Сенбі, Қазан 28, 2017
Негізгі > Детектив > Жұмбақ ажалдың құпиясы

Жұмбақ ажалдың құпиясы

1994 жылдың 6 шілдесінде Семей облыстық ІІБ кезекші бөліміне Семей-Қарауыл бағытындағы үлкен жолдың 11 шақырымында орманқайда жартылай жанған ер адамның сүйегі жатқаны туралы хабар түседі. Оқиға болған жерге жеркізілген арнайы іздеу жұмыстары барысында мәйіттің қара құсына қадалған қорғасын оқ табылып, оның кісі қолынан мерт болғаны белгілі болады. Осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, бұл мәйіт қаланың «Заря» кинотеатры маңайында құрылған «Заря» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі  Аманғали Нұрымовтікі  (лақап аты «Аманек») екені расталды. Бір жыл бойы жүргізілген іздеу жұмыстары осы қылмысты  жасаған адам  анықталмағандықтан  қысқартылды. Алайда ел аузында оның өліміне себепші сол кезде атақтары Семей асып, Алматыға белгілі болған Жоламан тобы деген алыпқашты әңгіме өрбіді. Өйткені сонау 1989 жылы Семей өңірі Бүкіл одаққа өзінің байырына кенедей кеулеп енген полигонымен бір әйгіленсе, сол жылы  қаладағы ет-консерві комбинаты ммңында Жоламан ауылының жастары мен «Заря» маңының жастары жиылып, есеп айырысу  мақсатында үлкен  төбелес ұйымдастырып, милиция наряды келіп жеткенше 4 адам қайтыс болып, 15 адам әр түрлі дәрежедегі жарақат алғандығы туралы бүкіл Кеңес одағының бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, Семей өңірін тағы да әлемге «әйгілеген» болатын.  Осы төбелесті ұйымдастырушылардың көш басшыларының бірі – Аманек болады. Ол жоламандық жастар жәбірлеген жолдастарының кеткен есесін қайтару үшін уақыт белгілеп,  пышақ білеу темір,  нунчакпен-қаруланған «Заря» тобын бастап әлекедей жалаңдаған жоламандықтарға қарсы сапар шегеді. Өңкей  бір сен тұр,  мен атайын деп жалаңдаған жастардан құрылған екі топ тар көпірде кездескен екі текедей тіресіп, арты қанды төбелеске айналады. Құқық қорғау қызметкерлері басбұзарларды бұғалықтағанша  Жоламан тобынан біреу «Заря» жағынан үш адам мерт болады. Осы бұзақылық әрекетке  мұрындық болғаны үшін Аманек 4 жылға бас бостандығынан айрылып, басқа белсенді мүшелері әр түрлі жазаға тартылды.

Бала  кезінен бұзақылыққа бейім, бірбеткей, қайсар Аманек темір торлы тұмақтан оралған соң сол уақытта аты күллі Қазақстанға мәлім Жоламан тобына қарсы тұра білетін топ жасақтау арманын жүзеге асыруға кіріседі.

Осылай дүниеге жаңа туған жас сәбидей аяғын тәй-тәй басып сол кездегі жаңбырдан кейін жайқалған жауқазындай желпілдеп өсіп келе жатқан қылмыстық топтар қатырынан «зарялықтар» тобы қосылып, уақыт өте қанаттары қатайып, бұғаналары беки бастайды. 1993 жылы зарялықтар өздерінің қатал да қатігез басшысымен бірге өздері қадағалайтын аумақта кәсіпкерлер мен ұсақ саудагерлердің тіршілігін адам төзбес жағдайға жеткізеді. Сол кезде осы зарялықтарға аяқ-киім жөндеушілер мен студенттердің өзі «дан» төлеп тұратын. Бұған қанағат қылмаған Аманек өзінің алты-жеті сенімді нөкерлерімен бірге үлкен жолдың бойын қарауылдап, Өзбекстаннан Алтай өңіріне артынып-тартынып жеміс-жидек тасыған өзбек керуендерін т.б. ұзақ жолға шыққан кәсіпкерлерді бүріп оларды тонап, болмаса «жер басар» алып сол өңірдің қожасына айналады.

Күн санап олардың тобының қатары да көбейе бастайды. Қажет болған сәтте Аманектің 16-25 аралығындағы 50-60 жігіттерден жасақталған топ жасақтап, «іске» жұмылдыруға құдіреті бар болатын. Әйтсе де ол өзінің заңға қайшы әрекеттерінің бәрін 6-7 сенімді серіктерімен жүзеге асыратын. Өстіп ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс болып, жалғанды жалпағынан басып жүріп жатқан олардың көзі Серега деген бозбалаға түседі. Оның әкесінің «крутой кәсіпкер» екендігі, әкесінің арқасында ақшаға көміліп жүргендігі туралы жандайшаптары Аманекке сыр қылып шертеді. Ұрыста тұрыс бар ма, айтылды бітті, Аманек өзінің қолшоқпарларын шұбатып, Сереганың әкесі Василий Яшинге шақырусыз қонақтардай сау ете түсіп, оны «қораға» кіргізу үшін  қоқан-лоқы жасай бастайды.  Василий де оңай шағылатын жаңғақ болмай шығып, ұйымдасқан қылмыстық топ танаулары тасқа шағылады. Дегендерін бағындыра  алмай Василий тарапынан тосқауыл алған олар енді, Василийдің осал жерін қарастыра бастайды. Оны табады да. Ол-оның бауыр еті баласы Серега болатын. Аманек енді оны отырса опақ, тұрса сопақ жасап, көшеде кездессе  ұрып-соғып, әлімжеттілік етіп, жаутаңкөз жетім баладай жасайды. Олар тарапынан жасалған қысастық пен күш көрсетуге төзбеген Серега әкесінен тапанша сұрап алып,  оны қорғаныс мақсатында өзімен бірге алып жүреді. Сол кез бопсалау (рэкет) мен қоқан-лоқы (вымогательство)  жасау өрістеп, Қазақстанның қай қаласында болмасын, Аль-Капон дәуіріндегі Американың Чикаго  штаты тәрізді мылтық асынып жүру немесе атылатын қару пайдаланып жасалған разборкалар жиілеп тұрған кез болатын. Әйтседе қарумен жүргендіктен тура келсе қауіптілігін пайымдаған «зарюхалықтар» Сергейді қалтарыста аңдып тұрып, тарпа бас салып, өлімші қылып сабап, тапаншасын тартып алады. Арада азғана уақыттан соң осы тапанша бұл топтың талайының түбіне жетеді. Ол туралы сөз кейінірек….

Василий тарапынан бәлендей қарсылық танылмағандықтан олар әбден еліріп, дандайсиды. Өз әрекеттеріне «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмағандығына масайраған олар өздерінің басбұзарлық әрекеттерін ары қарай жалғастырып, енді кірпішпен Васяның үйінің терезесін шағып, сыртқы есікке от қою тәрізді әрекеттерімен оны алған бетінен қайтарып,сағын сындырып өздеріне бағынышты ету тәсілдеріне кіріседі. Ақыры шыдамның да шегі бар демекші, осының бәріне жүйкесі төзбеген Василий өзінің бар ғұмырының жартысын түрме төрінде өткізген зектар арасындағы «беделді» (авторитет) адамды тауып, өзін Аманекпен жолықтыруын өтінеді.

Оны  құрыштай қасарысқан қайратты Василийдің сынғаны деп ұғынған зарялықтар  1993 жылғы  тамыздың  жанға жайлы  тамылжыған бір кешінде Ертіс өзенінің   үстіндегі қалқымалы  (понтонный) көпірдің үстіне 8-ші маркалы «Жигули»  автомашинасымен  Васяға жолығуға келеді.  Кездескеннен соң Васяның «тоғыздық»  машинасының  алдыңғы  орындығына  бейне бір хан тағына отырғандай Аманек жайғасады. Артына оның серіктері Лыба, Гайданов, Потапов қонжиды.  Олардың кездесуіне мұрындық болған «кәрі ұры»  (Старый вор) өз міндетін мұқият атқарған соң  өз  жөнімен кетеді.  Алдын-ала машина есігінің ішінен ашылатын құлақшаларын  шағып тастаған Вася, олардың машинаға жайғасқандары сол-ақ екен, қолындағы  Ф-1 гранатасының шығыршығын жұлып алып,  алдыда  шалқайып  отырған  Аманектің аяғының астына тастайды да өзі есігін жауып, оқиға болған жерден  аластайды. Есіктері  ішінен ашылмайтын автомобиль ішінде, ажалмен бетпе-бет  келген төртеуі  жандарын қоярға жер таппайды. Жанұшырып жанталасқан Аманек жан алар әзірейілдей гранатаны алып серіктестерінің аяқ жағына лақтырып өзі орындық қалқасына жасырынады. Қас-қағым сәтте көздің жауын алардай жаңа машина отқа оранып,  жарылыс толқыны төртеуін далаға лақтырып тастайды. «Восьмерканың» ішінде қалған Аманектің серіктері Чича  (Д. Сыдықов)  Зуба (Қ. Амиров) және С. Жанат сасқанынан Босстары мен серіктестеріне  көмектесуінің орнына жердей жатқан  жаралы Глыбаны белден басып өтіп оқиға болған жерден қарасын батырады.  Жарылыс нәтижесінде төртеуі де ауруханаға түсіп,  Гайданов бір көзі  мен аяғынан айрылса, Глыба мен Гайданов екі  аяқтарын өз сойқандарының өтеуіне береді. Яшин болса милицияға барып, өзінің машинасын қалқымалы көпірде рэкеттердің  тартып алғанын, жарылыс себебінен бейхабар екендігін айтады. Оған тағар кінә  түйіні  табылмаған соң милиция оны босатуға мәжбүр болады. Ол кейін Ресейге, одан соң Германияға қоныс аударады.

Ауруханада  алты  айдай жатып шыққан Аманек есе қайыру әрекетіне кіріседі. Васяның орнын сипап қалған ол енді қорқақ қояндай қашып кеткен өзінің үш досының сатқындығын беттеріне басып,  ұрып-соға бастайды. Үшеуі үшін осы кезде  өмірдің қара жолақты кезеңі басталады. Оларға тиесілі салық көлемі өсіп, болмашы нәрседен бастықтарының  жүндеуіне ұшырайтын болады. Бұлар да өзінің басшыларына әбден тістерін қайрайды.  Өстіп итшілеп, ырылдасып жүргенде 1994 жылдың  5-ші қаңтары да сынаптай сырғып жетеді. Үшеуін өзіне шақырған Аманек алдымен олардың өткендегі қатынша қорыққандықтарын беттеріне басып төмпештеп  алған соң өзінің бүгін Қарағандыда «темір торлы қонақ үйде іс-сапармен жүрген»  ағасымен кездесуге кететіндігін, ертең 1410 рейсімен қайтып оралатындығын және  осыны ешкімге тіс жарып  айтпауларын  бұйырады да өзін тосып алуды тапсырады. Қарағанды қаласына шығарып салған үш дос өзара уағдаласып, сауықты да салтанатты думан  өмірлерінің  сәнін  кетірген Аманектің көзін жоймаққа келіседі.

Аманектің айтқан уағында  қайтып  оралмағандығына  алаңдаған  ата-анасы оның бауырын мән-жайды біліп келуге Қарағандыға аттандырады. Қарағандыға келген  ол  ағасының үлкен ағайымен аман-есен көзайым болып кездескенін және сол күні қайта Семейге ұшып кеткенін анықтайды.  Енді Аманектің із-түссіз жоғалып кетуін анықтауға милиция кіріседі. Алдымен оның жоғалуына оның ежелгі дұшпаны Вася Яшиннің, сосын жоламандықтардың қатысының бар-жоғын анықтау жұмыстары жүргізіледі. Өз топтарының арасындағы алакөздік әрекеттері де  назардан тыс қалмайды.  Оның жартылай жанған мәйітін тапқан соң  жүргізген арнайы  іздеу жұмыстары да жасырынған шындықты шыңыраудан  тартып шығара алмай,  күдікті адам табылмай уақытпен санаспай жүргізген милиция әрекеті құрдымға кетеді.

Қылмыскер табылмайды. Басшыларынан айрылып берекесі кеткен Зары тобы әрекеті құмға сіңген судай іс-түзсіз жоғала бастайды. Басшысынан қапыда айрылып бір сорлаған сарбаздарға «Жығылғанға жұдырық» демекші, сәтті  өткізілген  бір операция осы топтың белсенді әрекетінің бәсеңдеуіне ықпал етеді. Олар Қырғыз елінің азаматтарына 3 кг. «ханкаға» «Жигули» автокөлігін береміз  деп келісіп, алыстан ат артып келген ағайындарының «дүниесін» тартып алып, өздерін  көкала қойдай қылып сабап, келген іздерімен қайтуларына ақырын кеңес береді. Товардан айрылып сормаңдай болған олар жандарын сауғалап, тірі кеткендеріне  сауап айтып, тайып тұрады. Ол кезде ханка қалада таңсық болатын. «Тегін келген сірке суы да зәм-зәм татиды»,  демекші  осынша тегін байлыққа ойда-жоқта ие болған «Заря» ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері көп ұзамай бәрі де ине құдіретіне бағынып, бейшара нашақорларға айланады.  Көбі есірткі күшімен еліріп жүріп тонау, ұрлық, бұзақылық әрекеттері үшін «ит жеккенге» сапар шегеді.

Диірменнің тасындай шыр айналған дүние  2000  жылдың қаңтар айымен түйіскен сәте Шығыс аймақтық ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы  Аманектің  жұмбақ өліміне қайта оралады. Арада алты жыл өтсе де басқарма бастығының орынбасары полковник А. Звягин мен қылмысты іздеу қызметінің аса  маңызды істер жөніндегі аға өкілі подполковник Қ. Егізбаев бір ай көлемінде өз «жансыздарынан»  түскен  ақпараттарды сараптай отырып,  жұмбақ  өлімге күдіктілерді анықтайды. 12 ақпан күні аталмыш басқарма бастығы  Б. Қазанғаповтың басшылығымен «Қанішерлер» деген шартты атаумен арнайы оперативтік шараны іс жүзіне асыруды қолға алады. Дәл осы күні олар күдікті Чичаны тұтқынға алады. Оның пәтерінен 52 грамм опий (ханка) табылып, үстінен есірткі затты заңсыз сақтады деген айып тағылып, іс қозғалады.  Есіл – дертін есірткі шырмауықша шырмаған Чича оперативниктерге өзінің нашақорлық әрекеті туралы ұзақ-сонар әңгіме айтып отырғанда Егізбаев оған аса шеберлікпен алты жыл бұрынғы  Аманек өлімі туралы,  оған анық қатысы туралы есіне салып, қаншама  түлкі-бұлаңға салып бұлтартпақ болғанымен  көзбен көргендей қылып сол кез картинасын  оның көз алдына  музей экспонатындай жайып салғанда оның мойындамасқа амалы қалмай,  терең бір тыныстап алып,  «Уф», осынша уақыт осы күнді қорқынышпен тостым!»,  деп бәрін баяндап берді.

1994 жылдың 6 қаңтарында Чича, Зуб, Жанат үшеуі аэропортқа сол баяғы «Сегіздік» Жигулиімен патрондарын қарсы алуға барады. Самолет трапынан түскен Аманек өзінің бұрынғы дағдысы бойынша алдыңғы орындыққа жайғасады.  Машина қала бағытына құйындай жүтки жөнеледі. Аэропорттан шыға берістегі айналма жолдан (кольцо) өткен соң 150 метр жүрген олар жол бойына тоқтайды. Рульде отырған Чича карбьюраторға бензин дұрыс келмей тұр деген сылтаумен машина капотын ашады. Бәрі далаға шыққан сәтте Зуб Аманектің ту сыртынан келіп, кезінде Сергей Яшиннен тартып алған тапанашамен  екі рет атады да, қаруды Жанатқа береді. Ол тағы бір оқ жұмсаған соң машина ішіне қан жұқпас үшін басына целофан кигізеді де, мықтап  байлап, денесін  машинаға  салып  Қарауыл ауылы бағытында бет алады. Кенет темірдей тегеурінді, о баста тәңір денсаулықтан кенде қылмаған, еңгезердей  Аманек тоқтының соңғы тұяқ серпісіндей қозғалып, тіпті басын көтермекке  ұмтылады. Әлгінде ғана «ух» деп жайбарақат отырған үшеуі аспаннан  жай түскендей сасып, Чича жалма-жан Жанаттың қолынан тапаншаны жұлып  алып қалған оқтың бәрін Аманектін басына қадайды да 11-ші шақырымға  жеткен соң өлікті жол шетіне шығарып, жарты канистр бензин құяды да,  сіріңке  тартады.  Алаулап жанған адам мәйітіне дәттері жетпеген олар басындағы көміп тастамақ болған райларынан қайтып, қалаға тайып тұрады.  Жерлеу  сәтінің  топ ортасында болған үшеуі  қайғыдан езіліп «аһ!» ұрып қабір басында жұмбақ  өлім  кінәлілерін  тайып кек қайтаруға  көппен бірге ант-су ішіседі. Читаны қолға  түсірер мезетте Жанат есірткіден бауыры езіліп келмес сапарға аттанса,  Зуб есірткі затты пайдаланғаны үшін  35  колонияда жазасын өтеп жатқан еді. Б. Қазанғаповтың жігіттері осы колонияның бастығының орынбасары подполковник Б. Жолдасбеков, оперлар М. Кутанов, Гашимовтармен бірге Зубты айналдыра бастайды. Түрме  тіршілігіндегі  соңғы күні қалып, бостандықтың самал желі есіп, міне еркіндік есігін ашам деп отырған  Зубты  колонияның  шұғыл шаралар бөліміне шақырып алып  осыдан 6 жыл бұрынғы оқиғаны  оның алдына жайып салғанда, Зуб төбесінен тоқпақпен қонжитқандай, көзі бақырайып, тілі байланып болған жайды мойындамасқа шарасы қалмайды.  Ол баяндаған оқиға Чичаның айтқанымен дәлме-дәл келіп, жұмбақ болып келген жендет өлімі арада 6 жылдан соң тарих бетіне қалқып шықты.

Қазір іс сотқа тапсырылған. Чича мен Зуб өз тағдырларын шешер сот үкімін тосып қаладағы тергеу изоляторында жатыр. Сынбас серпідей кәсіпкер В. Яшин уайым-қайғысыз Германияда өмір кешуде. Оның ұлы Сергей Батыс Европа жолында жол апатына ұшырап, о дүниеге аттанған. Сөз соңында, айтарымыз осындай күрделі де қиын істі тергеп, таразылап сотқа өткізуге тергеу тобының жетекшісі полковник Б.Дюсеков, аға тергеуші Б. Таңқаев,  қылмысты іздеу қызметкерлері  Н. Құсайынов, О. Таймасов, Д. Темірғалиевтарға талай түнді ұйқысыз өткізіп,  тер төгуге тура келді. Міне, осылай Семей қаласындағы ізі суып, ескіріп бара жатқан кісі өлімі ашылып, кінәлі адамдар ұсталып, бір жұмбақтың шешуі табылды. Бұл Шығыс аймақтық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының табысы еді. Кезінде Сергейден тартып алған тапанша топ басшысының  келмес сапарға кетуіне, ал серіктерінің  түрме төріне ұзақ уақыт төркіндеулеріне себепкер болып басты айғақ зат ретінде қаралып отыр.  Өйткені Аманектің басынан алынған оқ осы тапаншадан атылғанын сараптау қорытындысы айғақтап отыр.

Елубек Оспанов,

полиция  подполковнигі,

Семей қаласы.

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару