Бейсенбі, Қараша 9, 2017
Негізгі > Поэзия > Сансыз оттар қара түнді тілімдеп…

Сансыз оттар қара түнді тілімдеп…

axmer-sa%d2%93ybaev-a%d2%9bylbek-manabaev

«Жалғыздық көрмесін деп тағдыр мені, Өлең деген бір қызға үйлендірген» дейді Жұмекен ақын. Міне, сол сияқты өлең әлемінде өз сүрлеуін тауып, поэзия аспанына пәкизат сезімі мен сағыныш-ғұмыры арқылы қанат қағып, мәңгілікке сүңгіп кеткен марғасқа ақындардың бірі – Ақылбек Манабаев.

manabev

Жұмбаққа толы ғалам – қолына қалам ұстатып, жастайынан тәтті қиялдың торына қамады. Сөйтіп, ақын жүрегі аласұрып, ерте оянған жалынды жанартаудың кейпіне енді.
Кейіннен қызмет жолын «Алға» газетінде бастап, өмірінің соңына дейін «Семей таңы» газетінде әдеби қызметкер жұмысын атқарды.
Алты Алашқа танымал Несіпбек Айтов ақын туралы ой толғай келе: «Біз ол кісіден нәр алдық. Алғашқы кітаптарымның біріне алғы сөз жазып берген еді»,- дейді.
Енді өнер жолын ысыра тұрып, өлеңіне кезек берейік.

О, дариға, кіршіксіз көкіректе,
Жүрек болып соғар ма едім.
Арналған оты көпке,
Нұрлы күн болар ма едім?!

Ғашықтың асыл арманы боп,
Биікке тынбай ұшар ма едім.
Ананың абзал ақ жаны боп,
Адамдар, сендерді құшар ма едім…

Осы жолдардан-ақ «Адамзаттың бәрін бауырым» деп сүйетін жүрек лүпілі байқалмай ма? Адами құндылықтар құмға сіңген соңғы тамшыдай жоғалып бара жатқан заманда, ақынның бұл шумағы жүрекке сәуле түсіріп, мұз көңілді ерітеді.

О, досым,
Ауылыңа түйіспей жол,
Әкетсе қиыр тартып қиыс кейде ол,
Кез келген жотасына сахараңның,
Ауна да боз жусанын иіскей бер…

Ақынның поэтикалық қуаты – жан дауысында жатқанын ескерсек, кең сахараны көркем оймен суреттеп, оған алапат сағаныштың алауын сыйдыра білген ақынға таң қалмасыңа шара жоқ.
Асылында, адам баласы өзінің өскен мекенін ыстық көріп, өзге жақта жүрсе де аңсары ауып тұратыны жасырын емес. Ақылбек Манабаевтың «Семей кеші» деген өлеңінде:

Сансыз оттар қара түнді тілімдеп,
Алтын тісті бағаналар күлімдеп,
Омырауына алқа тізген үйлердің,
Су бетінде суреті тұр дірілдеп, – дейді.

Ғажап па? Ғажап. Шайырымызды қылқалам шеберіне теңесек, оны шабыттандырған – тылсым табиғат пен түнгі қала, бояуы – сұлу сөз бен астарлы теңеу болды. Сөйтіп, ойланып-толғанып, «қиыннан қиыстыра» отырып, сөзбен салынған «картинаны» көз алдымызға ұсынды. Қабыл алдық.
Хош, келесі кезекте ақынның махаббат тақырыбындағы жырына зер салайық.

Бұлқынып, бұла сезім мөлдіреген,
Көтеріп ұшты өзіңе тілегімді.
Қиналдым,
бір сені аңсап елжіреген,
Қағазға түсіре алмай жүрегімді.

Әнімен әлдилеген дала-қырды,
Үн қосып бұлбұлға – таң жаршысына.
О, сәулем,
жаздым мұны қаламымды,
Матырып жанарымның тамшысына.

Жүрсің-ау, қарайлаумен жолыма көп,
Төзе тұр,
Жетем болып гүлді көктем
Хат емес бұл,
Қона қалған қолыңа кеп,
Жанымның жапырағы дір-дір еткен…

Махаббаттың мөлдірлігі, сағыныш лебі, іңкәрлік тынысы – бәрі де үйлесім тауып, өлеңнің өміршеңдігін сездіріп тұр.

Қиқулап, кейбіреулер жанасалап,
Өрекпиді, отырмай тек тамашалап.
Барады баурап алып бар жүректі,
Безектеп, бебеулеген қара шанақ.

Жаныңды сиқырлы бір дауыс арбай,
Ырғақтар бірден-бірге ауысар жай.
Қаз мойын, сал домбыра өксиді-ай кеп,
Саусақтар сырды санап тауыса алмай.

Сағақта тұншығып қап тарпаң бір үн,
Асқақ күй ұқтырады бар паңдығын…
Далама ризамын мен қол басындай,
Ағашына сыйғызған дарқандығын!

Өлеңді оқып отырып, буынсыз тілің бағынбай, кей тұстарында еріксіз «беу» дегің келеді. Сөйтіп, ғарыштан түскен сәулелі шабыттың ырқына көніп, көңіліңді күмбірлеген күйге толтырасың.
Домбыра дауысы – сан ғасыр бойы қазақтың алпыс екі тамырын иітіп, тұла бойын тебірентіп келе жатқан сиқырлы сарын. Ілияс Жансүгіров тілімен айтсақ: «Тарт күйіңді, домбыра! Төгіл, төгіл тәтті күй», Қалқаман Сарин тілімен айтсақ: «Қасиетіңнен айналдым, кешір, домбыра…» болар еді. Жалпы, қазақ ақындарының ішінде домбыраға арнап өлең жазбаған шайыр жоқ деп білемін. Мұның өзі қазақтың ғана табиғатына жақын қоңыр күйдің құдіретінде болар.

Кей жырдың айқалайған күші басым,
Кей жырдың кеудесі – Абай, түсі – Қасым.
Өлеңнің көптігіне таңырқасып,
Ақынның аздығына қысыласың, – деп заңғар ақынның замандасы, әрі досы Мерғали Ибраев жырлағандай, өмірде өлең көп болғанмен, ақынның аздығы көңілге кірбің ұялатады.
Ақылбек Манабаев – тұлғасымен де, тағдырымен де шын мәнінде ақын еді. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған». (Абай) Ендеше, шайырымыз өлмеді. Ол – Мұқағали, Төлеген, Жұматай сияқты жұпарлы жырларымен жасай береді деген ниеттеміз! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні төмендегі өлең болсын:

Ұлылыққа басымды иіп, табынып,
Жырлайын деп ағымнан бір жарылып,
Келбетіне теңеу іздеп Мұхтардың,
Отыр едім ой соңында сарылып.
Атам айтты:
-Шың дейсің бе, немене,
Ұлы жанды асқарларға теңеме.
Тауларының перзенті ол, бабамен,
Теңескенін естігем жоқ немене!
Әжем айтты:
-Дарқандығын дананың,
Баламақсың кеңдігіне даланың.
Туған жердің бөбегі ол
көргем жоқ.
Анасына теңескенін баланың.
Жүйесі бар жарымның да сөзінің,
Шалқып жатқан мұхит депсің сезімін,
Ғашық бола білген ғой ол, тегінде,
Іңкәрлікті өлшеудің де өзі мін.
Тарих айтты:
-Әлсіздерді бұқтырар,
Осалдарды дауылымен ықтырар,
Құр бекерге тыраштанба, шырағым,
Уақыт атты жеңілмейтін мықты бар.
Күштілерді мынау айдай әлемге,
Әйгілеп сол ұқтырар.
Мақта мейлі,
Датта мейлі,
Мәңгілік –
Жасайтындар жығылмастан тік тұрар!

Біржан Ахмер,

Семей қаласы.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation