Бейсенбі, Қаңтар 18, 2018
Негізгі > Тарих > Шіліктіден тағы «Алтын адам» табыла ма?

Шіліктіден тағы «Алтын адам» табыла ма?

Шиликты

Зайсан ауданындағы Сауыр мен Маңырақ тауларының ортасында орналасқан Шілікті жазығында 200-ден астам сақ обасы бар. Оның ішінде 50-ден астамы патша обасы саналады. Қазіргі кезде Шілікті жазығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Қазақ гуманитарлық инновациялық заң университеті және Семей топографиялық колледжінің студенттері археологиялық қазба жұмыстарына қатысуда. Олардың арасында венгриялық және ауғанстандық ізденушілер де бар.

Биыл археологтар Шілікті-1 кешеніндегі №16 обаны аршып жатыр. Аталған обаның биіктігі – 8,6 метр, диаметрі – 88 метр. Бұл Шіліктідегі ең ірі обалардың бірі. Қазіргі кезде төбе іспетті топырақ үйіндінің астындағы тас оба толығымен аршылды. Қорғанның тастары жақын маңдағы Шаған өзенінің бойынан тасымалданғаны анық­талды. Археологтардың айтуынша, тас обаның астынан ағаштан жасалған қабірхана табылуы мүмкін. Алтайдағы Берел қорғандарынан бір ерекшелігі, мұндағы жерлеу рәсімі жердің бетінде жасалған. Яғни, үйілген топырақ қабатының астында кесек тастар қабаты, оның астында жазықта молынан кездесетін шымнан қаланған қабат, одан соң ағаштан тұрғызылған қабірхана. Бұл қабірханадағы сүйектің бұ­зыл­мауына мүмкіндік беретін ми­кроклимат түзетін ерекше жер­леу технологиясы, дейді мамандар.

Шілікті жазығында 2003 жылдан бері археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология кафедрасының профессоры Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, қазылып жатқан қорған б.з.д. VII-VIII ғасырларға тиесілі жерлеу кешені болуы мүмкін. 2003 жылы Шілікті обаларының бірін қазу барысында көптеген алтын бұйымдар табылған болатын. Жергілікті тұрғындар арасында бәйге тамашалайтындықтан «Бәйгетөбе» аталып кеткен, көп жәдігерлері тоналған қорғандағы археологиялық табысты ғалымдар «Алтын адам» деп атағаны бел­гілі. Ә.Төлеубаев биылғы қазба жұ­мыстары кезінде табылатын жәдігерлер Бәйге төбедегі «Алтын адамды» толықтыруы мүм­кін екенін жеткізді. Ал Бәйге­төбедегі қорғанға биыл жабу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ археологтар Маңырақтың сол­түстігінде орналасқан тағы бір қорғанды қазуда. Шамамен III-IV ғасырларға жататын бұл оба­дан адам мен жылқы сүйегі табыл­ды. Қазір жаздың жаңбырлы мау­­сымы болғандықтан, аталған оба­­­дағы қазба жұмыстары тоқтап тұр.

– Әзірге консервациялау мақ­сатында тоқтап тұрған обаны күн райы ашылғанда үш-төрт күнде толығымен ашамыз деп жос­парлап отырмыз. Жалпы, Шілік­ті даласында адаммен бір­ге жылқының жерленгенін алғаш рет анықтап отырмыз. Бұл – Еуразия құрлығындағы сақтар­дың көне, элитарлық патша обалары орналасқан ерекше аймақ, – деді Ә.Төлеубаев.

Қазба жұмыстарымен таныс­қан облыс әкімінің орынбасары Ж.Омар қорған алаңында жұмыс істеп жатқан студенттермен жүздесіп, олардың білікті архео­логтардан үйренері көп екенін айтты.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation