажайып шілдедегі,
Мөлт-мөлт еткен «Мыңбұлақ» үндемеді.
Бозғылт аспан
Көтерген
Ай аруды,
Жымың қағып, үн-түсіз түн келеді.
Сүттей түнді
Көңілім тұрды ырымдап,
Іле өзені көкейде
Сыбдырың қап.
«Айғайқұмның» ақ жоны жалтырайды,
Жатқан ару секілді бір қырындап.
Елжіредім көркіне
Жанымменен,
Булықтырдың ып-ыстық табыңменен.
Көрдім кенет, беткейде
Беймәлім қыз.
Жалғыз кетіп барады шағылменен…
2017 жылғы 24 қаңтар, сағат 22.50
Түз бен түлкі
Далада қар қымтаған бел-белесті,
Бетке алып аяңдаймын мен дөңесті.
Күртіктен бой көрсеткен қурай, қамыс,
Түбі де тіршіліктен кенде емес-ті.
Тышқан бар қар астымен жыбырлаған,
Бермегем о бәлеге бұрын да мән.
Қиядан жылт еткені бір сарғайған,
Ақ қарда алау тарта қыбырлаған.
Жалт қарап түлкі екенін бірден білдім,
Ашқұрсақ қамыменен жүрген күннің.
Шаншылып кенет қарға қойып кетті,
Қылықпен түз даланы түрлендірдің.
Шамасы бұл әрекет ұнамады,
Бір сәтке қаракетсіз тына қалды.
Түрегеп қосаяқтап қолмен ұстап,
Бұтағын итмұрынның тын алады.
Не түрлі болар тірлік қырымда алып,
Көбінен біздер жүрміз қырын қалып.
Түлкішек, тышқаншылап күнелтесің,
Тауыққа ара-тұра ұрын барып…
Түз дала мелшиеді жатқан әппақ,
«Кімдерге бұйырады ақтамақ бақ?»
…Түлкі ішік киген сұлу көз алдымда,
Жүрегім соғатындай атқалақтап.
2017 жылғы 20 қаңтар, сағат 22.42
Нарынқол таулары
Аршасы мұрын жарған
Кетпен* едің,
Қазаққа тиген сенің көп көмегің.
Шатқалың
Сарқыраған өзен болып,
Арынын ағысының тектемедің.
Тастарың
Текеметтей қына басқан,
Құзыңнан елік, марал тұра қашқан.
Қандытау*
Ең асқағы биіктіктің
Басына бұлт атаулы тұрақ ашқан.
Тіршілік сенде ғана
Заңғардағы,
Өзіңді қаншама адам армандады.
Тәңіртау*,
Етегіңе тәу етемін,
Осы еді – негізгі ойым, барғандағы.
Қаратау оң қапталды
Қымтағандай,
Биікке көтерілер Күн табандай.
Текесі* тулап аққан
Құр жата ма,
Теріске салып-ұрып, шымқап алмай.
Текестау күн ұзаққа
Телміреді,
Бетінен Шәлкөденің көрді нені?
Қарасаз сол қалпында ұядай боп,
Қошқартау сәл бұлдырап,
Мөлдіреді.
*Кетпен – тау аты
*Қандытау – Хаңтәңірінің кейіптенген аты
*Тәңіртау – Хантәңірінің кейптенген аты
*Текес өзені
2017 жылғы 20 қаңтар, сағат 00.00.
Төгерек таңы
Таңы – тәмсіл, түсінсең Төгеректің*,
Сонда ғана болады керемет күн.
Құлан жортып,
Киіктер жосылады,
Бәрін содан табасың не керектің.
Сылдыршөп пен таспашөп, бөріқара,
Сыңсып өскен тұтасып, өңір ала.
Танауыңды жарады
Қилы жұпар,
Құмарына қанады жерік ана.
Бара қалсаң дәм айдап
Бағың артар,
Көрген сайын көркіне жан құмартар.
Шаңырақтай мүйізі раңданып,
Қақпа таста
Ойнаған қалың арқар.
Қырғауылдар мекен ғып тұма бойын,
Тас сусарлар
Салады жұмақ-ойын.
Құстың үні қонады көкейіңе,
Шымырлайды
Шаттыққа тұлабойың.
Саз қалады
Әлдебір тарқамаған,
Назданады – шалқыған шартарап ән.
Күлкі естіліп
Кенеттен сыңғырлаған,
Бөлінеді беу, көңіл
Қалқама алаң…
Таңы – тәмсіл, түсінсең Төгеректің,
Ажарын айт, ажарын төңіректің.
Ашаң бойлы,
Ақ жүзді ару көрем,
Кербезденген үстінде кереметтің…
*Басшидің көне атауы
2017 жылғы 19 қаңтар, сағат 22.16
Жазира
Шыңылтыр қаңтар айы.
Жайнаған Күн,
Бәрі де сірескен қар айналамның.
Емеспін мен саятшы сонар құмар,
Аң-құсы айналдырған айдаламның.
Кең дала, өзің едің құлқымды алған,
Төсіңде жігіттік пен жылқым қалған.
Құба түз ақ торғынды арудай боп,
Керіліп көз алдымда сылқымданған.
Қарасам қарай берем құмар қанбай,
Шоқ тоғай елжірейді сыр алғандай.
Қаңтардың күртік жапқан дидарынан,
Кейбіреу сұлулықты жүр аңғармай.
Тоғайға тығылады құлдаған Күн,
Әлдебір сыр жасырып, ымдаған кім?
Селкеулік ақ қасатты көкке малып,
Көзіне үйірілген мұң даламның.
Сол қыздың елестейді қарашығы,
Шіркін-ай, болар ма еді жар – асылы?
Басында сусар бөрік, торжорға атпен,
Табылып тұрушы еді жарасымы.
Мен бір жан отты құшып,
Жалын ішкен,
Бір сезім бебеулейді тағы да үстем.
…Баладай аңсары ауған анасына,
Келемін беу, жазира, сағынышпен.
2017 жылғы 17 қаңтар, сағат 22.04
Тезек төре қабірінде
Мақсатыңды ілгері жалғайды арман,
Қандай жаман «барам» деп, бармай қалған.
Тезек төре, мен келдім мінәжат ғып,
Қабіріңнің басына шалғайлардан.
Алтынемел – ерттеулі арғымағың,
Ауған шығар бабаңнан арғы бағың.
Аға сұлтан болғанда албанға
Жастыққа да аз тиді жар құлағың.
Тілін таптың Қытайдың, Қоқанның да,
Жайын білдің жалшы мен шопанның да.
Орыстың да оңтайын байқап қойдың,
Ұмытпадың өсуін оқаңның да.
Әр нәрсені дөп басқан қырағы ұлық,
Сөйлеп кетсең – кететін жыр ағылып.
Ағзамдығың – аузында ел,
Ақындығың –
Қалып бара жатқандай сірә да ұмыт.
Сүйінбай мен Бақтыбай, Түбектерді,
Қызыл тілің алмастай іреп берді.
Жақсы менен жайсаңның ығын таптың,
Дөңгеленіп дүниең іреттелді.
Түкпірінде қалың ел түйсігінің –
Билік құрдың.
Осылай – қисыны, ұғын
Төрелігің төрді алған – өзіңдікі,
Ел жадынан шықпасын күйшілігің.
Сақталатын санада ыңғайың көп,
Болашаққа жатырсың тынбай үндеп.
Қабіріңнің басына келіп тұрып,
Рухымды
Рухыңмен
Шыңдайын деп…
2017 жылғы 16 қаңтар, сағат 00.18
Шанханай
Сұлу терек,
Сыбдыр бұлақ келіскен,
Ұлы Дала бұйраты бұл – ең үстем.
Бір жотаның биігінде Шоқан тұр,
Тым асқақ боп көрінесің еңістен.
Тұлғаң бөлек,
Қойғандай-ақ сәнге де,
Келешекке қадаласың мән бөле.
Тектілікті
Әйгілейді бітімің,
Күтіп тұрған секілдісің әлдене.
Ұлылардың осалы жоқ
Бәрі – ізгі,
Әттең, әттең арамыздан қара үзді.
Көрінесің көңілімді елітіп,
Қазір, міне,
Жүріп кетер тәрізді.
Жақсы ниет жақсы ойларға сеп қой-әм
Ерлік ісің, тереңдігің көпке аян,
Даладағы мына сұлу тұлғаңды,
Астанаға көшірсе ғой деп қоям.
Шанханайдың шатқалында тұғырың,
Қысқа болды жасын атқан
Ғұмырың.
«Шоқ тоғайда»* сезім құшқан сəт өзге,
Әйелдердің бірі – шаттық, бірі – мұң.
Ай туады маңдайыңда шалқалай,
Әр ісіңе сүйінеді жан талай.
…Шоқан бүгін тірілерге қарап тұр,
Биік сенің шоқтығың да Шанханай.
*Шоқан Омбы қаласының Кадет корпусында оқып жүргенде Любовь Федоровна деген әйелге ғашық болған деген әңгіме бар. «Оның аты да, заты да махаббатқа тұнып тұр!..» деген сөздерін осы орыс әйеліне жазған деп болжайды. Кешкісін одан көз жазып қалатын достары «қайда жүрсің?» деп сұраса, жас жігіт әзілдей «Любина роща»-да деп жауап береді екен.
2017 жылғы 15 қаңтар, сағат 3.16
Көшентоған
Алтынемел алқабы көркі керім,
Құшақ ашар қуана еркін елім.
Белес-белес жотаға қызыр қонған,
Белін буса беретін ер тілегін.
Жоталарға қараймын бұйраттанған,
Көрінбейді оба тас, зират маңнан.
Қамшылар жақ тұсымда Көшентоған –
Тезек төре қыстауы қирап қалған.
Шоқан тұрған жер – осы, дәм айдаған,
Қайда ғана жүрмеді талай заман.
Айғанымның өсті де бауырында,
Айсарының маңында аялдаған.
Біле қойсын көп жайттың анығын кім?
Шоқан еді тарланы тағылымның.
Қабіріне бұрылдым бекзаданың,
Күйдіреді жанымды табы мұңның.
Мөлдірейді төбемде тұнық ғалам,
Жұмбағың көп Күн – көрмей, Түн – ұқпаған.
Көшентоған киелі қоңыр жазық,
Ұлылықты мәңгілік ұлықтаған
2017 жылғы 14 қаңтар, сағат 22.40
Керімағаш
Құм төбелер мүлгиді,
Үн қатпаған,
Тораңғылар жөн айтар ымдап маған
Іле өзені лықсиды бұратылып,
Бұрымындай арудың
Бұлғақтаған.
Көңіл шіркін,
Өзендей шалқығасын,
Өз ойыңа тәтті бір малтығасың.
Қарсы алдымнан
Жолықты қалың тоғай,
Көзайым боп көрінер жалпыға шын.
Керімағаш – кербез тым шұбақталған,
Мәжүнін тал мүлгиді
Шуақ тамған.
Аңсарымды алады
Ғажайып бақ,
Жұмбақ нәрсе
Іздеймін жұмақ-талдан.
Елестейді ерке қыз,
Нәркес жанар,
Шырақтай боп, күлімдей әр кеш жанар.
Мәжүнін тал
Сондағы салбыраған,
Екеумізді аялай әлпешке алар…
Сөз айтпайды
Ешкім де жеріме оғаш,
Талай пенде сүйінді
Еміңе рас.
…Сол бүлдіршін бейнені
Еске салар,
Неге сұлу болдың сен,
Керімағаш?…
2017 жылғы 13 қаңтар, сағат 22.44
Айғайқұм
Аптабына ми қайнап, аңқа кепкен,
Кесіртке де құм бетін аттап еппен.
Көтереді башпайын күйіп қалған,
Бізді барлап үреймен зәнталақ нем…
Қос бүйірін соғады деміккеннен,
Бұл ыстыққа бейшара көніп келген.
Ешкім саған қатерді төндірмейді,
Жер шарлаған бейуаз сендік – пендең…
Алтынемел, Іле өзен, Айғайқұмым,
Қастерлісің.
Шығады қандайда үнің?
Бұлдыраған
Алдамшы
Жалқын-сағым,
Жанарыма еріксіз байлайды мұң.
Қия жонмен шоқыңа
Өрмеледім,
Пора-пора саулады тер дегенің.
Құлан жортып
Ілеге құлдилады,
Мұндай сурет еш жерден көрмегемін.
Тек көрген көз
Сырыңды ұғынады,
Төңірегім сәт сайын құбылады.
Қарақұйрық
Жылт етіп жыңғылдағы,
Тым ұялшақ арудай бұғынады.
Жеткенімше шоқыңа
Арман ғылып,
Әл-дәрменім біржола қалған құрып.
Қайтарымда, Айғайқұм,
Қимадың ба?
Үн шығардың ыңылдай
Таңқалдырып.
2017 жылғы 12 қаңтар, сағат 00.08
Ну иеннің жұмбағы
Бойлай өскен нар қамыс, майда – басы,
Өзі – сары,
Жап-жасыл айналасы.
Ит тұмсығы батпайтын жыныс іші,
Тербелед те тұрады жай ғана осы.
Оқшау тұстай көрінер жайыңды ұғар,
Қамыс болса қасқыр-ой, уайым – буар.
Салт атты адам жұтылып кете барар,
Бойшаңдығы шіркіннің тайындырар.
Қабан да бар, итқұс та бұқпалаған,
Ирелеңдеп жылан да шықпақ одан.
Перінің де мекенін аңдай алар,
Ну иеннің жұмбағын ұққан адам.
Ұзай қоймай сыңсыма жағасынан,
Арыла алмай сан ойдың таласынан.
Келе жатсам жағалап ну қамысты,
Қол көрінді тарбиған арасынан…
Сол бір маңнан ары өтем, бері өтемін,
Кілтін таппай сондағы келекенің.
Жалаңаш қол тарбиған бес саусағы,
Адам ба әлде білмеймін пері екенін…
2016 жылғы 25 желтоқсан, сағат 00.28
Қаздар кетіп барады…
Сұрқайланып таң атты, қырбық қарлы,
Аямайды, байқаймын, бұрлыққанды.
Өрмек салып аяз жүр терезеге,
Әйнегіне әлемнің жыр ғып халді.
Шыңылтыр шақ сынайды төзіміңді,
Кім ұнатар іреңсіз мезі күнді?
Арқасынан өткен соң ызғырық жел,
Көк сиырдың мөлиген көзі мұңды.
Бұйығы – ауыл, суықтан тайынғаннан,
Жайбырахат бір кезгі жайың қалған.
Қоқиланып қораз да шақырмайды,
Мекиеннің жанында уайым халдан.
Шытынайды сұрықсыз шытынған күн,
Аяз қысып, желтоқсан зықымды алдың.
Есік ашса боп-боз боп бу кіреді,
Тамағынан ұстадың жұтынғанның…
Жел білінер ебіден ызың етпе,
Тыныс алсаң сезінер сызын өкпе
…Ал көшеге жан шықпай,
Ертеңгілік,
Қаздар кетіп барады қызыметке.
2016 жылғы 10 желтоқсан, сағат 16.36