Жұма, Сәуір 27, 2018
Негізгі > Сұхбат > Мира Санатқызы косметология бизнесін қалай және неден бастады?

Мира Санатқызы косметология бизнесін қалай және неден бастады?

Бүгінгі кейіпкер «Derm Clinic» ЖШС директоры, косметология саласын дөңгелетіп отырған кәсіпкер – Мира Санатқызы. Өмірден өз орынын іздеуді кішкентай кезінен бастаған ол бүгінде табысты Businesswoman-ге айналып, Өскемендегі «Derm Clinic» косметологиялық клиникасын дөңгелетіп отыр. Біреуге үлгі, біреуге тәжірибе алуға жарап қалар деген мақсатпен дәрігер-косметолог Мираның сұхбатын ұсынып отырмын.

Бизнесті бастағаннан, басталуы қызық…

Идея 2015 жылдан бері ойымда жүрді, бірақ оны іске қосудың сәті түспеді. Кейін Астана медицина университеті жанынан кафедра ашылып, сонда оқуға шешім қабылдадым. 2 ұлымды алып Астанаға кеттім, ол кезде Астанада әке-шешем мен марқұм ағам болатын, анам балаларға қарады, жолдасым мен қызым Өскеменде қалды. Косметологиямен қатар ағылшын тілін де оқып жүрдім.

Алматы, Астана қалаларында косметологтар салонда отырмайды. Салонда отыру – кешегі күннің еншісінде қалды. Ол жақта жеке меншік клиникалар мен ауруханалар. Санитарлық нормалар косметология мен стомотологияларда бірдей. Салондарда ауа сорғыш, автоклав, УФ камералар жоқ, тазалық сақталмайды. Әрине, бәріне топырақ шашпаймын, арасында барлық жағдайлар жасалынған салондар да баршылық. Бірақ көптеген косметологтар эстетист ретінде жұмыс істейді. Италия, Франция, Швейцариядан арнайы мамандар келіп, сабақ жүргізді, әр түрлі семинарларға қатыстым.

Емдік-профилактикалық мекеме, яғни клиника болғанын қаладым

Басында біздегі тіс емханасының бір кабинетін жалға алсам ба, әлде адамдар көп баратын сауда орталықтарында ашып көрсем бе деген ойлар болды. Кейіннен ойлана келе, мен тек косметологиямен ғана шектелмейтінімді түсіндім. Емдік-профилактикалық мекеме, яғни клиника болғанын қалаған екенмін. Алматы, Астана, Павлодар қалаларында косметология дамыған, ал Өскеменде бұл сферада клиника жоқ. Қай сала болмасын бірінші болғанды жақсы көремін. Осылайша «Derm Clinic»-тің жұмысын бастап та жібердім. Егер қолдау табылса кез келген ойды жүзеге асыруға болады. Тек ойлап-ойлап қана қоймай, соны істей алатыныңды сенімді болуың керек. Ол үшін қажетінше білімді болу керек.

Шығыс Қазақстан облыстық диагностикалық орталықтың амбулаториялық хирургияның эндоскопия бөлімінде істедім

Емделушілер менің жасымның кішілігін айтып, сеніңкіремей де жатады. Жас болсам да, диагностикада, облыстық аурухананың хирургия бөлімінде көп жылдық тәжірибем бар. Семей мидицина университетінде хирургия факультетін қызыл дипломмен бітірдім. Облыстық диагностикалық орталықтың амбулаториялық хирургияның эндоскопия бөлімінде істедім.  Ол жерде міндетім – ішкі органдарды тазалау, реанимацияда жатқан адамдардың бронхыларын тазаладық. Біліктілігімді арттыру үшін Барнаул қаласына да барып, оқып келдім. Бірақ, жүрегімнің түбінде өзімнің жеке кәсібім болғанын қаладым. Бір жағынан балаларыма көп уақыт бөлейін деген ой болды. Себебі, мемлекетке істеген кезде қол байлаулы, біреуге тәуелдіміз. Күн-түн демей жұмыста боламыз, арасында кезекшілігі бар дегендей. Ал бизнесте өзіңе ғана бағынышты, қажет болса, жазбаларды өзіме тиімді уақытқа қойып аламын.

Бизнес әулетімізде бұрыннан бар

Косметология жағынан жаңа бастамам, ал жалпы бизнес әулетімізде бұрыннан бар. Бұдан 15 жыл бұрын тіс емханамыз ашылған. Негізін қалаушы – атам (жолдасымның әкесі). Сондықтан көп сұрақтардың жауабын атамнан аламын. Әрине, ең бірінші қолдау көрсеткен ол – жолдасым Тілек.

Сұраныс бар

Өзімнің де 3 балам бар, осыдан 4-5 жыл бұрын омыраудағы балаларға арналған массаждарды таба алмайтынмын. Сонымен қатар үлкендерге арналған массаж түрлері: остеохондроз, жарықты (грыжа), операциядан кейін оңалту түрлерін болғанын қаладым. Ендігі мақсатым – аппаратты массажға көшіп,массаж кабинетін дамыту. Клиникадағы әріптестеріммен ақылдасып қолмен және аппаратты массажды да қатар алсақ деп ұйғардық. Ұжымым өзіме ұнайды, бір-бірімзді тапқандаймыз. Бәрі жас, көздерінде от жалындап тұр.

«Derm Clinic»

Жолдасым басында-ақ клиника болғанын қалады. Атауы қандай іспен айналысатынын білдіртетіндей түсінікті болсын деді. Дерма – латынша «тері» деген мағынаны білдіреді. Бастапқы кезде «Derma Clinic» болсын ба деп, ойлана келе ағылшынша айтылсын деген оймен «Derm Clinic» деген атау болсын деп шештік.

Мен айналысқан кәсіп түрлері…

3 жыл бұрын декреттік демалысымда-ақ бос отыра алмасымды біліп, тігін, қолөнермен айналыса бастадым. Есімдерді көрпешеге, жастықтарға және халаттарға тігумен айналысып жүрдім. Ол кезде де бұл кәсіп түрі Өскеменге келмеген-ді. Содан халықтың сұранысы артып, тапсырыстар келе бастады. Арнайы инстраграм парақшасы ашылып, оқырман саны да көбейді. Әр нәрсені тиянақты істеуге тырысамын, осы үшінде көптеген жақсы пікірлерге ие болдым. Мен үшін адамның шын лебізі мен айтқан алғысы маңызды.

Сонымен қатар, үйде отырып Corel Draw, Photoshop сияқты компьютерлік бағдарламаларды өз бетімше меңгере бастадым. Үйренгендерім зая кетпеді. Қазіргі таңда клиниканың ішкі, сыртқы жарнамасын, эмблемаларды өзім ойлап, өзім эскизі мен дизайнын жасаймын. Басып шығаруда қайын інімнің полиграфиясынан қолдау көрдім.

Тағы бір айналысқан ісім торт пісіру болды. Тойларға, туған күндерге тапсырыспен әр түрлі торттарды үйден дайындап жүрдім. Одан кейін метрикамен айнысып жүрдім. Баланың аты-жөнін, туған күнінен қабырғаларға жабыстырып, сондай-ақ ағаштардан қималар жасадым.

Бұл істерге мен хобби ретінде қарадым десем де болады. Кейіннен декреттік демалысым бітер уақытта ойымда жүрген косметологияға бет бұрдым.

Бизнесте ұжым маңызды

Бірден көмекші-медбике іздей бастадым. Себебі ешбір дәрігер медбикенің көмегінсіз жұмысын толық бітіре алмайды. Оны ауруханада жүрген кездерден білемін (күліп). Медицинаны шын жақсы көретін және жұмысқа ынтасы мол адамдарды жұмысқа алдым. Өйткені, менің командам басында-ақ еріншек мамандардан тұрса, жұмысымның алға баспасы анық. Аида дейтін медбике әрі көмекші, әрі администратордың жұмысын алмастырды. Кез-келген адамның күре тамырын оңай табатын нағыз медицина маманы деп айта аламын. Ботагөз дейтін дәрігер-интерн өз ісіне адал қыз хабарласты. Ол емшектегі балаларға арнайы массаж жасайды, оқыған сертификаты да бар. Айналысып жүргеніне 3 жылдай болыпты. Одан кейін ересектерге массаж жасайтын адам керек болған соң Абзалдың кандидатурасы көңілімнен шықты. Менің командамдағы адамдар да, тіпті келетін клиенттерімнің де ниеттері түзу. Алла бәрін ниетке байланысты беретініне 100 % көзім жетті.

 Бизнес адамы болып тууы керек

Адамның арғы жағында ішкі «стержені» болуы керек. Ол бір күнде пайда болмайды, ол адамның өзімен бірге туады деп ойлаймын. Мен бүгін ғана белсенді бола қалған жоқпын, балабақшадан бері кез-келген іске белсене кірісіп кетемін. 6 жасымда «Утреняя звезданы» жеңіп, Мәскеуге кетіп қала жаздағаным бар. Содан Алматыдағы театр-балет мектебінен шақырту алғанда, мені әкем жібермей қойды.

«Алтын белгіге» 1-ақ бал жетпей қалғаны болмаса, мектепте үздік болдым. Намысқа тырысып, қайтсемде «мықты» екенімді дәлелдеймін деп медицина университетін қызыл дипломмен аяқтадым. Медицина университетінде оқып жүрген кезде де би байқауларымен Астана мен Новосибирск қаласына барып келдік. Сондықтан әрекет етпей берекет болмайды. Басында айтып өткенімдей, менің ең үлкен қолдаушыларым – ата-енем. Егер, атам менің осыншалықты құлшынысым мен қызығушылығымды көрмегенде, мүмкін қолдау білдірмес те еді. Сол кісілердің алдында бас иемін.

Менің ойымша, бизнесте капитал маңызды

Спонсор атам болғандықтан керек-жарақты сол кісі алып берді. Жалпы базалық капиталға 20-25 мың АҚШ доллары кетті. Қосымша кәсіби косметикаларға да бөлінетін қаражаттар бар. Бастапқыда «PREMIUM» Ресей фирмасының кәсіби косметикаларын қолдандым. Басқа да өндірушілердің өнімдерін көрейін деген оймен Израиль мемлекетінен өндіретін «ONmacabim» сериясын таңдадым. Базалық өнімнің өзіне 250 мың теңгедей қаражат кетті. Сапасы көңілімнен шықты, өзім де қолданамын. Қыз-келіншектер күтіну үшін арнайы тапсырыссыз-ақ, менен алып кете берсе болады.

 Армандар орындалады, тек сіз соған сеніңіз

Осыдан 2 жыл бұрын күнде жатарда: «Мен клиниканың директорымын. Менің жаңа көлігім бар. Мен 2 этажды котеджде тұрамын» деп визуалды түрде елестететінмін. Көп ұзамай жолдасым коттедж үй тұрғызып, сонда көштік. Кіші ұлым туғанда атам маған жаңа көлік сатып алып берді. Одан кейін осы клиника жұмысын бастар кезде ИП (жеке кәсіпкер) ашқанмын, ИП талабы бойынша косметологияда 5 жылдық еңбек өтілімі керек болды-дағы, лицензия алуға өтпей қалдым. Басқа жолдарын қарастыра келе, ЖШС ретінде рәсімдедік. Ресми қағаздарда клининика директоры Нурсеитова Мира делінген, сондай жазумен мөр де бар. Әр кезде осы атым жазылған мөрді қоярда кеудемді ерекше қуаныш сезімі кернейді. Ойлап қарасам, бағанағы армандарым, мақсатым орындалған.

 Өкінетінім…

Үнсіздік…Жақында туған ағам, дүниеден өтті. Лейкоз ауруымен 5 жыл бойы күресті (көзіне жас алды). Қазақстанда алғашқы болып трансплантация жасаған 15 адамның ішінде менің Рустам ағам да болды. Операция жасағанға дейін шет елден донор табылып, оны 25 мың АҚШ доллорына сатып алдық. Барлығы дайын тұрды, тек оны Қазақстанға жеткізуге рұқсат бермей қойды. Ағамның денсаулылығы күрт нашарлаған соң анамыз донор болып, отаға келісімімізді бердік. Сол 15 адамның ішінде басқаларынан қарағанда ұзақ жүрген менің ағам болды.

Лаеннек және курасен деген плацентарлы препарат бар. Мәскеуде бұл препараттарды лейкозға шалдыққан адамдарға да қолданады екен. Соны ағама салмақшы болғанда қарсы болып салдыртпады. Сол кезде оны тыңдамай, тұрған катетерге құйып жібергенімде мүмкін өміріне араша түсер ме едім, мүмкін тағы да бірер уақыт қасымызда болар ма еді, кім білсін?! Өмірдегі бір ғана өкінер тұсым – осы.

Болашақта рак ауруына шалдыққандар үшін арнайы қор құрғым келеді

Бұл тұста мемлекеттен қолдау күтсек, жақындарымыздан айырылатынымыз сөзсіз. Балаларға қолдау бар, жасырмаймын. Бірақ ересектер де адам. Олар да кімге сенерін, қайда барарын білмей дал болады.

Сондай-ақ, қаладағы «Үміт» балалар үйіндегі жасөспірімдерге көмек ретінде бет терілерін емдесем деймін. Себебі, жай кезде де компелексі бар балалар қазірден беттері бүлініп, өмір бойы комплекстен шыға алмай қалып жатады. Егер, біз, адамдар бір-бірімізге болыспасақ, өмірдің мәні де жоқ деп ойлаймын.

 Енді қолға алып жатқан әлеуметтік жобалар бар

Сал ауруына (ДЦП) шалдыққан балаларға тегін массаждар жасаймыз. Одан кейін «Малютка» балалар үйіне барып арнайы көмегімізді беріп тұрамыз. Мақтанғаным емес, тек Алладан сауап жинап, болашағымыз жарқын болсын деген ниетпен…

Алдағы уақытта сал ауруына шалдыққан балалардың ата-анасына не күтушісіне массаж үйретсек деген жоспарлар бар. Себебі, ол балаларға массаж күнделікті керек. Кейбір жерлерге тегін немесе шамалары келгендер ақылы жасатып жатады. Сондықтан командаммен ақылдаса келе, сондай ауруға шалдыққан баланың анасына көмек ретінде нүктелерін табатындай, болмаса қарапайым массаж түрін үйретсек дейміз. Кейбір жандардың қаражат жағынан шамалары келмес, кейбірінде уақыт тапшы. Сондықтан олар үйренген массаждарын балаларына ем ретінде үйде де жасай алады.

 Сөз соңында айтарым…

Бұл  өмірде бір нәрсені істеп, жасап көруден қорықпау керек. Мәселен, жұмысыңыз ұнамай ма, басқа көңіліңізден шығатын іспен айналысыңыз. Егер ол жұмыс та сіздікі емес болды ма, бұл да бір сіз үшін үлкен сабақ әрі тәжірибе. Әрбір адамның көңілінде өзіне ұнайтын бір саласы бар. Егер шынымен сол ұнаған ісіңізбен айналысқыңыз келіп, Алладан күнде сұрасаңыздар, күндердің күнінде қол жеткізетініңізге сенімдімін. Біз, адамдар, өзіміз барлығын проблемаға айналдырамыз. Әр нәрсенің өз шешімі бар.

 

Сұхбаттасқан Назерке Қайролданова

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation