Қазақтың маң даласы қазба байлыққа толы. Алтын сандық жерімізден Менделеев көрсеткен элементтердің барлығы дерлік табылады. Тек байлығымызды баянды бақытқа айналдыра білуіміз қажет.
Өңірімізде жер қойнауынан қазылатын қоңыр көмір отын түрі бар. Оны «лигнит» деп те атайды. Тас көмірден айырмашылығы – тез жанғыш келеді және күлі де аз. Осы бір қоңыр көмірдің ең сапалы түрін өндіретін кеніш – Майкөбе кен орны. Еліміздегі қоңыр көмірдің негізгі қоры болып есептелетін орын да осы. «МайкубенВест» ЖШС-нің «Майкөбе» разрезі жаңашыл кәсіпорын 3Б маркалы лигнит пен Д маркалы тас көмір өндіреді. 1987 жылдан Шөптікөл ауылдық округіне қарасты Майкөбе кен орны отын түрлерін өндіріп келеді. Сол жылы «Экибастузуголь» өндірістік қауымдастығы Шөптікөлде өндірісті бастады. Отыз жыл уақыт ішінде отандық экономиканың көш бастауына септігін тигізген кеншілердің еңбегі ерен. Ауыр еңбек иелері табандылығы мен ыждахаттылығының арқасында тау-кен ісін жолға қойды. Әлеуметтік дамудың жолына мықтап түсуге кепілдік берді. «Макөбе разрезінің» басты капиталы – отыз жылдан бері біте қайнасқан, бұл жолға шыңдап берілген ұжым. Бұл ұжым – ортақ мақсат, ортақ мүддемен біріккен үлкен команда. Кен орнында бүгінде 1100 адам тынбай еңбек етеді. Он алты ұлт өкілдері 220 мамандық бойынша қызметте. Мұның өзі аса бір астасқан достық пен татулықтың, бірліктің ерен үлгісі. Ортақ ой, біте қайнасқан қызығушылық, жұмысқа деген ынтық көңіл барлығын тек жетістік жетегіне жетелейді. Құрамның 65 пайызы жоғары және арнайы орта білімі бар жұмыскерлер. Ауыр жүк артылып, ел ертеңін сеніп тапсырар жастар да кен өндірісіне араласуда. Жыл сайын жұмысшы топпен біте қайнасып, тәжірибелі мамандардың ізімен келеді. Тағдырдың тарам жолдарын кен орнымен сабақтаған кеншілер үшін кәсіпорын екінші үйіне айналғандай. Кәсіпке деген адалдық ардың жолын әу бастан-ақ белгілеп қойған.
Майкөбе кен орнында алғашқылардың бірі болып Серікбай Әшімтаев еңбекке кірісті. Эксковатор машинистінің жас көмекшісі Шөптікөл ауылында дүниеге келген. Сегізжылдықты бітіргеннен соң Екібастұз қаласындағы №163 мамандандырылған техникалық мектепте оқуға түседі. Оқуын аяқтаған Серікбай Диярұлы өзі шамаластармен қатар Совет армиясы қатарына шақыртылады. Разрез ашылған тұста эксковатор машинистінің көмекшісі болып жұмысын бастап, кейін «эксковатор машинисті» біліктілігі бойынша арнайы курстан өтеді. Білімді маман біліктілігін шыңдау мақсатымен осы мамандық бойынша 2015 жылға дейін қажырлы еңбек етіп, 2015 жылдан жаңа модернизацияланған мобилді ұнтақтағыш қондырғыда машинист болып қызмет етеді. Серікбай Әшімтаевтың жұбайы Маржан Қайырқызы 1988 жылдан көмір разрезіндегі медициналық пунктте медбике болып қызмет атқарып, кеншілердің денсаулығын жақсарту, қадағалау жолында еңбек етіп келеді. Ұлы Бауыржан роторлы эксковаторда машинист болса, қызы Сәния – диспетчер. Кеншілер отбасы көмір разрезімен бірге жасасып келеді. Алғашқы отын қазылған кезде жұмысын бастаған С.Әшімтаев өзі ғана емес, отбасымен Отанның отынын өндіруге көп күш жұмсап келеді.
Халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен жылдары үшін Серікбай Диярұлы бірнеше мәрте салалық және мемлекеттік марапаттарды иеленді. Бұл оның ерең еңбегінің өтеуі, өткен күндердің күресі мен болашақ үшін жасалып жатқан үлкен қызметтің өтеуі. Солардың ішіндегі аса бір жоғары дәреже – 2015 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі тұсында Павлодар облысы әкімі табыстаған «Үшінші дәрежелі Еңбек Даңқы» ордені.
Ардагер кеншілердің енді бірі – Амангелді Исабаев. Еңбек жолының бастауы Майкөбе көмір бассейні іске қосылған жылы сәуір айында болды. Көмір разрезінің аршыма жұмыстары телімінде эксковатор машинистінің көмекшісі болып қызметі басталды. Араға көп уақыт салмай, 1990 жылы эксковатор машинисті дәрежесіне көтерілді. Мұның өзі жұмысқа деген жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетсе керек. Бүгінгі күні Аменгелді Баянтайұлы эксковатор бригадирі.
Өндірісті ширатып, әлеуметтік дамудың жаңа, жоғары сатысына көтерілген кенді орын бүгінімізді баянды етіп, болашаққа қазынасын қалдыруда.
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл.