СЫНШЫ АБАЙ
Ел басына күн туған тарихи хәлді, «ағызды сығып жасымды» деп өзі айтқандай, Абай жан-жүрегімен сезінді. Қараңғылық пен бодандық қос бүйірден қысқан сынақты шақта халықтың сыншысы да, тәрбиешісі де бір өзі болды. «Абай сол заманда, сол ортаны соя сынаған адам. Абайдың әдебиеттегі сыншылдығының түп тамыры осында жатыр» (Қ.Жұбанов).
Тәуелділіктің азаптары
Абайдың 1885-1889 жылдар аралығына жазған 50 астам туындысының басым көпшілігі сыншылдық жырлар. Оларды таныстырып жатудың қажеті шамалы. Біздің міндет – ақынды сыншы еткен жағдаяттарды тексеру, түсіндіру. Сол үшін Абайды Абай қылған қилы заманның қыры-сырын жақсы білу шарт. Өйткені, сол дәуірдің жақсы-жаманы, күллі әлеуметтік дерттері Абайдың сана-сезімі мен жүрегі арқылы өтті.
Құнанбай, Абай өмір сүрген шырғалаң заманда қазақ майжіліктен қанжілік хәлге өтті. Ол қазақ тарихының айырықша ауыр кезеңі еді. Жер шарының неғұрлым көп бөлігін иемденуге тырысқан империя Орталық Азияны көктей өтіп, шығыс пен күнгейге тереңдей енуді көздеді. Сондай стратегиялық мақсаттың дәл өтінде тұрған қазақ елі болды. Басқадан айырылса да, одан айырылмау саясаты алғаш рет сол кезде бой көрсеткен-ді.
Бір ел екінші елге саяси, экономика, құқық, мәдениет және жер мәселесі бойынша тәуелді болуы мүмкін. 18-ғасырдың екінші жарымында Қазақ елі осы тәуелділіктің бәріне де тап болды. Сөйтіп, толық, яғни басыбайлы тәуелділіктің қамытын киді. Мысалға 1868 жылғы заңында патшалық Ресей отаршылдықтың соңғы қамытын салып, жер менікі деп жария етті.
Абай бір өлеңінде:
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың, –
десе, тағы бір өлеңінде: «Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай», – деуімен экономикалық тәуелділікті айтқан. Сол сияқты ақын өлеңдері саяси, мәдени немесе құқықтық тәуелділікті паш етеді.
Бірде әкесі Құнанбай: «Сенің мінің – орысшылсың», – дегенде Абай: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз» деп жауап қайырыпты. Жеңген елдің саясаты «бөліп ал да, билей бер» екені екібастан белгілі. Әйгілі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» (1885) өлеңінде Абай бодан елдің кісісі «көрсе қызар келеді байлауы жоқ» дей келе:
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –
деп күңірене түйін түйеді.
Отарлық бұғауға табиғат қыспағы қосылған. Қазақ даласы егіншілікке қолайсыз, егін бір жылы жақсы шықса, аспаннан бір тамшы тамбаған келесі жылы егін де, шөп те күйіп кетуі мүмкін. Қыста жаңбыр жауып, жер мұздақ боп қатып, жайылыс болмай қалғанды қазақ «жұт» дейді. Міне, төрт түлік мал осы апатқа ұрынып отырды. Шыңғыс елінің жылқысы қыста екі жаққа: бірі – Шыңғыстың сырты жайлауға, екінші бөлігі – бауырға салынған екен. Шежіреші Молдабек Жанболатов «Бауырда әр он жыл сайын жұт жүріп өткен» дейді. «Жұт жылы шамасы келгендер жылқыны Ертіс дариясынан өткізіп, қарағай ішіне салған» дейді. 1840 жылдардан Тобықтының Көкше, Жігітек, Жүзмембет ұрпақтарының бір бөлігі Шыңғыстау аумағынан ауып, Ертістің оң жақ бетіндегі Белағаш өңірін мекендеді. Жер тарылды деген осы емес пе.
Қыстың суығын жайсыз үйде өткізген халық ауруға жақын тұрады. Бұл жайында М.Әуезов өзінің «Өліп-таусылу қаупі» (1918 ж.) атты мақаласында былайша жазады: «Қазақ қысқы қорасына, үйіне аз уақыттық баспана деп қарайды. …Жаз шыққан соң көшіп кетеміз, шыдау керек дейді. Бірақ қыстауда 7-8 айдан кем отыратын қазақ жоқ. Сонша уақытта ылғи бұзылған ауаның ортасында, келетін қонақпен сығылысып, өмір сүрген адам ауруға жақын болмасқа шарасы жоқ». Бақсақ, ол заманда жарық, күйлі там соғуды қазақ іші әлі білмеген. Сәбилер көп шетінеген. Өліп-таусылу қаупі деген осы емес пе.
Дей тұрғанымызбен де, қыспақтың зоры табиғаттан емес, отаршылдық пен қараңғылық (надандық) тарапынан келді. Қазақты қос өкпеден қысқан екі әлеуметтік ауыртпалыққа жеке-жеке тоқталайық.
Абай әкесі Құнанбайға (1885 жылы) да, інісі Оспанға (1891) да ас беріп, ат шаптырған жоқ. Неге? Құнанбай қайтыс болғанда Тобықты іші ғана емес, сырт ағайындар да Өскенбайға сияқты балалары қажыға сауын айтып, үлкен ас берер деп дәме еткен еді. Бірақ келер жылы күткен ас берілмеді. Осымен, Құнанбай ұрпағы сынға қалды. Бұл түсініксіз жәйттің өзіндік сыры бар.
Соры қалың соққы жеген пышанамыз,
Қайтып суып, жалғаннан күсе аламыз.
Құр дәрімен атқанға өлмейді екен,
Өмірі мақтаншаққа нысанамыз.
Абайдың өзін сынаған, мазалаған адамдарға берген жауабы бірінші жолда тұр. «Соры қалың» дегені жеке басына емес, бүкіл қазаққа айтқаны. Тұрағұл естелігінде «Дала уалаяты» деген газетке менің әкемді қажыға ас бермеді деп жамандап, біреулер «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деп сынаған, сонда жазылған бір ауыз шумақ», – дейді. Демек, өлең 1886, ұзаса 1887 жылғы, өкінішке қарай, Абай жинақтарында 1896 жылғы делініп «адасып» жүр.
Сонымен, Абайға «Ішім толы у мен дерт» дегізген басты себеп – қазақ елінің басыбайлы тәуелділігі деуге керек.
Бодандық қыспағы жайлы әңгімені абайтанушы философ Ғарифолла Есім айтқан пікірмен сабақтайық: «Абайды тек ақын қылмай, ойшыл, гуманист дәрежесіне де көтерген жәйт бар. Ол қазақ халқының тұтас ел болудан қалған, отаршылдық жағдайы» («Хакім Абай» кітабы, 31 бет).
Отар елдің сиқы
1824 жылы хан билігі, 1868 жылы сұлтан билігі жойылды. «Сол арқылы, – дейді ұлтымыздың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев өзінің «Әйтеке би» атты мақаласында, – қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айрылды. Елден гөрі өз басын, ұлттан гөрі ағайынын көбірек қамтып, ақылдан гөрі айла-шарғыны көбірек малданатын пысықтардың «партияшыл», «топшыл» күресі етек жайды. Ру-ру болып, ата-ата болып, билікке таласу да содан шықты» («Үш пайғамбар» кітабы. -Алматы, 1992. -143-бет).
Жазушының осы пікірі дәлеліне Абай өмір сүрген ортаның үш тобын алып, оларды жекелей қарастырайық. Бірінші топта отар елдің бай-бағландары. Ақын әуелде осы атқамінер қауымды, би, болыстарды сынайды. Қайтіп сынаған десеңіз, «Көжекбайға», «Бөтен елде бар болса», «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп», «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болысың», «Бай сейілді», «Болды да партия» деген сияқты топтама өлеңдер алдымыздан шығады.
Тегінде Тобықтының ел басшылары, атқамінерлер қосынын екіге бөле қарастырған абзал. Біріншісі – Құнанбай құраптас Бөжей, Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Байдалы, Түсіп, Бәзіл, Құлыншақ сияқты ақсақалдар. Бұлар – елдіктің киесі, ескіліктің жол-жоралғысына (сыбаға, жол, сауға т.с.с.) қанық әрі хандық дәуір заңына жетік басшылар. Игі жақсылар, Абай тәлім алған ұстаздар да осылар. Екіншісі – Абайдың замандас, тұстастары Майбасар, Тәкежан, Оразбай, Жиренше, Әбділда, Күнту, Асылбек, Байғұлақ, Қыздар, Абыралы, Арап, Дүтбай, Көжекбай сияқты атқамінерлердің жаңаша тобы. Бұл топты ел «іргелілер» немесе «игі жақсылар» демеген. Өйткені, бұлар – отаршылық жүйенің өнімі, сол себепті «нәрсіз, шірік орта болды» (Әуезов). Әйгілі «Сегіз аяқта»:
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып құрып барасың.
Өтірік, арыз толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой (1889), –
десе, ал, «Бай сейілді» өлеңінде:
Танымадық,
Жарымадық,
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі (1890), –
дейді. Абай алдыңғы толқын – ақсақалдар тобымен көп жанасты. Бірақ өмірін «сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа» құмар ортада, солармен бірде жұлқыса, бірде табыса жүріп өткізді. Соның бірі – қызы Күлбаданды алған күйеу баласы Дүтбай (түбі – көкше) мінезін:
Бір көрмеге тәп-тәтті,
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай ант атты,
Бүксіп, бықсып ар жағы, –
деп аяусыз сынап, мін тағады (өлең 1899 жылғы делінеді, бірақ сарыны он жылғы бұрынғы өлеңдер цикліне сәйкес).
Абайдың атқамінер шірік ортаның дертіне диагноз қойған осындай өлеңдері аз емес. Бірінші қарасөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік» деуі де атқамінер әкімдік ортаны сынағаны болады. «Туған халқын алға сүйреген ақын әрекеті, – деп жазады М.Мырзахметов «Абай және Шығыс» еңбегінде, – өзін қоршаған надан ортамен тартысқа түседі. Озық жұрт көшіне өршелене тартқан қадамын кейін шегіндіріп, аяғын шырмай береді».
Осынау ортаға жанаса жүретін беймаза шолақ әкімдер (атшабар, стражник, поштабай, писарь т.б.), сияз, сайлауды босатпайтын барымташы, төбелескіш, арызқой сотқарлар дейтін келесі топ та бар. Абай олардың да баянсыз тірлігін, жалтақ, жағымпаз мінезін, пысық атанбаққа қылған орашолақ іс-қимылдарын шенеді.
Сөйтіп, атқамінер қосынын аяусыз сынаған Абай олардың соңына ерген төменгі топтың да «сыбағасын» береді.
Бұралқылар сандалды,
Жуандарға сия алмай.
Сенімсіз болды алашқа,
Барымтасын тия алмай (1887).
Әуелде көбіне болыс, жуандарды түйреген болса, енді «бұралқы» деуімен кедей топқа да тісін батырып отыр. Бұл топ ұрлығын тия алмай, көптің сенімінен айырылды. Кәсіп үйрену, еңбек қылу ойда жоқ. Ақын сол үшін кінә артады. «Сегіз аяқта»:
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап, –
деген насихатын осы қалың топқа айтқан.
Бір жаңа түскен келін барымтаның етін қазанға салып жатып: «Астапыралла деп, боқ жеген деген осы болды» депті. Мұсылман баласы бола тұра харамды жедік деген мағынаға саятын бұл сөз елге мәтелдей тарапты. Қорамжан деген белгілі барымташыға Абай: «Қорамжан, ұрлықты қой!» деп ұрысқан кезде, ол: «Пәлі, Абай аға, онда қалай күн көрем?» депті.
«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңінде:
Жетіліп жаз жайлауға қона алмай жүр,
Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.
Қыс қыстауың – қып-қызыл ол бір бәле,
Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр, –
дегені бозбала шағында-ақ бетпе-бет келген өмір шындығы болатын.
Қорыта айтқанда, «мал бітті деп, көңілі көтеріліп тасыған» қуыс кеуде, пендешіліктің Абайдың сын найзасына түйрелмей, аман қалғаны жоқ.
Әрі-бері айналса аты арықтап,
Шығынға белшесінен әбден батып.
Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа,
Құдай құмар қылыпты қалжыратып.
Бұл Абайдың «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» өлеңінен. Ағасы Тәңірбердіні мінеген «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай», «Байсып, паңсып» өлеңдері осы қатардан.
Адасып алаңдама жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық қамалмай.
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай (1895).
Отар елдің сиқы осы жолдарда тұр. Қазақ елі жер тарлығынан баяғыша төрт түліктің тұяғына ерген көшпелі, немесе егінін баптаған отырықшы бола алмай әрі-сәрі күйде қалды. «Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ». Міне, ел ішін барымта, аламандық кеулегені содан.
1888 жылғы Көктұма съезі
Неге екені белгісіз, 1888 жылғы Көктұма съезі зерттеушілер назарынан тасада қалып келді. Мәлімет те шамалы. Хал-қадіріміз жеткенше тоқталып көрмекпіз. Семей және Жетісу облыстары ортасында ұрлық, барымта, кісі құны, жер дауы, жесір дауы қордаланып қалады. Осыған байланысты «Көктұма» деген жерде екі облыстың болыс, билері бас қосқан төтенше (шербешнай) съезі өтеді. Оған Абай мен Оспан да қатысады.
Үш жыл бұрынғы Қарамола съезі мен мына Көктұма съезі арасында ұқсастық көп. Екеуі де шербешнай сияз. Абай екеуінде де жандарал қолдауына ие болып, басқосудың төбе биі сайланған.
Мұхаңа жүгінелік: «Жандарал Абайды танып алған соң амалсыз келіп шербешнай сиязға оны төбе қып ұсынады. Өзге шағымқор, шенқұмар, парашыл атқамінерлердің еш нәрсені шеше алмайтынын көреді. Ел арыздары шешілмесе, кеңсеге тағы көп тілектер үйіледі. Сондайлардың себебімен Абайдың билігіне өзі мұқтаж боп, өзге ру басыларға кеп: «Сиязды жақсы өткізіңдер. Ұрыда ақылары кеткендердің ақысын толық әперіңдер. Сиязды жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңдар», – дейді».
Бұл Қарамола сиязына қарата айтылған сөз болғанымен де, Көктұма сиязы ахуалына айнытпай келеді. Әрхам Кәкітайұлы мына деректі береді: «Семейдің жандаралы Абайға ерекше хат жазады. Сол съезге барып, қазақ ортасына тыныштық тоқтам етіңіз дейді». Көктұма сиязы басталарда дәл Қарамоладағы сияқты Абай генерал-губернатормен бірге қонақтарға тіккен үйге барып, сұхбат құрады.
Сөйтіп, съезге Абай арнайы шақыртумен келгенін көреміз.
Сиязда ел ішінің неше алуан ұлы-кішілі даулары шешіліп, түйін-түйнектері жазылады. Мұнда қай жолмен, қандай кесіктер айтылуы керек. Дау алуанына қарай заң, ереже тудырып, орамды әділ билік жасау керек дейді Мұхаң.
Елі үшін еңіреген Абайдың алқалы басқосудан кейін сүйінішті де күйінішті сезімдер араласқан толғаныста болғаны даусыз. Сүйінетіні – өзін жалпақ қазақ біледі, үміт артады екен. Күйінетіні – қазақ жаманшылыққа үйір, ал надандық түнегі қалың. Япыр-ай, бұлар қайтсе серпіледі деп қатты қапаланып қайтады.
Мысалға: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіп сіңірмегі үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?» (42-сөз), – деп ойын ақтарады Абай.
Бір сөзбен айтқанда, ұлы дүбір Көктұма сиязынан Абай исі қазаққа ортақ көптеген мәселелерге қанығып, өзін ұлтының сыншы ұстазы сапасында сезінеді.
Атақты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңі Қарамола сиязынан алған әсерінен дегенбіз. Көктұма сиязынан да соған ұқсас әсермен – ерекше жауапкершілікті сезініп қайтқан ғой, оның іздері кәне?
1889 жыл Абайдың өлеңді ең көп жазған уақыты. «Осы жыл Абайдың барлық ақындық қызметінің ішіндегі ең өнімді, ең жемісті жылы болды» дейді Мұхаң. Мұның сыры неде? Бұл Көктұма съезінің жаңғырығы, сонымен байланысты құбылыс десек несі айып. Қалай болғанда да, өлеңдерінің дені «өз ортасының өзі көрген кемшілік-міндерін қатал сыншы, үлкен ұстаз тілімен шенеп, тексеру» (Әуезов) болуы осы ойға жетелейді. Айталық, әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңі алдыңғы «Қалың елім…» өлеңінен кейінгі айшықты асу. Екеуі екі съездің әсерінен сияқтанады.
Қорыта айтқанда, Көктұма съезі Абайды ұлт болашағына алаңдатқан, шығармашылығына соны серпін сыйлаған тарихи оқиғаның бірі.
Сөз соңы, қазаққа сын найзасын дәл Абайша ырғаған сыншы бұрын-соңды болған емес. Ол көкірегі жабық, надан адамды мейірім дегенді сезбейтін қатігез, тас жүрек деп білді.
Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.
Көздің жасы, жүректің қаныменен,
Ерітуге болмайды іште мұзын.
Көздің жасына да, жүректің қанына да іштегі мұзы ерімейтін болса, Абай сол қазақты жақсы көрген бе, өзі? Иә, жақсы көрген, және алып жүректің барлық дәт-қуатымен жақсы көрген. Оңашаланып жапанды кезген, кейде дөңде отырған Абайды ауыл адамдары жиі көреді екен. Сол аулақта халық қамын ойлағанда «Қысылды жүрек, Ағызды сығып жасымды» (1889) немесе «Түсті мойын, Толды қойын, Ақты сел» (1890) десе, ақынның ұлтын сүйгеніне бұдан асқан дәлел бола ма? Сыншылдық пен сүйіспеншілік туыс ұғымдар, тегі. Ал, сынды көтере білу – рухы биік халыққа тән кесектік.
Абай сыншылдығы… Ол қазақ мәдениетінің ғажайып құбылысы! Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов былайша толғайды: «Ұлы ақындардың орны тарихи мәні бар өзгерістерге, туған елінің бір сатыдан бір саты жоғары өрлей беруіне қай кезде бастаушы, қай кезде қостаушы бола білгеніне байланысты. …Лев Толстой сияқты Абай да ескірген заманды, озбырлықты, шенқұмарлықты, патшалық құрылысты, ояз бен болысты, тоңмойын бітеу феодалдарды, оның тамағы тоқтықтан азып бара жатқан жастарын қатты сынға алады».
Бұл пікірді академик Рымғали Нұрғалиев былайша қостап, ой бөліседі: «Халқының бойындағы қаны сорғалаған жараларды аша отырып, ақын омырауы жасқа толса да, сай-сүйегі сырқыраса да, сесті, кекесінді күйінде қалады».
Мінеки, екі тұлға да Абайда ақындыққа қабаттаса сесті, кекесінді сыншылдық оянғанын атап көрсетіп отыр.
Асан Омаров, абайтанушы ғалым.